• Мәдениет
  • 12 Қазан, 2023

Қазақ биі – «Қара жорға»

АҚШ астанасындағы Джордж Вашингтон университетінің зерттеушілерге арналған кітапханасын аралап жүріп, Қазақстан туралы жазылған бір кітапқа көзім түсті. Атауы ағылшын тілінде «Soviet Kazakhstan», қазақшаласақ «Советтік Қазақстан» деп аталады. 1958 жылы Мәскеудегі шет тілдері баспасынан жарық көрген бұл кітапты П.Алампиев атты орыс  ғалымы жазыпты. Ол негізінен экономикалық географияның, Қазақстанның эконо­микалық географиясының, халықаралық социалистік еңбек бөлінісінің жалпы мәселелеріне арналған зерттеулер жасаған санаулы ғалымдардың бірі екенін де білдік. Бізді қызықтырғаны оның Қазақстанға қатысты кітабы болды. Он бес тараудан тұратын бұл еңбек тұтасымен кеңестік кезеңдегі Қазақстанның экономикалық, өндірістік, аймақтық бөлінісіне арналыпты. Тіпті Алампиев патша үкіметінің кезінде қазақтарды «қырғыздар» деп жаңсақ атағанын да жасырмай алға тартады.  
 

Аталған еңбектің 111-бетінде: «Француз журналисі Мичел Дебонне қазақтармен кездескен соң, бұлар өте сауатты, мәдениетті, ақылды, қонақжай, сыпайы халық екен» деп әсерленгенін тілге тиек етеді. Шоқан Уәлиханов туралы айта келе, 1955 жылы 1172 қазақ күллі республика бойынша ғылымның әр саласында еңбек етіп жүргенін жазады. Зерттеу кітабының 137-бетіндегі бір сурет бізді бейжай қалдырмады. Суретте атқа мінген қазақ жігітіне басында үкілі тақиясы бар, қос бұрымын өрген, үстіне қазақы оюлы көйлек киген қазақ қызы қымыз ұсынып тұр. Автор бұл суреттің түсіндірмесінде: «Қазақ мемлекеттік ән-би ансамблі «Қара жорға» биінен көрініс қоюда» деп жазыпты. Ендігі мәселе мынада. Қазір көбі «Қара жорға» биі қазақ биі емес деп жан-жақтан шулап жатқанынан құлағдармыз. Ал ол би шынымен қазақтікі болмаса, орыс ғалымы неге оны өз кітабына суретімен бірге беріп отыр?  «Қара жорға» биі туралы талас көп. Ал бізде бірнеше дәлел бар. 
Ақын Ілияс Жансүгіровтің «Жолдас­тар» атты романын оқысаңыз, біздікі емес деп жүрген «Қара жорға» биі туралы атақты Ілияс Жансүгіровтің өзі анықтап жазып кеткенін аңғарасыз. «Бір мезгілде жиындағы жігіттер қол шапалақтап Көкен деген жігітті күй тартуға сұрады. Көкен кедей үйдің бақанындай қатқан қара жігіт еді. Оның домбырада тартпайтын күйі жоқ. Орысша-қазақша күйдің бәрін тартады. Көкен домбыраны қолға алғаннан-ақ жігіттер ортасын ашып билеуін сұрады. Көкен домбырасын бұрап алып ұшып түрегелді де «Қара жорғаны» шерте жүріп, өзі жорғалап билеп кетті. Қымыздағы мәжіліс оған алақан соғып, айқайлап шала бүлінді де қалды.
Көкен домбыраны ойнатты, билетті, ол шегін шерткен жоқ, өзі жұды­рықтады. Қымыз ішкендер Көкенмен бірге селкілдеп отыра алмады. Бір жақтан Ғазбекқара күрілдеп:
– Жәшік! Жәшік! – деп айқай салды.
– Жәшік! Жәшік! – деп мәжілістің бәрі шулап кетті. Белгібай бір жәшікті алып кіріп еді, Көкен оны иығына қойып алып, орыстың «Камаринская­сын» шертіп, өзі домбыраға биледі».
Қазақтың өткен-кеткен тарихын жетік білетін ақын өз шығармасында осындай дерек келтіреді. Бізге осының өзі жеткілікті емес пе? Қазақтың фольклорынан бастап жазба әдебиетіне дейін жетік білетін Ілияс Жансүгіров «Қара жорғаны» көзсіздікпен өз шығармасына қосты дейсіз бе? «Қара жорғаны» біздің би емес деушілер оны моңғол халқына телиді. Бірде біз Моңғолияда туып-өскен, қазақ пен моңғолдың салт-дәстүрі мен әдебиетін жақсы білетін ақын Сұраған Рахметұлынан осы би туралы сұрап көрдік. «1940 жылдары бұл биді Моңғолиядағы қазақтар ішінара билегені рас. Бұл жөнінде бізден үлкен ақсақалдар айтып отыратын. «Қара жорғаны» моңғолдар біздікі деп айтпайды, оларда «Жалам-Қар» деген би бар, қазақша мағынасы «Жалым жорға» деген сөз» деп сөздің басын ашып берді. Қазақ та, моңғол да киіз туырлықты көшпелі ел. Екі халық та жылқымен етене. Ал екеуінде де жылқыға қатысты ән мен күй, бидің туындауы да заңды құбылыс.
Кезінде Мұхтар Әуезов жазған «Айман-Шолпан» операсында да «Қара жорға» биі туралы айшықты көрініс бар екенін есті жұрт ұмытпаса керек. Бұл жөнінде мына дерекке тоқталайық. 1934 жылы Қазақтың опера-балет театры «Айман-Шолпан» операсында орындалатын қазақтың билерін сахналау үшін Өзбекстанның «Горли-Арни» этнографиялық ән-би ансамблінің бишісі Али Ардабутты Қазақстанға арнайы шақырады. Би шебері қазақ биін сахналаудан бұрын жергілікті қазақ халқының салт-дәстүрімен, тұрмыс-тіршілігімен танысады, сосын «Келіншек» пен «Қара жорға» күйінің әдемі ырғағына би дайындайды. Әне сол Ардабут қойылымда «Қара жорға» биін тұңғыш рет сахнаға көтереді, жұрт жақсы бағасын береді. Бұл да осы бидің тарихы хақындағы бір белгі.
Қалай десек те, сонау 1958 жылы Мәскеуде жарық көрген кітапқа «Қара жорға» биі туралы сурет жайдан-жай енбейтіні анық. Әр жазбасына лупамен үңіліп, екі өлшеп, бір пішетін орыс ғалымы да бұл деректі зерттеу кіта­бына тегін қоспаса керек. Ендігі мәселе Петр Алампиевтің бұл кітабындағы «Қара жорға» туралы суретті жазбасын осы би хақындағы тағы бір маңызды тарихи дерек деп қабылдау болмақ. 

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

Вашингтон, DC, АҚШ

7244 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы