• Ақпарат
  • 04 Сәуір, 2024

Қарғын су және қазақ ауылы

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,

«Ana tili»
 

Ұлу жылы ұлы суымен кірді. Бір жетінің жүзі болды. Тасқын су табалдырықтан көтерілді. Ұзақмерзімді ме, әлде қысқамерзімді ме – болжауға келмейді. Қауіп әлі сақталып тұр. Қырды қызыл су жайлап, шағын ауылдарды шайып та кетті. Бес өңір белуардан су кешті. Сарыарқада сан өзен, қара арқада қырық су, жонарқада және өзен. Жетісуда жеті өзен. Қарғын су қамсыз жатқан жұртты қапыда қалдырды. Ымырасыз күрес жүріп жатыр. Ыза суы сонда да ырық берер емес. 

 

Президент пәрмен берді. Қапысын таба алмаған, қайрат көрсете алмаған әкім-қараға қатаң сөгіс жарияланды. Тасқынға тосқауыл қоюдың мемлекеттік жоспары жасалды. Ағынды судың астында қалып, абдыраған жұрт қауіпсіз жерге қоныс аударылды. Бұзылған үй-жайдың бұлжымас құны бекітілді. Қырылған мал, қираған мүліктің де құны өтелер. Есімізді ала келген екпінді судың сынағы мен ауыртпашылығын ел болып көтеріп алармыз. Ал, жалпы, ауылдың ахуалы қалай? Ауыл қандай игілік көріп отыр?
Ауыл – қазақ үшін барлық құндылықтарды жинақтаған қасиетті ұғым. Мемлекеттің тірегі, іргетасы да осы ауылда, тамырымыз да ауылда. Бір алаңдатарлығы, қазір ауыл халқы азайып барады. Бұған себеп, ең алдымен, инфрақұрылым жоқ. Сондықтан халық жайлы жер іздеп, қала маңына қарай көшеді. Дұрыс та болар, жылы су, бәрі дайын тұратын шырайлы шаһарда өмір сүргенді кім жақсы көрмейді дейсің?! Дегенмен елдің бәрі қалаға, қала маңына көшсе, туған жерде, өскен өңірде кім қалады? Ауылдың халқы ғана емес, іргелес қоныс тепкен ауылдың өзі де азайып барады. Алаңдап отырғанымыз бекер емес. 
Бір жұмаға созылған жойқын су тасқынынан кей ауылдар енді қотарыла-қопарыла көшпесіне кім кепіл? Иә, ауыл көшіп жатыр. Еріксіз. Тосын апат тосқауылды бұзып өтті. Тосқауылы жоқ ауылға су еркін кірді. 
Бұрын да «азайған ауыл» аз емес еді. Енді тасқын судан кейін туған жерін тастап кететіндер көбеймесе екен... Бір ғана мысал, соңғы 10 жылда ауылдық елді мекендер саны 6 838-ден 6 256-ға дейін, яғни 582-ге қысқарды. Себебі «халық саны 50 адамнан кем ауылдар жақын маңдағы елді мекеннің құрамына кірді», – дейді үкіметіміз. Дұрыс-ақ шығар! Бірақ мойын бұратын бір нәрсе бар: бүгінгі таңда республикамызда 6 256 ауылдық елді мекен бар. Онда 7,6 млн адам тұрады, бұл, жалпы, еліміздегі халық санының 38,4 пайызы. Ауылда тұрмысы төмен отбасылар, кедейшілік жоқ емес, бар. Үкіметтің дерегіне сүйенсек, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл халқының үлесі – 7,2 пайыз. Ал жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайыз шамасында. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үлесі – 33 пайыз немесе 1,2 млн адам.
Ауылда кадр тапшылығы бар. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Егер, шын мәнінде, ауылда өндіріс орны бар болса, халық та сол маңайға шоғырланады. Өкінішке қарай, бізде ауылдың дамуы үшін жасалған бағдарлама көп емес. Соның бірі – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы. Бұл кадр тапшылығын жою үшін жасалған. Дұрыс-ақ! Бірақ одан жыл сайын ауылға ағылған жастардың саны артып жатыр ма? Мысалы, Ұлттық экономика министрлігінің есебіне сүйенсек, «Дипломмен – ауылға» жобасын жүзеге асыру барысында, 2009–2023 жылдар аралығында, ауылға 105 мыңнан астам маман барды, 20,3 млрд теңге сомасына көтерме жәрдемақы алды, оның ішінде 48 мыңнан астамы 160,4 млрд теңге сомадағы баспанаға ие болды. Бұл – соңғы 14 жылдағы есеп. Бұл дерекке сенсек, сонда 2009 жылдан бері ауылға жоғары оқу орнын бітірген 105 мыңнан астам адамның ғана барғаны ма?! Аз. Өйткені қаладағыдай жағдай жоқ екенін бәрібір жоққа шығара алмаймыз. 
Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бар. Министрліктердің сайтына кіріп дерек іздесеңіз, толған есеп. Мысалы, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 194 млрд теңге сомасына 771 ауылда 1,8 мың жоба іске асырылды, бұдан бөлек 113 млрд теңгеге 4,9 мың сумен жабдықтау және су бұру нысаны салынды, 85 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны құрылды. 176 ауыл «Wi-Fi HotSpot» технологиясына қосылды және «Starlink» спутниктік жүйесін пайдалана отырып, шалғайдағы ауылдық мектептерді қосу бойынша қанатқақты жоба басталды. «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру үшін елдегі ауылдардың жалпы санынан даму әлеуеті жоғары, ауыл тұрғындарының 90 пайызы тұратын 3,5 мың ауылдық мекен іріктеліп алынған. Демек, бұл – таңдалып алынған елді мекендер алдағы уақытта дами түседі деген сөз. 
Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасы аясында 79 млрд теңгеге 12,7 мың жеңілдетілген шағын несие берілді. Сандар осылай кете береді. Бір қарасаңыз, есеп үшін берілген баяндама іспетті әсер қалдырады. Ал жеңілдетілген түрде берілген несие қайда жұмсалды, оның нәтижесі бар ма? Жобаның қаншасы жұмыс істеп тұр, оның тиімділігі қандай? Әңгіме жұмсалатын қаржы емес, жұмсалған қаржының нәтижесі туралы болуы керек. Осының барлығы да адамды алаңдауға, ойлануға мәжбүр етеді. 
Сондай-ақ «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бар. Осы жоба аясында 2023 жылы 500-ден астам өнім өндірушінің қатысуымен өңірлік 20 көрме өткізіліп, жергілікті шикізаттан өндірілген 60 тауар анықталды. Дұрыс! Бірақ біз сол ауылда өндіріліп жатқан өнімнің қайсысы шетел асып, экспортқа шығарылып жатқанын айтып бере аламыз ба? Көрмелер мен жәрмеңкенің өткізілетінін құптаймыз, бағасы да ауыл халқы үшін төмендеу болатынын жасыра алмаймыз. 
Бұл ғана емес, қазіргі уақытта елімізде шекара маңындағы 66 ауданда 1,8 млн халық тұратын 1 383 ауыл орналасқан. Бұған дейін шекара маңы елсіз қалды. Бірнеше облыс, ауданды біріктіргесін ауыл тозды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды. Жарлыққа сәйкес, Жетісу, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан мен Абай облысында жаңа аудандар құрылды.
Рас, ауыл – біздің түп қазығымыз. Түп қазығымызды шайқап алмасақ екен. 

1445 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы