• Әдебиет
  • 15 Маусым, 2011

Елдің сүйіспеншілігінен артық не бар?!

Сәтін салған күні ұлтымыздың ұйысып отырған құйқалы өңірі Жамбыл облысының Сарысу ауданы мен оған іргелес қоныс тепкен Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданына жолымыз түсті. Сарысу ауданының Жайылма ауылында осыдан бес жыл бұрын Ысқақ пірәдардың мешіті ашылған еді. Осынау имандылық үйін Жайылма ауылының тумасы, даңқты актер, Ысқақ пірәдардың немересі Асанәлі Әшімов жеке қаражатына тұрғызған болатын. «Біздің ауылдың ажары, несін жасырайық, Асекең мешіт тұрғызғаннан кейін барып кірді. Ауылға барған сайын пірәдар атамыздың атын иеленген мешіттен тараған имандылық шапағына бөленіп қайтамын», – дейді Жайылманың тағы бір тумасы, белгілі қаламгер Қали Сәрсенбай. Ысқақ пірәдар кім? Жуырда жазушы Пернебай Дүйсенбиннің «Егемен Қазақстан» газетінде «Асанәлінің атасы» атты көлемді мақаласы жарық көрді. Осы аты аталған еңбекте Ысқақ пірәдардың тағдыр-талайы кеңінен баяндалған. Оны қайталап жатқанды артық көрдік. Біздің астын сызып мән бере айтпағымыз, жарықтық Ысқақ пірәдар қамшының сабындай қысқа ғұмырында қаншама азап пен тауқымет көрсе де, аузынан Алласын тастамаған аса діндар жан болыпты. Ысқақ пірәдардың кіндігінен Мәдікен, Қойшыбай, Әлжан, Әшім, Қасым атты кекілді ұлдары дүниеге келген. Тұңғышы Мәдікен 1937 жылғы қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жапа шегеді. Кейін Ақтөбе түрмесінде қайтыс болыпты. Қойшыбайы мен Әшімі кешегі Ұлы Отан соғысы деген айдар тағылған қасапты қырғыннан оралмаған. Осындай қасіретті көрсе де «қайтейін, бір Алланың ісі ғой», – деп сабырлық танытқан жарықтық пірәдардың бұл өмірмен қоштасуы да есті кісіге ой салады. 1941 жылы Жайылмадан шошқа фермасы салынады. Аспандағы жұлдызды көрмес харам хайуанның бірі қорсылдап жүріп, пірәдардың ауласына кіріп кетсе керек. Қолында құманы бар, дәрет алуға шыққан пірәдар мына сұмдыққа шыдай алмай, «ие, Жаратқан Ием, ендігәрі мұндай бассыздықты көрсетпей, аманат жаныңды тездетіп алуыңды тілеймін», – деп жалбарынса керек. Жер-дүние асты-үстіне төңкеріліп түскен сол жылдың шілдесінде Ысқақ пірәдар бұл дүниемен қоштасыпты. Енді, міне, тірісінде обал мен сауапты көбірек ойлаған Ысқақ пірәдардың туғанына 150 жыл толу мерекесіне елдің түкпір-түкпірінен меймандар молынан жиналды. Алдымен ауылдың мәдениет үйінде алыс-жақыннан келген қонақтарға басты рөлде Асанәлі Әшімов ойнаған «Сіз кімсіз, Ка мырза?» көркем фильмі көрсетілді. Осыдан екі жыл бұрын осы ауылдың тағы бір тумасы, ұлтжанды азамат, кәсіпкер Жеңіс Бөрібекұлы өзінің жеке қаржысына зәулім спорт сарайын тұрғызған екен. Осы спорт кешені кезінде Сарысу ауданы бойынша жауырыны жер иіскемеген палуан Бөрібек Тоғызақбайұлының атын иемденеді. Ысқақ пірәдардың мерейтойына байланысты қазақша күрестен аудандық біріншілік аса тартысты өтіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табыс етілді. Жиналған қонақтардың алдында сөз сөйлеген Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Төлепберген, әдебиет пен өнердің жанашыры, профессор Бекет Тұрғараев, ірі кәсіпкер Шахарбек Усмановтар осынау ас шарасының кейінгі ұрпақты имандылыққа баулу жолындағы тағылымына кеңінен тоқталды. «Дарын» жастар мемлекеттік сыйлығының лауреаты Маралтай Ыбырай жүректен шыққан жыр шумақтарын арнап, жиналғандарды бір серпілтті. Соңғы жылдар көлемінде А.Әшімовтің қаламынан бірнеше күнделік кітаптарының жарық көргені белгілі. Ол туын­дылар жөнінде республикалық басылым беттерінде жылы пікірлер білдірілді. Соңғы шыққан «Менің жанрым – күнделік» кітабын автор оқырмандарға қолтаңба қалдырып сыйлады. Сонымен қатар жергілікті саз мектебіне Асанәлі Әшімов компьютер сыйға тартты. Ертесі күні көршілес Созақ ауданының ең шалғай мекені Шу ауылындағы жаңадан бой көтерген Борсабай мешітінің ашылу салтанатына қатыстық. Рахметұлы Борсабай өз өңіріне белгілі айтулы ақылгөй адам болған деседі. Ағайынның татулығын ойлаған, халқына қалтқысыз қызмет еткен жан көрінеді. Сол бір замандағы барша қиындықты мойнымен көтеріп, еліне тіреу болған, аянбай еңбек еткен. Заманның қиындығын сабырмен көтере білген жан Кеңес өкіметінің орнауы мен елді қынадай қырған ашаршылықты, одан қалды, Созақ көтерілісінің жантүршігер сорақылықтарын көзімен көрді. Рахметұлы Борсабай Созақ ауданындағы «Қызылту» ауылдық кеңесінің төрағасы қызметін де абыроймен атқарып, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің шешімімен 1946 жылдары Созақ ауданы, Шу өңірінен екі совхоз ашуға келген Үкімет делегациясының құрамында болып, бүгінгі Жуантөбе мен Тасты ауылдарының қазығын қағыпты. Аз ғұмыр жасаса да жұрттың жұмысына ерте бастан жегілген Борсабайдың жалғызы Ергентайды Созақ өңірі дәулескер күйші Сүгірдің шәкірті деп таниды. Сүгір мен Борсабай немере ағайынды адамдар екен. Он үшке толар-толмаста Сүгірдің күйлерін орындап елге таныла бастаған Ергентайды әкесі Сүгір күйшіге алып барған деседі. «Мына балам шамасына қарамай сенің күйлеріңді тартқан болады. Тыңдап көрші», – деп Борсекең Сүгірге қолқа салыпты. Қара домбырасымен бірді-екілі күйді шерткен Ергентайдың орындаушылық шеберлігіне разы болған Сүгір Борсабайға қарап: «Мына қалқанқұлақ сары бала күй тартуға жарап қалыпты ғой», – деп шынайы ризашылығын білдіріпті. Осы Ергентай марқұмның азамат атанған ұлы Сыздықтың жеке қаржысына өзі туып-өскен Шу ауылынан жүз адам намазға жығылатындай еңселі мешітті салуы – нағыз Атымтай жомарттық еді. Реті келіп тұрғасын айта кеткеннің еш айыбы болмас, Сыздық Ергентайұлы осы жылдар аралығында талай жобаларға демеушілік жасап келеді. Мәселен, Қара Бура әулиенің Созақтағы кесенесін салуға атсалысты. Сүгір күйшінің 125 жылдық мерейтойын ел көлемінде атап өтілуіне тікелей қаржылық қолдау көрсетті. Өзінің туған өлкесі Созақ ауданынан 2 тұрғын үй салып, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға сыйға тартты. Шу ауылындағы өзі оқып бітірген Жаппас Қаламбаев атындағы орта мектептің есік-терезелерін пластикпен толықтай алмастыруға көмектесті. Шолаққорған селосындағы А.Жұбанов атындағы саз мектебінен домбыра класын ашып, оған қажетті саз аспаптарымен толық қамтамасыз етіп, микроавтобус сыйлады. Біз тек ұлтжанды кәсіпкер азаматтың атқарған қыруар шаруасының бір парасын ғана баян етіп отырмыз. Енді, міне, имандылықтың ұясы атанған мешітті жеке қаржысына салып, жерлестерін шексіз қуантып отыр. Мешіттің ашылу салтанатында сөз сөйлеген алыс-жақыннан келген қонақтардың барлығы Сыздық Ергентайұлының атқарған осынау сауапты ісі арқылы елдің алғысына бөленіп отырғандығын айтып, оған алғыс жаудырды. Созақ ауданының әкімі Берік Мейірбеков өткен наурыз айында «Атымтай жомарт» атанған Сыздық Ергентайұлына аудандық мәслихаттың шешімімен «Созақ ауданының Құрметті азаматы» атағы берілгендігін айтып, текті азаматтың мерейін одан сайын асырды. Алланың үйінің ашылу салтанатынан кейін аруақтарға Құран бағышталып, қонақтарға тәбәрік тартылды. Сыздық Борсабаевтың демеушілігімен күрделі жөндеуден өткен ауылдағы мәдениет үйінде жергілікті өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты. Адалынан тапқанын елмен бөлісетін, жетім-жесірге хал-қадерінше қарасатын мәрт азаматты халқымыз қашаннан қастер тұтып, төбесіне көтерген. Алты Алаштың мақтанышына айналған Асанәлі Әшімов пен ірі кәсіпкер Сыздық Борсабаевтың болмыс-бітімдерінен адалдықтың иісі аңқитын жерлестерімен әр кездесулері шынайылығымен есте қалды. Атқа отырған азамат үшін елдің риясыз сүйіспеншілігінен артық қандай құрмет бар дейсің. Сарысу мен Созақ сапарынан осы жайтты көңілге мықтап түйдік. Кенжебек Тұманбайұлы Жамбыл – Оңтүстік Қазақстан облыстары

3766 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8752

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7056

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4800

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4186

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4148

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4109

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3839

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3839

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы