• Ақпарат
  • 28 Наурыз, 2024

Балық өсіруге де бап керек

Элеонора ЫБЫРАЙҚЫЗЫ,

«Ana tili»
 

Әлемде су маржандары қазір өте жоғары бағаланып жүр. Оның денсаулыққа пайдасы, В, С витаминдеріне, ақуыздарға бай екені, ағзаға тез сіңімді, жиі тұтынатындардың қан қысымы дертіне ұрынбайтыны көпшілікке аян. Ал әлемде балық өндіруден Қытай мен Жапония көш бастап тұр. Мәселен, аталған елдерде бір адам жылына 45 кило балық жейді екен. Тиісін­ше, бұл мемлекеттер әлемнің алпауыт елдерінің қатарында. Мұның құ­пия­сының бірі, бәлкім, осы тамақ рациондарындағы балықты жиі қолдануын­да шығар. Нутрициологтер «адам жылына, кем дегенде, 16 кило балық жеуі керек» дегенді айтады. Ал қазақстандықтар 4–5 килоға жетер-жетпес мөл­шер­де ғана тұтынады екен. «Мүмкін, еліміздің дамуын қарқындату үшін балық шаруашылығын мықтап қолға алуды күн тәртібіне қою керек пе» де­ген ой келеді. Осы орайда біз аталған саланың ұңғыл-шұңғылын білетін, балық шаруа­шылығының жетекшісі Марлен ­Тұрсынәліұлын әңгімеге тартқан едік.

 

«Кәсіпті 20 мың доллармен бастадық»

Кәсіпкер өз сөзін бұл салаға қалай келгенінен, кәсіпті қалай жүргізгенінен бастады. 
– Мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология факультетінің «балық шаруашылығы» мамандығын бітіргенмін. «Осы мамандықтың шыңына шықсам» деген үмітпен жұмыс істеп келемін. Алғашқыда еңбек жолымды балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында лаборант болудан бастадым. Сосын, жеке сектордағы шаруашылықты басқарып, үйреніп, кейін өзім жеке бизнесімді ашамын деген шешімге келдім. Дәл осы жасап жатқан кәсібіміздің негізі 2012 жылы қаланды. Содан бері жұмыс істеп келеміз. Алғашқыда мемлекеттен ешқандай грант алмадық. Бизнеске өз күшімізбен 20 мың доллар құйдық. Балықты үйде өсіріп, содан соң оны сатып, Алматыда орналасқан көрші фирмалардан да балық алып, оны сатып, жұмысты әрі қарай жалғастырдық.
Балық шаруашылығында кездесетін негізгі қиыншылықтың бірі – сату мәселесі. Сондықтан алдымен қалада балық сататын дүңгіршектер аштық. Өндіріп және сата бастағаннан кейін өзімізге сенім қалыптасты. Сөйтіп, жылдар өте балықтың санын көбейтуді ойладық. Тәжірибе жинақтап, маркетинг саласын жетілдіргеннен кейін сатылымы жоғары деңгейге жете бастады. Осы тұста сұраныс артып, шаруашылықтың санын көбейттік. Қазір елімізде бұл саланың дамуына мүмкіндік жоғары. Үкімет тарапынан қолдау болып, «балық шаруашылығын дамытудың 2030 стратегиясы» қабылданып, соның аясында шаруашылық қарқынды дамуда деп айта аламын. 
Білуге, үйренуге құштар жандар көп бол­ғандықтан, осыдан төрт жыл бұрын «Балық мектеп» жобасын аштық. Ашылған 4 жыл уақыт ішінде 450-ге тарта адам Қазақстанның түкпір-түкпірінен түрлі саладағы кәсіпкерлер мен мамандар келіп білім алды. Олардың ішінен 100-ден аса азамат ірілі-­ұсақты шаруа қожалықтарын ашып, жалпы қуаттылығы 200 тоннаға жуық өнімді нарыққа ұсынды. Сұраныс жоғарылады. Шымкентте де осындай мектеп жұмыс істейді. 
Негізі, балық шаруашылығымен айналысқаныма қуанамын. Бұл жерде мен ғана емес, университетте бірге оқыған Мерей, Жайдар деген достарыммен бірге істеп жатырмыз. Олардың өздері шаруашылықты басқарып отыр. Бірге өнім шығарып, жұмыс жасап отыр­мыз, серіктеспіз. Өндірілген өнімнің сапасы жақсы болғандықтан, Қазақстанда ғана емес, Ресейден де сұраныс­ түсіп жатыр. Алдағы Жаңа жылға дейін алғашқы партиясын жіберсек деген жоспар бар. Алматы облысы бойынша форельді біз экспортқа шығарайын деп жатырмыз. Осыған сәйкес етіп, Алматыда балық өңдейтін зауыт салып жатырмыз. Сәтін салса, 1–2 айда бітіреміз. Сонымен қатар Қытаймен де іскерлік байланыс орнатудамыз. Өткен ақпан айында балық өсіретін және өңдеп сататын мамандары келіп кетті. Келісімшарт жасалды. «Сәуір айының ортасында Қытайға өзіміз барсақ» деген жоспар бар. Қытайлар форель балығына қызығушылық танытып отыр.

Көрші елдер көш басында

 «Әр елдің сұранысы әрқалай ғой. Көп жағдайда форель балығы 300 грамнан бастап тауарлық балық болып есептеледі. Қазір жылына 500 тонна шығарамыз, алдағы жылдан бастап оны 1 000 тоннаға жеткізу ойда бар. Әзірге өнімдеріміз Шымкент, Тараз, Астана, Орал қалаларында сатылып жатыр. Бізде форельден бөлек, бекіре балығы жылына – 50, сазан 50–60 тонна көлемінде өтеді. Ал негізгі өніміміз – осы форель. Бұл балық таза суды ерекше жақсы көргендіктен, тау өзенінде өседі. Биылғы жылы қаржы жақсы түсті, сондықтан әзірге су тапшылығы мәселесі жоқ. 
Көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері балық экспортынан озық тұр. Қырғызстан жоғары деңгейде өндіріп, Ресейге экспортқа шығарып жатыр. Егер мемлекеттен көптеп грант бөлінген жағдайда оларды алдағы бес жылдықта басып озамыз. Ал Өзбекстанның балық өсіру саласы оқ бойы озып кеткен. Сондықтан жақын арада оларды қуып жетуіміз мүмкін дей алмаймын. Өйткені олардың жылдық балық өсіру айналымы 300 000 тонна, бізде 15 000 тонна. 
Мұның себебі неде? Бұл ең біріншіден, жастарға түсіндірме жұмысының дұрыс жүргізілмеуінен деп ойлаймын. Содан кейін мектептегі оқу бағдарламасында балық шаруашылығы жайлы, оны қалай өсіретіні туралы мүлде оқытылмайды. Көп адам балықты қолдан өсіруге болатынын білмейді. Балық шаруашылығы потенциалы бар және табысты кәсіп. Мәселен, бір ғана форельдің нарықтағы бір тоннасының құны – 2 млн 800 мың теңге. Ал одан жылына бір емес, 42 тонна өндіріледі. Түсер пайданы өзіңіз есептеп көріңіз. Жалпы, қазір компанияның жылдық айналымы 1 млрд шамасында». 

Мемлекеттен жақсы қолдау бар

«Көрші мемлекеттермен салыстырғанда, бізде қолдау жақсы. Мысалы, кәсіпкер балық тұқымын, дернәсілдерін сатып алар болса, соған кеткен шығынның мемлекетке 50 пайызын ғана қайтарса болады. Ал шар­уашылыққа кеткен шығынды 100 пайыз деп есептесек, соның 30 пайызын, балықты өсіру барысында жемге кеткен шығынның да 30 пайызын, емдеу барысында дәрі-дәрмекке кеткен шығынның 50 пайызын қайтарады. Сондықтан бұл кәсіпті бастау өте қолайлы. Көп кәсіпкерде салаға қатысты арнайы білімнің жоғын жиі байқаймын. Жалпы, кәсіпті бастар азамат білім алып, оқып, өзін де дамытып кіріскені дұрыс. Білімсіз бастаса, жоғалтатыны көбірек болады». 

 

Балжан СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің аға оқытушысы:

Бес университетке 20 студент оқуға түсті

 

«Биыл мемлекет тарапынан балық шаруашылығына 60 грант бөлінді. Ал Қазақстан бойынша бес оқу орны болатын болса, соған 20 шақты ғана талапкер түсті. Соның ішінде 9-ы біздің университеттің студенті. Тоғызы да аквакультура және судың биологиялық ресурстары мамандығын таңдады. Салада мамандардың аз болуы, жастардың арасындағы насихаттың төмендігінен шығар. Негізінен, бұл саладағы студенттердің жағдайы нашар дей алмаймын. Барлығымен бірдей шәкіртақысын алады, олар да өзге студенттер секілді жатақханада тұрады. Бұрын біздің мамандық «Балық шаруашылығы және өнеркәсіптік балық аулау» деп аталған. Бірақ табиғи қор қанша дегенмен азаяды ғой. Қазір балықты қолдан өсіру көптеп қолға алынып жатқандықтан, мамандықтың атын өзгерттік. Мамандықтың атын, оқу бағдарламасын өзгерткеннен кейін, ер балалар оқуға жиі түсе бастады. Шаруашылықты көрген балалар «біз де осындай кәсіп ашайық» деп арнайы мақсатпен келеді. Былтыр бітірген бір студентіміз Жаркентте әкесімен бірге өз шаруашылығын ашты. Қазір дөңгелетіп өнім алып отыр».

 

 

685 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы