• Әдебиет
  • 15 Маусым, 2011

«Әйелдің даналығын сенен ұқтым...»

Тек кейін қанық болдым мен өзіңе, Бас ұрдым кісілікке, мінезіңе. Мың шүкір, миллион шүкір, қабыл алдым, Бақыт деп басқа қонған мұны өзіме. Дүниеде өзің екен деген мықтым, Ықпасам махаббаттан, неден ықтым? Не ғалым, не қайраткер болмасаң да, Әйелдің даналығын сенен ұқтым. Авторы, өкінішке қарай, белгісіз бұл өлең жолдары ойымды дөп басып қана қоймай, сонымен қатар менің ертеңіме бірге елеңдеп, сенетін ертегіме бірге сеніп жүрген мен үшін ерекше жанға арнап осы дүниені жазуға түрткі болды. Шынын айту керек, тағдыр қосқан жарымыз тұрғысында жылы лебіз білдіру көбінесе оның туған күнінің, сондай-ақ әйелдер мерекесінің еншісіне байланып, өзге уақытта бейқам жүретініміз рас. Содан да болар, ең жақын деген адамыңа қымбат та ыстық сезімімізді біздер көбінесе сыртқа шығара бермейміз. Осы ретте халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтай абыз ақсақалымыздың өмірінің соңғы күніне дейін өзінің жары Халимаға сүйіспеншілігін, махаббат симфониясын барынша жырлап өткені – бәрімізге үлгі болатындай дүние. Мұндай дәстүрдің «Әулие Валентин күні», «Татьяна күні» тәрізді біздің салт-дәстүрімізге үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын мерекесымақтың орнына өскелең ұрпақты анасын ардақтап, аруларын мәпелейтін ұлттық нақышта тәрбиелеуге де игі әсері болары анық. Сондықтан үйіміздің сәні, тірлігіміздің мәні, сүйікті балаларымның анасы Төкен Әмзеқызы туралы толғанысымның бір парасын оқырмандардың назарына ұсынғанды жөн көріп отырмын. Бір шаңырақ астында ғасырдың үштен біріндей уақыт бірге өмір сүріп жатқанымызбен, екеуміздің бір-бірімізді білетінімізге елу жылдың жүзіне айналыпты. Төкенді ең алғаш Қарағанды облысына қарасты Жезді кентіндегі 8 жылдық мектеп-интернатта оқып жүргенде көрдім. Мен мұнда көпбалалы отбасына көмек ретінде берілетін шартпен орналассам, ол ауылға бөлінетін квота арқылы келіпті. Бұл өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының орта шамасына таман кез еді. Сол жылы ол да, мен де бесінші сыныпқа бардық. Бірақ ол қатарлас сыныпта оқыды. Дегенмен менің есімде Төкен өзінің тым нәзіктігімен ғана емес, әдемі ән салатынымен, ерекше зеректігімен сақталып қалыпты. Әсіресе, оның математиканы әдеби кітап оқығандай судырататыны бәрімізді таңғалдыратын. Өз кезегінде ол: «балалар оп-оңай есептерді қалай шығара алмайды» деп таңғалады екен. Мұның алдында ғана «Қарабұлақ» деген шағын ауылда сабақтары бірде өтіп, бірде өтпей жататын төрт кластық мектепті бітірген Төкеннің бұл қабілетін тек оның табиғи дарындылығымен түсіндіруге болатын шығар. Иә, кез келген жанның бойында табиғат берген ерекше дарын болатынын ғалымдар дәлелдеп отыр. Ең бастысы, сол қабілет-дарынның өркен жаюы тер төккенде ғана мүмкін болатындығын ұмытпаған жөн. Төкен сөйтіп өзінің ізденімпаздығының арқасында кейін де математикаға келгенде алдына жан салмай, Жездідегі орта мектепті жақсы үлгерімде бітірді және сонысы үшін жүздеген оқушылардың ішінен сүйікті ұстазы әрі сынып жетекшісі Шәрипа Жүнісованың ерекше ілтипатына ілініп, сол аяулы кісінің ақылымен экономист мамандығын игеруге бел байлады. Солай, кәусар сезім мен мөлдір үміт арқалаған он алты жасқа толар-толмас арманшыл бойжеткен Қарағанды қаласына келіп, осындағы политехникалық институттың студенті атанып үлгерді және осы жоғары оқу орнын «азаматтық құрылыс саласының экономисі» мамандығы бойынша ойдағыдай бітіріп те шықты. Қазір байқасам, екеуміздің өмір жолымыз ылғи қатар өрбіп отырыпты. Төкеннің үй-іші Жездіге көшіп келгеннен кейін, кенттің шеткері жағындағы «Мостовая» деген ауылда қонысымыз бір болды. Қозы-лаққа, бұзауға қарап, қойдың кезегіне барып, ара-арасында ойын-сауықпен қатар тентектікке де бой ұратын ұлдарға тән қылықтарға ден қойып мен, ал үйінің шаруаларын мұқият жайлас­тыра жүріп ол, осы ауылда бірге ержеттік. Әлгінде айтқандай, мектеп-интернатта, орта мектепте қатарлас оқыдық және бұл үрдіс алдымен политехникалық институтта, сәл кейін Жезді автокөлік кәсіпорнында өзінің жалғасын тапты. Бір атап өтерлігі, біз осы жылдары тек сыйластық қарым-қатынаста болдық. Біздің жақын араласуымызға кәсіпорындағы бірге жұмыс істегеніміз сеп болды. Мен аға инженер, ал ол жоспарлау бөлімінің бастығы ретінде көптеген өндірістік мәселелер төңірегінде пікір алмасып жүрдік, осы мекеменің қоғамдық жұмысын атқаруда бірлесе күш салдық, сонымен бірге аудан көлемінде ұйымдастырылатын іс-шараларға да бірге қатысатын болдық. Сонда сабырлы мінезімен, терең ойымен әдеппен сөйлеп, кез келген жанның жүрегіне жол тауып, маңайына үнемі шуақ шаша күлімдеп жүретін Төкен іске келгенде қашанда табандылық танытатын еді. Халқымыздың қыздарына қаратып тап-тұйнақтай, «қыздың жиған жүгіндей» деп риза болып жататыны тындырымды қыздарының осындай үйлесе кететін істерінен туындаса керек. Иә, Төкеннің халыққа жаппай экономикалық білім беру жөніндегі әдістемесі озық тәжірибе ретінде сол кездегі Жезқазған облысына таратылуы, сондай-ақ еңбек жолындағы бірнеше мақтаулары мен марапаттары оның күнді-күнге, түнді-түнге жалғаған тынымсыз, адал еңбегінің жемісі деуге тұрарлық. Міне, осылайша көптің көңілінен шығып, зор ризашылыққа бөленіп жүрген Төкен менің де жүрегімнің төрінен орын алды, достық сезім іңкәр сезімге ұласты, сөйтіп, қатар жүрген күндерімізді ортақ отбасына айналдырып, жеке отау болып шығумен аяқтадық. Анасының сүтімен дарыған тума талантымен қоса, қазаны оттан түспей, қонағына табақ тартатын салтынан жаза баспаған тәрбиелі ортада бой түзеген Төкен менің үйімнің, туған-туысқандарымның оңынан келгенін айтсам, «өзі жақсы кісіге әрқашанда бір кісілік орын бар» деген сөздің шындығына көзіңіз жетері анық. Бірлесіп үй болуды бастаған сәттен мен «көрінбеген көлде естімеген аққудың үні барына» сендім, нәзік жандардың рухани қазынасы сақталатын «жүрек» деп аталатын қамалдың қақпасын ашу үшін, ең алдымен, ақ ниеттің, пәк көңілдің, жан жылуының қажет екендігін білдім, қорлап тұрса да, оған жауап бермей, жайбарақат қабылдай алған адам ғана ұлы жеңіске жететінін, яғни жақсылыққа жаға жыртысып емес, жарыса жүріп жету керек екендігін ұғындым. Әрине, бәріміз пенде болғаннан кейін кемшіліктерден ада емеспіз, отбасында кейде кикілжің орын алып, шамадан асып-тасып кететін жағдайды бастан кешіп жататынымыз да шындық. Сондай кездері «Өзен тасиды, бірақ шегіне жеткенде бәрібір арнасына қайта келеді» деген Шығыс ойшылының нақыл сөзін алдымен түйсініп, әрдайым сабырлыққа, татулыққа, ынтымаққа, сыйластыққа шақырып отыратын Төкен екендігін мойындауым керек. Содан кейін мына дүниеде екінің біріне көне салмайтын «түсінік» деген ұғымның барын, сондықтан нені болсын, кімді болсын түсіне білудің өзі керемет бақыт екендігін ерекше сезінесің. Жалпы, Төкеннің әрекет-тірлігінде өзіне баурап-матап алатын, бірақ та көзге көрініп, қолға ұсталмайтын, санамен ғана сезуге болатын толағай тербелістер құдіреті жеткілікті екендігін айтқан жөн. Төкеннің менің көзімді жеткізген тағы да бір ақиқатына тоқталсам, ол – адам өмірдің желеуіне кетпей, дегеніне көнбей, арпалысып жүріп адам болады екен. Сонау бір жылдары денсаулығы сыр беріп, біршама уақыт оған емхана төсегіне таңылуға тура келді. Сол тұста оның өмірінің өзегі оптимизм болды, сөйтіп, тәуекелге сеніп, үмітке еріп, бір емес, екі рет аса күрделі операцияны басынан кешіріп, өмірге деген құштарлығын танытты. Тауқымет қыспағанда қалып қоймай, ол шыңдала жүріп, ел мүсіркейтін халден ел таңғалатын күйге бір-ақ самғап жетті. Түсіне білгенге Төкеннің үйде отырып қалмай, тәуелсіз еліміздің жаңа экономикасын қалыптастырудың бел ортасында жүруі ерлікке пара-пар дүние болатын. Айталық, республика аумағында пилоттық тәжірибе ретінде әлеуметтік медициналық сақтандыру тәртібін тұңғыш рет Жезқазған облысына енгізгенде, осы бір жаңа істің бүге-шігесіне дейін талдап, отбасылық дәрігерлік амбулаторияның экономикалық тиімділігін анықтағандардың ішінде Төкен де жүрді. Кезінде бұл бастамаға түрлі көзқарастар болғанымен, медицинаның қазіргі беталысы осы бағытқа бейімдеу келетіні құпия емес. Сонымен қатар нарық қатынастарын экономиканың шешуші буынына айналдыру бағытында Төкен Жезқазған облысының баға және монополияға қарсы саясат бойын­ша комитетінде жұмыс істеген кезінде біраз шаруаларды атқарды. Бұл саладағы іс-тәжірибесі ескеріліп, кейіннен Астанадағы Табиғи монополияларды реттеу агенттігіне қызметке шақырылды. Мұнда Төкен бас маманнан басқарма бастығы лауазымына дейін өсіп, нәтижелі де абыройлы еңбек етті, марапаттан да шет қалған жоқ. Әр істің жөнін, жоралғысын, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты жетік білетіндігімен өзінің ұжымының қадірлісі, аса құрметіне бөленген ардақты кісісіне айналды. Әрине, әйел бақыты тек қызметпен емес, «бала» бақытымен өлшенетіні тағы бар. Ол бұл бақыттан да құралақан емес. Дәл бүгінде ол – бақытты Ана, сонымен бірге Исмаил және Абдолладай кішкентай сүйкімді немерелері бар, бақытты Әже, Әсел атты бірдей есімге ие болған келіндеріне қадірлі Ене де. Ал, ұлдары Мадияр мен Саруарға үлгі болып, олардың экономикаға деген қызығушылығын туғызды әрі сол мамандықты игеруге ден қойғызды. Қазір Мадияр еліміздің Экономикалық даму және сауда министрлігі жанындағы Экономикалық зерттеулер институтында аға сарапшы болып қызмет істейді, экономика ғылымдарының кандидаты. Саруар ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітіріп және сонда оқу барысында Лондон экономикалық мектебінде нақты тәжірибеден өтіп, «Басқару ісінің магистрі» атанды. Бүгінде ол Инвестиция және экспорт жөніндегі қазақстандық ұлттық компанияда жауапты қызметте. Қызы Әйгерім әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетін «Аймақтану» саласы бойынша Таяу Шығыс елдерінің маманы ретінде бітіріп, ендігі жерде сол алған білімін әрі қарай жетілдірудің қамында жүр. «Баласы атқа шапса, анасы үйде тақымын қысады» дегендей, Төкен бар жан-тәнімен балаларының өз туған еліне адал қызмет етуін, жүрген орталарында абыройлы болуын, «сұлу үйдің түтіні де сұлу» деген нақылды есіне ұстай отырып, ұлдарының отбасының түтіндерінің түзу ұшуын, олардан тараған ұрпақтарының бақытты ғұмыр кешуін үнемі тілеп отырады, балаларына өзінің білгендерін үйретуден, қазақи тәрбие беруден бір жаңылған емес. Атақты Сенека «Алтынды – отпен, әйелдің адалдығын – алтынмен, ал ер адамның адамгершілігін әйелге деген көзқарасы бойынша сынап білуге болады» дейді. Мұны өте қажет әрі маңызды ескерту деп білемін. Сөз басында айтылғандай, ең жақын адамдарымызға біз кейде қажетті деңгейде көңіл бөле алмай қаламыз немесе оларды аялауға мұрсатымыз бола бермейді. Бұған кейін өкініш те білдіріп жатамыз. Ғұмыр деген қамшының сабындай келте өмірдің парқына жете білейік десек, бір-біріміздің қамымызды бұрынғыдан гөрі көбірек ойлайтын болайық. Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Астана

2976 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8755

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7058

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4802

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4188

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4150

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4111

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3841

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3841

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы