• Ақпарат
  • 11 Сәуір, 2024

Бала тәрбиесін үлкеннен бастау керек

Бала тәрбиесі мәселесінде ата-ананың жауапкершілігі өте зор. Өйткені баланың мінез-құлқын, өмірге деген көзқарасын дұрыс қалыптастырып, заман талабына сай азамат етіп өсіру оңай міндет емес. Сәби аяғын тәй-тәйлап басқаннан бастап-ақ ата-анасымен, үйдегі басқа жандармен қарым-қатынаста, адам баласына тән қасиеттерге дайындалады, ұяда көрген өнегесінен тәлім алады. 


Тәрбие арқылы ересектердің бойындағы жақсы- жаман өнегені үйренеді, еңбекке, өнер-білімге бой ұрады. Сондықтан жанұяда күнделікті болып жатқан сан алуан ірілі-уақты оқиғалар – ата-ананың бір-бірімен қарым-қатынасы, баламен сөйлесуі, үй шаруасының атқарылуы, ересектердің еңбекке көзқарасы, уақытты өткізуі, туыстар мен жолдастарға ықыласы, қонақ қабылдауы – осының бәрі-бәрі балаларға тікелей әсер етеді. Мінез-құлық соған қарай қалыптасады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген халық даналығы да осыған байланысты туса керек. Ендеше, әрбір ата-ана өзінің күнделікті ісіне, сөзіне, басқамен қарым-қатынасына ерекше мән беріп, сын көзімен қарап, жағымсыз іс-әрекетке жол бермегені жөн. 
Бұған дәлел ретінде мына бір мысалды келтірейік. Күнделікті үй тапсырмасын жақсы орындап, өзіне қойылатын талапты да орындап жүрген бір оқушымыз кенет күрт өзгеріп кетті. Сабаққа ынтасыздық, ұқыпсыздық таныта бастады. Онымен әңгімелесуде, қолданған жаза да ешбір көмегін тигізе алмады. Ол баланың әке-шешесін шақырғанда бұл жолы атасы келді. Ол кісі мұғалімнің қойған талабына бойсұнбай, өрескелдік танытты. «Мен бұл баланың өзі түгілі, әкесін де жан-жақты етіп тәрбиелегенмін, немеремді де тәрбиелеуге құдыретім жетеді», – деп сөзге жеңістік бермеді. Баланың бойындағы мұндай өзгерістің төркіні атасы мен әжесінің тәрбиесіне көшкендіктен болған жағдай екен. 
Ауылда тұрған әжесі мен атасы зейнетке шығып, көшіп келіп, алданыш, ермек болсын деп өздері немересін қолына алған екен. Олар немересінен еш нәрсе аямапты. Жақсы киіндірген, дәмді тамақ күнде алдында, қалтасына көптеп ақша салған. Қысқасы, баланың дегенін істеген соң, әлгі оқушымыз күнде киноға барады, сабақтан қалады, үй шаруасына араластырмаған соң, мұндай өмір оған өте ұнайды. Бақылаудың жоқтығы, уақыттың ойынмен өтуі сабақ үлгеріміне, тәртібіне кері әсер етті. Бала ата-ананың бойынан оның беделін түсіретіндей кемшілікті көп көрсе, жағымсыз мінезге көшеді, ешкімнің сөзін тыңдамайды. Керісінше, ұстамды, еңбекқор, білімді ата-ананың өнегесін кез келген сәби тез сезінеді, әрі сүйсінеді. Тағы бір ескеретін нәрсе, ата-ана баламен пікірлесіп, оның сол мәселеге деген ойын біліп, жетпей жатқан жеріне ақыл-кеңеспен көмектесіп, дұрыс тауып айтылған ойымен санасып отырса, бұл да ата-ананың бала алдындағы беделін арттырады. 
Кейбір ата-ана беделге барынша қаталдықпен жетуге тырысады. Айқайлап, ұрсу сияқты өрескел мінез көрсетеді. Шектен асқан қаталдық баланы қорқақ, жасық тіпті ауруға да душар етеді. Егер бала бір нәрсені өз еркімен, бар ықыласымен емес, тек ата-­анасынан қорыққаннан орындаса, онда ол балалардың алдында ата-ана беделге ие бола алмайды. Қаталдық балаға әділ талап қою негізінде ғана іске асқаны жөн. Бала жасынан әділдікке, өзінің ісін дұрыс бағалауға үйренгені, ата-анасының және басқалардың алдында жауапкершілікті сезініп өскені абзал. Не нәрсе атқарса да, саналы түрде еркімен орындағаны нәтижелі. 
Балаға әкесі бір сөз, шешесі екінші сөз айтып, екі жақты болып отырса, ата-ананың сөзінің қасиеті де, балалары алдында беделі де болмайды. Сондықтан ата-ана баланы бір айтқанын екі етпейтіндей, талабын дер кезінде орындайтындай етіп үйреткені орынды. 
Ата-ана – жанұя жүрегі, олар өнегелі ісімен, ар тазалығымен сәбилерінің болашағын қалыптас­тырады. Ал, керісінше, кейбір ата-ана баласының көзінше, «е, ол мұғалімнің жайы белгілі, өзін жөндеп алсын» немесе «оқымағандар өліп жатыр ма, өзіміз оқығандардан артық тұрамыз, өмір сүре білу керек», немесе «менің балам ғана жаман ба екен, өзгені неге көрмейді, ол мұғалім сол үшін ақша алып отыр, үйретсін, тәрбие­лесін, сол үшін бердік қой» деп қыр көрсететін ата-ананың балалары ұстаздарын сыйлай ма? Ол балалардың адамды бағаламай өзімшіл болып өспесіне кім кепіл? Сондықтан ата-ана балаларының теріс мінезінің себебін анықтауға ұстазбен бірлесе жұмыс істеуді ұмытпай, тәрбиелеуі керек. 
Қорыта келе, отбасы тәрбиесінде ата-ананың жеке басының үлгі-өнегесі, іс-әрекеті балаларымен, жолдас, ағайын-туыстарымен қарым-қатынасы, мінез-құлқы баланың көз алдында өтіп жатады. Сондақтан сөзбен емес, іс жүзінде өз істеріңізбен үлгі көрсетсеңіздер ғана тәрбие жұмысы жемісті болмақ. 

Рая Жалғасова, 
Алтынсарин медалінің иегері, 
ардагер ұстаз 

1051 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №49

12 Желтоқсан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы