• Әдебиет
  • 28 Сәуір, 2011

Елестен қашқан көршілер

Жаңа көршілер дауысын барынша шығарып, дүрсілдетіп музыка қоймаса ішкен асы бойына тарамайтын біреулер болып шықты. Таңның атысы гүрс-гүрс, күннің батысы дүрс-дүрс... бұл не пәле? Міне, тағы да сол дүрсіл, сол гүрсіл. «Түн болды ғой, жұрт ұйқыға жатты ғой» деген олардың қаперіне кірмейтін сияқты. Тұрсынкүл басын көрпемен тұмшалап алса да, даңғаза музыканың дауысынан құтыла алмады. Құлағын алақанымен баса қойды сосын. Ол да бекер болып шықты. Құлағын жапқанымен, басқа бір мүшесімен еститін сияқты. О, тоба! Бұл не болды сонда. Кірпігін кірпігіне айқастыра алмағаны несі? Қайдан айқастырады, музыканың дүрсілдеген, гүрсілдеген үні мұның жүрегін түйгіштеп тұрса. Бір емес, екі емес, күндегі осы. Көрші үйде тұратын Рая бейшара о дүниеге кетіп, қалада тұратын балалары мына жаңа адамдарға сатқалы Тұрсынкүлдің көргені осы. Шіркін, Раяның бар кезінде қандай еді. Сіңлісіндей еді ғой, күнделікті шаруасын тыңдырып тастаған соң, бұның үйіне келетін. Болмаса Тұрсынкүл оған барады. Екеуі өткен өмірдің үмітін шертіп, қою күрең шайды ортаға алар еді. Ең бастысы, не айтса да екеуі бірін-бірі жақсы түсінісе кетеді. Бір-біріне айтқан жай әңгімесінің өзі жанды жадыратып, көңілге шуақ ендіре түсетін. Жаңа көршілер ерлі-зайыпты екен, ақ ниетімен барған Тұрсынкүлді көзіне де ілген жоқ, әрең дегенде бұрылып, еріндерін зорлана жыбыр еткізіп, сәлемдесу мезіретін жасады. Ал әйелі тіпті күйеуі сияқты тым болмаса ернін де жыбыр еткізбеді-ау. Үйдің әйелі теріс бұрылған соң, іс оңа ма? Тұрсынкүл жаңа көршімен сөзі жараспасын тез түсініп, өз үйіне шұғыл бұрылды. «Құрысын, кәпір, бұн­дай да адамдар болады екен-ау. Араласпаса араласпай-ақ қойсын, өзі­­мен кетсін» деп ойлады үйге бара жатып. Жаңа көршілер осылай өзімен-өзі болып тұра берсе жақсы ғой, қызықтың көкесі әбден жайланып алған соң, кешкілік басталды. Жаңа қонысқа құтты болсын айтып келгендер болар, әуелі даурығыса сөйлеп, қарқылдай күлісіп, әйел-еркегі аралас бір топ адам келді. Бұл көшеде қара қарғаша қарқылдап күлген дауыс бұрын естілмеп еді. Біртүрлі ерсі естілгені. Бірақ ол да түк емес екен, достарының келгеніне қуанғаны шығар, бүкіл бір көшені басына көтертіп музыка қойсын. Шіркіннің магнитофоны зор екен, үйіне басқа дүние алмай, барлық жиған-тергенін осыған жұмсаған ба дерсің. Сол күні Тұрсынкүл ұйықтай алмады. Жаңа көршінің жетесіздігіне әрі таңғалды, әрі ренжіді. Әрі-беріден соң ашуланып, ызасы келді. Жағы сенбей музыканың ұрып тұрғаны анау. Жүйкесі жұқарып жатып: «бүгін тойлап жа­тыр ғой, үйлі болған қуанышы ғой, бір күн шыда­йын, қоятын шығар не көрініпті?» – деп өзін-өзі жұбатып қояды. Алайда Тұрсынкүлдің бұл ойы да бекер болып шықты, бақырған музыка үні ертеңіне тағы да көшені басына көтерді. «Жарайды, бүгінмен қояр» деп, бұл жолы да өзіне-өзі басу айтып еді, жо-оқ, қоятын емес, үшінші күні, төртінші, бесінші... ой, ой, ой, міне, енді апта, ай өтті, бұлар, сірә, бақыртып музыка қоймаса іші ауыратын адамдар болып тұр ғой. Маза қашып, ұйқыдан береке кеткен соң Тұрсынкүл бұдан бір апта бұрын көрші үйге бас сұғып еді. – Қарақтарым, мына музыка­ларыңды неге бақырта бересіңдер, тым болмаса, ақырын қойсаңдаршы. Жалғыз мен емес, басқа көршілердің де мазасы қашты. Тіпті ұйқы көрмейтін болдық қой, – деді ақырын сөйлеп. Бұл сөйлеп тұрғанда көрші келіншек басын қақшитып алып еді, сонысы бекер емес екен. Алдына келіп тұрған жасы үлкен адам-ау деген жоқ, аққұба жүзі қуарып, танауы қусырылып шап берді: – Сіздің бізде шаруаңыз болмасын, өз үйімде не істесем де өзім білемін, білдіңіз бе?! Сіз бізге заң айтатын кімсіз?! Заңыңызды басыңызға шайнап жағыңыз, білдіңіз бе? – деп зәрлене жауап қайтарып, темір қақпаны тарс жауып алды. Мынадай көргенсіздікті көрмеген Тұрсынкүл қапелімде қайтерін білмей, қақпа алдында қалшиып тұрып қалыпты. Жаз шыға Ақтөбеде тұратын қос немересі келді, Сабағын бітіріп, каникулға шығысымен Санжар да, Сағи да осылай әжесіне асығып тұрады. Өйткені бұл жерде оларға шектеу қойылмайды. Асыр салып қанша ойнаймын десе де өз еріктері. «Қой, әй», «қысқарт», «үндеме» деп жатқан Құдайдың тірі жаны жоқ. Осы екі жүгермекті алып келген Серік – бұлардың әкесі, Тұрсынкүл шешейдің жалғыз ұлы. – Мама, халіңіз қалай, көрші­лері­ңіз тыныш па? – деп сұрап жатыр. – Айтпақшы, иә, көрші демекші, күн батып, кеш түссе болды, даңғырлатып музыкасын бастайды. Әй, ұйқы қашқалы талай болды ғой, – деді шешесі ренішін жасырмай. – Онда «участковыйға» айтып, тәртіпке шақырайық. – Қой, ойбай, енді көршілерді милицияға беру қалып еді. Олар тыныш жүрмесе де, біз тыныш жүрейік. Бір жөні болар, – деп шешей азар да безер болды. – Онда мен өзім кіріп шығайын. – Күйеуі жоқ қазір. Әйелі бір оқжылан. Оған айтқан сөзің шығын. Қоя ғой. Сөз осымен тәмам болды. Серік бірі он екідегі, екіншісі тоғыздағы қос ұлын әжесіне тастап, қалаға кеткеніне, бүгінді қосқанында, үш күн болып еді. Сол күні түн ортасында Тұрсынкүл тарсылдаған дауыстан оянып кетті. Әуелі түкті де түсінбеп еді, аңдап қараса, есікті біреу тоқпақтап жатыр. – Аш, ашыңызшы, апатай, – дейді біреу ышқынып. – Кім бұл? – деді Тұрсынкүл қорқып кетіп. – Апа, бұл мен, мен көршімін! – Не болды, Құдай-ау, – деп ілгекті серпіп ашып жібергенде, сырттан сумаң етіп көрші келіншек кіріп келді. Түрінен түр жоқ, әлденеден қатты қорқып, өңі қуарып кетіпті. – Аппақ көйлек киген.. есіктің алдында... әрлі-берлі жүріп... терезеден үңіліп... сол, сол үйдің бұрынғы иесі... елесі... – Қой, қайдағыны айтпа, түс көріп, шошып қалған шығарсың. Кәне, маңдайыңа сулы шүберек басайын. – Жо-жоқ, анық көрдім. Терезені қақты. Қарасам, сол... Басында да ақ орамал. Көзі үңірейіп тұр. – Жарайды, онда барма ол жаққа. Күйеуің үйде жоқ қой. Қасыма төсек салып берейін. Осында қона кет, айналайын. Келіншек қауіпсіз жерде басын жастыққа қойған соң, Тұрсынкүл оның әлгі сөзін еске алып: – Үйдің бұрынғы иесі дегенді қайдан шығарып жүрсің? – деді. – «Менің үйімнен кетіңдер» дегенін анық естідім. – Неғыл дейді. Е-е, Тәңірім, өзің сақтай гөр! Тұрсынкүл осыны айтып, терең күрсінді. Жаңа көршінің Рая егіп кеткен гүлді таптап тастағаны еске түсті. Шетелдік даңғазаны бақыртып қойып қоятыны ойға оралды. «Раяның аруағы разы емес қой» деп ойлап жатып, көзі ілініп кетіпті. Ертеңіне өз үйіне баруға қорқып отырған келіншек екеуі олардың ауласына кіреді. Кешегі елес болар, босағаға аппақ орамал іліп кетіпті. Тұрсынкүлдің жүрегі өрекпіп, қатты-қатты соғып кетті. Раяның орамалын бірден таныды. Өзінде де дәл осындай орамал бар еді. Рая екеуі базарға барғанда сатып алған. Келіншекті шошытпайын деп, орамалды үйіне алып кетті. Тіс жарып айтқан жоқ. Енді өзі де Раяның аруағы келіп жүргеніне шүбәсіз сенді. Көрші үйдің ауласында, расында да, бір тылсым құбылыс орнай қалыпты. Әлдебір от найзағайша жарқ-жұрқ етеді. Жарқ-жұрқ еткен сайын ағараңдап аппақ сұлба көзге шалынып қалады. «Астапыралла! Мынау Рая ғой! – Дауысы шығып кеткенін өзі де байқамай қалыпты. – Рас болғаны ма, сонда?» Тағы да патыр-пұтыр етіп от жарқылдады. Бұл жолы анық көрді, тобығына дейін төгілген ақ көйлек, басында ақ орамал. Ақ көйлекті сүйекке түскен себепті ағайындары бұған беріп еді. Соны танып тұр. Тұрсынкүлдің жүрегі ырши соғып, тұла бойы қалшылдап кетті. Адам көзі көрмеген тылсымға өзі куә боп тұрғасын ба, өң мен түстей бір күйді бастан кешсін. Есік тұтқасынан тас қып ұстаған күйі не алға аттарын, не кейін шегініп үйге кіріп кетерін білмей, қалшиып қатыпты да қалыпты. Көрші үй жақтан шіңгірлеп шыққан дауыс естілді: «кетіңдер бұл үйден, тез кетіңдер» дейді әлгі дауыс. Раяның дауысына ұқсамайды. Баланың... жоқ періштенің дауысы сияқты. «Адам аруақ болған соң дауысы өзгеретін болып тұр ғой» деп ойлап үлгерген шешейдің дауысы шығып кетті. «Піссіміллә, піссіміллә, өзің сақтай гөр, Алла!» Содан ертеңіне көрші жігіт пен келіншек әлдеқайда асығыс аттанып кетті де, бес-он күннен соң қайта пайда болды. Оларға еріп ерлі-зайыпты жас жігіт пен жас келіншек келді. Сөйтсе, бұлар үй сатып алғалы жүргендер екен. Ерулікке шақырмақ бұрын үй ішін тазаламақ боп жинастыра бастап еді, төсек астынан ішіне бұлтитып әлдене салған дорба шыға келді. Ашып қараса... мәссаған, марқұм Раяның ақ көйлегі, ақ орамалы. Одан басқа бас- сүйек бейнеленген резина маска. «Бұ немене? Ә-ә-ә?..» Іші сезе қойды. «Елді дүрліктіріп... Әй, жүгермектер-ай! Адам аруақпен осылай ойнай ма екен? Өліп кетсе қайтер еді? – деді күбірлеп. Сосын дауыстап немерелерін шақыра бастады. – Әй, Санжар, Сағи, қайдасыңдар, кәне, тезірек мұнда келіңдер». «Әу, әже» деп қос жүгермек сол сәтте-ақ құйындай ұйытқып, жетіп келді. Келді де, әжесінің қолындағы ақ көйлек пен масканы көре сала, бір-біріне қарап, күліп жіберісті. – Ал, жүгермектер, мыналарың не? Кәне, айтыңдар?! – Біз жай... сіз тыныш ұйықтасын деп... – Әй-әй-әй, осылай қорқытуға бола ма екен? Жүрегі жарылып кетсе қайтесіңдер. Екінші рет адам баласын бұлай қорқытпаңдар. Кәне, барыңдар, – деп қос немересін сыртқа шығарып жіберді де, өзі сылқ түсіп, диванға отыра кетті. Аруақ деп сеніп қалғаны балалардың ойыны екенін біліп, енді өзі де күліп отыр.

Мақсат РСАЛИН

3408 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8794

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7076

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4819

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4205

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4169

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4128

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3859

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3858

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы