• Тұлға
  • 13 Шілде, 2011

Өнегелі өмір

d182d18bd0bdd18bd188d0bfd0b0d0b5d0b2-d0bcҚазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері, сондай-ақ қазақ әдебиетінің шежіресін жазуды бір кісідей-ақ қолға алған Алаштың аяулы ұлы Мұхамеджан Тынышпаевтың ұлы Дәулет Шейх-Әли атамен жолығып, әңгімелесу үшін Қазақстан-Британ техникалық университетіне арнайы іздеп бардық. Жасы сексеннен асқан атайдың қимылы ширақ көрінеді. Студенті диплом қорғап, өзі болса соған риза кейіпте тұрған кезінде бірнеше сауал қойып үлгердік. –Мен дүниеге келген кезде әкем түрмеде отырған екен. Осыдан соң бізді Воронеж облысына жер аударды. Сол жақта 4 жылдай болдық. Әкем өте қиын жағдайда күн кешті. Анам болса қолда бар заттарын сатып, азық-ауқатты әзер тауып жүріпті, – деп ғалым қария өткен шақ жайлы айта бастады. –Жер аудару мерзімі бітіп, әкесі екінші рет тұтқындалған соң мен анаммен бірге Уфа қаласына көшіп кеттік. Орта мектепті аяқтап, мұнай институтын бітірдім. Ғылыми-зерттеу институтына жұмысқа орналастым. Өз алдыма тақырып алып, 10 жыл уақыт бойы зерттеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін 1964 жылы И.М.Губкин атындағы Мәскеу мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтында «Мұнай және газ кеніштерін игеру» мамандығы бойын­ша кандидаттық диссертацияны сәтті қорғап шықтым. Ғылыми жұмысымның айтарлықтай табыс­ты болғаны соншалық, сол жылы жарияланған байқауда жеңімпаз атанып, Уфа мұнай ғылыми-зерттеу институтының қойнаудағы мұнай және газ зертханасының жетекшісі болып тағайындалдым. Осы жерде 18 жыл тұрақты еңбек етіп, ғылыми жұмыстарды одан әрі жалғастыруға мүмкіндік туды. Иә, 1983 жылы Дәулет Мұ­хамеджанұлының бастамасымен қойнау және қойнаудағы газ іспетті сұйық магма құрамдарының коллекторлық қасиеттерін зерттеу бойынша ғылыми-зерттеу бөлімі ашылады. Сөйтіп, осы бөлімге жетекші болып барған ол 2001 жылға дейін тағы да 18 жыл бір орында табан аудармай еңбек етеді. Құрамында 6 тәжірибелік зертханасы бар бұл бөлімде орындалған зерттеу жұмыстарының нәтижелері іздеу және барлау геологиясы, геология кәсіпшілігі, мұнай және газ өндіру мен дайындау, кеніштерді игеруді жобалау мен сараптау сияқты ғылыми-зерттеу жұмыстары орындалады екен. Осылайша ғылыми жұмыстардан бір сәтке де қол үзбеген Дәулет Мұхамеджанұлы «Қойнаудағы мұнайды зерттеудің және мұнай кеніштерін игеру үдерісінде сапалық өзгерістерді болжаудың ғылыми-методи­калық негіз­дері» деген тақырып­та док­торлық диссертациясын да қорғап шығады. Тектілік қасиет қашанда өршіл. Тағдыр тауқыметіне байланысты еңбекке ерте араласып, тұрмыстың ащы-тұщысын көп көргендіктен болар, жастайынан бойында белсенділіктің ұшқыны байқалды. Содан да болар, 13 жасар кезінде-ақ ол теміржолшылардың балалары тынығатын санаторийде пионерлер дружинасы штабының бастығы болып сайланады. Сол жылы республикалық балалар техника­лық станциясының жұмысы жөнінде радиодан сөйлейді. Институтта оқып жүргенде шахмат клубының төрағасы болып сайланады. Осыған орай спорт дәрежелері берілетін көптеген сайыстар ұйымдастырады. Өзі еңбек еткен ғылыми-зерттеу институтында комсомол ұйымының хатшысы, кәсіподақ бюросы­ның төрағасы болып, радио үйірмесін басқарады. Тіпті Башқұртстан Рес­публикасы комсомол комитетінің жас мұнайшылармен жұмыста штат­тан тыс нұсқаушысы, Уфа қаласындағы аудандық сот­та халық атынан сайланған қос­шы би де болыпты. Кезінде 15 жыл бойы КСРО Мұнай министрлігінің мұнай мен газды зерттеу мәселелері бойынша методикалық кеңе­сінің мүшесі болып сайланған. 35 жыл бойы өзі бітірген инсти­туттағы Ғылыми кеңес пен диссертациялық методикалық кеңестің, ал 1998 жылдан докторлық қорғау бойынша Диссертациялық кеңестің мүшесі. Ол – 150-ден аса ғылыми еңбектер мен авторлық куәліктердің иесі. 1999 жылы Алматыға түпкілікті қоныс аударады. Қазіргі кезде Дәулет Шейх-Әли – ҚБТУ-дың мұнай-газ инженериясы кафедрасының профессоры. Осыған қоса мұнай-газ саласындағы математикалық зерттеулер жасайтын ғылыми-зерттеу зертханасы жетекшісінің орынбасары қызметін атқарып келеді. Еліміздегі ірі оқу орындары ҚБТУ мен ҚазҰТУ-дың докторлық қорғау бойынша Бірлескен диссертациялық кеңесінің мүшесі. –1970 жылы әкемнің аяулы есімін ақтап алдым. Қызыл империя жүргізген сойқан саясаттың салдарынан «халық жауы» атанған аяулы жанның адал аты тарихтан ойып тұрып өз орнын алды, – деді Дәулет атай фотосуреттерді алдымызға жа­йып салып. – Әкемнің бірінші әйелі Шахизададан – Бибісара, екінші әйелі Гүлбахрамнан – Ескендір, Фатима, Дина, үшінші әйелі Әзиза Чалымбековадан – Еңлік деген балалары болған екен. Ол үшін әкемді еш жазғыра алмаймын. Үнемі қуғын-сүргінде жүргендіктен және заманның қысымын көргендіктен балаларымен бірге бақытты өмір сүре алмағаны өкінішті-ақ. Аналары балаларына әкелерінің кім екенін айтудан қорыққан уақытқа не шара? Қазақстан-Британ техни­ка­лық университетінің мұ­най-газ инженериясы кафед­расының профессоры Дәулет атай осыны айтқанда қатты толқыды. Сірә, қилы заманның қиын кезеңдері еске түсіп, бір сәт қиналып қалғанын іштей сездік. Шырмауы көп халық шежіресінің шындығын әрі-бері қаузауға дәтіміз бармағаны сондықтан еді. «Үкіметтің нені көздеп отырғаны түсінікті, қазақтарды дербес ұлт ре­тін­де жою және бүкіл өлке­­ні орыс­тандыру, қазақтарды қауқар­сыз тобырға айналдырып, ежел­гі атақонысынан айыру. Қан­дай қанқұйлы, зымиян мақ­сат!» (М.Тынышпаевтың Санкт-Петер­бургтегі теміржол кө­лігі институтында оқып жүр­ген­де, яғни 1905 жылы 19 қара­шада өткен автономшылар одағының бірінші съезінде жасаған баяндамасынан). Айдаудан соң 1937 жылдың қараша айында М.Тынышпаев қай­та­дан тұтқынға алынады. Содан соң көп ұзамай «халық жауы» деген айыппен ату жазасына кесіледі. Шын­дығына келгенде, бұның қате пі­кір екеніне баршамыздың көзіміз жет­ті. Ол: «Мен халқымды керемет сүйе­тін едім. Ал сендер мені ұлтшыл дейсіңдер», – деп Кеңес үкіметіне соңғы хатын жазып кетіпті. Бірнеше теміржол­шы­лар­дың, мұнай өнеркәсібінің медальдарын бір кездері иеленген Дәулет атайдың көңілін басқа арнаға бұру мақсатымен үй іші жағдайын сұрай бастадық. – Әйелім Ренара Абдол­ла­қы­зы екеуміз ұл мен қыз өсіріп, тәрбие­ледік. Асқар Уфа авиация институтын бітір­ген, физика-математика ғы­лым­­дарының кандидаты. Қазір мен еңбек ететін институтта қыз­мет атқарады. Қызым Адельдің маман­дығы – дәрігер. Жиенім Майя бой­жетіп қалды. Немерелерім Маргари­та мен Артур – мектептің үздік оқушылары. Алаш арысының ғалым ұлының айтары мол екен. Үнемі тарихшылармен тығыз араласып тұратындығынан хабардар болдық. Көкірегі алтын сандық қариямен қоштасып тұрып, оның көзінен әлдеқандай мұңды көрдік. Кім біледі, ол, бәлкім, әкеге деген мәңгілік сағыныш болар... Нұрлан ҚҰМАР

7791 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6259

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5736

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3476

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2858

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2820

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2799

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2529

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2514

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы