• Әдебиет
  • 28 Сәуір, 2011

Өмірдің алды – үміт, арты – күдік

Бродвей Сонау 70-ші жылдары, әлде тағдыр ісі ме, әлде қоғамдағы әділетсіздік пе, әлде жас шақтың албырттығы ма, әйтеуір қазақ жігіттерінің үлкен бір тобы не оқуда, не жұмыста жоқ, қазіргі Алматы қаласындағы ТЮЗ-дың (жасөспірімдер театры) алдында сенделіп жүретінбіз. Бұл маңай «Бродвей», «брод» деп аталатын. Есіме алсам түскенде шашқа қырау, Бродвей! Жабырқау жас шағым-ау, Жас шағымды ит тартқан терідей қып, Бродвей, өзіңе тастадым-ау! «ЦК деген мыстан ба, жылан ба еді, Өлгенім-ақ жақсы еді-ау бұдан гөрі, – деп жылайтын ішіп ап Әлиасқар, – қазағым-ау, елім-ау, кінәм не еді?» Менің-дағы өшіріп өрлігімді, Жолдас қылдың жаныма сорды, мұңды. Алматы-ай, арман қуып келген талай Көрсеттің-ау қазаққа қорлығыңды. Алматым деп білсем де өтерімді, Біле алмай-ақ мұнда кім екенімді, Қалың қазақ ішінде қаңғып жүрдім, «Бродвей» деп атап мекенімді. Жастық шақтың жүрсем де әнін жаттап, Қоғамыма – қаным қас, жаным – батпақ, Тиіскім кеп тұрады адамдарға, Ақшасын ап болғасын арымды аттап. Тойғызбақ боп құлқын мен қарынды ашқан, Ақша сұрап ініден, қарындастан, Берсе – қолдан, бермесе – жолдан алам, Оңашада онша көп жалынбастан. «Ораза ашып» табылса шараппенен, Онша ісім болмайды тамақпенен. «Не жазып ек, Алматы-ау, – дедік кейде,– Келіп ек деп, – Үмітпен, Талаппенен». «Бақыт құсы желпімей нұр қанатын, Жөнің жоқ, – деп, – еліңе бұлданатын». «Бродяга – Бродвей» ортасында Өлең оқып тұрады Мырзан ақын! «Орыспенен достықты сыйлап өтем, Бірақ бұл жер – қазаққа мирас мекен, «Бродвейде мына біз не істеп жүрміз, Не істеп отыр, – деп ұрысам, – Димаш көкем?» Тоқетерін түсінбей тәмам жәйдің, Тағдырым мен Тәңірімді жамандаймын, Балшағымнан баз кешіп отырамын, Жанашыр жоқ, жақтас жоқ, жалаң қайғым. – Тек қазақтан басқаға бәрі жақ па, – деп әндетіп еңіреп, аңырап та, Әлі жүр-ау көп Мырзан «Бродвейді» Алмастырып «Бақай» мен «Шаңыраққа». Өзімді қысқаша түсіндіру Аяқ жоқ, қол жоқ торы аттай Дөңгелеп күнім зырлаумен, Қайрылып артқа қаратпай Барады өтіп бұл дәурен. Өтсінші, мейлі, өкпем не? Көп кештім гүлін көк белдің. «Ештен кеш жақсы», – деп мен де, Ес жиған пенде боп келдім. Алладан намыс тіледім, Ұйықтаса ұлтым күрессіз. Біреулер соған күледі: Мырзан Қайғы, – деп, – бұл ессіз. Емеспін ессіз оншама, Назар сал, жұртым, назыма: Бақытым аздау болса да Көкірегім толған қазына. Үйретті тағдыр жекіріп, Жабылмай жатып етегім. Үйретті жалғыз отырып, Жылаудың рахат екенін. Бірі емес едім «мықты ердің», Жан емен оңған өзім де. Үруіне небір иттердің Үйретті тағдыр төзуге. Үйрендім жоқта күш менде, Тұруды қарсы сан жауға. Алдауға жаным түскенде Түскен жоқ бірақ Ар дауға. Алдай бер, өмір, алдасаң, Жұбанам жырмен төккенде ой, Ақындар деген әрқашан Алданумен өткен ғой. Үйрен заман-түлкіңнен (ұлым Әбді-Нәжімге) Күнболғаным! Ақылдым да көріктім, Есі барым, ерке әрі еріктім, Жер бетінде мені сүйген бір жан жоқ, Көп адамға көрсіз тірі өлікпін. Осы өмірдің бар ма деп те керегі, Жабырқаған сәтте жанның желегі. Шағым айтып марқұм әке-шешеме, Әлі еңіреп құшақтағым келеді. Болса-дағы еш мұқтажы жоқ, мейлі, Деседі: «Адам арманымен көктейді» Жету үшін мендік биік арманға Жүз адамның ғұмыры да жетпейді. Бақыт деген кімге – сүйеу, кімге – сын! Бар болса сол бірде – өтірік, бірде – шын, Өлмей келем Қайғы деген досыммен Өрлігім де қатар өмір сүргесін. «Жоқ болған соң кескін-келбет, дерегі Сол Бақыттың бар ма, – десем, – керегі?» Қайғы әумесер бөркін теріс киіп ап, Құрдасымдай қылжақтаумен келеді. Жаратқасын ойы азат адам қып, Келмей ешбір қалыбына қамалғым. Ұясына у құйғым кеп тұрады Өрісі – кең, пейілі тар заманның. Жаратқанның жебеп жәрдем көмегі, Жарығым-ау, ертең ер боп өрелі. Ержетсең де еске ап байғұс әкеңді Кейде еңіреп құшақтағың келеді. Сеніменен бір жылаған, бір күлген, Әкең емес, тұрады өмір күн, түннен. Балам, менен өрлікті үйрен, Қалғанын Не болса да үйрен заман-түлкіңнен! Өзімді бабаммен салыстыру Қазы-қарта тегене, шарасымен «Сарық басып» сары қымыз сабасымен. Талтаң басып баратсаң «түзге шығып», Соныңмен де заманға жарасым ең. Бүгінгілер күлкі етсе «мешкейлікті», Ол кез ешкім сол үшін сөкпей тіпті. Сайын дала, сабат жай, салқын үйде, Бабыңды іздеп, бағлан, бектей күтті. Еділ бойы – ен тоғай, қарадай мал, Жайық бойы – жарлауыт, жағалай тал, Жарлауытқа шығады жау жоқ па деп, Орақ, Мамай, Ер Шора, Тарағайлар. Тілек тілеп тек қана бір Алладан, Ұрпақ үшін, ұлт үшін, ұрандаған. Қалың беріп қалмақтан қатын алдың, Көккөз қызға көз салмай сылаңдаған. Біліп кәпір келерін сұм ажал боп, Имансызға иба қып шыдаған жоқ. Сүндеттеп боп: «Ты резан» депті ер Мамай, Аталады сол мекен Рязань деп. Тауға өрлетіп қойсаң да тасқа ойнатып, Дос болмайды ешқашан қаскөй халық. Қорқам бүгін айтуға әлдекімнен, Ту тіккенін Тоқтамыс Мәскеуді алып. Құмар болып у құйған шөлмегіне, Шыны-аяқтың емінем ернеуіне. Қос қатын ба? Ол түгіл, бір қатынның Ем таппаймыз кей-кейде «шөлдеуіне». Тәнімді улап отты су, шоқ боп демім, Аласұрдым еңбектеп, етпеттедім. Қымыз, шұбат орнына «кола» ішіп, Омлет пен котлет, хот-дог жедім. Базарбайлар бас тартса сүре, аяттан, Күнәм жоқ қой, дейтіндей «Құдай атқан». Қазақ емес, «жаңа ұлт» боп, беймәлімге Ағып барам құбырмен мұнай аққан. Арыздасу Сау жер жоқ: балақ – жыртық, балтыр – тыртық, Жүз жара, жүрек – жамау, көңіл қаяу. Өттім-ау «әр күннің тек артын күтіп», Десем де «өмір – жалған, өлім – таяу». Бар ма екен мына мендей ердің ері – Жыр жазған атыңды атап, менше қақсап? Көрдің бе, кеш болса да, сендің бе енді, Өмірден өткеніме тек сені аңсап? Бұл жұрттың – күн өткізген мың заңменен, Қыңбадым тепкеніне, сөккеніне: Күні ертең куә қалмас Мырзан деген Ақынның келгені мен кеткеніне. Өмірдің алды – үміт, арты – күдік, (шықсаң да төре болып төрге мынау). Сонда да сені күту – артық үміт екенін біле тұра өлмедім-ау! Дүниеде малғұндардың мазағына, Душар боп, қосылмаған жалғыз біз бе ек?! Біздерден артық ақыл, ажары да Талайлар қайғы-жырлы қалдырды із көп. ...Қой, қалқам! Сұрама еш кешірімді! Немене, жылап өткен тек мен бе едім?! Мені қой! Өзімді-өзім өшіруді Үйреткен кіл үмітсіз көктемдерім. Оқыма! Жалыны өшкен өлі кеуде жыр жазса, жыр емес ол, заты – жылау, Жетеді есіңе алсаң мені кейде, Қызығын құзғын көрген бақытым-ау. – Ей, Мырзан! Түсірмепсің құныңды әлі, – дей көрме, – бұл керемет бір ақыл ғой! ...УҺ, қайтем! Шаршадым-ау, Бұның бәрі – Өтірік, өзімді-өзім жұбату ғой! Жетеу Жеті обал жасап ап, Жуасқа да асауға. Жүз күнәсін тасалап, Жеті сауап жасауға. Жеті қырдың астынан Жеті жынын шақырып, Қыс та өтті мас құдам Ақ қар, көк мұз қақырып. Жаз боп еді балмағыз, Жазиралы құт толып, Жұтты осы жалмауыз Жеті түрлі жұт болып. Білсем жеті атамды Тарихымда бір – азап, Түзетер ме қатемді Жетінші ұрпақ – туажат. Жеті ғашық қайғысы Жеті жұртта жырланды. Батиха еді деп Ләйлісі Кім еске алар Мырзанды?! Тіршіліктің түрі көп, (Кім қайсыған бас иеді?!) «Жеті қазынаның» бірі боп Үру де – бір қасиет. «Үміт күтер бітті шақ Десе тағдыр, – нетесің?» «Жетінші қазына – ит» құсап, Ұлуменен өтесің. Жеті мүшел жасқа да Шіркін, өмір, жетсең-ау. Жеті қат көк жаққа ана Сосын ұшып кетсең-ау. Бір қаланың тойында ...Тұрсаң да қамап жын ұстап, Тырыспа, ойбай, құрыспа. Ұғымсыз мәңгүрт үргенде Ұрымтал жерсіз ұрыспа! Сөз қонбас малғұндардан Таяқ жеп қалсаң, дұрыс па? Оу! Езгіні езгі көрмейтін, Ерсіні ерсі көрмейтін, Қамыстан қорқып өлсе де Намыстан қорқып өлмейтін. Кәпіри тілмен сөйлейтін, Құбыласын білмес қазақтың Бастаймын дейсің қай көшін? Рухсыз, қансыз көп қанден Жабыла кетсең қайтесің? Жауыңды жақтар сан сатқын Табыла кетсең қайтесің? Қаңғырып келген кәпірден Малғұндық мүдде үйренген Жұртымнан өзім жиренгем! Жанына таппай жарасым Жылаудан ләззат алатын Мендей қасқаны қайдан табасың? Үндеме, ойбай, үндеме, Жетімегім, жүрек – жетелім, Білмейді мына байғұстар Рухым деп, ұлтым деп, Өлудің рахат екенін! Білгіш Дей алмайсың кіршіксіз жаны-дағы, Дей алмайсың тап-таза ары тағы, Жарты сағат жанында болған адам Сан саладан «сусындап, қанығады». Пәлен елде зілзала аласаттан Пәлен адам саусағын жаралатқан, Қанша негр қатын қып аппақ қызды, Қанша орыс арақтан арам қатқан. Сыр тартып көр бағадан, нарықтан да, Әдебиет, өнерден, тарихтан да. Атилламен, сақтармен, қыпшақтармен, Аман барып қайтасың жорықтарға. Не ішетінін АҚШ-тық елшінің де, Көңілдесін біледі көршінің де. Бір-ақ айда рактан айықтырар Мекенжайын береді емшінің де. Басшы кімді алады командаға? Бақа қайда батпақта, тоғанда ма? Бәрін біледі «не болады қазақ тілі?» – десең жауап бере алмайды соған ғана. Түсінбейсің бұқа ма, баспақ па екен, Сүт бетінде қаймақ па, қаспақ па екен, Баяғы Құлбатырдың бұл ұрпағын, Балалар жүр «Білгіш деп ақсақ көкем». Диуананың фәлсафасы Әй, пақырлар! Әй, пенделер, жарандар! Әй, бай-Мырза! Жомарттар мен Сараңдар! Талқы шайды талмап жұтқан жарлылар! Бірің қалмай, қане, маған қараңдар! Қара маған! Киім де жоқ, үй де жоқ, Көңілім, нәпсім осы жадау күйге тоқ, Қобызымның бір қылына татымас Сендер жиған мал-мүкәммал, дүние-боқ! Біле тұра сұм жалғанның сайқалын, Неге керек шалабыңды шайқауың!? Алдап, жалдап жылдап жиған-тергенің Боқ екенін қиын болды-ау байқауың. Жаныңды жеп, жігеріңді жебелеп, Малың өлсе маңдайыңды төпелеп, «Еңбек – рахат», – деп алдайсың балаңды Еңсеңді езер еңбек, мехнат не керек? Еңбек емес, ақша жинау – ең түпкі ой, Бұл алдамшы айлаңды да білдік қой, Диуананы дым білмейді деп ойлама Біле білсең, еңбек деген құлдық қой! «Бірге шайнап, қайтаратын күйісін, Ұжым болған қу қоғамың құрысын!» деген сөзің кесір болып кедейге, Ұлып кетті-ау ұлтың менен ұлысың. Кеп қалғандай бір алапат дауыл шын, Байимын деп бәрін сатқан қауымсың. Көргенсізді көсем қылған қасқалар, Алдыңда әлі ең қиын, ең ауыр сын! Не күнәнің бәрін «тірлік қамы» деп, Әділетті іздейсіңдер тағы кеп, Сондықтан да білмейсіңдер бұл жерге Орнамайды Әділеттің бағы кеп! Кілең қоян, кілең тазы, түлкілер! Сұмдығыңды менен басқа кім білер, Өмір бойы тірліктерің – тек ойын Ең күлмейтін диуана да бір күлер. Білмейсіңдер кімде Намыс, Ар барын, Ал мен жеті жұртты жаяу шарладым! Шарладым да ойға қалдым «жетер, – деп, Әуретімді жауып тұрса дамбалым». Мына жалған жиренішті мекенің, Қимайтындай қымбат емес екені, Маған аян! Білу үшін соны тек, Диуана боп күн өткерсең жетеді. Тағы да жалғыздық туралы Аллаһ жалғыз, Күн де жалғыз, Ай жалғыз, (Жалғыздықты түсінейік қайдан біз?!) Екеу – егес! Білмейді оны. Жұп іздеп, Көкке алақан жайған жігіт, жайған қыз! Жабырқасаң жалғаныңнан жабығып, Жұптың емес, жалғыздардың жанын ұқ! Жер бетінде жан алысып, жан беріп, Кескілесіп жатқандардың бәрі жұп. Тағдыр-төре қу өңешке бәс тігіп, Бірін – жүдеу, бірін тоқ қып, аш қылып. Бір анадан туған Абыл, Қабылдай, Жамандыққа жем болады Жақсылық. Сұңқар құлап, қара қарға атақ ап, Көлмен қатар Шөл жатқанда қаталап, Бұлқынады кесапаттың астында, Бейкүнә қыз – шамшырақ көз Шапағат. Бәрі – екеу, бәрі де – жұп, санап бақ! Алдамаймын! Аш тарихты, парақтап! Өтірікпен бір күн туған Ақиқат Өмір бойы көмек күтер алақтап. Соны көріп, таң қап тағдыр тезіне, Ойлап едім ет-жүрегім езіле: Енді білдім, Қара бояу жоқ болса, Ақ бояу да көрінбес ед көзіме! Күн менен түн! Жарық пенен Қараңғы! Кезек ашып, кезек жауып ғаламды. Әрбір күнді бөліп Үміт, Күдікке, Арпалысқа салып қойған Адамды. Жалғыздықты дейді Қайғы әрі Мұң, Жұптасқанның емес бәрі тағылым! Жалғыздықта айтылады тек қана Бір Аллаға айтар бүкіл шағымың. Мырзан Кенжебай

3760 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8788

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7075

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4818

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4204

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4166

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4127

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3858

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3857

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы