• Тіл
  • 02 Маусым, 2011

«Ерназардың сегіз ұлы – бір төбе, Ер Төстігі – бір төбе»

«Кімнің ауру, кімнің сау екенін Құдай өзі біледі» Бұл тәмсілдің шығу төркіні ел аузында мына бір қызық әңгімеден қалған. Бір кемпірдің жалғыз баласы қатты науқастанып жатыпты. Кемпір: «Өрімдей ұлымды алғанша, асарымды асап, жасарымды жасаған мені ал» деп Құдайға жалбарынып, зарлап, ауыл­ды басына көтереді екен. Ауылдағы бір қу жігіт үстіне ақ киім киіп, түнде кемпірдің үйіне кіріп келеді де: «Құдай тілегіңді қабыл алды, сенің жаныңды алуға мені жіберді» дейді. Сонда сасып қалған кемпір: «Кімнің ауру, кімнің сау екенін Құдай өзі біледі» деген екен. Сөзі мен әрекеті екі басқа болып, жалғандық, жасандылық көрініп тұрған кезде айтылады. «Ерназардың сегіз ұлы – бір төбе, Ер Төстігі – бір төбе» Бұл – Ер Төстік жайлы халық ертегісі желісі бойынша туған тәмсіл. Батыр, намысшыл, ержүрек Ер Төстік көптеген қиындықтарды жеңіп, жат елде жүрген ағаларын да, әкесінің жылқыларын да еліне қайтарып, әке-шешесін бақытқа кенелткен оқиғасы негізінде туған тәмсілді бір топтағы іс-әрекетімен басқалардан жоғары тұрған адам жайлы айтарда қолданылады. «Түйе бойына сеніп, жылдан құр қалыпты» Бұл тәмсіл арқылы халық өзіне-өзі сеніп жүріп бір нәрседен не сыбағадан құр қалған адам туралы әсерлеп, астарлай айтады. Тәмсілдің шы­ғу тарихы туралы да бірнеше дерек­­тер бар. Қазақ, өзбек, моңғол аңызда­рын­да былай делінеді: Ертеде хайуан­дар түйені қосқанда 13 болып жылды бөлісуге келіпті. «Бәріміз бір сайға түнейік, кім күннің шыққанын бұрын көрсе, сол жыл басы болсын» дейді түйе. Түйенің мұнысы «күнді бойы ұзын мен көрмегенде кім көрер дейсің» дегені еді. Оған бәрі «жарайды» деп көнеді. Таң ата бергенде қу тышқан аңқау түйенің бақайынан өрмелеп басына шығып, күннің шыққанын бірінші көреді. Жыл басының «Тышқан» деп аталуы содан. Сөйтіп, түйе бойына сеніп, жылдан құр қалыпты. Мақал аңыз-әңгіме негізінде туғанын көреміз. «Ақ қойдың кәлдесі, қара қойдың кәлдесі, мен Құдайдың пендесі» Намаз оқу үшін білу қажет Құранның сүрелерін білмейтін бір қазақ осылай намаз оқып, Құдайға құлшылық етіпті. Шын пейілімен айтылғандықтан, Алла құлшылығын қабыл етіпті деседі. Тәмсілде, бір жағынан, сауатсыз қазақ сыналса, екінші жағынан, «шын көңілмен істелген іс дұрыс» деген ой насихатталады. Сонымен қатар адамның басы – Алланың добы, ол «ақ», «қара» болып бөлінетін қойдың басындай болмаса да, доп сияқты пенделердің басы деген түсінікті білдіріп, Аллаға құлшылық етуді уағыздайды. «Барғызбасың барғызбас». Бір ауылда той болатын болып, ауыл адамдары арасында тойға қызу дайындық жүріп жатады. Бір кедейдің қызы үй шаруасын істеп жүріп, тойға, алтыбақанға барамын деп қуанып, әндетіп жүреді. Етік жамап отырған әкесі қызының қуанышты көңіл күйін көріп, «қарағым, барғызбасың барғызбас» деп жұмысын істеп отыра береді. Кешке алтыбақанға барайын десе, қыздың тойға киетін «жөні түзу» көйлегі жоқ екен. Қыз қанша барғысы келсе де, амалсыз тойға бара алмапты. Жоқшылық қол байлап, амалсыз бір нәрседен бас тартуға мәжбүр болған жағдайда айтылады. «Атаңның төрі тұрмақ, көріне кірерсің» Дәстүр бойынша, ертеректе күйеу жігіт қайын жұртына алғаш келгенде, оны босағаға тулақ төсеп отырғызады екен. Күйеу жігіттің қайын атасының төріне шығып отыруына қақысы болмаған, яғни бұл – күйеу жігітке қойылатын тыйымның бірі. Ел іші болған соң түрлі оқиғалар болып тұрады. Сондай оқиғалардың біріне қатысты «Атаңның төрі тұрмақ, көріне кірерсің» деген сөз қалған. Осыған байланысты ел ішінде сақталған мынадай бір аңыз-әңгіме бар. Ертеде бір жас жігіт қайын атасының үйіне алғаш келгенде, жеңгелері дәстүр бойынша, күйеудің астына тулақ төсеп, босағаға таяу жерге отырғызыпты. Сол үйдің үлкен қабаған иті бар екен, бөтен адамды көріп қалып, арс етіп үріп қалғанда, күйеу жігіт шошып кетіп, төрден бір-ақ шығыпты. Жеңгелерінің бірі бетін шымшып: «Масқара-ай, күйеу жігіт атамның төріне шығып кетті ғой», – дегенде, ол есік жақтағы төбетті қолымен нұсқап: «Апандай бәлекет арс етіп ұмтылса, атаңның төрі тұрмақ, көріне кірерсің» деген екен. Амалсыздан, еркінен тыс бір іс істеуге мәжбүр болғанда айтылады. «Басқа пәле – тілден» Бір аңыз желісі бойынша, «Басқа пәле неден?» деп сұраған екен хан данышпаннан. «Басқа пәле – тілден» деп жауап қайырыпты данышпан. «Жоқ, олай емес» деп келіспепті хан. «Ой, өзіңіз бір түк білмейтін ақымақ екенсіз ғой» депті данышпан. «Маған тіл тигізді» деп оны өлтіруге бұйырғанда, «Тақсыр, басқа пәле – тілден» деген сөзімді дәлелдеу үшін айтып едім» депті данышпан. «Құр сөзге малданғанша, енем баласының қойнына жатпай, неғып отырмын?!» Үлкенді-кіші әйелдер түннің бір уағына дейін жүн түтіп, әңгіме-дүкен құрып отырады. Олардың арасындағы күні бойғы күйбең тірліктен шаршаған, барып ұйықтай берейін десе, үлкен кемпірлерден бата алмай отырған бір жас келін бір кезде: «ойбүй, құр сөзге малданғанша, енем баласының қойнына жатпай, неғып отырмын» деген екен. Ел арасында қалжың ретінде «істейтін маңызды істі атқармай, неге босқа уақыт өткізіп отырмын» деген мағынада айтылады. Р.Атаханова Тараз

5220 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5909

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5543

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3281

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2665

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2627

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2603

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2337

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2320

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы