• Тіл
  • 13 Шілде, 2011

Ел мерейін өсірер өз тіліміз

00001Өткен аптада Алматыдағы Достық үйінде ҚР Мәдениет вице-министрі Ғазиз Телебаевтың төрағалығымен 2001-2010 жылдар арасында тілдерді қолдану мен дамыту бағытында атқарылған жұмыстардың қорытындысы талқыланған алқалы жиын өтті. Аталған жиынға Білім және ғылым министрлігінен, облыстық тілдерді дамыту басқармаларының бастықтары мен белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысты. Бұл басқосуда тілдерді қолдану мен дамыту бағытында өткен онжылдықта атқарылған істер сарапталып, оны орындау барысында орын алған кемшіліктер айтылды. Бұдан бөлек мемлекеттік тілдің мәртебесіне, тіл төңірегіндегі түрлі түйткілдерге қатысты мәселелер де жан-жақты талқыланды. Алғаш сөз алғандардың бірі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы тіл мәселелеріне тоқталып, мемлекеттік тіл туралы заң қабылданбай бұл бағыттағы шаруаларымыздың оңалмайтынын еске салды. Одан кейін сөз алғандар да «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заңның қажеттігі, жексенбілік мектептердің маңыздылығы, қазақ тілі пәнінің негізгі пән деңгейіне көтерілуі, мемлекеттік құзырлы органдардың қазақша іс жүргізуі, тағы басқа өзекті мәселелерді батыл айтып, өзара пікір алмасты.  Айдос Сарым, Алтынбек Сәрсенбаев атындағы қордың жетекшісі: «Бұған дейін мемлекеттік жоғары органдар істі қай тілде жүргізеді? Олардың бұл тұрғыда жауапкершілігі қандай? Еліміздегі ақпарат кеңістігі қай тілде хабар таратады? Ол қаншалықты халықтың сұранысын қанағаттандырып отыр?» деген сауалдар туындағаны рас. Президентіміз он жылдың ішінде халықтың 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі керек деген мақсат қойды. «Бұдан кейін елдегі негізгі тіл – қазақ тілі бола тұра өзге тілді өркендетуге, дамытуға қаншалықты тиімді?» деген мәселенің туын­дауы заңды. Керісінше, қазақ тілін қажетсіну арта түсуі тиіс. Оған қоса шешілмей келе жатқан бір мәселе – мемлекеттік органдардағы мемлекеттік тіл. Мәселен, біздің елімізде мемлекеттік тілді меңгермеген адам президент бола алмайды. Ал енді түрлі құзырлы органдарға да осындай талап қойылса ше? Сонда мемлекеттік тілді меңгермеген депутат болмаушы еді... Өйткені оларға хабарласатындардың дені – қазақтілді тұрғындар. Бағдарламада бұл сұраққа да жа­уап жоқ. Ал 2020 жылға қарай халықтың 90 пайызы орыс тілін білуі керек деген тұжырым тіпті түсініксіз. Ең өкініштісі, меніңше, жоғары билік қатарында мемлекеттік тілдің толық қолданылуын қалайтын ынталы азаматтар жоқ! Сондықтан да жаңа заң қажет. Ол – Тіл туралы емес, Мемлекеттік тіл туралы заң болуы тиіс! Сондай-ақ тағы бір мәселе – ісқағаздарын қазақ тіліне көшіру аясында болып отыр. Өткен он жылдағы бағдарламаның басты кемшілігі – ол компромистік бағдарлама болды. Ерекшелігі – аймақтар мен министрліктердің кезең-кезеңмен мемлекеттік тілге көшу бойынша анық белгіленген нақты мерзімі көрсетілген еді. Жаңа бағдарламада, өкінішке қарай, ол жоқ. Мәселен, қазағы қалыңдау өңірлер мемлекеттік тілге алғашқылардың сапында көшкені анық. Алайда жергілікті билік бағынатын жоғарғы құзырлы органдар мемлекеттік тілге кештеу көшкен я әлі көшпеген аймақта орналасқанын сылтауратып, қатынас қағаздарын орысша жазуды талап етеді. Бұл бүгінгі белгілі жағдайдың біріне айналды. Сөз алғандардың ішінде облыстық Тілдерді дамыту басқармаларының басшылары да болды. Соның бірі Шығыс Қазақстан облысы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Манарбек Мұхамеджанов Өскемен өңіріндегі тіл төңірегіндегі түйткілдерді батыл айтып, тағы бір өзекті мәселені атап өтті. Ол: «Қазіргі «Тіл туралы» Заңның солқылдақтығынан барлық облыстағы Тілдерді дамыту басқармалары зардап шегіп отыр десем, қателескендік емес шығар. Біздің қазіргі жағдайымыз «түйенің үстінде отырып сирақ үйіткендейге» келеді. Тілдерді дамыту басқармаларының құзырында көп дүние қамтылмаған. Соның салдарынан кейбір тіліміздің қадір-қасиетін қашырған жайттарды, осы бағыттағы олқылықтарды, тіпті үлкен қателіктерді көре тұра оларға тісіміз батпайды. Бізде ондай құзырет жоқ. Олар да бізден жасқанбайды. 2005 жылы біз Өскеменнің тарихында тұңғыш рет мемлекеттік тілде жиын өткіздік. Сол кезде басшылардан бастап, қосшыларға дейін: «Бұл не деген сұмдық? Қалай жиналысты қазақша өткізесіңдер? Бұл – орыс тілін шеттету емес пе?» деген сөздер болған. Қазір де әр күні әртүрлі деңгейде көптеген жиналыстар өтеді. Оларға қатысатындардың 90 пайыздан астамы – қазақтар. Бірақ жиналыс бәрібір орыс тілінде өтеді. Жақында бір азамат: «Осы сіздер жиналысты қазақша өткізсеңіздер болмай ма, кімнен қорқасыздар?» деп сұрады. Мен не дерімді білмей қалдым. Өйткені бұл – өте нәзік әрі қиын сұрақ, шынында да, тәуелсіз ел болып отырып, кімнен қорқатынымызды білмейміз» деп ашып айтты. Ал «Алаш үні» қоғамдық бірлестіктер одағының құрметті төрағасы, медицина және педагогика ғылымдарының докторы Советхан Ғаббас: – Біз «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» талқылау үшін үш рет дөңгелек үстел ұйымдастырдық. Сөйтіп, балама бағдарлама жасадық. Ол не үшін жасалды? Өйткені біздің Конституциямызда, заңдарымызда сәйкессіздіктер көп. Оларды түзету мақсатында біз мынадай негізгі ұсыныстар енгіздік. Бірінші, мемлекеттің біртұтастығы сақталуы үшін мемлекеттік тіл шешуші рөл атқаруы қажет. Ол үшін Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабындағы 2 және 3-тармақтар өзгертілуі тиіс. Сөйтіп, «барлық деңгейде ісқағаздары мемлекеттік тілде жүр­гізіледі, мемлекеттік тілге басқа ешқандай тіл теңестірілмейді» деген норма енгізілуі керек. Екінші, барлық салада мемлекеттік тілге қажеттілік тудыру қатаң талап етілуі тиіс. Бағдарламадағы «орыс тілінің функция­сын сақтау» деген міндет – тәуелсіздік концепциясына қарсы. Үшінші, мемлекеттік жүйедегі ісқағаздарды тәржімелейтін қолдан жасалған аудармашылық институты жойылуы тиіс. Конституцияда ондай норма жоқ. Төртіншіден, бағдарламаны іске асыруды қадағалайтын Тіл полициясы құрылуы қажет. Бесіншіден, өзге тілдерде білім беретін барлық мектептерде 2012 жылдың қыркүйегінен бастап, негізгі пәндердің барлығы мемлекеттік тілде оқытылуы тиіс. Осындай жолмен ғана Қазақстан жас­тары бір тілде сөйлеп, нағыз достық пен отаншылдық рухында тәрбиеленетін болады. Алтыншыдан, жаңа Тіл заңы қабылдануы керек. Өйткені қолданыстағы Тіл заңы қабылданғалы Конституция бірнеше рет өзгерді. Қазіргі заң бүгінгі өмір талаптарына жауап бермейді. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тіл мәселесіне ерекше мән бере отырып, өзі қатысқан жиын-кеңес­тердің бәрінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру қажеттігі туралы үнемі айтып келеді. Биылғы Жолдауында да Мемлекет басшысы қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту бойынша жақын он жылдағы міндеттерді айқындап берді. Елбасы тапсырмасына орай, 2017 жылға Қазақстан халқының 80 пайызы, 2020 жылға қарай 95 пайызы қазақ тілін игеруі тиіс. Ал алдағы он жылда мектеп түлектерінің 100 пайызы мемлекеттік тіл­де еркін сөйлеуі керек. Алғашқы сынып­тардан оқымай, мемлекеттік тілді жетік меңгерудің оңай болмайтынын әркім де мойындайтын шығар!» деп ойын жеткізді. Бұл жиында тіл турасында өзекті мәселелерді өткір қойған Мұхтар Шаханов пен Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразгүл Асанова ханым да бар. Оразгүл Асанғазықызы тіл мәселесінің шешілмеуіне, осы бағыттағы істердің баяу жүруіне себепкер құзырлы органдар мен министрліктерге сын айтты. Сондай-ақ тіл тағдыры талқыға түскен жиындарға министрлердің өздері мүлде келмейтінін, соңғы он жылда еш министрлік, еш облыстық басқарма тіл аясында атқарылған істер туралы есеп бермей келе жатқанын қадап айтты. Ақын Марфуға Айтхожина: «Тибет халқында «Тау қанша биік болса да күн астында, адам қанша биік болса да заң астында» деген сөз бар. Сондықтан бізге мемлекеттік тіл туралы заң керек! Ал оның талаптары баршаға бірдей болуы қажет. Оның алдында ханнан қараға дейін бәрі тең. Біз осыған келуіміз керек!» деп ой қорытты. Бұл алқалы жиынның айтпағы да осы болды. Д.ІЗТІЛЕУ

3640 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6333

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5777

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3517

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2899

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2860

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2840

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2570

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2555

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы