• Әдебиет
  • 08 Маусым, 2011

Жастарды рухтандырған күн

d0b0d0b1d18bd180d0b0d180d183d0bbd18bҚостанай қаласында «Менің Қазақстаным» IV патриоттар форумы өтті. Бұл форумның киелі Қостанай шаһарында өткізілуі де тегін емес. Өйткені аталған өңірден бүгінгі тәуелсіздік үшін бүкіл өмірлерін қиған Алаштың ардақтылары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов секілді арыстар шыққан. Олардың кезінде қазақ халқының келешегі үшін қандай қызмет атқарғаны, арттарында өшпестей із қалдырғандары барша қауымға белгілі. Көзі қарақты оқырмандардың есін­де болар, «Менің Қазақстаным» республикалық форумы кезінде қасиетті Түркістанда басталды. Содан кейін ұлтымызға Абай, Шәкәрім және Мұхтар Әуезовтей ұлы тұлғаларды берген Семей өңірінде өтті. ІІІ форум көрікті қала Павлодар қаласында ұйымдастырылғаны да күні кешегідей көз алдымызда. Жастарды отансүйгіштікке, туған жерді қастерлеуге, мемлекетке адал қызмет етуге үндейтін патриоттық басқосуды өткізуге Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі мұрындық болып келеді. Биылғы форум да өз деңгейінде өтті. Биылғы республикалық «Менің Қа­зақста­ным» IV патриоттар форумы да 4 маусым — мемлекеттік рәміздер күнін ұлық­тауға арналды. Форум облыс орталығындағы Спорт сарайында басталды. Оны Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед ашып, барша жиналған қауымды мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтады. Өткен уақыттарда елімізде атқарылған қыруар жұмыстарға қысқаша тоқталды. Осынау патриоттық форумға қатысқан барша жас­тарды жалынды сөздерімен рухтандырып, Елбасы әрқашан да оларға үлкен сенім артып отырғандығын да айтып өтті. Сондай-ақ бұл салтанатты басқосуда мемлекеттік Елтаңба мен Тудың авторларына да лайықты құрмет көрсетілді. Елімізде ерлік көрсеткен, өнерде, білім саласында, спортта айрықша табысқа қол жеткізген жігіттер мен қыздарға да „Қазақстан патриоты„ белгісі тапсырылды. Марапатталғандардың арасында қазақ тілін жетік білетін әріптесіміз Майя Веронская да бар. Қалың жұртшылық алдында Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев та сахнаға көтеріліп, өзінің жігерлі сөздерімен барша жастарды Қазақстанның нағыз патриоты, азаматы болуға шақырды. Өткен кезеңде елімізді бүкіл әлем мойындап, республикамыз қай жағынан болмасын қарыштап дамып келе жатқандығын тілге тиек етті. Форумда құрметті қонақтар, яғни мемлекеттік Елтаңба, Тудың авторлары, Сенат депутаттары, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері, атақты спортшылар, ұлттық мәдениет орталықтардың өкілдері, республикамыздың күллі облыстарынан келген жастар облыс орталығындағы ұлт көсемі Ахмет Байтұрсыновтың ескерткіші алдына жиналды. Онда Елтаңба авторы, халқымыздың даңқты перзенті Шота Уәлиханов, Жандарбек Мәлібекұлы және басқа да есімдері елімізге кеңінен белгілі тұлғалар сөз сөйледі. Аталған ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойды. Содан соң делегаттар облыс орталығындағы «Жеңіс» паркінде кешегі Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтарына, 30-жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің құрбандарына арналған мемориалға гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Осындай жастарға тәрбиелік-танымдық жағы мол кездесудің бірі – №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жасындай жарқырап өткен, бокстан Олимпиада чем­пионы Бекзат Саттархановтың әкесі Сейілхан, анасы Сырлыгүл апамызбен жүздесу болды. Олардың осындай форумға шақыруды қабыл алуының да өзіндік себебі бар еді. Өйткені Бекзат бауырымыз кезінде Қостанайда өткен жасөспірімдер арасындағы жарыста тұңғыш рет чемпион атанған екен. Кездесуде сонау киелі Түркістаннан келген Олимпиада чемпионының ата-анасының тебіреніске толы сөздері де жиналған жұртшылықты бейжай қалдырмады. Бұдан бөлек, патриоттық форум делегаттары облыс орталығымен іргелес жатқан Рудный шаһарындағы бұл күндері әлемге бел­гілі алып өндіріс орны — Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатында болып, мұндағы оқыту орталығының жұмысымен де таныс­ты. Басқа да бірқатар тәрбие орындарына ат басын бұрып, біраз жайларға қанықты. Мұндай есте қаларлық әрі тәрбиелік маңызы айрықша басқосудың еліміздің эстрада жұлдыздарынсыз өтпейтіндігі де аян. Республикалық форумда әкелі-балалы Ескендір және Біржан Хасанғалиевтер, Меруерт Түсіпбаева, Алмас Кішкенбаев, Ибрагим Ескендір, «Ринго», «Орда», «Мечта» топтарының асқақтата шырқаған әсем әндерін барша қауым ұйып тыңдады. Біз аталған республикалық «Менің Қазақстаным» IV патриоттар форумының делегаттарын да әңгімеге тартып, пікірлерін білген едік. Нұрсұлу Серікқалиева, Маңғыстау облысы, Мұнайлы аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкері: – Өз басым бүгінгі өтіп жатқан республикалық форумнан үлкен әсер алдым. Ол Қазақстанның Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында және мемлекеттік рәміздер күнінде өткізіліп отыр. Ал бұлардың біздің халқымыздың өмірінде алар орны ерекше екендігі де белгілі. Еліміздің Мәдениет министрлігінің мұрындық болуымен өтіп жатқан басқосудың барша жастарға берері мол екендігі сөзсіз. Олар бұрын өздеріне тек кітаптардан, басылымдардан ғана есімдері жақсы таныс мемлекеттік Елтаңба және Тудың авторларымен бетпе-бет жүздесіп, ұлы тұлғалардың сөздерін тыңдау бақытына ие болды. Қостанай — өте көрікті де таза қала екен. Ауасы да таза, адамдары да ақжарқын. Бізді өте жылы қарсы алды. Анар Наврузов,Қарағанды техникалық университетінің 4-курс студенті: – Мен де осындай республикалық деңгейдегі форумға қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Өйткені еліміздің барлық облыстарынан түрлі салада қызмет атқаратын, жоғары оқу орындарында білім алып жатқан дарынды жастар жиналды. Олармен пікір алысып, жан дүнием байып, ой-өрісім кеңейе түсті. Түрлі кездесулерден тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы үшін айтарлықтай үлес қосқан қоғам және мемлекет қайраткерлерінің, зиялы қауымның сөздерін естіп, бір серпіліп қалдық. Облыс орталығындағы бірқатар мәдениет орындарында болдық. Балнұр Оразғалиева, Қостанай мемлекет­тік педагогикалық институтының 1-курс студенті: – Патриот болу — өз Отаныңды сүю. Соған адал қызмет ету деп түсінемін. Бүгін Қостанайға еліміздің нағыз патриоттары мен жанашырлары жиналды деп ойлаймын. Алған әсеріміз ұшан-теңіз. Сол себептен форумды ұйымдастырушыларға өзімнің шынайы алғысымды білдіремін. Осындай жүздесулер мен секілді жалынды жастарға қанат бітіріп, оларды биіктерге сам­ғататындығына кәміл сенімдімін. Бас­қосудың Қазақстан Республикасы Тәуел­сіздігінің 20 жылдығы қарсаңында ұйым ­дастырылуының да маңызы ерекше. Оразалы Жақсанов Қостанай қаласы

3695 рет

көрсетілді

38

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8784

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7074

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4817

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4203

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4165

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4126

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3857

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3856

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы