• Әдебиет
  • 04 Тамыз, 2011

Доссор

d0bdd0b5d182d0b0d0bbd0b8d0b5d0b21 Автордан: Бұл поэманың жазылғанына жарты ғасыр, яғни ердің жасы – 50 жыл толды. Ол кезде мен Атырау облысының Мақат аудандық «Социалистік Ембі» (қазіргі «Мұнайшы») газетінде істейтінмін. Аудан орталығы – Доссор кен орнының ашылғанына 50 жыл толуына орай облыстық «Коммунистік еңбек» газеті аяқастынан үздік шығармаларға бәйге жариялады. Мен осы поэмамен қатыстым. Бірінші бәйгені кім алғанын білмеймін, прозалық шығарма болса керек, маған екінші бәйге берілді. Сонымен «Доссордың» бағы ашылып, аудандық және облыстық газеттерде жариялана бастады да, сәл кейіндеу 1961 жылдың жазында «Жұлдыз» журналының бас редакторы Жұбан аға Молдағалиев сұратып алдырып, журналдың 7-ші санына шығарып жіберді. Міне, енді Ембі мұнайының атасы атанған Доссор кентінің құрылғанына биыл табаны күректей 100 жыл, яғни бір ғасыр толып отыр. Сол бір алыста қалған жастық кезеңім есіме түсті де, Атыраудың ардагер мұнайшыларын жүз жылдық мерейтойларымен қызу құттықтай отырып, осынау поэманы қайталап, халық назарына ұсынуды жөн санадым. І Жем қайда?.. Сағыз қайда?.. – кешегі бір, Көмкеріп кең жазықты өседі гүл. Доссорды қолдан құрған қариялар: «Кіндігі қара алтынның!» – деседі бұл. Бір кезде аталса да «Мұнайлы» деп, Сол аты әр адамға ұнайды бек! Ала шаң желмен ұйтқып соқса-дағы, Айтар ем топырағын – шұрайлы! – деп. Бұл өлке тарихтан аян маған, Халықты хандар билеп, Бай алдаған... Сонда да енжар дала сырын ашып, Ол кезде ұйқысынан оянбаған... Жайықтың жеткізбейтін Жемге арасы, Білген жоқ оның сырын бел баласы. Жабырқау жалшы үніне селт етпейтін, Қошқар мен Қосшағылдың кең даласы. Көздеді тірлік үшін жарлы амалын, Ерте-кеш сықырлатып арбаларын – Жегіп ап қоспағына ығыр болған, Белінде изеңдейтін сар даланың. – Жол болсын! – Әлей болсын! Тұз қат маған, – Ал өзің? – Тары-талқан іздеп барам... Кедейлер қауқылдасып жатса-дағы, Меңіреу, мылқау дала міз бақпаған. Байбақты – әулие деп түней келіп, Кететін надан халық үрейге еріп. Әйелдер «Тасқұдыққа» суға барған, От көріп қайтады екен үрейленіп. Қара жол жалдан асып бұраңдаған, Өзінен өзгеге сыр шығармаған... Белгісін қара алтынның, әйел тұрмақ, Еркегі бұл өлкенің ұға алмаған! Еңбек пе? – Қаратпады ол күн-түніне, Ұмытты онда қазақ күлкіні де! Қолдарын темір қарып қалтырады, Мұз қатып қастары мен кірпігіне. О заман, тайған заман бағы көптен, Атамыз байдың малын бағып өткен. Шешеміз жаяу-жалпы су тасыған – «Білеулі», «Ашықұдық», «Жәнібектен» ... Күйдірген ақ дидарын жаз аптабы, Осындай қарт Ембінің қазақтары! Қос сызық маңдайына қоса біткен, Сол күннің салып кеткен азап табы. ІІ Оқырман, құр қиялды таста, кәні, Шалқысын шабытыңның жас талабы. Өткеннің шежіресі солай дейді... Бүгінгі осы арадан басталады! Доссор деп атамаймыз тек төбені, Көрінер Гурьевтен көк терегі... Бір шеті Ақ Жайықты алып жатса, О шеті – Жеммен сонау шектеледі. Әлгінде шыққан едік Ескенеден, Зырлаумен өтіп кеттік бес төбеден. Көз алмай терезеге тесілеміз: «Қандай қыз табиғатты кестелеген?!» Қараймыз жатқан алда карталарға, Толықсып тепловоз тартады алға... Мәз болып келе жатыр кемпір-шал да, Дейтұғын нақ осыны «Шайтан арба?!» Ақсақал дейді: «Мұны білмедік біз, Қараңғы тар қапаста күн көріппіз. Сауатсыз, надан халық атаныппыз, Озбырлар өтірік айтса, шын көріппіз». Жол бойы біраз жайды талқыладық, Сонда да сөз желісін сарқымадық. Кемпір-шал алма-кезек немересін Сүйеді бір-бірінен тартып алып. Ырғалтып теміржолдың тар табаны, Ыңырсып тепловоз тартады әрі... Қос сызық қырдан асып кетіп жатыр, Осы бір өрмегіндей қарт ананың?! Әлі алыс, алдымызда жер көп, демек, Ойпаңнан өрге пойыз өрлеп келед... Мұндайда жеткізбейді көрінім жер, Әркімге ұйқы ашатын ермек керек! – Ақсақал, жатқа айтсақ та бүгінгісін, Білмейміз бұл өлкенің бұрынғысын... Осыны айтсаңыз? – деп қолқалаймыз, – Қай кезде қала болып құрылды шын? Қақты ма қиял тербеп ой қанатын: «Өмір ғой, – деп бастады ол, ойланатын! Дос деген – адам аты, Мекені – сор... Доссор деп сол себептен қойған атын! Тұңғиық қапаста еді – ел кешегі, Көрмедік ол заманда кең көшені. Әр адам бақыты үшін күреспесе, Мұндай шақ өздігінен келмес еді?! Ол кезде бақыт бізге – арман еді, Кедейлер бар табысын жалға берді. Құлдық пен қасіреттің қайғы-зарын, Жас түгіл, кемпір менен шал да көрді. Патша, бай не салса да төзіп едік, Жанашыр жан болмады көзі көріп... О, балам, арғы жағын түсіне бер, Қонған жоқ бақыт құсы өзі келіп?! Өзінше болып келген дарқан бәрі, Қуылды ағылшынның балпаңдары... Орнатқан бай-манаптың құлдық торын, Жұмысшы өз қолымен талқандады! Халқымыз нұрлы күннен қуаттанып, Патшаны тақтан ұрып, құлатты анық! Өткерді сол кезеңді Баймолда мен Аққали, Ермек, Сұлташ... Жұбатқанов!» Әңгіме айта берсек, көп тағы да, Ал анау Доссорымның көк талы ма? Жарқ етті мөлдір аспан аясында – Жұлдыздай поселкенің оттары да! Тастаған тізіп моншақ қыр басына, Әлде бұл сұлу қыздың сырғасы ма? Қалмаған жер кепенің өзі түгіл, Орнында қарауытқан мұржасы да... Жайыпты көк жұлдызын жерге, тегі, Төңкеріс отқа жағып жер кепені, Орнына еңселі үйдің туын тікті – Деген ой қиялыңды тербетеді... Күн бата сонау үйлер төбедегі, Алтын күн шұғыласына бөленеді. Самал жел қиялыңды қағып алып, Доссорға сенен бұрын жөнеледі. Ғажайып күнім мынау күлімдеген, Бұл күнді теңер едің бүгін немен? Қара жер карта болса, Еліміздің – Сол тұсқа тулары да аз тігілмеген! Зырлаған болашақтың күніне еріп, Халқымыз жатыр істің гүлін егіп. Орнаса алып құрылыс бүгін кеште, Таң ата қосылады бірі келіп?! Мұнайдың ұға білсең, сырлары мол, Белгілі қыздары мен ұлдарына ол! Осылар – қара алтынның қожасы да, Осылар – төсейтұғын тұрбалы жол! Атқарса бұл жұмысты қолдан адам, Мүмкіндік қажетінше болмады оған. Автомат барлық істі атқарды да, Жүк болмай қалды өнімің тонналаған! ІІІ Жайықтың жеткізбейтін Жемге арасы, Білді енді оның сырын бел баласы! Сондағы құба жонға қанат жайып, Орнады қара алтынның кен қаласы! «Ел жаңа елу жылда» – ел есебі: «Жетібай»... «Өзен»... «Теңіз» – тел өседі... Маңғыстау мұнарасын қоссақ бұған, Доссордың қайда кетпек келешегі?! 1961 жыл Мақсұт Неталиев

9841 рет

көрсетілді

6

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8755

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7058

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4802

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4188

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4150

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4111

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3841

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3841

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы