• Ақпарат
  • 28 Наурыз, 2024

Марғұлан мұрасы – ұлттың рухани байлығы

Археолог, этнограф, тарихшы, Қазақ КСР ҒА академигі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл толуына орай, Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы өскелең ұрпақтың бойына мәдени құндылықтарды қалыптастырып, ұлы ғалымның еліміздің тарихы мен этнографиясы саласындағы мол мұрасын жеткізіп, өмірі мен ғылыми жолын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында «Әлкей Марғұлан  мұрасы – ұлттың рухани байлығы» тарихи-танымдық сағатын өткізді.

Әлкей Марғұланның есімі әлемдік ғылымда кең танылған. Оның бізге қалдырған мұрасы – әлемдік мәдениет қазынасына қосылған теңдесі жоқ мұра. Ол алғаш рет Сарыарқаны өз бағытымен қамтыған Қазақ КСР ҒА Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының ұйымдастырушысы әрі жетекшісі болды. «Ежелгі Қазақстан қалалары мен құрылыс өнерінің тарихынан», «Орталық Қазақстандағы Беғазы Дәндібай мәдениеті» монографияларының баспадан шығуы еліміздің ғылыми өміріндегі аса ірі жаңалық болды. Зерттеушінің Қазақстан археологиясы, архитектурасы, этнографиясы, ежелгі және ортағасырлық тарихы, әдебиет және өнер тарихының басты мәселелеріне арналған 300-ден астам ғылыми және ғылыми-танымдық мақалалары жарық көрді. Академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан – жан-жақты ғалым. Зерттеген әр салаға өзінің мол мұрасын қосты. Археологиялық мәдени мұраны зерттеуі ең маңыздысы.
Шараға Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті жоғары колледжінің тарих пәні оқытушысы Зияш Мендеева, Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының Батыс Қазақстан аймағы бойынша филиалының директоры Аслан Мамедов, Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының тарихшы-маманы Меруерт Баирова, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің кіші ғылыми қызметкері  Нұршат  Оразмағамбетов, сонымен қатар Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті жоғары колледжінің оқытушылары мен студенттері, кітапхана оқырманы қатысты. Шара қонақтары Әлкей Марғұланның өмірі мен шығармашылығы, зерттеулері, ғылыми еңбектері туралы баяндама жасады. Аталмыш шара барысында кітапханамыздың жас маманы Ақбаян Хайдарқызы Бақытжан Тобаяқовтың «Әлкей Марғұлан мектебі», Ақтөбе гуманитарлық колледжінің 3-курс студенті Назым Әлімқызы Ғафу Қайырбековтің «Академик Әлкей Марғұлан» өлеңдерін тарту етті.
Әлкей Марғұлан қасақана бұрмаланып келген тарихи шындықтың бет пердесін ашты. Ғалымның еңбектерінде бүгінгі қазақтың арғы бабаларының, яғни көшпелі қазақтың жері адамзат өркениетінің ежелгі орталығы ретінде сипатталды. Қазақ даласының сұлулығы мен ежелгі қалалардың кереметіне Марғұлан әрдайым бас иіп, үлкен ілтипатпен қарады. Әлкей Марғұлан тарихи шындықтың бетін ашып, сара жол салған ғалым. Бұл жолдың ендігі болашағы келер ұрпақтың еншісінде болса екен деген тілегін білдірген кітапхана директоры Сұлушаш Хакимова қорытынды сөз сөйлеп, алғысын білдірді.
Шара барысында Әлкей Марғұланның архивте сақталған жанды дауыстағы бейнебаяны, «Дала перзенті» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырман назарына ғалымның өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері, еңбектері, ол туралы әдебиеттер мен естеліктері, мерзімді басылым беттерінде жарияланған ғылыми еңбектері мен мақалалары ұсынылды. 

Динара Мырзабаева,
Сақтаған Бәйішев атындағы 
Ақтөбе облыстық
әмбебап ғылыми кітапханасының
оқырманға қызмет көрсету
бөлімінің кітапханашысы

 

647 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы