• Тіл
  • 02 Маусым, 2011

Найман хандығы

Тарихқа Найман хандығы деген атпен Х ғасырда мәлім болған мемлекеттік бірлестік – бабаларымыздың дербес ел болу жолындағы жанқиярлық күрестерінің елеулі белестерінің бірі. Бұл хандық құрылардан бұрын оны құрушы ру-тайпалар әртүрлі кезеңдерден өтті. Наймандардың арғы бабалары ІV-V ғасырларда байырғы хұндардың ұрпақтары болып табылатын Теле тайпалық одақтары құрамында көшіп-қонып жүрді. Ал VІІ ғасырда олар Қыпшақтардың байырғы бабалары үстемдік жасаған Сір-Енда (Сеянто) хандығына бағынды. Бұл хандық күйреген соң VІІІ ғасыр басында 17 тайпаны біріктірген Байырқу конфедерациясына кіріп, осында Сегіз оғыздар бірлестігін түзеді. Байырқу конфедерациясы – тарихымызда айтылмай келе жатқан маңызды мәселенің бірі. Шындығында да, Найман конфедерациясы VІІІ ғ. орта кезінен бастап Ертістің жоғарғы ағысы мен Орхон өзенінің аралығын мекендеген түркітілдес «сегіз оғыз» тайпалары мекендейтін аймақта құрылды. Кейіннен бұл одаққа қосылған тайпалар сандары көбейіп, он екіге жетті. Атауы моңғолша болғанымен зерттеушілердің көпшілігі Наймандарды түркітілдес тайпалар ретінде сипаттайды. Расында да, Наймандардың бабалары о бастан-ақ түркітілдестер ортасында қалыптасты. «Сегіз оғыздардың» батыс жағында Ертістің орта және төменгі ағыстарын Қаңлылар мен Қыпшақтар мекендесе, солтүстігіндегі көршілері Енисей қырғыздары болды. «Сегіз оғыздардың» шығысында Керейлер көшіп-қонып жүрді, ал оңтүстікте олар Орта Азияның көптеген түркітілдес тайпаларымен көрші болды. Х ғасырдан бастап Қидандарға бағынған най­ман­дардың мемлекеттік бірлестігі екі үлкен тайпалар бірлестігінен құралды. Найман хандығын белгілі бір рудың өкілі болып табылатын хан басқарды. Әрбір тайпаны біріктірген ұлыстық бірлестіктер ондық негізде әскери жүйемен сарбаздар жасағын жасақтады. Мемлекеттегі іс Ұйғыр жазуымен жүргізілді. Тарихи деректер олардың VІІІ-ІХ ғасырларда-ақ айтарлықтай сауатты болғандарынан хабардар етеді. Олар алғаш барлық түркітілдестер тәрізді Орхон жазуын пайдаланса, ал кейіннен Оғыз бірлестіктеріне Ұйғырлар үстемдігі орнаған тұста көне Ұйғыр жазуын қолданатын болды. Осы жазу мәселесіне байланысты моңғолдардың әйгілі дерегі «Алтан-тобчида» және көне қытай дерегі «Юан-шиде» мынадай әңгіме айтылады: «Шыңғысхан Наймандарды талқандаған тұста олардың ханы Таянның бас уәзірі, қазынашысы және хатшысы Тататоңға амалсыздан моңғолдар қолына тұтқынға түсіп қалады. Шыңғысханның төңірегі одан екі маңызды нәрсені үйренеді. Олар – мемлекеттік маңызды құжаттарды мөрмен бекітіп отыру және Ұйғыр жазуын оқып-білу». 1125 жылы Қидандар мемлекетін Чжурчжен­дер­дің (Шүршіттердің бабаларының) тал­қан­дауы Наймандардың тәуелсіздік алуларына жол ашты. Зерттеушілер тәуелсіз Найман мемлекетінің құрылуын 1143 жылдан, яғни Инанш Білге ханның билік жасаған жылдарынан бастайды. Әсіресе, күшті Қидан мемлекетін құрған тарихи тұлға Елюй Дашидің өлімі Наймандардың тәуелсіз хандық құ­руларына жол ашты. Басқа да бұрын Цзубу тайпалық одағында болған Меркіт, Онқұт тайпалары тәрізді Қидан империясының қиранды орнында жаңа хандықтар, солардың қатарында Найман және Керейт хандықтары еңсе көтерді. Бұл екі туыстас хандықтарды географиялық бекет Ханғай (Өтікен) таулары бөліп жатты. Жаңа қалыптаса бастаған Найман хандығының шығыстағы көршілері Керейттер болса, ал оңтүстік-батыста олар Қарақытайлармен шектесті. Солтүстіктегі Найман мемлекетінің шекарасы Балқаш көліне дейін созылып, Шу өзенін бойлай жалғасты. Наймандар Инанш-Білге ханның тұсында едәуір күшейді. Одан бұрын Наймандарды кім билегені тарихқа белгісіз. Әбілғазы осыған байланысты мынадай дерек береді: «Найман тайпасы. Бұл көне тайпа; малшылық бұларда кең ауқымды. Олардың бұрынғы өткенін біз білмейміз, тек естігеніміз, олардың Қар-Қыш деген патшасы болған. Ол өлген соң інісі Инат (Инаншты айтып отыр –Т.О.) биледі. Шыңғыс кезінде олардың патшасы Таяң хан (кейбір деректерде – Даян хан – Т.О.) еді; оның баласы – Күшлік. Олардың тұрағы Моңғолияның Қарақорым деп аталатын бөлігінде». Бізге белгілісі, Х ғ. аяғында және ХІІІ ғ. басында Найман хандығы екі бөлікке бөлініп, оларды Инанш ханның екі ұлы Даян хан мен Бұйрық хан басқарды. Моңғолдарға бағынған Наймандардың бұдан кейінгі тағдыры Шағатай ұлысымен байланысты болды. 1223 жылдың басында Шыңғыс хан төрт ұлына енші бөлгенде әлі де айтарлықтай қуатты Найман тайпалық бірлігі Шағатайға берілген аймақта қалып қойды. Алайда Жошының ұлы Батудың батысқа бағытталған жорығына қатысуға мәжбүр болған олар біртіндеп Жошы ұлысының шығысын біріктіретін, Жошының үлкен ұлы Ежен негіздеген Ақ Орда аймағына ойысты. Осында Наймандар болашақ Алты Алаш (Жалайыр, Алшын, Қоңырат, Қаракесек (Арғын), Найман, Қыпшақ) қауымдастығын ұйыс­тырушы белді тайпалардың біріне айналды. Яғни тарихи деректерді баяндағанда бұрынғы Наймандар мен кейінгі Алаш қауымдастығына қосылған Найман рулары арасындағы тарихи этникалық сабақтастықты теріске шығару негізсіз. Кейінгі Наймандар – алғашқы Наймандардың тікелей жалғасы.

Талас Омарбеков, тарих ғылымдарының докторы, профессор

13574 рет

көрсетілді

392

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5840

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5500

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3236

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2621

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2583

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2561

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2294

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2277

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы