• Ақпарат
  • 11 Сәуір, 2024

Қазақ киносы. Қалыптан шығар жол қандай?

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ,

«Ana tili»

Дәл қазір прокатта жүрген отандық алты фильмнің төртеуі комедия. Бұған таңырқай қарамасыңыз анық. Өйткені киногерлер комедияны табыс көзіне айналдырғалы қашан?! Әрине, аталған жанрда фильм таспалаудың өзінше себебі бары рас. Ал бізге керегі – басы мен аяғы бар бүтін туынды. Олай дейтініміз, арзан күлкіге құрылған фильм көбейіп кетті. 
 

Ұқсас комедия көп

Ticketon.kz мәліметі бойынша, өткен жылы елімізде үлкен экраннан 469 фильм көрсетілген. Оның ішінде 72-сі отандық, 397-сі шетелдік фильмді көрер­мен назарына ұсынған. Тиісінше, шетелдік туындылар 23 млрд теңге табыс тапса, отандық кинонарыққа 11 млрд теңге түскен. Kinopark кинотеатрлар желісінің негізін қалаушы Алмаз Малдыбаев кезекті сұқбатында «Таптым-ау сені» фильмі екі айда 1,827млрд теңге, ал «Дәстүр» фильмі бір айда 1,728 млрд теңге қаражат жинағанын айтқан. 
«Иә, кинотеатрда ұсынылып жүрген фильмдердің басым көпшілігі – комедия. Cебебі мұны таспалағандардың дені – шоу-бизнестен киноға бет бұрғандар. Олар киноны өнер деп емес, бизнес тұрғысынан қарастырады. Сол үшін неғұрлым ақшаны аз салып, соғұрлым көп пайда тапқан тиімді. Сондықтан комедия түсіру қалтаға салмақ салмайды. Неге? Өйткені комедия осы шақта түсіріледі. Қымбат костюм мен декорацияға ақша шығындамайсыз. Қымбат графиканы да қолданбайтыныңыз тағы бар. Екіншіден, кино саласына «шеттен» келгендер комедия тақырыбына бейім. Басқа жанрда түсіру үшін кәсіби білік керек, кино тарихы, кино тілі тұрғысынан білім керек. Сондықтан олар жанрмен жұмыс істеуді білмейді. Драма, хоррорға, мелодрама, мистиканың маңына да жолай алмайды. Жалпы, экрандағы комедияның басым көпшілігін комедия дей алмаймын. Комедияның өзіндік табиғаты бар. Ал аталған кісілер отбасы, ошақ қасы деңгейінен әрі аса алмай отыр. Олар әлеуметтік мәселені, саясатты, қоғамның түйіткілді мәселесін комедияға арқау етпейді. Қара комедия, лирикалық комедия деп бөліп түсіруге де білім керек. Қазір таспалап жатқандары бір жарым сағаттық вайн немесе КВН-ге арналған скетч деп жауап берер едім», – дейді киносыншы Дана Әмірбекова. 
Сыншы сөзінің жаны бар. Расымен, кей киноның аяғын көрсең, басы қалай басталғанын ұмытып қаласың. Кейбірінің сюжеті жұтаң немесе той мәселесінен әрі аса алмайды. Оған қоса «ене мен келін», «ажырасу», «отбасы құндылығы» тақырыбында жинақы туынды түсіргісі келеді-ақ, бірақ осы межеден асқаны бірен-саран. Оның үстіне, тіл мәселесін айта кеткен жөн. Жұрттың орысша-қазақша аралас фильм­нен дүбәра күйге жеткені рас. Фильм қазақша басталып, орысша өрбіп, екі тілде аяқталатыны үйреншікті әдетке айналғандай. Қызығы сол, осы материалды дайындау барысында кинотеатрға барғанда, жарнама тақтасынан тек екі фильмнің атауы көзге оттай басылды. Бірі – отандық «Еркебай», екіншісі – «Пейіш. Ананың табанының астында». Кейінгісі – қырғыз драмасы. Аталған туындыны көруге келген жұрт қарасы көп. Киносыншылар да, көрермен де сценарий мен актер ойынына жоғары баға беріп жатыр. Содан ба – бұл фильм­ге билет табу мұң. Жолымыз түспеген соң, постердегі танымал актерлерді танып, «После тебя» туындысына билет сатып алдық. Фильмде әлсін-әлсін қазақша сөз естідім демесеңіз, толықтай орыс тілінде таспаланған. Кей фильмнің отандық фильм екенін де аңғару қиын. Аты да, заты да бөлек...
Бұдан кейінгі мәселе – бір комедия­ның бірнеше бөлімге созылуы. Мұны бір тамақты бірнеше рет ысыту дейміз бе, әлде «алтын шыққан жерді белден қаздың» кебі ме – түсінбедік. Қазір продюсерлер бір фильмі ойдағыдай касса жинаса, екіншісін «ойнап жүріп» түсіре салатындай көрінеді. Өйткені Нұрлан Қоянбаевтың «Қазақша бизнесі» ұзын-саны жеті бөлімге жетті. Құралай Анарбекованың «Брат и брагы» бір ай бұрын үшінші бөлімін көрерменге ұсынып, бір миллиардтан астам қаржы жинады. Дариға Бадықова болса өткен жылы желтоқсанда «Таптым-ау сені» фильмін ұсынса, биыл мамыр айында екінші туындысы көрерменге жол тартпақ. Қайрат Әділгерей де, Ақболат Өтебай мен Ғазиз Ерболат та бірінен соң екіншісін түсірді. Осы орайда «Брат и брак» комедиясында басты рөлді сомдайтын Дәурен Серғазиннен фильм­нің бірнеше бөлімінде ойнап, қалай түгесілмей жүргенін сұрадық. 
«Бәрі актердің өзіне байланысты. Өз басым дегредацияға түсуден қорықпаймын. Академиядағы білім, фундамент мығым. Өзім театрда істеймін. Күн сайын түрлі рөл сомдаймын. Иә, белгілі бір актерді бір ампулаға шақыра беру үрдісі бар. Басқа рөлді сынап, кастинг жасап, энергиясын сарқығысы келмейді. Сондықтан ұқсас рөлге шақыра береді. Мәселен, өзіме қызық емес, ұқсас рөл болса, бас тартамын. Иә, комедия табыс көзіне айналып барады. Бірақ халық сұрап жатса, неге түсірмеске? Керісінше, режиссерлер қаражат жағынан коме­дия­дан басқа жанрды таспалауға жүрексінеді. Бізде көрермен киноға демалып қайту үшін барады. Егер адам өмірінде әлеуметтік мәселе көбейіп кетсе, оған комедияға барып, демалып қайтқан қызығырақ. Қазір жаңа жанрлар түсіріліп жатыр. Меніңше, кез келген мемлекет мұндайдан өтеді. Комедия көбейеді, халық шаршайды, содан басқа жанрға ойысады. Бірден басқа жанрға өту де қиынға соғады. Алдымен, халықты дайындау керек», – дейді театр және кино актері Дәурен Серғазин. 
Ал кинотанушы Ержан Жұмабаев қазақ киносының хал-жағдайын қазір шығып жатқан фильмдерден байқау­ға болатынын айтады. Кино маманы бұрын кинотеатрға шетелдік фильм тамашалау­ға барсақ, қазір қазақ киносын көруге асығатынымызға қуанады. Фильмдердің негізгі бағыты – коммерция­лық, соның ішінде жанр тұрғысынан комедия екенін жасырмады. Бірақ кейінгі кезде жанр жағынан бетбұрыс байқалатынын қосып, тақырып түрленіп, «Досмұқасан», «Оян қазақ», «Дәстүр» және басқа кино түсіргенімізді алға тартты. Оның ойынша, бұл – жақсы құбылыс. Өйткені көрермен комедиядан шаршап, таңдау жасай алатын дәрежеге жеткен.
Продюсер Ернар Мәліковтің айтуынша, біріншіден, комедия жанрында кино түсіретін режиссер мен продюсерлер ақша жинауды ойлайды. Оған себеп Ұлттық киноны қолдау орталығына комедия сценарийі өтпейді. Сондықтан барын салып кино түсіріп, артығымен қайтарым жасағысы келеді. Продюсер қазір Youtube-тегі контентті қарап, қорқатынын айтты. Ұлттық ұстаным мен идеология жоғалып бара жатқанын, ақша құндылығы адам құндылығынан асып бара жатқанын жеткізді. Болашақ ұрпаққа үлгі боларлық азық қалдыруға үндеді. 
Десе де, актер Дәурен Серғазиннің «халықты дайындау керек» деген сөзінде жан бар. Өткен жылы желтоқсанда «Таптым-ау сені», «Қазақша бизнес Бразилия­да», «Родной», «Дәстүр» фильмі қатар шықты. Бірінен кейін бірі көп қаралым жинап, бір миллиардтан астам табыс тапты. Соның ішінде «Дәстүр» – хоррор жанрында түсірілген фильм. Халық ағыла баратын комедиядан ерек туынды. Танымал актерлерді жинап алмағаны тағы бар. Туынды режиссері Қуаныш Бейсек бұдан бұрынғы сұқбатында халық мұндай жанрдағы фильмге келе ме деп қобалжығанын, сондықтан маркетингіге барынша күш жұмылдырғанын айтқан еді. Расымен, көреген режиссер фильм шықпас бұрын мистика форматындағы «Дәстүрлі подкаст» жобасын «іске қос­ты». Танымал адамдардың үрейлі әңгімесі ә дегеннен көрерменді елітіп әкетті. Бірте-бірте өздері де басынан өткен үрейлі сәттермен бөлісіп, фильм­ді асыға күтетіндер көбейді. Аль Наср мен Раймның орындауындағы «Дала ерлері» саундтрегі де көрермен жинауға көмектесті. Айтпақшы, саундтрекпен «сиқырлау» тәсілін Дариға Бадықова да қолданды. Осы тұста Бадықова фильм­нің маркетинг жұмысына бір қымбат көліктің ақшасын салғанын жасырмады. 

Түсіруге қаржы бар, ал жарнама ше?

Жоғарыдағы жарнама мәселесін көтеруімізде мән бар. Өйткені бюджет қаржысына таспаланған туындының дені архивте шаң басып тұр. Мысалы, Мәдениет және Ақпарат министрлігінің мәліметінше, Ұлттық кинематография­ны қолдау орталығы 5 жыл ішінде жалпы құны 19 миллиард теңгеге түрлі жанрдағы кино түсіруге қаржы бөлген. Оның ішінде 98 фильм мен 103 жоба бар. Айталық, 42 көркем фильм, 23 деректі фильм, 25 қысқаметражды фильм, 8 анимациялық фильм түсірілген. Бірақ кинотеатрларда, теледидарда және онлайн-прокатта тек 23 картина жарық көрген. Қызығы сол, «түсірілім жұмысы басталыпты» деген желеумен атағы жер жарып, артынша ел назарына ұсынылмағаны да бар. Мысалы, режиссер Рашид Нұғмановтың «Бату. Тарихи детектив» киносына 192 млн теңге бөлінген. Жоба 2021 жылы аяқталғанымен, ешкім көрген жоқ. Ал Ермек Тұрсынов 2019 жылдан 2021 жылға дейін таспалаған «Бесмойнақ» толықметражды көркем фильмі орталықтан 500 млн теңге көлемінде мемлекеттік қаржы алды. Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматыда фильмнің жабық көрсетілімі өткен. Одан кейінгі дерек белгісіз-ді. Министрлік жанынан киноға бөлінген қаржы жайында мәлімет шыққаннан кейін аталған фильмнің тағы бір көрсетілімi жақында Астана қаласында өтті. Ал кинотеатрлардан беріле ме, жоқ па – әлі белгісіз. 
Одан бөлек, режиссер Ардақ Әмір­құловтың «Хирург» фильмін түсіруге 239 млн теңге бөлінгенімен, 1,1 млн теңге касса жинады. Режиссер Ақан Сатаевтың «Боксер» фильмін таспалауға 900 млн теңге жұмсалса, кинопрокаттан түскен табыс 25 млн теңгеден аспады. Режиссер Эмир Байғазиннің «Жизнь» картинасына 500 млн теңге қаржы бөлінгенімен, фильм прокатта 650 мың теңге табыс тапты. Осылайша, тізім жалғаса береді, арасында мемлекеттен бірнеше нөлі бар қаржы алып, 254 мың теңге пайда тапқаны да бар. Неге? Өйткені, бірнеше режиссердің айтуынша, фильм түсіруге қаржы бөлген мекеме прокатына келгенде тосылып қалады. Яғни маркетинг пен жарнама жұмысын жүргізуге қаржы жоқ. Продюсер не режиссердің өзі «жүгіріп», кинотеатрмен қырқысып, уақыт жағын реттеуі керек. Байқағаныңыздай, бұған жоғарыдағы режиссерлер құлықсыз сыңайлы. 
Бұл турасында киносыншы Дана Әмірбекова мен продюсер Ернар Мәліковтің ойы бір жерден шықты. Ұлттық кино жанашырлары көппен бірге келісіп, ортақ шешім шығарған дұрыс деп отыр. Өйткені халық салығынан жиналған ақша ел игілігіне қайтып келу керек дейтін тұжырымда. 
«Мұндай фильмдерді жұрт кеңінен тану үшін Кино туралы заңды өзгерту керек. Жеке кинотеатрлар ұлттық құндылықты дәріптейтін, отандық режиссерлер таспалаған мәні бар туындыны прайм-тайм уақытында қоюы керек. Өйткені олар фильмнен түскен табыс­ты 50/50 бөліп алады. Ал біз киноны «ақ қар, көк мұзда» түсіреміз, монтаж жасаймыз, шығарылымға дайындаймыз. Мұның бәрі – өндіріс. Осы жұмыстан кейін-ақ шаршайсың, жарнамаға келгенде табандап қаласың. Сөйтеді де, кинотеатрлар жарнама үшін 20–30 млн теңге сұрайды. Меніңше, бұл жүйені реттеу керек. Мысалы, Францияда заң бойынша кинодан түскен табыстың бір пайызын арнайы мекемеге аударады. Біз де қазақ киносын көтеруге ақша аударуға міндеттеуіміз керек. Үкімет араласпаса – шешім көріп тұрған жоқпын. Мәселен, ел бойынша 300-ге жуық кинотеатр бар. Ал Францияда 5 500-ден астам экран бар. Бұрын үнді фильмін тамашалау үшін ауыл-ауылдан клубтқа жиналатынбыз. Сол сияқты ауылды жерде кинотеатр ашып, фильмдерді көрсету керек. Осылайша, табыс та түседі, мәдениетті де көтереміз», – дейді продюсер Ернар Мәліков.
Ал Ұлттық киноны қолдау орталығы демеуімен таспаланған фильмдердің ішінде өзін-өзі ақтағаны – «Досмұқасан». Аталған туынды 500 млн теңгеден астам касса жинаған. Жеке тұлғалар есебінен түсірілген фильм бірнеше күннің ішінде бір миллиард теңгені оп-оңай еңсеріп жатыр. Оған себеп – желіні жарған жарнама мен айла-шарғысы бітпейтін маркетинг. Соған қарамастан, мекеме басшысы Құрманбек Жұмағали биыл 30 туындының кинопрокатқа шығатынын мәлімдеді. Арасында 2019 жылы таспаланған фильм де бар. Ол кезекті сұқбатында түсірген фильмнің әрі қарай қалың көрерменге танылуы үшін жауапты компания да тыраштануы керегін алға тартқан. Өйткені мекемеден кино жұмысы үшін ақша алу барысында жобасын айна қатесіз қорғап, кейін құмға сіңген іздей жоғалып кететіндері бар екен. Оның айтуынша, көрерменге жол тартатын 30 фильмнің ішінде авторлық фильмдер де бар. 

Тасада қалған арт-хаус

Иә, арт-хаус фильмдер киноны өнер ретінде қарастырып, тереңіне бойлауға үйретеді. Мұнда тұтас оқиға, белгілі бір шындық, тұнған философия бар. Автор өмірлік қөзқарасын фильм арқылы түсіндіретіндей көрінеді. Сондықтан бұл белгілі бір аудиторияға арналады. Фестивальға арналған фильмдер де сондай санатта тұр. Мұнда да белгілі бір проблеманы, қалыпқа сыймайтын дүниені ашып көрсетесің. Содан болар мұндай фильмдер біреуге ұнайды, екіншісіне жоқ. Кинотеатрдың да аталған туындыға мойын бұра бермейтіні содан. 
Елімізде авторлық кино 90-жылдардан бастап қарқын ала бастады. Серік Апрымов, Абай Қарпықов, Дәрежан Өмірбаев бастаған режиссерлер шетелге жол салып берді. Режиссерлер таспалаған туындылар түрлі марапатқа ие болып, мақтау естіді. Мысалы, Эмир Байғазиннің «Үйлесім сабақтары» фильмі қазақ кинематографиясы тарихында тұңғыш рет халықаралық Берлин фестивалінің «Күміс аю» жүлдесіне ие болды. Дарынды режиссер Әділхан Ержановтың «Хозяева» фильмі Азиядағы ең үздік 100 кино тізіміне кіргені тағы бар. Одан бөлек, бірнеше фильмі әлемдік марапат алып үлгерген. Бірақ авторлық киноны да қинайтыны – прокат мәселесі. Мысалы, 2016 жылы Сәбит Құрманбековтің «Оралман», Ерлан Нұрмұхамедовтің «Жаңғақталы» үш күн кинотеатрдан беріліп, кейін алынып тасталды. Ал қазір авторлық киноның «дәурені» әрі кетсе – бір апта. Шетелде аудиториясы көп туындының отанында аудитория жинай алмайтыны таңдандырады. 
Авторлық кино түсіруде тәжірибесі мол Дәрежан Өмірбаевты әңгімеге тартқанымызда кинопрокат мәселесі оны да қынжылтатынын жасырмады. Одан кейін фестиваль форматын «жаттап» алып, соған арнап фильм түсіретіндердің көбейгенін ашық айтты. Оған қоса жоғары деңгейдегі кино тамашалағысы келетіндер фестивальда жолығатынын да қосты. Еліміздегі кинофестивальдары шетелдегі дәрежеге жетсе, киноны бүге-шігесіне дейін талдай алатын сыншылар көбейсе дейтін ойын да жеткізді. Оның айтуынша, осындай құрылым жоғынан режиссерлер шетелге жалтақтайды. Егер авторлық фильмді көтерсек, комедиямен «алданатын» көрермен де киноны түсінуді үйренеді. 
«Авторлық кино бірінші кезекте кино өнерінің көркемдік деңгейін көрсетеді. Кинематографияда мұны арнайы аудиторияға арналған фильмдер дейміз. Қазақ киносында авторлық киноның прокатқа шығу мүмкіндігі шектеулі, қолдауды талап етеді. Мұндай фильм түсіретін режиссерлер саусақпен санарлық. Жастардан Әділхан Ержанов, Шарипа Оразбаева, Фархат Шарипов сынды режиссерлер бар. Белгілі бір компаниялар арқылы, не өзінің қаржысымен түсіріп жүр. Дарынды режиссерлердің фильмі қоғамдағы өзекті мәселені қозғап, көрерменге ой салады. Өз кезегінде, көрермен де авторлық фильмді түйсінсе екен», – дейді кинотанушы Ержан Жұмабеков.

 

1572 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №20

23 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 10627

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 5446

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 5095

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4455

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4424

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 4238

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 3012

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 2966

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы