• Әдебиет
  • 08 Маусым, 2011

«Қаршыға дүниені таңырқату үшін келген!»

d0b0d185d0bcd0b5d0b4d0b8d18fd180d0bed0b2Уақытқа тоқтау бар ма?! Дәулескер күйшінің дүниеден өткеніне де бір жылдың жүзі болыпты. Көнелердің көзіндей болып, қазақтың күй-керуенін бүгінгі ұрпаққа ұлағаттап һәм аманаттап кеткен Қаршыға Ахмедияров былтыр, яғни пайғамбар жасынан енді асқан шағында өмірден өтіп еді. Кешегі Құрманғазы мен Диналардың асыл мұраларын бүгінге жеткізген Қаршығаның өмірі осы күй өнерімен біте қайнасып жатқан-ды. Қазақтың құдіретті күй өнеріне күллі әлемді тәнті еткізген сүйікті перзентін халқы да еркелетіп «Күй-Қаршыға» атап кеткен. Ол он саусағынан күй тамған орын­даушы ғана емес, қайталанбас талант еді. Оған оның артында қалған төлтума күйлері дәлел. Жаратқан маңдайына жазған ғұмырында ол бар болмысымен, жан-тәнімен ұлтына қызмет етті. Күй өнерінің кешегісі мен бүгінгісін бүге-шігесіне дейін зерттеп, ертеңгісі мен болашағын табыстырған ол Құрманғазы, Дина мектебінің ең ірі өкілі болды. Қаршыға Ахмедияров Мемлекеттік Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің дирижері, ұстаз ретінде көптеген шәкірт те тәрбиеледі. Басқаны айтпағанда, оның жинақтауы­мен Махамбет, Динаның күйлері алғаш рет баспадан жарық көрді. Ол қазіргі заман талабын, талғамын ескере отырып, Құрманғазы мен Дәулеткерейдің күйлерінің озық үлгілерін екшеп, алып мұраға деген жанашырлықтың қандай болатындығын өз ісімен үлгі етті. Оның жүрегі туған жерінде тоқтады. Әлемнің әйдік сахналарында, еліміздің де үлкен сарайларында өнер көрсеткен күй дүлдүлінің ақтық демінің де атамекені Атырауда үзілуінде бір сыр бардай. Қала берді, Күй-Қаршығасы өмірден өткеннен кейін қарашаңыраққа көңіл айта барғанымызда ағаға сыйға тартылған «Алтын домбыра» мүсіні көзімізге түсті. Ерекше ұқыптылықпен әспеттеліп қойылған сол домбыраның жанында үзілген құлағы да қатар тұр. Бұған таңырқай қарап қалғанымызды көрген күйшінің үйіндегі Нұрбике жеңгеміз «Құдайдың құдіретін қараңызшы! Отағасы өмірден озған күні осы «Алтын домбыраның» бір құлағы өздігінен үзіліп түсті...» деген еді. Кенет есімізге сазгер Ілия Жақановтың «Бұл Қаршыға дүниені таңырқату үшін келген. Толстойдың «таланттың туған күні бар да, өлген күні жоқ» деген сөзі бар. Қаршыға ешқашан өлмейді!» деген сөзі түсті. Демек, Күй-Қаршығасы өлмек емес. Тағы сол Ілия Жақановтың айтуынша, күйшінің орындағанынан бөлек, сан салалы 80-нен астам күйі бар. Оның бәрін дерлік шәкірттері тартады екен. Олар әлемге әлі-ақ осы арқылы қара домбыраны танытып, ұстаздарының ұлы істерін жалғайтын болады. Күйшінің ғұмырында өзі тартқан сан алуан домбырасы болғанын ел біледі. Бірақ бір қызығы – өзі біраз тартқан соң сол домбыраларын сұраған жанға ұстатып немесе өз шәкірттеріне үлестіріп отырады екен. «Қаршыекең домбыраларының ең қарапайымдарының өзін 2-3 мың долларға жасататын. Соған қарамастан сәл тартқан соң басқаларға бергісі кеп тұратын. «Мұның қалай?» дегендерге «Күй үйренем деп тұрған баладан аяуға бола ма? Үйренсін!» деуші еді мәз болып» деп еске алады күйшінің жары. Иә, Қаршығаның «жанам деген жүрекке от беретін, шабам деген жігітке ат беретін» осындай мәрттігі болатын. Қазақтың күйінің көсегесін көгертем дегеннен ештеңесін аяған емес. Сондықтан оның жанында шәкірттері толып жүретін. Күй өнерінің корифейіне айналған оны басқалар бәйтерекке балайтын. Шынында да, солай. Өзі талай жыл қызмет еткен Құрманғазы атындағы консерваторияда Қаршығаның күйі тартылмаған күн жоқ. Көзі тірісінде алдынан кесе-көлденең өтпейтін үлкені мен кішісі бүгін өмірден озса да күйшінің есімін құрметтен кенде қалдырған емес. Өнерпаз өмірден өткен бір жыл ішінде осы қарашаңырақ Қаршыға Ахмедияровты есте қалдыру мақсатында қадау-қадау істер атқарды. Түрлі кештер ұйымдастырып, талай өнегелі шаралар өткізіп, көпшілікті көзайым етуде. Сондай-ақ ұстаздарын ұлықтаған бұл ұлағатты іс әлі күнге үзілген емес. Соның бір дәлелі: өткен аптада Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Қаршыға Ахмедияровты еске алуға арналған кеш өтіп, «Күй-Қаршыға» атты 14 үнтаспа мен «Күй-ғұмыр» атты монографиялық кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Халық музыкасы факультетінің деканы, профессор Кәрима Сахарбаева: «Қаршыға ағамыз арамыздан кетсе де осы қарашаңырақта оның күйлері үнемі күмбірлеп жатады. Осынау біртуар тұлға, ұлы күйшінің өнеріне куә болған біз шынында да бақыттымыз. Бұл монографиялық еңбек пен күйлері жинақталған 14 үнтаспа ұлттық мәдениетімізге өлшеусіз үлес қосқан Күй-Қаршығасының құрметіне арналып, оның ғылыми еңбегін дүйім жұртқа таныстыру мақсатында жарық көріп отыр» деді. Бұл үнтаспаның жарыққа шығуына ұйытқы болған күйшінің Америкадағы қызы, белгілі скрипкашы Раушан екен. Күйшінің жары Нұрбике жиналған қауымды жаңа кітаптың бөлімдерімен таныстырып, осы еңбектің шығуына қолұшын созып, қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын білдірді. Қарашаңырақ ұжымына жаңа үнтаспа мен «Күй-ғұмыр» кітабын тарту етті. Сонымен қатар дүлдүл күйшінің шәкірттері жарыса күй тартып, келген көпшіліктің көңілін бір көтерді. Әсіресе, Айнұр Сақыпованың орындауындағы «Қаршыға» күйі жиналған қауымды ерекше әсерде қалдырды. Өзі күй өнерін шырқау шегіне жеткізіп, шәкірт ұшырған қарашаңырақта Қаршыға Ахмедияровтың аудиториясы да ашылды. Тұсаукесерге жиналған көпшілік бұл жерден әлі талай күй Қаршығаларының ұшып шығатынына сеніммен тарасты. Динара ІЗТІЛЕУ

3540 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8763

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7060

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4804

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4190

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4152

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4113

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3843

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3843

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы