- Ақпарат
- 21 Наурыз, 2024
О заманның наурызы
Күн мен түннің теңеліп, жан дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген ай бұл!
Бұл – бүкіл табиғат ананың тоңы жібіп, жаны кіретін тіршілік басы. Наурыз мерекесі күні көңілінде кірбіңі барлар татуласады, адамдар бір-бірінің үйіне кіріп, құтты болсын айтады.Жылы лебізін білдіреді. Бұлақ көзін ашады, алдын ала үйін, ауласын кір-қоқыстан тазартады.
Ал өткен ғасырда өмір сүрген ұлт қайраткерлері наурыз мейрамы туралы не дейді? Бір сәт көз жүгіртіңіз...
«Қобыланды батыр» жырынан:
«Қаз жайлауын саз деймін,
Наурыздан соң жаз деймін.
***
Көлден ұшқан қаздаймын,
Наурыздан соңғы жаздаймын».
Шақшақ Жәнібектің қызының жоқтауынан:
ХVІІІ ғасырдың батыры Шақшақ Жәнібек дүние салғанда кенже қызының жоқтауынан үзінді:
«Айналайын, әке-екем!
Неге бердің кедейге?
Қанша ақылды десең де,
Кедейді кедей демей ме?
Байға берсең, әке-екем!
Қазысы қарыс айғырды,
Сүбесі сүйем қошқарды,
Ұлыс күні соймас па ем?
Тама сорлы тоймас па ең,
Жұп шырақ жағып қоймас па ем?
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы:
«Орысқа қарамай тұрған күнінде қазақтың наурызнамасында болған той, мереке қызығы Бұқар мен Қоқанда да болмаған!» — деп сөйлейді. Қайда атақты асқан бай болса, наурызнаманы сол байға қылдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында наурызнаманың қадір-құны астан, тойдан ілгері болады екен.
«Қазақтың қазақ болғанда, өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – наурызнама. Ол күні қожаларға оқытатұғын, наурызға арналған кітап болады. Наурыз жайын ұқтыратұғын ол кітаптың атын «Салдама» дейді. Ол күнде тілі орамды, сөзге шешен шалдардың батасы болады. Қожа кітап оқығанда, шалдар бата қылғанда, жұрт жылап, шулап, «Амин!» деп отырады. Сонан соң олардың айтқаны айтқандай келіп халық, жұрт ілгері басып, малы да өсіп, басы да өсіп берекелі болады.
Мал сойып, наурызнама қылуға шамасы келмейтін кедейлер жалғыз қой сойса да, наурыз күні бір қазан көжеге салып, «Ауылға татырамыз!» деп басын сақтап қояды. Байлардың бәйбішесі ірімшік пен май жасап, қарын-қарын жент сақтайды. Қыстыгүні «Бұл жентіңізді қашан бастаймыз, бізге қашан бастайсыз, бізге қашан татырасыз?» деушіге: «Шырақтарым, әлі Самарқанның көк тасы жібігенде, бұл жент те өзі балқып, босайды. Сонда бастаймын! Осы күнде қайыршақтай қап-қатты пышақ өте ме? – деуші еді. Міне, мен осы жентті жасатып, дәл наурыз деген күні бастатып көрген кісімін. …Біздің қазақта Ұлыстың ұлы күні» – Наурыз.
«Елді, жұртты оңға бастаймын! Ілгері басуына, мал басы өсуіне тілеулес боламын!» — деушілер… осы Наурызды құрметтеп, «Ұлыстың ұлы күні» атандырып, той-тамаша қылдыруға тырысуы керек».
Абай Құнанбайұлы:
«Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» деген тарихи мақаласында Наурыз тарихын көшпелі халықтардың сонау «Хибаги», «Хүзағи» деп аталған заманға дейін апарып, «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп, тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен».
Шәкәрім Құдайбердіұлы:
Қожа, молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, Құрбан, Ораза айтын Ұлыс күні дегізіп, Ұлысты Наурыз дегізген. Жыл басының аты Ұлыс екенінің дәлелі мынау: «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы болар» деген тіпті ескі мақал.
Ахмет Байтұрсынұлы:
«Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде һәр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп, ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп, кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып, көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, құтты наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында һәр түрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілері тоғызында келеді деседі, һәр жұрттың белгілі күнде жаңа жылы туады. Ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «Жаңа жыл қайырлы болсын! Жаңа бақыт кәсіп болсын!» деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді».
Міржақып Дулатұлы:
«Орыста мейрам көп, қазақта айран көп» деген мәтелді тілге тиек ете келе былай деп жазады: «Мұсылман жұрттарына ортақ, жылына екі рет келетін Ораза, Құрбан айтын есепке алмағанда, бізде жалғыз мейрам бар, ол – Наурыз.
Қыс бойы ақ кебінін жамылып, өлім төсегінде жатқан табиғаттың, жанды-жансыздың тірілуі кімнің болса да, көңіліне шаттық беретіні анық болса, тіршілік жағынан қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан артық тілектес, қазақтан артық қуанатын ел жоқ деуге саяды.
Мағжан Жұмабаев:
Жаңа жыл күні қазақ күн райына қарай алдағы жазды рақатты, рақатсыз болады деп болжау жасайды. Қар тез кете ме, жаз жылдам бола ма деп болжам жасайды. Қазақтың Жаңа жылы – жазғытұры күн мен түннің теңелген (22 наурызда) күні болады. Жаңа жылдың ертеңіне жарық, жылы, күн қараңғы, суық түннен ұзара бастайды…
Сұлтанбек Қожанов:
«22 март – Наурыз мейрамы. Күншығыс халқы тегіс мейрам қылып өткізу салт болған күн. Мұны көп білгіштер «Дін мейрамы» деп жиреніп, лажы болса құрту керек деп сопысынады. Наурызға арналған намаз жоқ. Наурызда құрбан шалынып, Құран оқылмайды. Наурыз – жыл басы. Наурыз – мұсылманшылықтан бұрын шыққан мейрам. Наурыз – ел шаруасымен күн көріп, табиғат шарттарына тұрмысы көбірек байланысқан елдің тұрмысы тудырып отырған мейрам. Жұрт қысқы қысымшылықтан құтылып, малы жұт қаупінен құтылып, аман қалған малы төлдеп, қорасы толып, өздері егін шаруасына қам қылып, жаз маусымында байлығын молайтудың, табиғаттың иіп тұрған кезінде қолынан келгенше көп өндіріп қалудың шарасын істеп, абыр-сабыр болып жатқан ел шаруаларының талабы қозған ең көңілді уақыты – көктем. Сол көктемнің басы – Наурыз».
«Еңбекші қазақ» газеті,
1925 жыл, 22 наурыз
Бейімбек Майлин:
«... – Айтпақшы, ене, Наурызға,
Астың ба көже, етіңді?»
« – Асқан болдым бірдеңе
Көк аттың салып шекесін...»
«...Қынынан пышақ суырып,
Шал қолына басты алды...»
« – Қатын тұр, көжеңді ас, басыңды сал,
Келейін түске шейін мен жайып мал».
Мұхтар Әуезов:
«Жұп шырақ жағу, кетік аяқ, кетік шөміш сындыру, көріскенде «таза бақ, кел» деп, «Көш қайрақан, көш» деп аластау барлығы да сол заманның тілегі. Ескіліктің ізін сақтаған, ескі күнде аман болып, бүтін болып қалмай, сынып, жарылып қазаға ұшыраған нәрселер болса, оның бәрінде ескі күннің сарқыты қалуы мүмкін. Онда иесіне арнаған жаманшылық сөз сақталып қалуы лайық. Сондықтан кетік ыдыстар сындырылады. …Бұлардан басқа төрт көз итті өлтіру, моғал ошақ қазу болған».
1114 рет
көрсетілді0
пікір