• Руханият
  • 28 Қыркүйек, 2023

Сайыпқыран...

Сөз көркейткен тұлғалар

«Сайыпқыран» сөзіне қатысты пікір көп. «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» бұл сөздің бірнеше мағынасын ашып көрсетеді. Мәселен, «Қыдырма жұлдыздар (ғаламшарлар) бір түзудің бойына келгенде дүниеге келген баланы сайыпқыран деп атайды» деп көрсетілген. Діни аңызға сенсек, осындай астрономиялық құбылыс сәтінде дүние есігін ашқан бала ержүрек, алғыр, батыр болмақ. Одан бөлек, ауыспалы мағынада сайыпқыран сөзі асқан батыр, мықты, алғыр тұлғаларға да қатысты қолданылып жүр...  


Осынау бір астрологиялық құбы­лысты «Жер бетіне көшірсек», 28 қыркүйекте қаламы көркем жұлдыздардың «бір сызықтың бойына», яғни бір туған күнге тізіле қалғанын бағамдар едік. Олар: заңғар Мұхтар Әуезов, қайсар Шерхан Мұртаза, сырбаз Оралхан Бөкейхан. 
Сандардың тылсымына үңіліп, одан әлдебір астар іздеп кетуден аулақпыз... Әйтеуір мизам шуақ басталар осынау бір шақта әр жылдарда, бірақ бір күнде дүние есігін қаққан тұлғалардың қазақ сөзін көркейткені рас. Демек дәл осы күні қазақ даласында көркемсөз әлемінің жұлдызы жарқырай түскені де анық болуға тиіс. Осынау бір күні ұлт сөзінің шырағы ерекше жарқырай түскен де шығар. «Шашылып түскен моншақтай» ғажап сөз орамдарын қазағына, тұтас адамзат әдебиетіне сыйлаған тұлғалардың ортақ мерейлі күнін әр жыл ­сайын аяулы оқырманы, ормандай жұрты атап өтеді. Атап өтпеске және болмайды: үшеуі де қаламға серт беріп қана қоймай, сол сертіне адалдықтың айнымас үлгісін де көрсетіп кеткен тұлғалар ғой. Оралханды еске алып тұрып Шер-ағаңды, Шер-ағаңды ілтипатпен жазып отырып Мұхтарды қалай айналып өтіп кетпекпіз? Сондықтан да бұл сәт қазақ қаламындағы «сайыпқырандардың» бір күнге тізіле қалған мерейлі мерекесі ретінде аталып өтетіні көңілге әбден қонымды. 
Абайды еліне жақындата түскен, Тұрарды қайта тірілткен, «өз зама­нының кейіпкерін» өлместей қылып сомдаған үш тұлғаны да қазақ оқыр­маны ерекше құрметтеп, айрықша жақсы көреді. Дәл осы күні мектептерде, үлкен шәрлердің орталық алаңдарында сөз бен қаламға, ел мен жерге қатар сіңірген тұлғалар еңбегі қайыра еске алынып жатса, шіркін! 
«Көген көз қазағыма қаратып, мінбе құрып, сол мінбеге шығарып: «Ақырғы діліңізді айтыңызшы, Мұхтар!» – десе, тілімнің ұшында жүрген сөз төмендегіше: тас үгітіліп құмға айналады, темір тозады, ұрпақ озады, дүниеде өлмейтін сөз ғана, халқымызбен бірге жасасып келе жатқан мұра сөзімізді арзандатып алмайық» деген екен М.Әуезов. Арзандамауы үшін де сөз қымбатын ұмытпасақ керек-ті. Ал қымбат сөздің көмбесін осы үш тұлғадан молынан тауып келеміз. Ендеше бұл күн – қазақ қаламындағы «сайыпқырандардың» бір мезгілде тізіле қалған сәті ғана емес, ұлт сөзін өлтіргісі келмейтін күллі оқырманның да мерейі асар кезі ғой! 
Ал биыл 28 қыркүйекте дүниеге есігін ашқан қазақ қаламгерлерінің арасындағы үшеудің бірі – Алтайдың кербұғысы Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл. Қаламгердің мерейтойын дүйім жұрт болып атап өту іс-шарасы жыл бойы жалғасып келеді. Мұндайда сөйленер сөз де, айтылар естелік те, жазылар мақала да көп, ыстық, аяулы. Ең бастысы, мерейтой бір немесе бес жылдықпен өлшенбей, қазақ сөз өнеріндегі сайыпқыран тұлғалардың сөзі алдағы ұрпаққа жете берсе екен деп тілейсің...
Айтқандай, 27 қыркүйек – ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан жүзін бақиға бұрған күн. Тағы да қайталайық, күндерден, сандардан әлдебір тылсым іздеуден аулақпыз. Бірақ өрттен соң қаулап өскен өртеңдей болып, Алаш ардақтысынан айырылып қалған қаралы күннен соң, бірінің соңын бірін ала қаламы көркем әзіз жандардың дүниеге келуі жүректі әрі қуантады, әрі сыздатады...

13646 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы