• Ақпарат
  • 21 Наурыз, 2024

Тіл – ұлттың бар сипатын анық­тайты­н не­гізгі кілт

«Ана тілі» газетінің шыға бастағанына да 34 жыл өтіпті-ау. Сексенінші жылдардың соңы мен тоқсаныншы жылдардың басында Кеңес Одағында жылымық орнап, сөз бостандығына еркіндік берілген сәтте жарық көрген басылым содан бері тіл тағдырына селқос қарамай, белсенділігін арттырып келеді. Рас, алдымен «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, аталған ұйымның үнін халыққа жеткізу үшін қандай да бір үнжария керек болды. «Ана тілі» апталық басылымы осылай дүниеге келді. Ал «Қазақ тілі» қоғамының басшылығында мүйізі қарағайдай академиктер мен ұлттың ірі қайраткерлері тұрды. Олар ұйымның президенті Әбдуәли Қайдаров пен Өмірзақ Айтпаев. Ал ұлттық апталықтың бас сарашысы болып Жарылқап Бейсенбайұлы тағайындалды. 
 

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,

«Ana tili»
 

Сонымен, жұртшылықтың көкейіндегі мәселелерді көтерген «Ана тілі» өзінің 1990 жыл 22 наурызда шыққан алғашқы нөмірінде не жазды? Басылым бірінші нөмірінде «Оқырманға арнау сөз» арнаған. Онда не жазылды?
«Бүкіл ел басына түскен тақсыретті жылдардың зілзала салмағы, әсіресе қазақ ұлтын тым ойсыратып кетті. Ұлт қадірі мен тағдырын тәлкек еткен қаншеңгел саясат салдарынан ашаршылыққа ұрынып, сан жағынан бір ойсыраған халық сол қиямет жылдарда бетке шығар перзенттерінен де қатар айырылып, сапалық жағынан да оталды. Сол зұлмат саясаттың «арқасында» әлденеше ұрпақ талай уақыт бойы елім деп еңіреген ірі тұлғаларын жау қатарында санап өсті. Ахметтің, Міржақып пен Мағжанның, Жүсіпбек пен Ғұмарлардың ғажайып шығармашылығынан мақұрым қалды. Осының өзі-ақ ұрпақ санасы үшін қаншама кемшілік болды десеңізші. 
Бүгінгі наурыз мерекесі де сол сенбеушілік пен шектеушіліктің сіре мұзы астынан таяуда ғана сөгіліп алынды. Алпыс жылдан астам уақыт төл тойы – Жаңа жыл мейрамын ашық мерекелеуден тыйылып кеткен халықтың онымен қалай сағына қауышып, үлкен мереке, думанға айналдырып өткізген күні кешегідей есте. Биыл да ол жаңа нышандармен байып, мән-мазмұны толығып, ажарлана, сымбаттана түскен қалпымен жылқы жылын ертіп, арамызға жарқын жүзбен тағы келіп отыр. Маңдайы ашық, қадамы құтты.
Былтырғы наурыздан биылғы наурызға дейін елімізде талай елеулі өзгерістер өтті, санаға салмақ түсірер серпілістер, рухани түлеулер одан әрі өрістеді. Солардың арасында әсіресе ұлтымыздың болашақ тағдырына өлшеусіз көмек көрсететін аса зор оқиғалардың бірі қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру туралы заң қабылданғаны еді. Оны қалың жұртшылық пұшайман халге түскен ана тілімізге қамқорлық жасау үшін дер кезінде қолға алынған маңызды шара ретінде бағалады. Алайда заңның қабылдануы бар да, оның жүзеге асуы және бар. Республикамызда бұған дейін де тіл туралы заңдар мен қаулылар қабылданғаны белгілі, бірақ саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған сескенгіш те сезіктенгіш замандарда өзіміз болып, өзге болып үркіп жүріп, тіл өрісін жұтатып тынған жоқпыз ба?! Осы жайлар тағы да қайталанбас үшін не істемек керек!
Әрине, бұл орайдағы шаралар Тіл туралы заңның әр бабында арнайы көрсетілген. Дегенмен оған қалың әлеуметтің, ана тілінің тағдыры үшін жаны ауырып, жүрегі сыздайтын әрқайсысымыздың да шынайы көмегіміз қажет екені тағы да дау тудырмаса керек. Өткен жылы қазан айының 21-і күні дүниеге келген республикалық «Қазақ тілі» қоғамының көздеген басты мүддесі де осыған саятын. Қоғам өзінің жер-жерде құрылған ұйымдары, қалың мүшесі арқылы қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде кеңінен қолданылуына қажетті көмек беретін қолғабысшы күш ретінде шаңырақ көтерген еді. 
Міне, бүгін халқымыздың Жаңа жылының алғашқы күнінде, наурыз мейрамымен бірге сол «Қазақ тілі» қоғамының мақсат-мүддесін жүзеге асыруға көмектесетін төл басылымы «Ана тілі» апталық газетінің де тұңғыш саны жарық көріп отыр. Осы уақытқа дейін республикамызда көпшілікке арналған мұндай басылымның болмағанын, тіл мүддесін қорғау мәселесінің таса, көңілден қағыс қалып келгенін еске алсақ, бұл апталықтың ашылуының өзі халқымыз­дың рухани өміріндегі елеулі оқиға екені даусыз. Әрбір ұлттың, әрбір халықтың ең қымбат қазынасы – оның ана тілі. Сондықтан аталы жұртымыздың аруақты ана тіліміздің өркендеуі үшін күш қосып, қызмет ету баршамыздың міндетіміз. Ең тура жолдың бірі де осы».
Оқырманға жазылған арнау сөзде редакция басшылығы осындай ақиқатты халықтың алдына жайып салады. Ендігі жерде ана тілінің тағдыры өз қолымызда екенін айтады. Сондықтан, ең алдымен, тіл үшін тіресте халық қана бір-біріне қолдау бере алатыны басты мақалада ашып көрсетіледі. «Саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған сескенгіш те сезіктенгіш заман» келмеске кетті. Ұлттың, тілдің тағдыры өз қолымызда. Сондықтан қоғамдық өмірде белсенді болудан басқа әрекет жоқ. Өйткені қазақтың тілі қазаққа ғана керек. Міне, оқырманды белсенді болуға шақырған басылым оқырманға арнау сөзде осындай түйткілді мәселелерді сөз етіп, ашық айтады. 

«ОВ»-тан қашан құтыламыз?

Сондай-ақ газеттің бірінші нөмірінде «Ақылдасайық, ағайын» деген айдармен «ОВ» туралы ресми аты-жөнімізді ұлттық дәстүр бойынша атасақ...» деген тақырыппен мақала жариялаған. 
«...Қазақша өз аты-жөнін ата салтымен жазуды ұлтшылдық деуге жеттік. Туыстық атауларға бай қазақ тілінде «Туу туралы куәлікке», азаматтығымызды куәландыратын паспортымызға «Пәленше Пәленшеевич Пәленшеев» деп жазатын болдық. Қазіргі күні барша азаматтық дәйектерде жеке адамның өз аты, әкесінің аты және фамилиясы орыс тілінің үлгісімен жазылады», – деп редакция бұған қатысты алаңдаушылығын білдіреді. Ал бұл орайда не істелуі керек? Мақала авторы – қазаққа аты мәшһүр филология ғылымының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов пен тілші Аманқос Мектепов бұл жайтқа қатысты Тіл туралы заңның 28-бабы мүлде жұмыс істемей отырғанын оқырманға жайып салады.
Тіл туралы заңның 28-бабында «Жеке адамдардың атын, әкесінің атын, фамилиясын, этнонимдерін жазу кезінде ұлттық әдебиет тілдерінің орфографиясы сақталады. Олар басқа тілдер арқылы сол тілдердің әдеби нормаларына сәйкес беріледі» деп көрсетілген. Сондықтан қажеттіліктен туған заңымыздың өзімізге қызмет жасап, күшіне енуі үшін, жоғарыда аталған баптың іс жүзіне асып, аты-жөнімізді ұлттық дәстүрге сай жазуды толық қалпына келтіру үшін атсалысу бәріміздің де азаматтық парызымыз деп білеміз». 
Әрине, бұл жерде авторлар 1989 жылы қабылданған Қазақ КССР-інің Тіл туралы заңын айтып отыр. Дегенмен айта кететін бір мәселе бар. Бұл заң еліміз тәуелсіздік алмай тұрғанда қабылданған. Алайда еліміз дербестікке қолы жетіп, тәуелсіздік алғаннан кейін де кейінірек тағы бір заң қабылданғаны белгілі. Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің 1996 жылғы 2 ақпанда қол қойған заңы. Онда ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы Президент Жарлығының «Ұлты қазақ азаматтар өздерiнiң тегi мен әкесiнiң атының жазылуын қазақ тiлiне тән емес аффикстi алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда тегi мен әкесiнiң атының түбiрлiк негiзi сақталуға тиiс. Бұл ретте әкесiнiң атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздерi қосылып, бiрге жазылады», 1-тармағына сәйкес орысша жұрнақты алып тастауға болады» делінген. Авторлар «заң бар, бірақ ол неге жүзеге аспайды» деген мәселеге алаңдаушылығын білдіре отырып, ұлт тағдырына қатысты мәселе көтереді. 
Ақиқатында, айналып келгенде, кінә кімде? Өзімізде. Әйтпесе аты-жөнді өзгертіп, бірізділікпен жазу туралы арнайы заң бар. Бірақ орындалып отырған жоқ. Сондықтан мәселені өзімізден және осы заңды жүзеге асыратын мемлекеттік атқарушы мекемелерден іздеу керек. 
Ал мақала жарияланғаннан кейін басылымның тоғызыншы нөмірінде аты-жөнді дұрыстап жазуға қатысты редакцияға қалың оқырманнан көп хат келген. Аталған пікірлер газеттің бір бетіне толықтай жарияланған. 
Сондай-ақ газеттің осы санындағы «Бәрі де өзімізден» атты мақалада «балаларын орыс мектебіне, балабақшадағы орыс тобына тықпалайтын ата-аналар толып жатыр. Ал екі тілді де жетік білмей, шөре-шөре болып қалатын осы балалардың обалы кімге? Орысша білсе де, орыспын дей алмайды. Қазақша білмегендіктен, өз халқының әдебиеті мен мәдениетін, әдебін білмей, әрі-сәрі болатын мәңгүрттер осындай балалардан өспей ме?» Аталған мақала 1990 жылдың 2 тамызында жарияланған. Расында да солай. Шындығында да, мәселенің түйткілі және шешілуі – бәрі де өзімізден екені рас. Осыдан 34 жыл бұрын газет тілшісі көтерген мәселе қазір де бар. Әлі де толыққанды жойылып кеткен жоқ. Сондықтан бұл мәселе қазір де өзекті. Айналып келгенде, әңгіменің бәрі де түпкі санадағы өзгеріске байланысты екенін жоққа шығара алмаймыз. Әлі де болса, балаларын орыс тіліндегі мектепке беретін ата-аналар баршылық. Дерекке жүгінсек, қазіргі уақытта мектеп бітіретін оқушылардың 30 пайызға жуығы Ұлттық бірыңғай тестілеуді орыс тілінде тапсырып отыр. Осыдан-ақ түйткіл балада емес, ата-анада жатқанын анық аңғаруға болады. Әйтпесе 1-сыныпқа баратын балада қандай түпкілікті таңдау бола қойсын?! «Орыс тілін білген адам қатарынан кем болмайды» деген сыңаржақ түсінік әлі де болса, кейбір ата-ананың санасында қалып қойған. Сол себепті олар баласын орыс сыныбына жетектеп алып барады. Өкініштісі, баласы қазақ тілі мен мәдение­тінен, тұрмыс салтынан хабарсыз болып өседі. Алдағы уақытта осы олқылықты түзеуіміз қажет. 
Ал тілдің жайы ақынды да, қайраткерді де, ғалымды да қашан да бейжай қалдыра алмаған. 
«Сөйлесін әркім еркімен, 
Заманға лайық заң керек,
Арылсын десең дертінен, 
Қазақ тіліне қан керек.
Басынып кетіп әлдекім, 
Сүйекке түсті таңба көп. 
Қайда әлгі «жедел жәрдемің?» 
Қазақ тіліне қан керек», – дейді ақын Серік Тұрғынбекұлы. Біз әлі де сол ойды, сол сөзді бүгін де қайталаймыз. Рас, қазір де қазақ тіліне қан керек. 
Газет тігінділерін парақтап отырғандағы аңғарғанымыз – қазақ зиялыларын тіл мәселесі қашан да алаңдатып отырған. 1990 жылғы 6 қыркүйекте «Қазақшаң қалай?» деген айдармен профессор Темірбек Қожакеевтің «Тіл өгей ме, ұл өгей ме?» атты мақаласы жарияланған. Онда ғалым Оқжетпес шипажайындағы мемлекеттік тілдің мәртебесі, ғимарат маңдайшаларындағы аударманың қателігі туралы айтады. Оны дұрыстап жазу керегі жөнінде мәселе көтереді.
Тіл мәселесі қашан да күрделі әрі қоғам тарапынан белсенділікті қажет етеді. Мұны сол кезде «Ана тілі» газетінің бетінде жарық көрген мақалалардың шоғырынан да айқын аңғарамыз. Бір ғана мысал, 1994 жылдың 10 ақпанында басылымда «Тілің түзеле ме, Астана?» атты мақала жарияланған. Онда «Қазақ тілі» қоғамы, тіл комитеті және «Ана тілі» газетінің тілшісімен бірге, мемлекеттік тілдің орындалу барысына қатысты шаһарда орналасқан бірқатар мекемелерге арнайы рейд жүргізеді. Бұл рейдтің барысы «Алматы қай тілде сөйлейді?» деген тақырыппен газет бетінде жарияланған. Атап айтқанда, Алматы қаласындағы «Эталон» зауыты, Алматы шай фабрикасы, Алматы теміржол басқармасы, «Үміт» қоғамдық өндірістік мекемесі, Әуезов ауданындағы №8 емхана сияқты бірқатар мекемелер тексеріледі. Кемшіліктер атап көрсетіледі. Тіпті «бере алмаймыз, жоғарыдан нұсқау жоқ» деп іс құжаттарын көрсетуден бас тартқандар да болған. Әртүрлі нұсқау айтып, шығарып салушы басшылар да кездескен. Тексерістен кейін Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамының көшпелі отырысы өтіп, кемшіліктерді түзеу жөнінде нұсқау берілген. Әрине, мұның бәрі де қуанышты, жағымды жағдай ғой. Ал қазіргі «Қазақ тілі» қоғамында мұндай мүмкіншілік, құқық бар ма? Қалай айтқанда, тоқсаныншы жылдардың бас кезінде халықтың, жалпы қоғамның тілге деген сұранысы өте жоғары деңгейде болғанын аңғаруға болады. Бұл ғана емес, тіл рейді сонымен қатар Көлік министрлігінің де барлық мекемесінде жүргізілген. Бірлескен рейд барысында кемшіліктер атап көрсетілген. Аталған мақаланы 1994 жылғы 24 ақпанда Раушан Мырзахметқызы жазып дайындаған. Бұл мақала «Әуеде. Суда. Құрлықта» деген тақырыппен жарияланған. 
Жалпы, бір байқағанымыз, аты-жөн және ата-текті дұрыстап жазу және оны бірізділікке түсіруге қатысты редакция тарапы ауық-ауық мақала жариялап отырған. Сондай-ақ газеттің осы санында «Аты-жөніңізді қалай жазасыз?» деген айдармен Қазақстан Республикасындағы қазақ азаматтарының есімі мен әкесінің аты және фамилиясын реттеу туралы тұжырымдаманы жариялаған. Онда аты-жөн, фамилияны қалай жазу керегі жөнінде үлгі-нұсқаулар тайға таңба басқандай етіп, анық көрсетілген. 

«Тілге тиіспес болар, киесі ұрар»

Жалпы, 1990–1996 жылдар аралығындағы «Ана тілі» газетінің бетінде оқырманмен қатар, зиялы қауым өкілдері мен елге белгілі қайраткерлер сөз алып, тілге қатысты түйткілді ойын жиі беріп отырғанын байқаймыз. Тағы бір мысал, филология ғылымының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, «Қазақ тілі» қоғамының басқарма мүшесі Рабиға Сыздықова «Ана тілінің» тілшісі Раушан Төленқызына берген сұқбатында қазақ тілінің болашағы туралы өз ойын ортаға салады. Білікті ғалым қазақ тілінің болашағына сенетінін айтады. Бұл сұқбат 1994 жылғы 8 тамызда «Тіл мәдениеті бұзыла ма деп қорқамын» деген тақырыппен берілген.
 «Мен қазақ тілінің болашағына сенемін. Мұным оптимистік емес, объек­тивтілік. Өйткені ұлт – ұлт болып тұрғанда ғана қазақ үкіметі, республикасы сақталады. Демек, тілі де сақталады деген сөз. Неге десеңіз, тіл дегеніңіз – ең соңғы құлайтын қамал. Осы қамалдың іргетасын бекіту үшін, меніңше, ең әуелі екі үлкен міндетті жүзеге асыруымыз қажет. Біріншісі, тілдің әлеуметтік қызметін кеңейту арқылы оның өзін сақтап қалу. Екіншісі, сол сақталған тілді табиғи икемділігінен, сындарлығынан ажыратпай, ғасырлар бойғы қалыптас­қан заңдылығын бұзбай, байытылған қалпында жұмсалуы үшін, ғылым тілімен айтқанда, тіл мәдениетін қалыптас­тыра отырып, дамыту, күресу керек. Тіл дегеніміз – жанды құбылыс. Онда ауыс-түйіс, кедір-бұдыр, толығу-тоқырау болмай тұрмайды. Тілдің болашағы дегенде, осындай да қайшылық, заңдылық, қағидаларды ескеру керек. Әркім осы үлкен мақсатқа бірдей қызмет етсе, құба-құп. Менің мақсатым тіл мәдение­тінің сақталуына хал-қадірімше қызмет ету», – дейді профессор-ғалым. 
Шындығында да, тіл саласының майталмандары ғана емес, әр қазақ баласы мемлекеттік тілдің дамуына қызмет етуі керек. Бұл біздің ұлт ретіндегі міндетіміз, борышымыз.
Сондай-ақ 1994 жылдың 22 қыркүйегінде «Өмірде ана тілін үйренуден ұялғандар өлерінде қиналады» деген тақырыппен жарияланған медицина ғылымының докторы, профессор дәрігер-онколог Мұрат Абдулхайұлы Каримовпен жүргізілген сұқбат та оқырманды бейжай қалдырмаса керек. 
«Мен дәрігер ретінде де, азамат ретінде де көпті көре жүріп, көкейімдегіні көксей жүріп, шашым ағарған адаммын. Татардың туған тілі мен қазақтың ана тілінің тұйыққа тірелген тұсынан бастап, қыл үстінде ілініп тұрған бүгінге дейінгі аралықта байқағаным – денсаулығы барында ана тілін үйренбегендер, үйренуге ұмтылмағандар, үйренуге ұялғандар ажал аузында жатып, ана сүті кеше алмастай азапқа түседі. Мұны мен өз көзіммен көрдім. «Алла-ай, өмірімде араздасқан адаммен өлерімде ең болмаса, қазақша, туғандарыммен ана тілімде бақұлдаса алмай, арам өлетін болдым ғой» деп екі дүние арасында арпалысып жатып, көзі жабылмай кеткен қазақты да, «қардашым болған соң, халімді қадағалап жүрсің-ау, қайран, миллетім-ай!» деп жылаған татарды да көрдім. Орыстанып кеткендер тілін кәлимаға, қазақшаға келтіре алмай, иманын мұсылманша үйіре алмай, қорланып өледі. Міне, өзін-өзі сыйлаған адамның өмір мен өлімнің өларасын да ойлай жүргені жөн болады. Сол себепті туған тілді үйренуге ешқашан кеш болмаса керек».
Шын мәнінде, бұл – адам баласын ойландыратын жағдай. Ақиқатында, өмірде неше түрлі оқиға орын алуы мүмкін. Мейлі білікті, білімді бол, бірақ жаныңдағы адамға өз тіліңде болған жайтты түсіндіре алмасаң, ең қиыны сол емес пе? Сондықтан қашан да ана тіліңді білгеннің артығы жоқ. Өз тіліңде жақыныңмен тілдесе алсаң, түсінісе алсаң, бұдан артық бақыт бар ма? Өкінішке қарай, әлі де болса, өз баласы, тіпті немересімен өзге тілде шүлдірлесіп жүрген ата-аналар баршылық. Оларға да көп нәрсе сабақ болса дейсің. 
Жалпы, ататекті дұрыс жазу, біріз­ділікке түсіру мәселесі «Қазақ тілі» қо­ғамы басшылары мен белсенділердің газет бетінде жиі көтерген мәселесі екенін байқауға болады. 
1996 жылдың 22 ақпанында тағы «Ана тілі» газетінің бетінде «Қазақ «ОВ»-қа қарап тұр» атты мақала жарияланған. Атап айтсақ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Әбдуали Қайдари, қоғамның вице-президенті ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Өмірзақ Айтбаев және «Ана тілінің» апталығының бас сарапшысы Жарылқап Бейсенбайұлы үкімет басшысына хат жолдап, «қазақ ұлты өкілдерінің аты-жөнін реттеу тұжырымдамасының мемлекет тарапынан бекітілмей, аяқсыз қалып отырғанына» алаңдаушылығын білдіреді. 
«Тіпті туу туралы куәлікті мемлекеттік тілде туралап, жөндетіп әкелген күннің өзінде кейбір төлқұжат беру мекемелерінің орыстілді қызметкерлері «қазақ әрпі компьютерге түспейді» деген сылтаумен, паспортты ресми тілде «улы», «кызы» деп толтырып беріп жатқан көрінеді. Қадағалап аңдып отырсаң ғана қазақша толтыра аласың. Әйтпесе әп-сәтте баяғыша «Джолдасов», баяғыша «ович», «евич» боп шыға келу оп-оңай. Таза қазақша толтырылып жатқан төлқұжаттар некен-саяқ» деп жазылған ашық хатта. Бұл мәселе ашығын айтсақ, содан бері 30 жыл уақыт өтсе де, шешімін тапқан жоқ. Ататекті жазуда әлі де болса, ала-құлалық бар. Бұл мәселе қашан шешімін тауып, аты-жөнді жазу бірізділікке түседі? Бұл мәселе әлі де күн тәртібінде тұр деп ойлаймыз. 
Ал 1996 жылдың 18 шілдесі күні «Тіл туралы заң, жұртыңды қашан жүгіндіресің?» деген тақырыппен жарияланған мақалада әр салада жұмыс істейтін мамандар мен мемлекеттік қызметте істейтін қызметкерлерге сөз беріледі. Мұндағы қойылар сұрақ біреу – Экономика, ғылым, сот саласы қашан қазақша сөйлейді? Қашан мемлекеттік тілдің мәртебесі артады? Тіпті сот, прокуратура саласында ісқағаздарының қазақ тілінде жүргізілуіндегі олқылықтарды анықтаған қоғамның белсенді мүшелері олардың өздеріне тікелей сұрақ қояды. 
«Прокуратураға қазақ тілі қажетсіз бе? Тіл туралы заңның орындалуын қадағалауға тиісті орган қалғып отырғанымен қоймай, сол заңды өзі бұзып отыр. Көптеген министрліктер мен ведомстволарда мемлекеттік комитеттерде қазақ тілі қолданылмайды. Сылтау – қазақ тілінде жаппай сөйлеп кетсек, басқа ұлт өкілдеріне қысым көрсеткен болады екенбіз, тыныштықты, бейбіт заманды бұзатын көрінеміз, үндемей шыдай берсек, алда бәрі жақсы болатынға ұқсайды... Осылай жалғаса берсе, күні ертең ана тіліміздің қазіргі қалт-құлт еткен мүшкіл халіне де зар боламыз. Қазақ мемлекеттік тілді қаншалықты жетік білгенімен, білімді, тәжірибелі болғанымен, орыс тілін білмесе, мемлекеттік мекемелерге қызметке қабылданбайды. Ал орыс тілін ғана білетіндердің мемлекеттік тілді білмейтіні есепке неге алынбайды?» – деп сауал қояды журналист Назарбек Қанапияұлы. 
Расында да, бұл жерде шындық бар. Қазақ баласы орысша білуге міндетті де, ал өзге диаспоралардан мемлекеттік тілді білуі неге талап етілмейді? Сұрақ қисынды. Сондықтан «Қазақстанды Oтаным» деп білетін кез келген азамат мем­лекеттік тілді білуге және қадірлеуге тиіс. 
 «Тілге тиіспес болар, киесі ұрады» атты мақалада ақын Жарылқасын Боранбай «Тілге тиіскен сайын, оны құртпақ болған сайын ол күшейе түседі. Тілге тиісу оны өшіру емес, өсіру болып табылады. Онымен балта алып шайқасқан адамдар сол балтаның жүзінен опат болады. Яғни барлық ел-жұртқа қарабет болып, жаман аты ғасырдан-ғасырға жалғасады. Өйткені әр ұлттың төл тілі – ана тілі деп аталады. Сол киелі тілге қол көтерген әрбір адам өз анасына қол көтергенмен бірдей. Ал қол көтерген адамның айуаннан қай жері артық? Ал енді тіл жөнінде дақпырттап, «білгіш, білімдімін» деп жаман жағынан сөз қозғаған адам нағыз имансыз. Оны қара жер де қойнына ойланып алатын болады». 
Қатты айтылса да, ащы шындық. Өз тіліңді біл, өзге тілді құрметте, үйрен. Ақиқаты, бір нәрсені түсінген абзал. Мемлекеттік тілдің артықшылы­ғына ешкім таласа алмайды. Түбін­де, барша қазақстандық мемле­кет­­тік тілде сөйлейтіні шындық. Өзге өркениетті елдерде мемлекеттік тіл­дің мәртебесі қандай болса, бізде де сондай болады. Халықтың мәде­ниеті оның тілімен жасалатыны белгілі. Тіл тек қана қатынас құра­лы емес, ұлттың бар сипатын анық­тайты­н не­гізгі кілті. Біз және Қазақстанда тұратын өзге диаспоралар осыны анық түсінуіміз керек.

1061 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы