• Әдебиет
  • 15 Маусым, 2011

Бір ауыз сөз

d0bfd180d0bed0b7d0b0Қаламгер үйінің ары-берісіне көз салудың өзі бір ғанибет. Жан-жағына паңдана көз тастаған, ақылы асқан, терең ойлы қария дерсің. Айына, жылына бір келіп, жүрегіңнің дүрсілін басып, басыңды иіп, болымсыз ғана есігінің тұтқасына қолыңды созып, сәлем бергендейсің. Өмірде ұқсастықтар көп-ақ. Жез қоңыраудың сыңғырын естіген баланың мектеп табалдырығын аттаған бір сәтін көз алдыңызға елестетіңізші. Тәтті сезімнің жетегіндегі сәбиді көресіз. Жүрегінің дамылсыз соққысын естисіз. Сәби қоңыраулы үйдегі ұстаз деген ғажап адамдарға ұрлана көз тастап, таңдана қарағанын айтсаңшы. Үп-үлкен сіз де осындай бір сәтті басыңыздан кешіресіз. Мектептен өзге төрткүл дүниенің қыр-сырына ден қойған, адам табиғатының небір қазынасын жиған қартқа сәлем беріп тұрғандайсың.Сонадайдан кең залмен өзіне беттеген ортадан жоғары, тік денелі адамның сұлбасы айқындала берді. Аяқ алысы, ширақ жүрісі, таныс. Ұят-ай. Танымағаны несі. Мынау Сәкең ғой. Жан теңгермейтін ағасы. Ғажап әңгімелермен жастың да, кә­рінің де жүрегін жаулаған қаламгер аға... Иә, иә... сол... ...Сонау жылы Шаймұрат Алматыдан хат алды. «Мәдениет» деген журналдың белгісі тұр. Тышқанның ізіндей шұбалған жазуға көз тікті. «Құрметті Шаймұрат! Бізге жазған материалдарыңыз ұнайды. Күн тәртібіндегі толғауы тоқсан мәселелерді оқырманға ұсынғаныңызға куәміз. Сізді журналға қызметке шақырамыз. Ұсынысымызды қабыл алатыныңызға сенімдіміз. Журналдың бас редакторы Мұсабай Дауымбайұлы». Басқа дүниені тәрк етіп, Алматыдан бір-ақ шықты.Қызметке қабылданды. «Есіктен кіріп төр менікі» деуші ме еді, аға әдеби қызметкер. Жалақысы да тәуір. Күнде ертелі-кеш үй мен мектептің арасын кезген шетел тілдері институтының жас түлегі – «дойтшқа» бұдан артық сый болмас. Пәтер жалдады. Қала тұрмысының жайы белгілі. Тиын санаған тірлік. Оңына, солына қарады. Бұрқыратып жазды кеп. Басылымдарды «басып» алды. Әріптестері құттықтаудан жазбады. Күндердің күнінде өзі аға тұтқан Жекенбай Желбіров: – Бала, сені Одаққа шақырып жатыр. Сәкен Сапарғалиев – қазіргі уақыттың Бейімбеті. Жақсылыққа жоримын. Жолың болсын, – деп есіктен шығарып салды. Қуанбасқа не шара, ғажап әнгімелеріне аузының суы құрып, өзін көрсем-ау деп армандаған адамы. Не дер екен? Сан сұрақ, сансыз сауалға жауап таппай қиналған-ды. Есікті қағып, табалдырықты батымсыз аттады. Төрдегі орындықтан көтерілген аққұба өңді жігіт ағасы: – Пау, өзің жап-жас бала екенсің ғой, бауырым, – деп күлімсірей үн қатып, қолын алып, демеген күйі орындыққа әкеп қондырды. – Алматыға қош келіпсің, өзіңді танытып келесің. «Жұлдызға» шыққан соңғы әңгімеңді де ұнаттым. Ауыл адамдарының мінезін шығармаңа әдемі беріпсің. Тірі кейіпкерлер, түге. Бір ауыз жылы сөз адамды алтын таққа қондырғандай екен. Марқайып салды. Сәкең көп сөйлеп, ақыл да айтуға сараң екен. – Бауырым, сен енді менің көз алдымдасың. Келісіп пішкен тон келте болмас. Шығармаңды талдап, кеңесіп ұсынайық, басылымдарға. Қалай, келісім беремісің, –деді әңгімесін түйіндеп. Шаймұрат басын изеді. – Өзіңді кездестірсем деп жүр едім. Қаламыңа қарым тілеймін. Көп оқы, ізден, – деді Сәкең ағасы есікке дейін шығарып салып. Көзіне көзі түсіп кетті. Мейірім шаша күлімсіреген қамқор жанның келісті келбетін көрді. Адамның ішкі сезімінің айнасы – көз. Әділеттің қазысы – аталы сөз. Екеуі де дөп келіп тұр. Ұқпаған құлақ құптауды да білмейді деген. Шынында, осы мен де қалам ұстап, өмірдің жолдарын сызатын қаламгер сияқтымын ба деп күбірледі. Өмір, шіркін, шимайлап бүктелген қағаз сияқты ғой, тегі. Журналдың жайы белгілі болды. Атақты бір сазгер пайымдағандай, «Мәдениеті жақсы, тұрмысы нашар екен». «Жыл ішінде пәтер беріледі» деген уәденің соңы жұмбаққа айналды. – Әй, балам! Сәл шыда. Дүниеде ойлағанның бәрі сәтімен оңғарыла бермейді, – дейді бас редактор. – Түсінемін, бәрін. Жұбайың мен балаң қашан қалаға көшіріп алады деп жолға қарай-қарай көзі талды-ау... Редактордың «сабыр сақтасымен» жаңа оқу жылы басталар қыркүйек те келіп жетті. Ай орталаған кезде бас редактор жоқта хатшының алдына арызын тастап, ауылға тартты. Дүниеге шыр етіп түскенде, үлкендер айтпақшы, тағдыр маңдайыңа жазған еншіден құтылмайсың. Бұл әлімсақтан белгілі. Күз, қыс, көктемге дейін ауылда өмір кешсе, оқу біте – жаз бастала-ақ аңсары Алматыға ауады. Өйтпесе ұйқысы шала, ісі қараң. Сәкең ағасынан бірде-бір рет көз жазбапты. Жазған әңгіме, повестері беделді басылымдарда жарық көріп жатыр. Қаламақысы бір төбе, оқырманы риза екенін айтпайсыз ба?! Бір-екі шығармасы белорус тіліне аударылып, Минскінің «Залата Каравай» атты кітабында жарық көрді. Сөйтіп, ауыл мен қаланың арасын кезіп жүргенде кешегі жиырманың жорғасына мінген, тепсе темір үзетін жігіт отызды артқа тастап, қырықты қырқалап, елуді еңсерер шақта той жасады. Алланың көмегі, Сәкең ағасының қамқор қолы, өзінің де «инемен құдық қазған» тірлігі туған топырағына атын шығарып, қаламгер атандырды. – Әй, Шаймұрат-ау, пәленше әңгімеңде маған ұқсаған біреу бар. Сол мен емеспін бе деп күңкілдегендер де жетерлік. Пау, дүние-ай. Өмір шіркін жылғадан өткен су сияқты екен. Жылжыған жылдары, аяңдаған айлары, аршындаған апталары, қас-қағым сәт күндері... Айтпақшы, бір күні облыстан «Шаймұрат Қасымбайұлы, Сізді елу жылдық мерейтойыңызбен құттықтаймыз. Зор денсаулық, бақыт, шығармашылық табыс тілейміз. Облыс әкімі» деген жеделхат келсін. Тар дүние кеңейіп салды. Ауданнан көп инструктордың бірін ертіп, аудан әкімінің орынбасары жетсін кеп. – Мынау сұмдық екен. Жазушының үйінің маңы осындай кір-қоқыс үйіндіге толып жатыр. Көшесі мыж-мыжы шыққан сары батпақ, аспаннан тамшы тамса ит батпақтап шошқа сүрінеді. Көшесінде жарығы жоқ, адам адасатындай. Пау, бұл жазғандарға не дерсің. Ауыл әкімі атаулының бәрі күні кешегі зоотехник, құрылысшы, қала берді темір-терсектің тізгінін ұстаған, түге. Рухани дүниемізге көңіл бөлер біреу неге жоқ. Бұл жазғандарға не дерсің, – деп тапсынып жөнелсін. Ақыры, түптің түбінде істің түйіні Тұрарбек пен Есіркегенге тірелді. Өзінің оқушылары ғой. Өрмелеп бағана басына шығып, электр шамын жақты. Сыбағасы – жүз грамм. Қалай дегенде Тұрарбекке мың да бір рахмет! «Түзелмейтін қисық жоқ, балғасы білсін ұстаның» демекші, бульдозер айдаған Есіркеген айды аспаннан шығарып, жолды «жайратып» салып еді, керең Төлеубектің жол жөндеушілері асфальт төгіп, тегістеп Кеңес көшесінің айын аспанға шығарды. Өзі шұғыл түрде шақыру билетін жасатып, Алматыға жөнелтті. Артынша аудан басшысы мен ұжым иесі кеп құттықтап, үй маңына жіті көз тастап, ұсақ-түйекті жөндеуді тапсырып, олар кетті. Шіркін-ау, сол күндер қайда? Қазір боғын боталы түйеге балайтындар қаптады дерсің, күні-түні ойлайтыны – тиын. Сонау кезде өзі шаттанып, Ғабең – Ғабит Мүсіреповтің Қоңқайынша: «Оу, Шаймұрат. Сен кім болдың, ә» деп бір жарылқап салған күндер қазір келмеске жөнеліпті. Адамның еңбегінің еленгенін атап өтер, жалғыз емессің. Әке-шеше, туған-туысты қойып, көршілердің, тіпті мектептегі оқушылардың қуанғанын айтсаңшы. Химия тілімен айтқанда, биліктің «Тізбекті реакциясы» бәрін орындарына қойды. Еліне риза, әкімдерге айтар алғысы атан түйеге жүк. Әдетте асыққанда уақыт шіркін шаршаған аттай іл­­биді емес пе. Тойдың болғанынан боладысы қызық. Жер­гілікті ақын, асаба жігіт қолына бағдарламасын ұс­тап үйге күніне он келіп, он кетеді. Сұрағы көп, айтары мол. Сенбінің сәтінде бақ ішіндегі мәдениет үйінің маңы қонаққа толды. Ауыл кітапханашыларына рахмет. Кең залға жарық көрген кітаптарынан көрме ұйымдастырыпты. Құбыла бетте өзінің үлкен суреті ілініп, гүл көмкерген қабырғаға «50 жыл» деп үлкен әріппен жазылыпты. Радиодан күй күмбірлеп, ән шырқалуда. Ауданның әртісі мен жыршысы осы жерде. Құшақтаған, құттықтаған жұрт. Адам пенде ғой. Осы бір сәтте өзі не ойлады десеңші. Алматыдан келер қонақтар ауыл жазушысын құрметтегенін жұрты көрсе екен деп тіледі: «Қағаз кемірген, ұзын қарындаш» деп көре алмайтын жұрттың аузына құм құйылса ғой. Өмірдің өзі қырық тарау, отыз ойпаңды жорық емес пе. Бірақ сонау жер түбінен ауылдың бір қаламгері елуге толды екен деп қалалықтар алашапқын бола қоймас. Бірақ кім біледі. «Мәдениетте» бірге қызмет істеген жігіттер жетер. Жекен аға қайтсе де... Түйнек болған жылқыдай тыпырласын кеп. Ол кезде Сәкең ағасы Жазушылар одағының хатшысы. Бірақ оны «ауыл жазушысының мерейтойын тойлап, даланың саф ауасын жұтып кел, үкіметтің жұмысы бір бітер» деп арқасынан қағып, сәт сапар тілеп жібере қойса? Шаймұрат өзін сабырға шақырған. Қалай дегенде аяңдап жүретін ақыл озады. Дегенмен де мұның мінезін бес саусақтай білетін жұбайы Жарылқаған күйеуінің аласапыран күйін байқамдап: «Ау, сабыр, сабыр. Алдыңда ауылың, артыңда ауданыңның жұрты жүр, бір жөні болар» деп алыстан орағытқан. Қу жанына қоныс таптырмаған той тура сағат сегізде басталды. Мәдениет үйінің түкпірдегі бөлмесінен жанына жұбайын ертіп, алдына балаларын салып, көңілді әуеннің демеуімен, жарқыраған кең залға енгенде, жұрт бір көтеріліп қалды. Жан-жағына ұрлана көз тастап еді, әкесіне көзі түсті. Орден-медалін кеудесіне жарқырата тағып, жан-жағына мақтана көз тастайды кеп. Бет-аузын жылтырата қырып, танауының астындағы бір шөкім мұртын бастырыпты. Жанындағы кемпірі туғаннан енші боп жабысқан күңкілін бүгін де тыя қоймапты. Аузы жыбыр-жыбыр етеді. «Күндерім-ау, жандарым-ау, осы қуаныштарыңнан жазбасын. Құдайым, тілегімді қабыл ал» дегені айдан анық. Сөйткенше топ ішіне мәжбүрлеп қосқан асау тайдай күй кешкен Алмасы жырылып шығып, атасы мен әжесіне қарай салды. Әлдене деп былдырлайды. Шамасы, «Мен Шаймұраттың емес, атамның баласымын» деп дау салмаса, қане. Бұрыла беріп, сұқ саусағын безеуі – соның нышаны. Қайран, көңілінде еш қаяуы жоқ, уайымсыз сәби шаққа не дерсің. Қала бере «Ал маған не істейсің» деген қарау тірлікпен атасының тізесіне қонжия кетті. Дүйім жұрттың не себеппен келгені ол үшін жұмбақ. Ойда-жоқта Сәкең ағасы кіріп келсін. Артында, үлкен бір делегация. Ауыл жұрты аңқиып, аузын ашып қалды. Бұрын суреттен көрген атақты жазушы сонау Алматы шаһарынан ат арытып, мына жаман Қасекеңнің баласының тойына қонақ болуы дүр сілкіндірді. Үндемей жүріп үйдей пәле өзі. Бәсе, облыстан бастап қолпаштап иіліп төсек, жайылып жастық болды. «Пау, осының әйелінің туыстарының жоғарғы жақпен бір пәлесі бар. Екі ауыз сөзді, бір шумақ өлеңді мен де жаза аламын» дескен жұрттың бір бөлігінің бет-аузының быжырқайы көбейсе, екінші топ жазушы көзге көрінгеннің бәрі қолына қалам ұстап, газет-журналдың бетін толтырып, қызық-қызық хикаят жазса қайда қалды. Қасекеңнің баласына дарынды Құдай берген, бергенде де құлай берген. Тәубе! Оншақты кітабы жарық көрді. Жазушылар одағының білдей мүшесі. Жыл сайын жарияланатын бәйгеден озғаны тағы бар. Анау алда отырған, құрыққа сырық жалғап, екі адамның басы қосылса, қабағын қарс түйіп, шалып қалуға дайын қарттарға үлкен жазушының ортадан орын алуы сауап» деп қуанды. Енді бірі қысыр әнгімені қыр асырып, келген қонақтарды бақылауға кірісті. Сәкең ағасы мінбеге енді шығып, сөйлеуге дайындалған ауыл әкімімен құшақтай амандасты да, жиналған жұрттың көзінше: – Айнала­йын, халайық! Кешіккеніме кешірім өтінемін. Рұқсат болса, әріптес інім ғой, Шаймұрат бауырым туралы сөзді мен бастасам, – деді. Ел қолдап берді. – Менің байқауымша бұл жерде жазушыны сыйлайтын оқырман жұрт бар екен. Мен қаламгерін қолдаған ауылдастарын көріп қатты қуанып отырмын. Тойларыңыз құтты болсын, – деп бір тоқтады Сәкең. – Енді мен Шаймұрат бауырым туралы ешкімге ауыз ашпаған сырымды өздеріңе айтып берейін, – деді Сәкең тағы. – Ғабеңе – кәдімгі Ғабит Мүсіреповке жаңадан жарық көрген кітабымды ұсынып, шығып кетпек едім: – Мен үйде өзім ғанамын. Бері жүр, әңгімелесейік, – деді ол. Қысыла, қымтырыла соңынан ердім. Жайлап отырып, асықпай темекісін тұтатып, бір-екі сорғаннан кейін Ғабең маған көз қырын сала отырып, не жазып жүргенімді, қандай шығармалар оқығанымды, менің замандастарым туралы әртүрлі сұрақ қойып, көп ретте өзі сөйлеп, бір сағаттан артық әңгімелестік. Әсіресе, әңгіме жанры төңірегіндегі Ғабең пікірлері әсерлі еді. Сөз арасында соңғы кездері өзі оқыған екі-үш жас автордың аттарын атады. Соның бірі өздеріңнің орталарыңда отырған Шаймұрат Қасымбайұлы еді. Сол сәт зал іші шапалаққа көміліп сала берді. Той иесі көз астымен жиналған жұртқа ұрлана көз тастаған. Алғашқы көзіне түскені Мінәрбек шал еді. Кей-кейде белбеуін көкірегіне таман буынып, адамси қалатын әдеті бар еді. Сілесі шыққан қара портфелін әлдилеген баладай алдына өңгеріп, «мені көрдің бе» дегендей алдыңғы қатарға қонжиып, басын шалқайта көтеріп отырғанын байқаған еді, енді басын кіндігіне жіберіп, құлағын сипай қалыпты. Бұл оның түгел сөздің түбін қозғалтпай, мына тойды мойындағаны. «Мінекең құлағын сипаса, жеңілгені» деп күлсін құрдастары. Өрістегі жылқыны қойғанда, қорамдағы қойымды, кісінегені мен маңыраманы даусынан танимын деп кеуде соғатын бір топ ауыл қарты түнгі оттай алдамшы ниетінен бас тартып, басын шұлғып, жанындағы көршісіне бас изесіп, шүкірлесе қалыпты. Адам шау тартқан соң шегіншек келе ме, қалай? Көрген-білгенін індетіп ұғынуға құмар. Бәрін айт та, бірін айт, қара көбейтіп отырған, ұжым қамбасының меңгерушісі (өзімен құрдас), бір Құдай жетектеп, екіншісі желкелеп алып кеп отырғандай. Онда да ауылдың атқа мінерлерінің санатына қосылып жүргеніне мәз. Өзі аузын томпайтып айтатын Алматының зооветін бітірген. Колхоз кезінде бар малының бастығы боп, маңырамасы, мөңіремесі, тіпті барлық тұяқты малы ашса алақанында, жұмса жұмырығында болыпты. Тіпті құрдастарының «сыйлап» әкелген «масковскиіне» көңілі өсіп, бір жапырық қағазға «Пәленше! Мына кісіге пәлен қой бер. Актісі менде. Бас зоотехник Айтан» деп жазып, жетектеткені қаншама.(өзінің айтатын әңгімесі ғой). Мектепте оқитын немересі Айтаннан «Абай атаның әкесінің аты кім» деп сұраса, «Алтынсарин» деген ғой. Жұрт күліп, отыз тістен шыққан сөз отыз үйлі ауылға жеткен. Енді, міне, саптан қалмай, ел ортасында отыр. Сәкең ағасы сөзін ары қарай жалғады. «Шаймұрат інімнің «Қарауылдың желі» атты әңгімесін оқыған шығарсыңдар», – деді Сәкең ағасы жұртқа сөз тастап. – Білеміз, – деді орнынан атып тұрған Балғабек есімді мұғалім жігіт. Ел ду етті. – Иә, иә, басқандағы мылқау жігіт пен біздің Нәзира келіншек қой. – Сол Алғадай Нәзира келіншекке үйленді ғой. Бейшара өмірден өткенше басынан құс ұшырмады. – Сүйіспеншілік деп соны айт. Қазіргі жастарың бүгін тату, ертең араз. – Иә, солай, солай. Әсіресе, кейінгі жылдары кәрі қыз, еркек жесір көбейіп кетті ғой, түге. Ел дуылдап салды. – Халайық, бұл күлкі емес, қасірет қой, – деп ойын түйді Сәкең. Залды сәл үнсіздік басты да, жазушылар басшысы әңгімені ары қарай жалғады. – Ғабең маған қайта бұрылды да, темекісін құшырлана бір сорып алып, асықпай, сабырмен сөйлейтін дағдысымен: – Шырағым. Бұл жігіттің алғашқы шығармасы көркемдік жағынан талапқа сай бола қоймас, алайда жас талаптың әдебиетке өзінше жол тауып келуінің өзі ерлік емес пе, сен осы жігітке көзіңді салшы, – деді Ғабең маған ойлы көзін тастап. Осы бір сөздің айтылғанына қаншама жылдар өтті. Мен Шаймұрат інімнің қайда жүрсе де жазғандарын қалт жібермей оқып жүрдім. Шынында, ұлы ұстаздың айтқанындай, автор аз жазса да, ізденіп саз жазатыны ұнайды маған. Оның кейіпкерлері – ауыл жастары, ауылдың қарттары, олардың кескін-кейіптері, іс-әрекеттері, мінез-құлықтары да көңіліңе жылы ұялайды. Қазір іштеріңізде сол қарапайым дархан жандардың бірнешеуі отырғаны даусыз. Олай десек, өзінің ұяң мінезімен жұртына сыйлы Шаймұрат інімді ер жасы елуімен құттықтап, зор денсаулық, қаламгерлік табыс тілейік, ағайын, – деп Сәкең ағасы сөзін аяқтаған сәт залды думен алған жұрт көтеріліп салды. Жазушылар одағының атынан әкелген құттықтау хат оқылып, зерделі шапан жабылды. Сол бір сәт мәңгі есінен кетер ме екен. Жұртымен бірге тойланған қуаныш. Небір керемет сөйлеген сөздер. Қошаметші – қара орман жұрты. Ех, дүние-ай! Сол бір суын ішіп, отын оттаған, бозшағыр аспаны, қоламтадай қалтыраған жұлдыздары бар ауылын тастап, Алматыға көшем деп ойлады ма? Аспанды алақандай, жерді тебінгідей еткен қамшы жыл жетті. Мұндайда жаныңа сен, жақының болса, тәубе. Жоққа көнген, барды көтерген жақсы-ау. Желіге жалғыз сауын бітсе тоқтыққа жаритын жалқау жұрт тіріле бастады. Алғашында тістің қанқұрты қызғандай кіржиген көңілі сынық көл ит басына іркіт төгілген заманды жоқтады. Келе-келе көмпіс атанды. Елдің бәрі бірдей емес, қу бастан қуырдақ шығаратындар шықты. Өлмесең өмірем қал деп, белбеуін беліне байлап кердеңдейтін, жал біткен шенеунік дегендер келді. Ұялмаған бұйырмағаннан дәм татты. Бала қатыгез, қатын ұрысқақ, еркек еңкіш атанды. Пау, дүние-ай десеңші. Еліңде болса, ерніңе тиеді деп бекер айтылмаса керек. Қоңыр тіршілік жөнделе бастағандай. «Еңбек етсең ерінбей» десті. Жұрт бір нәрсеге қуанды. Ол шылбырының басқаның қолында болмайтындығы тәуелсізбіз деді. Көптің бірі Шаймұрат та елден қалсын ба? Күні кеше «еңіреуден екі аты келетін» ұлдары көпке ілесті. Қас-қағым сәтте жүйірік жылың, апта толған айың көз алдыңнан ұшқан құстай өте шығады екен. Сәкеңді де көрмегеніне алты айдың жүзі болыпты. Зейнетке шыққан соң жүріп-тұруың қиын. Күнде елге сәлеміңді беруге ерінбейтін ауыл емес. Бетпақ уақыт жеңді, бейбақ көп. Обалы қайсы, екі қолы алдына сыймай жүргенде, әлдебір шетелден келген қандастарға арналған «Елім» деген басылымға тілші атанды. Зырылдап уақыт өтіп жатыр. Біреуден кейін, біреуден ілгері. Қанша бір қиындық көрсе де, қазақтың қалжауырына байланған «көппен көрген ұлы той» деді. Тәубешіл боп алды. Зейнетақы көбейді деді. Жатып қуансын. Он күн өтпей иініне су кеткендей күй кешті. Азық-түліктің бағасы аспандап шыға келді. Көлікке отырсаң кнешкеңді көрсет, қашанғы тегін жүре бересің деді. Көнді. Балалар жұмысбасты. Мереке сайын оны-мұнысын алып, немерелерінің бетінен сүйгізіп қайтады. Ол да жабырқау жанға медеу екен. Ал қаламақы туралы аузыңды ашпа. Басылымның қожайынының а дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Нарықтың заңы бұлтартпайтын прокурор. Біреуге солай, біреуге былай. «Қуды қу, шұқанақты су табады. Бұған не дерсің. Баяғыда бір аталары «Ойпыр-ай, мелицаны да соттайды екен ғой» деп таңданыпты. Ал қазір министрің де темір тордың арғы жағына жетіп барады. Сылтауы – баяғы ішетін ауыз... Топыраққа ғана тоятын көз... Кенет есін жиып алды. Иә, Сәкен ағасы үстіне келіп қалыпты. Қарсы алдынан шықты. Міне, қазір күлімсіреп... Жо.. жоқ. Анық сол жан ба? Айдың, күннің аманында осыншама өзгеріп шыға келген бе? Жанарына сіңіп қалған көрініс келмес­ке кеткендей. Қыр мұрын, киік танау, сопақша бет, сүйір иек. Ойпыр-ау, аппақ жүзі құла тартып, қан жүгіргенін, қашқанын ажырату қиын ғой. Жанары бәсең, жағы қусырылыпты. Сүйкімді реңі салқын лепке айналып, түс-әлпеті басқаша. Жүзін мұнар шалыпты. Пышақ қырындай жұқарған жақ. Пау, не дерсің, естіген құлаққа жазық жоқ, ауырып жүр деп еді. Мынандай өзгереді деп кім ойлаған. Әйтпесе, күнде демесе де, аптасына бір рет саулық тілеп, кіріп шығар еді ғой. Жүрегін мәлі мысық тырнап алғандай дір етті. Аяғын баса алсашы. – Ассалаумағалейкум, аға, – деді. – Әліксалам! Үні біртүрлі қарлығыңқырып, әлсіз шықты. – Ағасы-ау, жаным-ау. Не боп кеткенсіз. Жазығыңыз қайсы Құдайға. Адам танымастай азып, шөгіп кетіпсіз ғой, аға! Сәкең жалт бұрылды. Шаймұрат орнында қалшиып тұрып қалған. Кенет тамағына түкірік жүгірді. «Әй, Қожанасыр, аузыңнан шыққан бір ауыз сөзіңе ие бола алмаған, албасты». «Сүйікті ағаның жанын жаралап не көрінді саған» деп күңкілдеді. Бұрылып алып, ағасының артынан жүгірді. Мәшинесіне мініп үлгеріпті. Мінезі бір ұрт, қайтпайтыны анық еді. Үйіне барды, қабылдамады. Жайына жетті, маңайлатпады. Телефон шалды, алмады. Сәкең ағасы үш айдан соң өмірден озды. – Бұл дүниеге келген пенденің алдамшы дүниеге аяғын шалдырмай өткен бірде-бірі жоқ қой. Ал сен ше, бір ауыз сөздің құнын білмей, жазушымын деп жүрсің. Сөйтіп те адамды жақсы көре ме екен, көрсоқыр, пенде, – деп өзін-өзі кінәлаудан жазған емес. Сол бір ауыз сөз өмір бойғы өкініші болып қалмасына не дерсің...

Шәкен Күмісбайұлы

7889 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8768

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7063

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4807

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4193

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4155

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4116

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3846

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3846

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы