- Ақпарат
- 02 Қараша, 2023
Тілді тіл өлтірмейді, сөйлеуші өлтіреді
Жаһандану үдерісінің қарқыны тілдердің де бір-біріне ықпалын жеделдетті. Бұрын ғасырлар бойғы келетін өзгерістер қазір бір оқиға іспетті көз алдымызда өтетін болды. Мәселен, осыдан 15 жыл бұрын қазақ тілінде «Мен ойлаймын» деп сөз бастайтын адам болмаған, ал қазір бұл тіркесті қолданбайтын адам табу қиын. Бұл тек қазақ тілінің тарихындағы жағдай емес, әлемдегі барлық тілде қарқынды жүріп жатқан құбылыс. Соған орай, қазір дүниежүзінде лингвистикалық протекционизм, тілді қорғау саясаты деген мәселе алға қойылған. Бұл саясат дамыған мемлекеттерде де қолға алынған. Мысалы, француздар компьютер терминдерін ағылшын нұсқасында ала бермейді. Жапондар ағылшын сөздерін шамадан тыс қолданып қойған БАҚ құралдарына айыппұл салады.
Зерттеулерге сүйенсек, кей деректер қазіргі алты мыңнан аса тілдің алты жүзіне төніп тұрған қауіп жоқ деп көрсетсе, кей деректер әрбір екі аптада бір тілдің жойылып кетіп жатқанын көрсетеді де, осы қарқынмен кете берсе, шамамен бір ғасырға жуық уақыт ішінде тіл саны 200-ге дейін азаяды деген қауіп бар. Бұл тілдердің соғысынан аман шығатындар – ағылшын, француз, португал, испан сияқты отаршыл державалардың тілдері, Жапон, Қытай тәрізді ірі өнеркәсіптік державалардың тілдері, миллиондаған жергілікті сөйлеушісі бар араб, хинди, бенгал сияқты тілдер және аймақтық лингва франка (қарым-қатынас құралы) қызметін атқаратын тілдер деген болжам бар.
Мұндай дабыл қағу әрекеттері
ХХ ғ. аяғынан басталып, бүгінгі күнге дейін толассыз жалғасып жатыр. Зерттеулерде жойылып кететін тілдердің алғашқы белгісі «тіл өкілдері өз тілінде бола тұра, сөз арасына үстем тілдердің сөздері мен сөз тіркестерін қосып сөйлейді» делінсе, соңғы белгісі «тілде сөйлейтін ұрпақ өз қоғамында өз тілінде сөйлеуге ұялатын, намыстанатын халге жетеді» деп көрсетіледі. Біздің қоғамда қазір бұл белгілердің біріншісі «асқынған» күйде тұрса, соңғысының да арагідік белең беретінін жоққа шығара алмаймыз. Бұл екі белгіден де бөлек, соңғы 10-15 жыл көлемінде орыс және ағылшын тілдерінің ықпалынан қазақ тілінің әдеби нормасына едәуір салмақты залал келгені тіл жанашырларын алаңдатып отыр.
Тілдік норманы бұзып-жарып белсенді қолданысқа шығатын, узус деп аталатын тілдік бірліктер болады. Академик Р.Сыздық оларды уәжді, уәжсіз деп бөледі. Уәждісі өз контексінде қабылдауға болатын ауытқу болса, уәжсізін «ақтап алуға» келмейтін ауытқу деп түсіндірейік. Біздің сөз еткелі отырғанымыз осы уәжсіз ауытқулар. Оларды өз қазақи қалпына келтіруге талпыныс жасап көрсек деген үмітпен тілде белсенді қолданыста жүрген ауытқуларды бірнеше топтамаға бөле қарастырдық. Талдауларға зер салайық.
1. Қате екені анық байқалатын ауытқулар
Бірінші кезекте көзге көрініп, құлаққа түрпідей тиіп тұрған нормадан (уәжсіз) ауытқулардың мысалын береміз, қазір мұны тілдік қолданыстан алып тастамасақ, қазақ тілінің төл болмысын ығыстырып, сіңісіп кету қаупі бар (1-кесте).
Нормадан ауытқыған нұсқалар |
Дұрысы |
Түсіндірме |
Мен ойлаймын |
Меніңше, ... Менің ойымша, ... Мен... деп ойлаймын |
Ағылшын тіліндегі «I think», орыс тіліндегі «Я думаю»-дың әсерінен сөйлем құрылысының бұзылуы |
3 санаттар бар Бір топ студенттер Бірнеше мақалалар |
3 санат бар Бір топ студент Бірнеше мақала |
Ағылшын тіліндегі заттың көпше түрін -s жалғау арқылы жасаудың ықпалы
|
Қазақ тіліне оқыту Шетел тілдеріне оқыту Аспазшы мамандығына оқып жүр |
Қазақ тілін оқыту Шеттілдерін оқыту
Аспаз мамандығын оқып жүр
|
Нені оқу? (неге емес) Нені оқыту? (неге емес) «На что учиться?», «На кого пойти учиться?» деген орыс тілінің ықпалы
|
Шындықпен жанаспайды |
Шындыққа жанаспайды |
Неге жанасу? «Немен жанасу?» емес |
Осы сәтпен пайдаланып Телефонмен қолданып |
Осы сәтті пайдаланып Телефонды қолданып |
Нені пайдалану? Нені қолдану? «Немен пайдалану/қолдану?» емес. |
Директормен бекітілген Мамандармен тексеріледі |
Директор бекіткен Мамандар тексереді |
Кем утвержден? Кем будет проверяться? Орыс тілінің ықпалы. |
А әрпіне біткен сөз А әрпіне аяқталатын сөз |
А әрпімен біткен сөз А әрпімен аяқталатын сөз |
Немен бітеді? Немен аяқталады? «Неге бітеді?», «неге аяқталады?» емес. «Бойыңа біткен қуатың» десек, ол басқа сөз. «Неден басталып, немен аяқталады/бітеді?» деп сұрақты дұрыс қою арқылы тексеру керек. |
жетекшіңізге хабарласыңыз Оған, ол кісіге хабарлас |
жетекшіңізбен хабарласыңыз Онымен, ол кісімен хабарлас |
Хабарласу кіммен? Кімге емес. |
Мексикалық боксшыға жеңіліп қалды |
Мексикалық боксшыдан жеңіліп қалды |
Кімнен жеңілу? Кімге емес. «Проиграл мексиканскому боксёру» деген орыс тілінен алынған калька |
Бару керекпіз Алу керексіздер |
Баруымыз керек Алуларыңыз керек |
Керек көмекші етістігі жіктік жалғауын қабылдамайды, жалғау негізгі етістікке жалғанады. |
Кім М.Жұмабаев шығармаларымен қызықса |
Кім М.Жұмабаев шығармаларына қызықса |
«интересоваться кем, чем?» ‘to pursue a special interest with’ орыс және ағылшын тілдерінің ықпалы |
Оқушылармен сауалнама алынды |
Оқушылардан сауалнама алынды |
«Со студентами была проведена анкета» – орыс тілінің ықпалы |
Мына күшіктермен не болған? |
Мына күшіктерге не болған? |
Орыс тіліндегі с демеулігінің ықпалы («Что случилось с этими щенками?») |
Жобаның Мақсаты
|
Жобаның мақсаты
|
Тақырып жазуда ағылшын тілінің негізі сөздерді бас әріппен беру тәртібі |
Барлық түсте, барлық өлшемде табылады. |
Барлық түсі, барлық өлшемі бар/табылады. |
(әсіресе) жарнама мәтіндерінде кездестіп жүрген «во всех размерах, в разных цветах...» деген орыс тілі грамматикасының ықпалы. |
Бізге 5 жыл Маған 18 |
Біз беске толдық. Мен 18-ге келдім. |
Нам 5 лет /We are 5 Мне 18 лет /I am 18 Ағылшын және орыс тілдерінің ықпалы. |
Менде шар. Сенде қуыршақ. |
Менде шар бар. Сенде қуыршақ бар. |
I have a balloon. You have a doll. У меня (есть) шарик. Ағылшын және орыс тілдерінің бала тіліне ықпалы. |
2020 – жиырма жиырма 2030 – жиырма отыз |
Екі мың жиырмасыншы жыл Екі мың отызыншы жыл |
Twenty twenty
Twenty thirty Ағылшын тілінің ықпалы. |
Үлкен рақмет! |
Көп рақмет |
Орыс тіліндегі «большое спасибо»-ның сөзбе-сөз аудармасы, калька |
Мысал ресми дереккөздерден: құжаттардан, мінберлерден, ZOOM форматында өткен жиындардан, телеарналардан жазылып алынды.
Мұндай қателерді болдырмаудың бірден-бір жолы – сұрақ қою, сұрақ қою арқылы сөзқолданыстың дұрыс-бұрыстығын тексеруге болады, бірақ сұрақты да дұрыс қоя білу керек. Мектеп және жоғарғы мектепте (тек қана қазақ тілі мен әдебиеті пәндері сабақтарында емес) мәселеге атүсті қарамай, тілдің грамматикасына осы кестеде көрсетілгендей басқа тілдерден келіп тұрған «залалды» көрсетіп, «дұрысы мынау» деп, оны жаттығулармен, тест сұрақтарымен бекіту қажет.
2. Қате екені байқалмай қалған ауытқулар
Бұрмаланған нұсқасында сіңісіп, (жаңсақтықпен) әдеби норма ретінде танылып жүрген тілдік бірліктерді (қиын да болса) кері қалпына қайтару жөн болар еді. Олардың мысалы (2-кесте):
Нормадан ауытқып, сіңісіп кеткен тілдік бірліктер |
Дұрысы |
Түсіндірме |
Мейрамыңмен! Мейрам(дар)ыңызбен!
|
Мейрамың құтты болсын! Мейрам(дар)ыңыз құтты болсын! |
Қазақта «құтты болсын» деген сөзде (ғана) құт-береке бар. |
Туған күніңмен!
|
Туған күнің құтты болсын! Туған күніңмен құттықтаймын. |
Құттықтау сөзін айтқанда «Құтты болсын» деген сөзді қолданбау тек сөз шығыны деуге болады. |
Жаңа жылыңмен!
|
Жаңа жылың құтты болсын! |
Бірнәрсенің құтты, қайырлы болуын тілеген кісі сол сөздерді қолдануы керек. |
Көріскенше! |
Көріскенше күн жақсы болсын! |
«Күн жақсы» немесе басқа бір амандық тілейтін сөз айтылмаса көріскенше не болатынын кім білсін?! |
Кездескенше! |
Кездескенше ел аман, жұрт тыныш болсын! |
«Ел аман, жұрт тыныш» немесе сондай басқа бір амандық тілейтін сөз айтылмаса келесі кездескенше не болатынын кім білсін?! |
Сау-саламатта болыңыздар! |
Сау-саламат болыңыздар |
«-та» жатыс септігі сын есімге жалғанбайды, зат есімге тіркеседі. |
Бұл топтамадағы мысалды «Бұрмаланған нұсқасында сіңісіп кеткен сөздер мен сөз тіркестері» деп атап отырған себебіміз, бұлар сөйлеу тіліндегі қолданысты айтпағанның өзінде ресми қолданыста да жиі кезігетін, тіпті әдебиет көздерінен, қазақ тілінің оқулықтарынан да орын алып үлгерген узустар болып отыр. Кері қарай дұрыс қалпына қайтару оңайға соқпайтыны белгілі. Алайда, қажетті амал-тәсілдер арқылы бұл қолданыстағы қателерді де түзетуге болады.
3. Морфологиялық құрамында қате бар екені соңғы кезде анықталған ауытқулар
Осы күнге әдеби нормаға сай болып саналып келген, оның нормаға сай екеніне тіпті ешқандай күмән болмаған кейбір сөздеріміздің морфологиялық құрылымын қайта қарауымызға тура келеді (3-кесте).
Нормадан ауытқыған нұсқалар |
Дұрысы |
Түсіндірме |
Италияндық |
Италиялық |
Ағылшын тілінде: Italy + сөз тудыратын -ian жұрнағы = Italian. Орыс тілінде: Италия – итальянец (-ян- + -ец) итальянка (-ян- + -ка), италянцы (-ян- + -цы), итальянский (-ян- + -ск- + -ий) сөздері (түпнұсқасы итал. т. Italia, italiani, italiano) қандай сөз тудырушы жұрнақтар арқылы жасалып тұрғаны көрінеді. |
Американдық |
Америкалық |
Ағылшын тілінде: America + сөз тудыратын -n жұрнағы = American Орыс тілінде: Америка – американец (америка + -н + -ец), американка (америка + -н- + -ка), американцы (америка + -н- + -цы) американский (америка + -н- + -ск- + -ий) Екі үстем тілдің сөзжасам тәртібінен шыға алмай «американдық» деген мазмұнда қолданып келдік. |
Африкандық |
Африкалық |
Ағылшын тілінде: Africa + сөз тудыратын -n жұрнағы = African Орыс тілінде: Африка – африканец (африка + -н- + -ец), африканка (африка + -н- + -ка), африканцы (африка + -н- + -цы), африканский (африка + -н- + -ск- + -ий) Екі үстем тілдің сөзжасам тәртібінен шыға алмай «африкандық» деген мазмұнда қолданылып келген. |
Азиат азиаттар |
Азиялық Азиялықтар |
Ағылшын тілінде: Asia + сөз тудыратын -n жұрнағы = Asian. Орыс тілінде: Азия – азиат (азия + -ат), азиаты (азия + -ат- + -ы), азиатский (азия + -ат- + -ск- + -ий). Сонда орыс т.-гі сөз тудырушы жұрнақпен (азия + -ат) азиат болып, соған қазақ т.-гі -тар көптік жалғауының жалғануы арқылы азиаттар кейпіне келіп тұр екен. |
Ал бұл талдаудан кейін қазақ тілінің өз табиғи сөзжасамы жолымен түбір сөзге тікелей -лық, -лік, -тық, -тік, -дық, -дік жұрнақтарының сәйкесін жалғасақ, сөздің дұрысы:
италиандық емес, италиялық
американдық емес, америкалық
африкандық емес, африкалық
азиат емес, азиялық, (тиісінше) азиаттар емес, азиялықтар
екеніне көз жеткіземіз.
Бұл топтамада келтірілген уәждер қазіргі уақытта терминжасам үдерісінде де «абсолютті ме, абсолюттік пе?», «нормативті ме? нормативтік пе?» деген сияқты екіұшты сұрақтың да шешімін біріздендіре абсолют, норматив нұсқаларында орнықтыруға көмектеседі.
Мысалға алынған нормадан ауытқулардың қай-қайсысын алып қарасақ та, олардың себеп-салдарында орыс және ағылшын тілдерінің ықпалы барын анық көреміз. Бұл топтамалардың 1 және 3-іншісін өз атымен грамматикалық қателер деуіміз керек. 2-топтаманы узустар деп қарастырсақ, Р.Сыздық: «Тегінде, норма мен узусты айырып таныған жөн,...узустың бір айырым белгісі – оның тілдік жүйеге қайшы келетіндігі деп танимыз» деп көрсеткен болатын [Тілдік норма және оның қалыптануы (кодификациясы). Алматы: «Ел-шежіре», 2014]. Демек, 2-топтаманы да «узус қой» деп, қабылдап ала беруге болмайды, бұл тілдік жүйені бұзады деген сөз.
Алайда, бұл ауытқулардың қай-қайсысын да тілдің өз нормасына қайтару оңай тимейді. Арнайы бір әзірленген стратегия іске қосылмаса, жағдайдың одан әрі қарай ушыға беретіні белгілі. Әсіресе тілдің ауызша сөйлеу формасы бой бермей кетуі мүмкін, өйткені оны әрбір сөйлеушінің аузынан қадағалау мүмкін болмайды.
Бір қызығы, жоғарыдағы кестелерде берілген қателердің түзетіліп жатуы – өте сирек жағдай. Түзетілмеу себептерінің ішінде немкеттілік, немқұрайлық, нақ сол сәтінде мүмкіндіктің болмауы деген сияқты факторлармен қатар, мамандардың өзінің нормадан жаңылуы, ең қиыны – ненің норма, ненің ауытқу екенін ажырата алмай бара жатқанымыз.
Мектеп, театр, теле-радио атаулы осы қателерді қайталап, ертелі кеш «екпіндеп» тұр, бұған варваризмдерді (енді ағылшын тілінің сөздерін араластырып сөйлеуді), шала-жансар аударманы, өз бетімен кеткен әлеуметтік желіні... қосыңыз... Не болмақ?
Тіл тілді фонетикасынан да, лексикасынан да, грамматикасынан да алатыны белгілі. Осының ішінде «ең қауіптісі – грамматиканың қозғалуы» деп көрсетеді Батыс ғалымдары. Ең өкініштісі, біздің қазір бастан кешіп отырғанымыз – нақ осы грамматиканың қозғалуы. Мысалы, жоғарыдағы келтірілген мысалдың 1-топтамасына берілген талдаудан көретініміз, қазақ тіліндегі бірқатар үйрену, қолдану, пайдалану сияқты т.б. сабақты етістіктер салт етістікке айналған. Олар бұрын «кімді, нені?» деген табыс септігінің сұрағын талап ететін болса, енді «жаңа» қолданыстарында «неге, немен?» деген сұраққа жауап беретін болған. Өзгерістің дені «кіммен, немен?» деген сұрақпен келетін көмектес септігіне қарай ойысады: «Мына күшіктермен не болған?», «Директормен бекітілген құжат», «Шындықпен жанаспайды», «Оқушылармен сауалнама алынды», т.б. Мұның бәрі – әрине, грамматиканың қозғалуы.
Мәселенің тағы бір алаңдататын тұсы бар. Батыс зерттеушілерінің ішінде ерекше орын алатын уэльстік Давид Кристал мынадай тұжырым жасайды: «Грамматикаға келетін өзгерістің бүкіл қоғамға таралуы үшін біраз уақыт қажет. Өзгерісті алдымен бірнеше ғана адам бастайды, содан кейін тағы бірнеше адам қосылады, одан кейін бұл «жаңалық» бірте-бірте сөйлеу мен жазудың жаңа үлгісіне айналады. Бірақ кез келген жаңалыққа әртүрлі көзқарас болатыны сияқты, оны жұрттың бәрі бірдей ұната бермейді. Ескі сөйлеу әдісіне үйренген адамдар жаңа қолданысты жақтырмай, қынжылып, қарсылық көрсетеді. Оны қолданбауға шақырады; газеттерге мақала жазып, радио-теледидардан жаңа қолданыстарды естіген сайын хабар тарату компаниясына шағымданады. Бірақ, өкінішке қарай, оның бәрі бекер әурешілік, шағымданушылардың уақыты зая кетеді. Себебі жаңа қолданыс қоғамдағы адамдардың көпшілігі солай қолдануды қалап, шешім қабылдап қойған кезде пайда болады. Телеарнаға шағым хат жазу (түпнұсқада BBC-ге деп беріледі – Н.Р.) өзіңізге жағымды әсер қалдыруы мүмкін, бірақ бұл болып жатқан өзгерісті тоқтата алмайды» (ағылшын тілінен аударған – автор).
Д. Кристал – тілдің пайда болуынан бастап, жойылып кетуіне дейінгі аралықты қамтитын жүзден аса кітап жазған, ағылшындардың өздері «аңыз адам» деп танитын белгілі ғалым. «Тіл өлімі» (‘Language Death’ 2000), «Ағылшын жаһандық тіл ретінде» (‘English as a global language’ 2003, 2012, 2017) т.б. еңбектері көпке таныс.
Жалпы осы тақырыпқа зерттеу жасаған ғалымдардың көбі осылай «бір тіл бір тілді жейді» деген қорытындыға келеді. Ал Чикаго университетінің профессоры Саликоко Муфвене: «Ағылшын, француз сияқты «алпауыт» тілдерді өлтіруші тілдер деп қарау қате түсінік, тілдерді тілдер өлтірмейді, сөйлеушілер өлтіреді. Тіл қоғамда үздіксіз қолданылу арқылы өмір сүреді. Сөйлеушілер одан бас тартқан кезде тіл өледі. Бұл тұрғындары ұрпақ беруден бас тартқан қоғам іспетті», – деген. Ал біздің бүгінгі тіліміз өзге тілдер толассыз түйреп жатқан найзалардан шала-жансар күйге түсіп, күйзеліп тұрса, өз сөйлеушілері тарапынан да жанашырлық көре алмай отыр.
А. Байтұрсынұлының «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл», «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады!» деген көп қазақ білетін ескертпелерін тағы бір еске сала кетейік. Дінімізде де «Ескертіңдер, ескертуде пайда бар» дейді екен. Кім біледі, пайдасы болар...
Нұрсәуле Рсалиева,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
жетекші ғылыми қызметкері
5172 рет
көрсетілді0
пікір