• Әдебиет
  • 04 Тамыз, 2011

Мәдени, әдеби дамудың кейбір мәселелері

дамзат баласының жер бетінде адам болып, бақытты ғұмыр кешуі үшін екі нәрсе керек. Ол – тән азығы мен жан азығы. Тән азығы адамның тірі жан ретінде өмір сүруін қаматамасыз етеді. Тән азығына материалдық қажеттіліктерді қамтамасыз ететін азық-түлік, киім-кешек, баспана, көлік сияқты адамның күнделікті тіршілігін қамтамасыз ететіндер жатады. Бұлар адам көзбен көріп, құлақпен естіп, дәмін татып дегендей, сезім мүшелерімізбен сезіне алатын материалдық дүниелер. Ал сезім мүшелерімен емес, ішкі жанымызбен, түйсігімізбен сезінетін рухани дүние – жан азығы. Басқаша айтсақ, жан азығы – рухани құндылықтар.Рухани құндылықтардың аясы тым кең. Оған адамның адамдық санасын анықтайтын әдептілік, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік, қонақжайлылық, әділеттілік сияқты қасиеттерінен бастап, сол ұлттың ұлттық тілінде, ұлттық тұрмыс-тіршілігінде әдет-ғұрпы, салт-дәстүр ретінде жасалынған, сол халықтың қоғамдық тұрмыс-тіршілік етуіне қажетті пайдалы нәрселердің бәрі жатады. Демек, рухани қазынаның негізін білім, ғылым, өнер, әдебиет, мәдениет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, экономика т.б. құрайды. Сонда адам тән мен жаннан тұрады. Бірінен бірін айыруға болмайды. Өйткені бірінсіз бірі жоқ. Тән – жанның ұясы. Өз кезегінде жан тәннің дұрыс тіршілік жасауын, яғни адам болып өмір сүруін, күшті болуын қамтамасыз етеді. Бұл турасында Ж.Аймауытов «Адамда екі түрлі «жан» бар: біреуі – жан, біреуі – тән. «Жан» көрінбейтін «мен», көрінбесе де көрінетін «менді» («тәнді») қозғап, жүргізіп тұратын тетігі, «тән» – «жанның» қабы» (Ж.Аймауытов. Бес томдық шығармалар жинағы.Төртінші том.Алматы,1998, 10-бет) депті. Сондықтан да адам өмірінде осы екі жағын қатар алып, үйлесімді дамуын қамтамасыз етіп отырудың маңызы зор. Ал осы екеуінің арасындағы үйлесімділік бұзылса, ол адамның, одан кейін қоғамның да дамуына әсер етіп, соңы түрлі келеңсіз жағдайларға апарып соқтыруы мүмкін. Жер бетіндегі адамдардың, ұлттардың, мемлекеттердің арасында болып жатқан түрлі түсінбестіктердің, қақтығыстардың, соғыстардың түп-төркінін осы жақтан іздеу керек сияқты. Тән азығын алғашында тұрмыстық сана реттеп отырады. Әр нәрсенің шегі бар. Сол сияқты адамға да көп нәрсе керек емес. Кей адамдардың нәпсіге беріліп, дүние қуып, дүниеқоңыздыққа, нашақорлыққа, бұзақылыққа, жезөкшелікке т.б. жаман жолдарға түсіп жатады. Бұл турасында ұлы Абай «Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық – бұл нәрселердің де өлшеуі бар» (Абай. Қарасөз. А., 1993,117-бет), – депті. Мұның барлығы олардың бойында рухани азықтың жетіспеушілігінен, нәпсілік, тұрмыстық сана деңгейінде қалып қойып, қоғамдық ғылыми, ұлттық рухани сана биігіне көтерілмегендігінен. Адам неғұрлым білімді болса, саналы келсе, оның атқарған істері өзі үшін де, өзге үшін де пайдалы болмақ; ал жаман істер – көбіне нәпсі қуушылықтың, рухани тәрбиенің жетіспеушілігінің көрінісі. Сонда қандай адам, қандай ұлт жақсы болмақ? Біздіңше, ұлттық рухта, одан қалды, бүкіладамзаттық жақсы үрдістерді үйрене отырып тәрбиеленген адамның, өзінің ұлттық құндылықтарын сақтап, әлемдік өркениеттің озық үлгілерінен үйрене отырып, дамыған елдің болашағы зор. Ал бұған барар жол ұлтттық тіл, ұлттық тәрбие арқылы жүреді. Жалпы, ұлттық тіл, ұлттық тәрбие,ұлттық мәдениет ұлттық рухани құндылықтардың қайнар көзі екендігі әрдайым есте болғаны жөн. Адамның өсіп-жетілуінде тәрбиенің маңызы аса зор. Адамды, шын мәнінде, адам қылатын да – осы тәрбие. Адам қандай тәбие көрсе, солай кетеді. Адамның адамдығы да, азаматтығы да осы тәрбиеден. Әл-Фарабидің анықтауынша, тәрбиенің мақсаты – білімге негізделген этикалық, эстетикалық құндылықтарды адамның бойында дарыту. Ал М.Жұмабаев «Тәрбие, кең мағынасымен алғанда, қандай да болса бір жан иесіне тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз. Ал енді адамзат туралы айтылғанда, адамның баласын кәміл жасқа толып, өзіне-өзі қожа болғанша тиісті азық беріп, өсіру деген мағынада жүргізіледі» (М.Жұмабаев. Үш томдық шығармалары, 2, 3-том, Алматы,1996, 223-бет) дейді. Ұлтының қамын көбірек ойлаған Мағжан «Тәрбиеден мақсұт адамды һәм сол адамның ұлтын, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу, ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлт бақытты, Адамзат дүниесінің мүшесі әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты»(сонда, 224-бет), – деген екен. Демек, халықтың болашағы үшін тәрбие ісінің дұрыс жолға қойылуы аса маңызды. Әрбір ұлттың басты ерекшелігі оның осы рухани құндылықтарында, рухани жанында жатыр.Қазақтың рухани жаны – қазақтығында. Қазақты қазақ қып тұрған – оның тілі,сол тілде жасалынған рухани құндылықтар, сосын мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт дәстүрі. Ұлтымыздың өзіне ғана тән, яғни қазақты қазақ қып тұрған осы қасиеттер жоғалса, жер бетінен қазақ та өшеді. Өшпес үшін әрбір ұлт өзінің ұлттық болмысын сақтап қалу үшін оның қорғаны болатын мемлекеттігін құрады. Қазақстан да – қазақтардың қазақ болып өмір сүруін саяси, экономикалық, идеологиялық тұрғыдан қамтамасыз етіп отыратын заңды саяси құрылымы.Сол себепті де Қазақстанда барлық мәселе, мейлі, ол саяси, экономикалық, рухани болсын, қазақ ұлтының мүддесі тұрғысынан шешілуі тиіс. Кез келген мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі оның ұлттық мүдделерінің қаншалықты дәрежеде қорғалғандығына байланысты. Бұның бәрі, әрине, басқа ұлттардың есебінен емес, басқаларға пайдамыз болмаса, зиянымыз тимеуі керек. Сонымен адам өмірінде рухани құндылықтардың маңызы зор. Ал рухани құндылықтар белгілі бір халықтың ұлттық дамуымен тікелей байланысты болса, екінші жағынан, оның кемелденуінің де көрсеткіші. Рухани құндылықтарын сақтап, дамыта алған ұлттар ғана қалыпты өмір сүре алады. Сондықтан да әрбір мемлекеттің бүкіл саясаты ұлттық құндылықтарға, халықтық асқақ армандарға не­гізделген мемлекеттік идеологияны ұстанады. Сонда ғана халықтың дамуы үшін барлық мүмкіндіктер ашылып, ұлттық рухани құндылықтар салтанат құрады. Әрбір адам белгілі бір рухани құндылықтардың аясында өмір сүріп, ол өмірінің мәні мен сәніне, азаматтық ұстанымына, өмір сүру салтына айналады. Адамның бойындағы рухани құндылықтар ұлт өмірінің де негізін құрап, қоғамдық қатынастарды ретке келтіріп отырады. Қоғам өз дамуында негізінен ұлтттық, сонымен бірге бүкіл адамзаттық мәдениеттің озық үлгілеріне сүйенгенде ғана кемелдене түседі. Сондықтан да өнер, білім-ғылым, саясатта ұлттық құндылықтарға басымдық беріп отыру аса маңызды. Рухани құндылықтар адамның саналы өмірінің барлық жағын қамтиды.Оларды шартты түрде ұлттық, тарихи, саяси, этикалық, эстетикалық, т.б. деп жіктеуге болады.Әдетте бұлардың жиынтығын мәдениет деп атайды. Мәдениетті болу – кемелдіктің белгісі. Абай айтқан «толық адам» – осы кемелдіктің белгісі. Ол – өмірдегі жан-жақты білімді, парасатты, иманды адам. Заманға лайықты мәдениетті адам тәрбиелеу, сол адамдар бақытты өмір сүретін ұлттық, адамзаттық рухани құндылықтарға негізделген өркениетті қоғам орнату – арман.Бұл жерде қазақтың әлемдік өркениетке ұлттық болмысымен ғана шыға алатындығы есте болғаны жөн. Мәдени мұраның ішінде аса маңыз­дысы – әдебиет. Әдебиет – ұлттық сананың бастауы, ұлттық рухани құндылықтардың қазынасы, ұлттық өмірдің айнасы.Адамзат қоғамынан әдебиетті алып тастасаңыз, оны көзге елестету қиын.Ұлы жазушылардың шығармалары халықтың ұлттық өмірінің энциклопедиясы, үлгісі іспеттес. Шын мәніндегі үлкен жазушылар замана қысымына көнбей, туындыларында өз дәуірінің ұлттық, халықтық құндылықтармен суғарылған шынайы көркем бейнелерін жасайды; сонымен бірге бір күндік немесе бір дәуірдің ғана шындығымен шектеліп қалмай, ұлт өмірінің мәңгілік мұратын да жырлайды. Сондықтан да ұлы шығармалар сол ұлтпен бірге жасасады.Абайдың ұлылығы да осында. «Манас» жыры қырғыздардың ұлттық идеологиясы деп жарияланды. Десек те, өмірдегінің бәрі ойлағандай бола бермейді. Әр дәуірдің өз проблемасы бар. Өткен ғасырдың соңында Кеңес империясының күйреуінен кейінгі Батыста бастау алған жаһандану қазір әлемді жалмап келеді. Мұның бас­ты ерекшелігі, аз ұлттардың мәдениеті жұтылып, ұлттық рухани, материалдық құн­дылықтар талан-таражға түсуде. «Өркениеттер қақтығысы» аталған ғаламдасудың күшейіп, шарықтау шыңына шыққандығы соншалық, қазір америкалық өмір салтынан басқа ұлттардың тілдік және мәдени құндылықтары экспансияға ұшырап, қалу не қалмау мәселесі күнтәртібіне шықты. Теориялық тұрғыдан қоғамдық дамуда болмай қоймайтын құбылыс ретінде негізделіп, насихатталып, материалдық жағынан барынша қамтамасыз етіліп отырған жаһанданудың мұндай барысы әлем халықтарын ойландыра бастады. Аз ұлттар түгілі Қытай, Франция, Германия сияқты үлкен мемлекеттер ұлттық тілін, құндылықтарын сақтап қалудың қамына кірісті. Қытайда ағылшын тілді жазулардың көшеде бей-берекет көрінуіне тыйым салынды. Президент Саркози Францияға келген кез келген шетелдік өзін француз ұлтының бір бөлігі ретінде сезінуі тиіс, француздардың өз еліне келушілердің салт-дәстүрлерін құрметтейміз деп жүріп, өздерінің ұлттық мәдениеті мен дәстүрінен айырылып бара жатыр деді. Ол «Егер сен Францияда өмір сүруді қалайтын болсаң, сен сол жердің мәдениетін игеруге, сол жердің мәдениетіне біржола сіңіп кетуге, біртекті қоғамның ажырамас бөлшегіне айналуға дайын болуың керек. Ал бұған көнбейді екенсің, Францияға қонақтауға құқың жоқ... Біз осы уақытқа дейін жатжерліктердің қамын ойлап, оларға, олардың мәдениетіне жағдай жасаумен болдық, ал өзімізді көп жағдайда назардан тыс қалдырып отырыппыз. Енді олай болмайды» дегенді кесіп айтты. Бір елде көпұлтты, көпмәдениетті мемлекеттен бас тартқысы келетінін Германия канцлері Ангела Маркель (барлығымыз бір қоғамдық ортада бір-бірімізді құрметтей отырып, тең қатынаста өмір сүре аламыз деген мультмәдениеттік көзқарас қате болып шықты), Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид Кэмерон (жатжерліктер жергілікті ағылшын мәдениетін ерекше құрметтеуі керек), Испанияның бұрынғы басшысы Хосе-Мария Аснар, Австралияның экс-премьері Джон Ховард (Австралияда жүрген жатжерліктер жергілікті мәдениетке бейімделу керек. Әркім өз мәдениетін, өз ұстанымын, көзқарасын енгізгісі келеді. Жоқ, олай болмайды,әр мәдениеттің өз Отаны бар. Австралияның мемлекеттік тілі – ағылшын тілі) т.б. мәлімдеді. Түріктер батыстық мәдениетке қарсы өздерінің көне эпос­тарын, мәдени мұрасын көбірек зерттеп, бүгінгі ұрпаққа ұсыну міндетін алға қойып отыр. Түріктің Ризе қаласының тұрғындары ұлттық, адами болмысын, қарым-қатынастарын сақтап қалу үшін теледидардан, электр жарығынан бас тартқан. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Мысалдарды келтіргендегі мақсат – әлем халықтары өздерінің ұлттық рухани құндылықтарын жаңа ғаламдасу жағдайында сақтап қалуға кірісіп жатқандығына назар аудару. Нарыққа бейімделеміз деп жүріп, ұлттық болмысымызды жоғалтып бара жатқан бізге де бұл мәселелер төңірегінде ойланарлық мәселелер баршылық. Ұлт дегеніміз – тіл. Ұлттың болмысы сол тілде жасалынған рухани құндылықтардан тамыр тартады. Сон­дықтан да әрбір ұлт өзінің болашағына қажетті пайдалы дүниелерді тірнектеп жинап, көзінің қарашығындай сақтап, заманға лайықты жетілдіріп, ұрпақтан ұрпаққа мәдени мирас ретінде қалдырып отырады. Мұның бәрі, әрине, ұлттық тіл арқылы жүреді. Ұлт тілінде жасалынған рухани құндылықтар, өмір сүру амалдарын айқындайтын дін негізінде халықтың ұлттық ділі (менталитеті) қалыптасады. Ұлттық ділі мықты ел әлемдік өркениетке ілесе алады; ал әлсіз ел артта қалып, түптің түбінде ұлт ретінде жойылып, өмір сүруін тоқтатады. Сондықтан да әрбір халық өзінің тілін, дінін күшейту арқылы тамырын тарихтың тереңіне жіберу арқылы ұлттық болмысын сақтауға алдымен қам жасайды. Ұлт өміріндегі осы бір аса маңызды мәселенің дұрыс шешілуіне ғаламдасу концепциясы мүлдем қарсы. Ол «жаппай мәдениет» дегенді ұсыну арқылы ұлттық атаулының тамырына балта шапқысы келеді. Әдебиет – сөз өнері. Өнердің ұлттық сипаты анық. Жаһандану әдебиеттің басты қасиеті ұлттық сипатын жоққа шығару, жою арқылы ұлттық әдебиет атаулыны тарихтың тастандысына айналдырмақ. Мұның өзі кім-кімді болса да ойландырмай қоймайды. Сондағы Батыстың бізге ұсынып отырғаны қандай әдебиет дейсіз ғой? Ол – постмодернизм. Енді постмодернизмнің «әдеби ерекшеліктеріне» көз салалық. Постмодернизм әдеби бағыт ретінде өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Батыста пайда болды. Оның негізінде жаңа заманға лайық жаңа гуманизмге, бұрынғы классикалық антропологиялық гуманизмнен енді жаңа дәуірде адамзат баласын ғана емес, тіршілік иесі атаулы, табиғат, ғарыш, әлем атаулының барлығын қамтитын жан-жақты гуманизмге көшу керек деген ұран алынды. Жаңа заман жаңа сана-сезім, жаңа философия пайда болып, өткен тарихқа, бүгінге өмірге жаңаша көзқарастар туындады. Бұрын өмірді танып білуде бір ғана көзқарас, бір ғана бағыт үстемдік етіп келсе, постмодерн философиясы осы уақытқа дейінгі бізді қоршаған орта туралы қалыптасқан көзқарастарымыздың барлығына күмәнмен қарайды. Пост­модернизм бойынша, әлем қан­шалықты шексіз болса, оны танып білу де шексіз, сондықтан да осы уақытқа дейін өмір шындығы деп айтып келгендеріміз, білім-ғылым деп үйреніп жүргендеріміздің барлығы да – шындық емес, шындыққа жету жолындағы әрекеттер. Постмодернизм біздің әдебиет туралы түсініктеріміздің барлығын да төңкеріп тастайды. Әдебиеттану ғылымын, көркемдіктің категорияларын жоққа шығарады. Әдебиет тарихындағы үлкен ақын-жазушылардың шығармаларын бүгінгі күнге қажетсіз санайды. Сөйтіп, қоғамдық мәдени дамудағы дәстүр жалғастығын үзіп жібергісі келеді. Постмодернизм адамзат баласының ғасырлар бойы тірнектеп жинаған білім-ғылымын, жасаған өнер туындыларын рухани құндылық ретінде мойындамаумен бірге осы уақытқа дейін көркем әдебиеттің басты сипаты саналып келген өмір шындығының көркем бейнесін жасау міндетін де жоққа шығарады. Олардың ойынша, шындық өмірді бейнелеу мүмкін емес, біз өзіміздің ойымыздағы шындықтың моделін ғана ұсынамыз. Қазіргі әдебиеттегі постмодернизм жайлы шетелдерде бірсыпыра еңбектер жарық көрген. Мысалы, И.К.Сушилинаның «Современный литературный процесс в России» (Мәскеу, 2010) атты еңбегінің бір тарауы түгелдей орыс әдебиетіндегі постмодернизмге арналған. Онда постмодернизмнің теориялық проблемаларымен бірге оның қазіргі әдебиет­тегі шығармашылық тәжірибелері де сөз болады. Оның үлгісі ретінде прозада А.Битовтың «Пушкин үйі» романына, поэзияда В.Ерофеевтің «Москва-Петушки» поэмасына тоқ­талады. Тоқсаныншы жылдардағы орыс әдебиетіндегі постмодернистік-эстетикалық ізденістерге көз жібереді. Б.Майтанов «Қазіргі қазақ прозасындағы модернистік және постмодернистік ағымдар» («Қазақ әдебиеті», 29.10.2004), «Алғашқы қазақ романдарындағы модернистік назар» («Қазақ әдебиеті», 25.12.2008) мақалаларында бұл ағымның қазақ әдебиетіндегі көріністері хақында сөз қозғайды. Оның ойынша, постмодернизм қазақ әдебиетіне де жат емес. Ол М.Әуезовтің, Ж.Аймауытовтың, М.Жұмабаевтың, С.Сейфуллиннің, С.Ерубаевтың, Р.Тоқтаровтың, С.Мұ­ратбековтің, М.Мағауиннің, Ә.Кекіл­баевтың, Т.Әбдіковтің, Ә.Таразидың, Қ.Ысқақовтың, А.Нұрмановтың, Д.Досжановтың, т.б. жазушылардың шығармашылықтарынан постмо­дернизмнің іздерін көреді. Қазіргі әдебиетте бұл бағытқа Д.Амантайдың романдары мейлінше жақын деген пікір айтады. Мәдениеттанушы Ә.Қодар мен Ә.Бөпежанова сұхбатының («Қазақ әдебиеті», 14.07.2000) негізгі сарыны ендігі жерде қазақ әдебиеті өзінің ұлттық дәстүрінен қол үзіп, батыл түрде батыстық жолға түсу керек, бұл осы жаңа заманның талабы дегенге сайған. Т.Шапай бұл пікірге қосылмағанымен де: «Әлем кешкен ағымдарға ерте ме, кеш пе, біз де түсеміз» (сонда) депті. Ә.Меңдеке: «Мұндай тексіз, тамырсыз, топырақсыз, баянсыз, космополиттік дүниетанымды кім қабылдай қойсын. ...әлдекімдердің қаңсығын қазақ мәдениеті, қазақ әдебиеті, қазақ өнері неге таңсық көруі керек?» – деп, постмодернизм атаулыға мүлдем қарсы шықты. Сыншы Ә.Бөпежанова: «Әлемдік контекст дегеніміз – бүгінгі таңда негізінен постмодернизм мәдениеті.... Постмодернистік ой бойынша, біздің шындық деп жүргеніміздің бәрі іс жүзінде шындық туралы түсінік-танымымыз ғана, оның өзінде де таным иесінің таңдаған көзқарасына тәуелді және ол көзқарас өзгергенде, әлгі түсінік-танымның өзін түбегейлі өзгертетін таным. Сондықтан да әдебиет, мысалы, өмірдің көркем бейнесі емес,өмірді әрқилы тану арқылы екінші, «жасанды шындықты жасаудың жолы» («Алтын орда», 17-23.01.2003); «Постмодернизм туралы анықтама әтүрлі. Бір сөзбен түйгенде, ол – жаңа заман философиясы, өмір салты: постиндустриялды әлемнің ахуалы. Оның кезеңі аяқталып, келеді деген пікірлер бар. Постмодернизм несімен тартымды? Әдебиеттегі авторитарлық позицияларды «шайқауымен», мәтінге фетис жасауымен және көп нұсқалығымен... Қазіргі қазақ әдебиетінде нағыз постмодернистік текст жоқ. Мүмкін мүлде келмеуі. Мүмкін бірер жылда бір қызғылықты роман шығар» («Қазақ әдебиеті», 9.05.2003), – дейді. Постмодернизмді көбіне жастар­дың көбі қолдайтыны байқалады. «Қазақ әде­биеті» газетінің «модернизм, постмодернизм ағымдарының ұлт әдебиеті үшін маңызы қандай?» деген сауалына дарынды жас ақын А.Елгезек «Модернизм дегеніміз жаңаша ойлау, жаңаша жазу дегенді білдіреді. Ал ол үрдіс – ұлт әдебиетінде қайда қашсаңыз да болатын құбылыс...», прозашы Л.Қоныс «Модернизм ағымына етіміз үйреніп қалды ғой деймін, бұрынғыдай шошып жүрген оқырман көрінбейді... Және де классикалық әдебиет түрін жоққа шығару, оған қарсылық білдіру де жоқ. Ендеше, мұны неге ұлт әдебиеті үшін маңызы жоқ деп қабылдаймыз?Бұл ағым әдеби тілімізге жаңалық енгізгендей... Мұнда сөзді ойнату бар» («Қазақ әдебиеті», 25.01.2008), – деген жауаптар беріпті. Жазушы Д.Амантай «...әдебиеттің дамитын, жүретін бір-ақ арнасы бар.Ол – еркін әдебиет. ...әңгіме дегеніміз – үлкен сана ағымына, ой ағымына, сезім толқынына құрылған, шексіздікті тереңіне қамтыған жұмбақ мәтіндер жиынтығы... Постмодернизм дегеніміз – шексіз әлем» («Қазақ әдебиеті», 04.04.2008) санайды.Ол әрбір шығарма – ой, суреткер оқырманға оқиға емес, белгілі бір ойларын жасырған оқи­ғалар желісін ұсынады, сонда ғана әде­биет өнер туындысы бола алады деп біледі. Постмодернизмге жақын Дидардың «Гүлдер мен кітаптар» романы жайлы түрліше пікірлер бой көрсетті. Жазушы-драматург Дулат Исабеков «...оны роман деп айтатын болсақ, онда бүкіл дүние романға деген көзқарасын өзгертуі керек... оны роман деп айтуға болмайды» деп кесіп айтты. Ал қазақ, неміс, орыс тілдерінде бірдей жазатын Герольд Бельгер «Дидардың жазғанда­ры ешкімге ұқсамайды.Оның жазғанда­ры өзгеше, дәстүрлі жазу үлгілеріне келмейді. Бұл ерекшелікті жастар жағы жақсы қабылдаса, ересектер түбірімен қарсы тұрады. ...Ал маған Дидар жаратылысы бөлек, қайталанбайтын марқұм досым Асқар Сүлейменовті еске түсіреді», – дейді. Сыншы Ә.Бөпежанова Д.Амантайдың төл прозамызға саналы түрде құрылымдық өзгерістер енгізуге ұмтылатындығын, сондықтан да оқырманның оны бірден қабылдай алмай жатқандығын айта келіп, «Дидар шығармашылығы көзге ұрмайтын пәлсапалық құрылымымен және жасампаз сұхбаттастық сипатымен ерекшеленеді» (қараңыз: «Алматы ақшамы», 10.03.2011), – деген пікір айтқан. Сонымен, постмодернизмнің қазақ әдебиетіне қатысы жайлы айтылған пікірлер екіге айырылған. Жастар жағының Батыстан келген бұл жаңалыққа қызығып, құмарта қарайтындығы, ал дәстүршіл қаламгерлердің күдікпен жүргендігі байқалады. Қарама-қарсы екі пікірдің қайсысы болсын, теріске шығара алмайсыз. Екі жағының да жөні бар, дәлелдері жеткілікті. Екеуінде де шындықтың шиырлары жатыр. Соны тауып, кәдемізге жаратқан лазым. Біреуі тарихи тамырға табан тіресе, екіншісі бүгінгі Батысты бетке алып, даму жолына түскен дәуірдің жалынан ұстаған. Сондықтан да мақсат – постмодернизмге ұлттық мүдде тұрғысынан келіп, ақиқаттың ауылы қай жақта екендігін аңғару; ойға ой қосу. Сонымен, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Батыста пайда бо­лып, постиндустриялды қоғамның әде­биеті ретінде кейіннен жаһанданумен бірге жер жүзіне тарай бастаған постмодернизм қазір қазақ әдебиетіне де келіп жетті. Бірақ ол қазақ әдебиетінің ішіне дендеп әлі кіре алған жоқ. Қай жағынан кірер жол іздеп, айналып, оның маңында жүрген жас үміткерлерді айналдыруда. Қазір әдебиетімізге келе жатқан кейбір жас дарындарымыздың шығармаларында «постмодернизмнің иісі» шыға бастады. Не істеуіміз керек? Әдебиетіміздің ертеңі саналатын жас дарындарымыздың әдебиеттің ең соңғы модасы, үлгісі ретінде ұсынылып отырған постмодернистік әсерімен шығармалар жаза бастауын қолдаймыз ба, әлде... Бұған тура жауапты алдағы уақыттар бере жатады. Десек те, мұның бәрі болашақта қазақ қауымы даму жолының қандай түріне түсуіне байланысты болса керек. Егер де ұлттық даму жолымен жүрсек, халқымыздың ұлттық құндылықтарымен бірге ұлттық әдебиетіміз де дами бермек. Жаһандануға ұшырап, батыстық даму бағытымен біржола кетсек, барлық рухани құндылықтарымызбен бірге дәстүрлі әдебиетіміз де өзінің ұлттық сыр-сипатынан, түр-мазмұнынан айырылып, ары кеткенде 20-30 жылда постмодернизм жолына түседі. Қайсысы дұрыс. Постмодернистер айтатындай, шындықтың жолы қайда жатыр, соны іздеу лазым. Тәуелсіздігін алған қазақ халқы өркениетті даму жолына түсті. Осы жолда ұлттық рухани құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтап, әлемдік өркениетте туындап жатқан озық үлгілерден, тәжірибелерден үйрене отырып, «иісімізді» жоғалтып алмай, өзге елдерден қалып қоймай, өркениетті қоғам орнату – бас­ты мақсатымыз. Сонда ғана ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күресіп келген бақытты қоғамды құрып, әлемдік өркениеттен өзімізге лайықты орнымызды ала аламыз. Осы жерде осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын айтылған М.Дулатовтың «Бүгінгі қазақ елі екі жолдың тарауында тұр. Біреуі – құлдық жолы, екіншісі – жұрттық жолы» дегені ойға оралады. Бізге керегі, әрине, «жұрттық жолы». Бұл жолға түсу үшін Ататүрік айтқандай, қай кезде де ұлттық мұрат пен ұлттық мүддеге басымдық беруіміз керек. Дандай Ысқақұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор

7789 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8778

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7069

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4813

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4199

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4161

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4122

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3852

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3852

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы