• Руханият
  • 09 Желтоқсан, 2011

"Сұрторғай - неткен сұм торғай" деп зарлайтын күн келді

d182d0bed180d0b3d0b0d0b9«Шием, кім сенің иең?» Сұрторғайға қатысты бірінші сауал – осы. Ойды ой қозғайды. Бірдеңе оқыған соң ойыңа бірдеңе түсіп жатады. Алты жасымызда мектепке барып, қырық екі әріпті түгел та­нығалы кітап жастанып жатамыз. Бәрін оқимыз. Оның ішінде Мархабат Байғұтты да. Бас­тапқыда: ол кісі жаза, біз оқи бастағанда Байғұтов пен Олжаев едік. «Жалын» альмана­ғына жарияланған, бас кейіпкері қосалқы кейіпкерімен, баласының тілімен айтқанда, перпендикуляр болатын алғашқы хикаясынан-ақ сүйікті жазушылардың сапына кірген. Тағы бірде Балдыберек ауылынан шыққан үш дос туралы хикаясына тамсандық. Онда бас кейіпкер жол бойында сауысқан ататын. Жолаушылар дамылдауға түсіп жатқан автобустың алдынан мылтығын кезеп шыға келіп, автокөлікке соғылып өлген қанаттасының денесін шоқып жатқан сауыс­қанды жалп еткізетін. Қолымызда құзырет тұрса, Мемлекеттік сыйлықты ойланбай беретін туынды еді. Одан беріде үлкенді-кішілі қаншама шығармасы бар. Түстеп-түгендеуге әде­биет сыншысы емеспіз. Жаяу жарыстың шаңын шығарып жүрген спортшыны штанга кө­теруге қатыстыра қоймайды ғой. Кейін Мар­хабат көкеміздің «Егемен Қазақстандағы» мақа­лаларын оқығанда, көзіміз қызыққаны не, қо­лымыз қыши бастаған. Кезінде біз жайлаған өріс еді. Өнерде өрістің бәрін бірдей меншіктей ал­май­сың, енді бәсекелес емес, тілектес болып қала бердік. Бәсекелестің сұмдығын қазір жазамыз. Сол Мархабат көкеміз бауыр басқан «Егеменінде» 2011 жылдың 16 тамызы күні «Кү­лесің, кейде күрсінесің...» деген тақырыппен бір шоғыр шағын мақалаларын жариялады. Жанры – этюд. Тілі жеңіл. Бояуы қанық. Өмірден сол қалпы ойып алған көріністер. Шоғырдың басқы төртеуін езу тарта оқи салдық. Бесіншісі «Алақанат. Алаяқ. Алапат» деп аталады екен. Мұны оқыдық та, атып тұрдық. Денеңді солқылдатқан сыздауығыңды біреу байқамай, бірақ аяусыз басып кеткендей. Ол түбі зиян емес, пайдаға шығады. Өзіңнің қолың батпай жүрген бітеу жараң жарылып, соқтасы ағып, сосын жазылып кетеді. Оқырман, тіпті Мархабат ағамыздың өзі теңеуімізді кешірер, біздің бітеу жара тура осы «алақанат» болатын. Оқырманбыз дедік. Аздап жазарманбыз. Қолға диплом алғалы қызметкерміз. Осының бәрінен қол қалт еткенде бақша егеміз. Алматының у-шуын алдыңғы – ер жеткен балаларға қалдырып, қала іргесінде үй салғалы бері. Бақшаға жұмыстан кейін кешкі бірер сағат, қызметке кетерге дейін ертеңгі бірер сағат уақыт бар. Жексенбіде кешке дейін. Кеш – қазақтың, әйтеуір, бір тойы. Бармасаң өкпелейді. Себебін айтып, «бақша суғаратын едім» десең, масқара, галстугіне қылқынып қалуы мүмкін. Бақшаның көлемі – алты сотық. Баяғы кеңестік өлшем. Одан үлкенін игеруге уақыт жетпейді. Сонда әр қызметкердің шамасы артық-кемі жоқ алты сотық жерді игеруге келерін дәл есептеген Совет өкіметі қандай ақылды болған. Кекеген емес, имандай шынымыз. Ал, мүйізіміз шықса, кеңесті талай кекеп едік. Бақшаға мынау аяр тіршіліктен кірлеп кіріп, тазарып шығамыз. Басқа небір тұнық идеялар келеді. Сол үшін кетпен ұстаймыз. Марқұм Қадыр ағамыз ақын ғана емес, әулие кісі еді: Тамаша, тамаша емес бірақ туыс, Бір ауық қолға күрек ұстамаса. Мархабат көкенің мақаласындай шағын бау-бақшамыздың ермектен кейінгі керегі – кенже балалар мен оларға тетелес өсіп жатқан немерелер өсіргеніңді таласып-тармысып жейді. Негізі осы үшін-ақ өсіруге болады. Алдымен құлпынай піседі. Бейнеті – қиын, жылына екі рет түптейсің. Қалемшелерін және екі рет қырқасың. Үш жыл жеміс бергенін ерте көктемде тамырымен отап, орнына жас түбін қалдырасың. Еңбегіңе орай нәтижесі мол. Алдымен әрбір түбі бір-бірден ірі жеміс береді. О, Алла, тұңғыш ағамыз бәрімізден ірі. Өзімізден туған балалардың алғашқысы кейінгілерінен ірі. Адам да – табиғаттың төлі. Кейін құлпынай жаппай орташа жеміс береді. Кемі он бес күн. Көкейден кетпейтін кеңестік есеппен: аздап бұзықтық жасаған біреудің абақтыға түсіп шығатын мерзімі. Құлпынайдан кейін – шие. «Китайская вишня» деп аталады. Ағашы – қортық, алты сотыққа деп бес түбін еккенбіз, аядай жерде жайқалып тұрады. Қортықтығынан кенже балалар мен немерелердің жұлып жеуіне ыңғайлы. Біздікі: «екі есеп – бір қисап». Шиеден соң кезек қызылқатқа келеді. Жеміс-жидектің ішіндегі ең берекелісі. Бір елі сайын бүрлейді. Піскенде мұқым бұтасы қып-қызыл, көздің жауын алады. Жұлуға қимайсың. Жемісінің дәмі қандай! Қарақат қызылқаттан сәл кейін піседі. Бұл енді, сапамен емес, санмен алады. Көптеу еккенбіз. Екеуінің аумағын салыстырғыңыз келсе, картаға қарап Ресей мен Қырғыз елін көре салыңыз. Қарақат пен қызылқат қатар егілген, қоршаудың оңтүстік жағындағы көлеңкесінде. Ал солтүстік жақтағы қоршаудың ішкі күн көп түсер түстік беті – жаппай таңқурай. Алғашқы үш жыл бері қарай шабуылдап, ортадағы қияр, қызанақ, бұлғар бұршағы, баклажан, пияз, сәбіз сынды көкөністің мазасын кетірген. Таңқурай – тамыры өскін беретін қу. Әр жылда алғашқы еккен тұстан кемі бір қадам жерді жаулап отырады. Болмаған соң амалын таптық: жалпақ қаңылтырды таңқурайдың негізі сабақтары өскен тұсқа қаз-қатар етіп тізеден келетіндей тереңге қағып тастадық. Таңқурай үшін «Берлин дуалы» болды да шықты. Тамыры бері өте алмай шерменде. Бірақ, табиғатқа дауа бар ма, енді біздің алты сотықтың жекеменшік екенін әйгілеп тұрған қоршаудың іргетасы таяз тұсынан тамырын өткізіп, арғы – жол жақ солтүстік бетке шығып алыпты. Оған кеңшілік. Әрі кеткенде көршілердің жол жағалаған бала-шағасына ермек. Айтпақшы, қарақат пен таңқурайдың арасында тошала піседі. Бала кезіміздегі ең сүйікті жидегіміз. Тарбағатайдың қапталын құрайтын Өкпеті, Қызылтас сынды қойнаулары кең, өзен-бұлағы көп тауларынан қарақат, тошала, таңқурай, долана, мойыл, итмұрын теретінбіз. Мына құлпынайдың жабайы түрі – бүлдірген беткей атаулыда тұнып тұратын. Күләнда деген әпкеміз, кейін дәрігер болды, әлгі тошала, қарақат, таңқурай, мойыл, долананың қай жерде өсетінін, қашан пісетінін сабақ кестесінен артық білетін. «Сол әпкеміз өсімдік зерттеушісі болмай, бекер дәрігерлікке кетті ме» деп те ойлаймыз. Хош! Бақшада тошала мен қарақаттың арасынан шыққан будан бұтаның жеті түбі және бар. Үйден шай ішкен Иса Тасқұлов курстасымыздың зайыбы бұл буданның ғылыми атын айтып еді. Бізге біткен мидың қазақы болмаса, халықаралық терминдерді тұтып қалмайтын жыны бар, сол сәтте ұмытсақ керек. Үйдегі білгіріміздің (Исаның үйіндегі келін сияқты) айтуына қарағанда, бұл жеуге болмаса, тосапқа жарамайды. Әйтеуір, жегенге тәтті. Будан демекші, бақшада тағы бірі жайқалып тұр. Жылқының буданын бала кезден білетінбіз. Кейін жастар газетіне тілші болып, тың облыстарын аралағанда бидайдың буданы туралы біраз мақала жазсақ керек. Енді ұмыт бола бастаған «Азаматтық» пен «Аграрлық партиялар» қосылғанда саясаттың буданын да көргенбіз. Мынау бұтаның келесі буданы қожақат пен таңқурайдың арасынан шыққан. Сондықтан орысша аты – «ежемалина». Мұның әкесі – таңқурай жайын жоғарыда біраз жаздық. Шешесі қожақат та бізде өсіп тұр. Екеуінің де жемісі ұсақ еді. Есек пен жылқының арасынан шыққан қашырдай мына буданның жемісі – ірі, әлгі үлкен аға­мыздың бармағындай. Дәмімен қатар пісу барысындағы бояулары қатты ұнайды. Әппақ гүлден кейін шымқай жасыл жеміс пайда болады. Он шақты күннен кейін қан-қызыл түске енеді. Бұл да піскен кезі емес. Он шақты күннен кейін әлгі қызыл түс қап-қараға айналады. Пісті. Бір маусымда үш түрлі қанық бояуға өзгеретін бұл жемісті әттең, суретші болсақ, армансыз салар едік. Бұл буданнан кейін жеміс-жидектің соңғы кезегі – жүзімде. Шығыс жақ шетке, дуалдан бір жарым метр берірекке үш түбін еккенбіз. Ондағы есебіміз: күн арқан бойы көтерілгенше түбіне түспей, жарық іздеген сабақтары тез өсуі керек. Есесіне, одан күн батқанша шуаққа малынбақ. Қателеспеппіз, екеуі жақсы шығып, біреуі қыста дұрыс қымталмай, үсіп кетті. Ағаш, бұта атаулыны тақ сан бойынша егетін әдетімізбен тағы үшеуін отырғызып, бесеу еттік. Міне, осынша жеміс-жидек біздің балалар мен немерелердің аузына өскен қалпы тисе, шіркін. Оған кейінгі бес жылда жау пайда болған. Ол – сонау Шымкенттегі Мархабат көкемізді күрсіндіріп отырған алақанат. Немерелеріміздің жасында талай тақпақ білетін едік. Соның бірі: Шие-шие, шиемін, Піскенде бас иемін. Піспей тұрып тиіссең, Тіліңе удай тиемін. Тура сол тақпақтағыдай, біздің бақша­дағы шиеден жүзімге дейін бас иіп, жемісін ұсынады. Бірақ иіліп тұрған жемістің көбін ертелі-кеш әлгі Мархабат ағамызды күйіндірген, күрсіндірген алақанат, ел ішінде «афганка» аталатын сүйкімсіз сұрторғай тонап жүр! «Қарлығашым, кеттің бе?» Сұрторғайға қатысты екінші сауал – осы. Бізді орнымыздан атып тұрғызған мақа­ласында Мархабат көке «мінекиіңіз, шілденің соңында құс ба­зары қызып жататұғын Құл­бай­шоқының бау­райын аралап жүрміз. Киелі саналар көкқұс, құрқылтай, қарлығаш, нәурі­зек, кептер атау­лыдан түк те жоқ. Бәрінің ұя­ларын да, үйлерін де, қуыстарын да ала­қанат, қоңыр­қош­қыл құс жайлап алған» деп жазады. Сосын «Тоқсаныншы жылдардың соңы­на таман Тынымбай Нұрмағамбетұлы мен Жүсіпбек Қорғасбек сынды суреткерлеріміз осы қас­көй құс туралы керемет әрі қорқы­ныш­ты көркем әңгімелер жазған­-тұ­ғын... Жүсіпбек пен Тыным­бай жазға­лы бергі кезеңде бұрынғыдан да бетер жетіліп, өңдене, өзгере түскен» депті. Жетпей тұрғаны Мұхтар Мағауин шығар. Кеззеп тұмсығынан кеспірсіз тырнағына дейін құстан түк қалдырмай сипаттаса, берідегі жазықсыз туысы бозторғайдан арыдағы әзір қамсыз ағайыны кептерге дейінгі жеті атасын түгендесе, біз сияқты бір бақшаның қоршауында қалмай, тұтас ұлтқа әкелген залалдарын санамаласа – ашып тұрған жараға кілегей жағып бергендей риза болып қалар едік. Әттең! Дон мен Дунайдан әрі асып кеткен ағамыздың әлде жекеменшік бақшасы жоқ, әлде бұдан гөрі бұлты қалың ұлыстық тақырыптардан қолы тимей жатыр-ау, сондықтан өзіміздің тырбануымызға тура келеді. Тырбандық. Алдымен ала таңнан көрінетін қарақшы қойдық. Бала кезімізде Ақсуаттың шет жағына бау-бақша салатын немістер сөйтетін. Ол кездегі құстар қарақшыдан қорыққан шығар, ал алақанатыңыз түс ауа қарақшының басына қонып отырды! Советтермен соғыс кезінде тағы бір аэродромға ие болған фашистерден кем масайраса, кәне? Өзімізге ұқсатып жасаған, біркиер демесек те, иыққа ілуге жарайтын киімімізді кигізіп қойған қарақшы­ның қауқары жарты күннен аспады. Екінші жолы тас лақтырып қумақ болдық. Атқан тасымыз олар бізден қашып қонақтайтын биік ағаштың басына жетпеді. Ол дарақ алты сотықтың батыс жақ шетінде өсетін. Түс ауа көлеңкесі бүкіл бақшаны жауып тұратын болған соң бірнеше жыл бұрын қабығын балтамен қырып, сүрегін жарты метрдей жалаңаштап тастағанбыз. Кәнігі көршілердің кеңесі рас екен, қурады. Бақша меншігіміз болса да, ыңғайсыздандық. Қараағаштың бодауына сыртқа – көше жақ бетке бес түп тұт, үш түп қайың, оны қоршап тоғыз түп тал ектік. Жауын тыйылған маусымнан бастап он күн сайын суғарып жүрдік. Тұт пен қайыңды тамыр тұрмақ, бір күбі болар туған топырағымен отырғыздық. Талды егу оңай, бажамыздың «күрек пен айырға сап болар» деп өсіріп отырғанынан ілгеріде бір метрден кесіп алып, қарақаттың шығыс жағына қаға салғанбыз. Олар үш жазда көлеңкелі нуға айналған. Енді содан және кесіп, бақша сыртына қақтық. Рас, екеуін мал айдағандар суырып алыпты, оқа емес, басқа жетеуі жайқалып кетті. Тағы бірде үш қайыңның бірін әлдекім ортан белінен сындырды. Өкінішті еді, басқа бұтағы белсене шығып, байғұс өсіп кетті. Ал тағдыры таразының екінші табағында қалған қураған дәу қараағашты жаппай «афганка» жайлапты. Бізден үріккенде сонда жиналады. Заманына сай туса да талабы, Сайрамаған құстар бізде көп әлі. Өз ұясын іздемесе, тоңады, Өз бұтасы қураса да – қонады. Арамтамақ құстармен айқасып жүріп ойымызға өлең оралатыны қызық. Ашуланып жатып, езу тартасың. Шамданып жүріп таңдай қағасың. Бұл жолы таңдай қаққызған Жұмекен жарықтық еді. Сөйтіп, қараағаштың басына лақтырған тасың жетпейді, ал қарсыласың саңғытқан шиенің сүйегі байқамасаң көзіңді шығаруы мүмкін. Бақшаны ұрлайтыны аз болғандай. Сосын жазушы Танаш Дәуренбеков мар­құм­ның ертеректе қолымызға тиген «Сыр балалары» атты кітабында егінге тиіскен торғайларды сақпанның тасымен ататыны еске түсті. Әлгінде тілге тиек болған Қадыр ағаның «Күміс қоңырауында» сақпанмен торғайды көздеп, терезені қиратқан бала туралы өлеңі бар еді: Балалардың сөз десе, Тілі қышып тұрмай ма? Терезені көздесең, Тиер деді торғайға. Хош, бала кезінде тентектеу болған бал­дызымызға сақпан, яғни рогатка жасаттық. Енді тас жететін болды. Әттең, жапырақсыз қалса да бұтақтары бар ағашта кедергі көп екен, тимейді. Аналар шұр-шұр етіп ұшып кетеді. Бірақ қалай біз үйге қайтамыз, солай бақшаға үймелейді. Тағы қайтпек керек? Тұзақ. Бала кезімізде мыстың сымынан талай тұзақ жасап, өзеннің шортанына да салғанбыз. Бірақ қазір мыстың бәрі Қытай асып кеткен. Содан әкелеріміздің соғыс жылдары аттың қылынан жасаған тұзақпен кекілікті жыпырлатып ұстайтындары туралы айтқандары есте. Мына «афганканың» тұрқы кекіліктен үлкен емес, қыл тұзақ бір іліктірсе, құтқара қоймас дедік. Көршіміз әу-ауқатты кісі, алпыс-жетпіс жылқы байлайды. Әйелі біздің елден екен, жезделігін көлденең тартып атқорасына кіріп, жуас деген биесінің құйрығынан ұзын қылды жұлып алдық. Тұзақ құрылды. Бір уақытта құлпынайдың үсті апыр-топыр болғанын көріп, жүгірдік. Біз барғанша жабылып тұзақты тұмсықтарымен қырқып, кепілге кете жаздаған туыстарын құтқарып алыпты. Енді бәрі қараағаштың басында соңғы жаңалықты «талқылап» жатыр. Қақпан. Бар еді. Үйге әлдеқалай қаң­ғалақтап кіріп кеткен жалғыз тышқанды ұстап бергелі керексіз жатқан. Алып шығып ортасына шиенің қып-қызыл дәнін салып, ашықтау тұсқа құрып тастадық. Түсті. Біреуі. Басқасы қорқып ұшқан не, бұл жолы да көмекке келді. Екеуі ананы екі қанатынан тартқыласа, үш-төртеуі қақпанның жүзін тұмсықпен ұрғылап жатыр. Бірақ пластмасса қақпан аттың қылы емес, жібермеді. Сөйтіп, тірі біреуі қолға түсті. Мұны «басқаларға үлгі болсын» деп, баяғы қарақшымыздың басына ілдік. Ежелгі Қытайда ма, Парсыда ма басқа жұртты шошыту үшін көтеріліс көсемін көшенің көрнекі жеріне дарға асып қоятын. Бақшамызда өзіміз – император, өзіміз – падишах, қалған құс қорықсын дедік. Атасының басы! Жарты күннен соң «афганканың» шабуылы қайта басталды. Бұрынғыдан өшпенділікпен әрі сақтықпен. Пәлелер тұзақ пен қақпанға жоламайды. Алты сотықтың әр шаршы сантиметріне қақпан мен тұзақ құру мүмкін емес. Анау алдымен қақпанға түсіп, соңынан дарға асылған сорлының сасып, құрттай бастаған денесін өзіміз құрттық. Ендігі амал – мысық. Қаңғып жүрген жерінен сылап-сипап бақшаға жібердік. «Көшеде жүрген пақырды, әкім бол деп шақырды». Ұмытпасақ, Әуезов театры осындай атпен қойылым көрсететін. Соның кері болды да шықты. Бастапқыда үйренсін деп сүт, сосын дүкеннен «Вискас» беріп баулы­дық. Жерсінді. Егеуқұйрық ұстап алғанын көр­дік. Ұрғашы екен, сол бақшада туды. Екеуі өзі­не тартқан көкшулан, бірі – сірә, еркек мысыққа тартса керек, қап-қара үш марғау пайда болды. Балалар қайта сүт тасыды. Әттең, бұл мысық бақшаны «афганкадан» қорғаудың орнына бүкіл әулетімен бас сауғалағаны. Қалай мысық ашық тұсқа шығады, сұрторғайлар шұрқырасып соған шүйіледі. Мынада еш қайран жоқ, күндіз бас­палап балаларымен қарақат ішінде жатады. Қарақатты суарғанда таңқурайдың арасына кіреді. Тек бақшаға біреу барып, сұрторғай шұрқырап ұшып кеткен соң аяққа оратылады. Солай мысық жеңілді. Жеңімпаз «афганка» ағаш немесе қоршау басында «мияулап» мазақтағанда мысыққа жер басып жүру қиын шығар дедік. Басқа күрес құралы қалмаған біз де жеңілдік. Төңірекке қарасақ, алдымен адам емес, қарлығаш жеңіліпті. Алғаш үй салған жылдарымызда екі, одан төрт қарлығаш ұя салған. Қадырдың: Құсбегі қарттар көп мұнда, Құмарлығы әлі қанбаған. Қазақтың үйі жоқ мұнда, Қарлығаш ұя салмаған,– деген өлең жолдары аспанға жатжерлік басқыншы жетпеген мамыражай жылдарды сипаттайтын. Қазір маңайда емге қарлығаш жоқ. Құйқылжыған дауысы, алдыңды орай айналып ұшқаны қандай еді!? Сағынасың. Оның ұясын «афганка» тартып алған. Қарлығашым, келдің бе, Қаршығадан саумысың? Аман-есен жеттің бе? Айырқұйрық нау құсым,– дейтін Мұқағали жарықтық. Енді Маралтайларға қарлығашты жоқтап жырлау қалған шығар. Айтпақшы, бірнеше жыл бұрын көкек шақыратын. Көктем сайын. Дауысы тамаша еді. Қазір ол да безіп кетіп, жайлы мекенінде тұрпаты ұсқынсыз, жауыз екені болмысынан байқалатын басқыншы құс бездеңдеп жүр. Ерте келетін қараторғай да көрінбейді. Мүлде. Жиырмасыншы ғасырдың басында әлеу­метшіл болған, кейінгі зобалаң кездерінде зерт­теушілер «ағартушы» деген топқа қосып біраз өлеңдерін репрессиядан сақтаған ақынымыздың ғажап туындысының бірі: Бозторғай зорлық көріп тұрымтайдан, Таяныш таба алмапты қырдан-ойдан. Болыпты зарын айтпақ, мұңын шашпақ Қырғиды жолықтырып көрсе қайдан,– деп басталатын. Арада тура бір ғасыр өтті, ақын жыры қоғамдағы жағдайды сипаттауда әлі күнге өзекті болса да, мысал ретінде келтірген оқи­ғасы мүлде басқаша қалыптасты. Бұл заманда бозторғай тұрымтайдан емес, Ауған тауларынан ауып келген сұрторғайдан зорлық көріп жүр. Жеңілгеннің және бірі – бәбісек. Сыған қатынның белдемшелеріндей түрі әлем-жәлем, басында желкілдеген айдары бар ерекше құс еді. Ұясы мүңкіп тұра­тын­дық­тан, ел ішінде оны «сасық көкек» деп атайды. Жағымсыз иіс шығаратыны – қорғаныстың бір түрі. Жыртқыш құс, жүгірген аң, жор­ғалаған жылан беттей алмайды. Тұмылдырық тақпасаң, ұядағы ба­лапанын көре алмайсың. Сол бәбісектің ұя­сын тартып алған «афганкаға» не дауа?! Бұл сұмпайы, тіпті сасық иістен шімірікпейді екен. Жаңағының бәрі жыл құстары еді. Енді көктем сайын солардың сан түрлі тізбегінің орнына шибөрідей топтасқан ұсқынсыз, ынсапсыз қоңыр-қошқыл түсті құс қана келеді. Мына қарқынымен бізді жыл құстарымен ғана емес, Мұқағалидың жырларымен де қоштастыратын түрі бар: Қараторғай, қарлығаш, тырналарым, Қашан бізге әкелер жыл хабарын? Қашан қонар зергерлер – аққу, қаздар, Әшекейлеп көлдерін, жылғаларын? Алғашы екеуі әлден-ақ сызылып қалды. Бәбісек, қараторғай, көкек, қарлығашты адалап біткен сұрторғайға әзірге сауысқан төзіп тұр. Ол да сүйкімді құс емес, бірақ мынаның қасында «айналайын» дегің келеді. Байқағанымыз, мына залым бәсекеде сауысқанның өзін ығыстырып шығатын сияқты. Бірде жұмысқа кетуге киініп жатып сыртқа көз салғанбыз. Алдында ғана итке тамақ құйғанбыз. Біздің ит ыдыстағы тамақтың ішіндегі сүйекті бөлек шығарып қояды. Алдымен тамақты жалап-жұқтап жеп, сосын сүйекті асық­пай кеміреді. Оның да өз тәртібі бар. Сүйекті ыңғайлы жерге көлденең салады. Үстіне жұққан тамақты жақсылап жалайды. Қалған-құтқан сіңір, шандырын тазалап жейді. Сосын екі аяқпен басып алып, кеміреді-ай келіп. Тура өзің мүжіп жатқандай қарап тұрып рахаттанасың. Бұл жолы бақшадағының бәрін тауысқан «афганканың» енді иттің тамағына ортақтасқысы келгенін байқадық. Жалғыз емес, қасында бәсекелесі – сауысқан бар. Алдындағы тамақтан айырылатын біздің ит те алжыған емес, екі-ақ рет қар басқан жас төбет. Бір көзі ыдыстағы тамақта болса, екінші көзі – ыңғайлап қойған сүйекте. Біреу-міреу сүйекке жақындаса, тамақты тас­тап арс ете қалмақ. Жұмыстан он-он бес минут кешіксек те, мына бәсекені бақылау керек болды. Ақыры сауысқан бұл жерден нәпақа таппай, иттен қорқып ұшып кетті. Ал мына сұрқия қайтті дейсіз? Пыр етіп сүйекке ұшып барды. Ит арс етіп солай қарай секіргенде кері серпіліп, ыдыстағы тамақты бір шоқып үлгерді. Ит оралып ыдысқа бас қойғанша дуал үстінде бақылап тұрды. Сосын жаңағы әрекетті қай­талап, ыдыстан және бір шоқып үлгерді. Бүйте берсе, Мархабат көкенің «алақанат алаяғы» бақшаны то­нағанды қойып, итіміздің өзін аш қалдырғандай-ау... «Өзбегім, қанша сұмды көздедің?» Сұрторғайға қатысты үшінші сауал – осы. Бақшаға жаудай тиіп жатқан бұл құстың ғы­лымдағы аты – майна. Әу-бастағы тари­хи отаны – Бирма, Үндістан. Әлгі біздің таң ал­дын­да атамекенін аңсап шақыратын тауық­пен жерлес. Кейін беріректегі Ауғанстан­ға дейін ірге кеңейткен. Ауызекі тілде «афганка» делінетіні содан. Қараторғай тұқым­дас. Бір патшадан тараған ұрпақтардың бір-бі­рін ығыс­­тырғаны жайында тарихта көп айтыла­ды, мынау – соның құс патшалығындағы көрі­ні­сі. Өзін ғалымдар жәндіктің синантроп­ты түріне жатқызады. Онысы «адамның маңайын­да өмір сүреді» дегенді білдіреді. Тарақа­ның мен егеуқұйрығың да сондай. Құс­та көгершін, қараторғай, қарлығаш – сина­нтропты. Ұзақ жыл Ауғанстанды жайлаған соң Әму­дариядан ұшып өтіп, өзбек, тәжік таула­рына жетіпті. Естеріңізде болса, Темірхан Медетбектің: Шекараны білмейді Шекарадағы торғайлар,– деген өлеңі болған. «Сол өлең үшін кеңестік цензура тұтас кітапты туратқан» деседі. Ақынның айт­қанында еш жалғандық жоқ, жетпісінші жылдары майна кеңестік шекараны мойындамай, бергі бетке ұшып келді. Бастапқыда аз-мазы. Ал Кеңес Одағы өз-өзімен жатқан Ауғанстанға басып кіріп, жойқын соғыс басталғанда бейбіт халық Пәкстан жаққа қарай ауса, мына құстар керісінше солтүстік жаққа ауады. Осылай келіп қалған майнаны зерттеуге Орталық қаржы да бөлгізген. Одақ ыдыраған соң, зерттеу тоқтады, оның нәтижесі Мәскеуде қалды, бізге белгісіз. Ал Ауғанстанда соғыс тоқтамады, енді басқа жатжерліктер онда басқа тәртіп орнатпақ. Майна болса бұл кезде Өзбекстан мен Қырғызстанда өз соғысын жүргізіп жатқан. Басқа құстармен арада. Тегі торғай болған соң майна жыртқыштар қатарына жатпайды. Мұнікі – алдап, жасқап жемін бұрын жеп кету, ұясына беймезгіл кіріп, жұмыртқаларын жарып тас­тау, сол ұяны босатпай қою. Осы қасақана әрекеттер арқылы күші өзімен шамалас, бірақ имек тұмсығы мен өткір тырнағы жоқ қанаттастарды ығыстыру. Майнаның Үндістаннан ауа райы сәл де болса салқын Оңтүстік Қазақстанға дейін жетуі Жер бетінің жылыну үдерісімен байланыста болуы мүмкін. Британияның Йорк университетінің мамандары жануар мен өсімдіктің екі мың түрін зерттеген екен. Сонда олардың соңғы он жылда солтүстікке қарай 18 шақырым жылжығанын байқапты, яғни олар ысыған ортаны тастап, амалсыздан бұрынғыдай жылылықта тұрған жаңа жерге көшуге мәжбүр. Жаңағы 18 шақырымды он жылдағы сағаттарға бөлсеңіз, Жердің жәндігі мен өсімдігі ыстықтан бас сауғалап сағат сайын 20 сантиметр басқа ендіктерге көшеді. Йорк университетінің профессоры Крис Томас мұндай тез көші-қоң бұрын-соңды байқалмағанын айтады. Ал ығысу 40 жылдан беріде көрініс тапқан. Біз 2011 жылы Қатонқарағай ұлттық сая­бағының жұмысымен танысқанда жапон ғалымдары жүргізген зерттеу нәтижелеріне көз салдық. Онда қылқан жапырақты ағаштардың бұрынғыдан биікке қарай өрлеп, төменнен алыс­тап бара жатқаны баяндалған. Жапон ғалымдары «самырсын, балқарағай салқын ауа қуып бара жатыр» деп, жағдайды Жердің жылыну үдерісімен байланыстарған. Демек, жылыну үдерісі – бәріне бірдей түскен зауал. Біз сұрқияға балап отырған сұрторғай сол көштің біздің даламыздағы нақ көрінісі болуы да ықтимал. Бірақ ол он жылда 18 шақырым емес, бір жылда жүздеген шақырым жаңа алқаптарды басып барады. Демек, Йорк университеті ғалымдарының есебіне сыя қоймайды. Өз есебі өзінде болса керек. Табиғатта бір жерді тұрақты мекен­дейтін жәндіктің келесі жерге баруына кейде адамдардың әрекеті кінәлі. Картоп егетіндердің түнгі ұйқысын төрт бөлетін Колорада қоңызының атамекені АҚШ-тың басқа штаты еді. Ол әлдебір шөп тұқымымен Колорадаға барған соң үйреншікті азығы табылмай, картоптың жапырағын жеуге үйренеді. Сол қапталған картоппен мұхит көктеп, Еуропадан бір-ақ шығады. Азияға енді жыл сайын жылжи ұшып отырып жетіп алғаны анық. Сол сияқты «америкалық» аталған тарақанды «Мосфильм» киностудиясы АҚШ-тан «декорацияға мебель әкелеміз» деп Мәскеуге таратты. Немесе итті Австралияға алғаш отарлаушылар алып барды. Басында пайдасы болмаса, зияны жоқ үйдің иті. Кейін бірнешеуінің иелері соғыста өліп, бұралқы күйге түсті. Кең даладан азық тапты. Өсті-өнді. Сосын қалталы аңдарды қан қақсатқан Динго атты жабайы ит тұқымы болып шыға келді. Өйткені, оңаша құрылықта оған бәсекелес азулы аң жоқ еді. Мысал – көп, бірақ тағылым аз. Жәндіктердің жаппай жылыну үдерісі мен адам араласпай-ақ көшіп жүруі де кездеседі, ол – ықылым заманнан бергі табиғи құбылыс. Олардың саны бір аймақта шектен тыс көбейген соң жаңа қоныстар қажет. Мысалды алыстан іздемей-ақ киіктерді алыңыз. Бір жылда үш мың шақырым – әрі, үш мың шақырым бері көшеді. Немесе аты-шулы, талай министрдің сорына біткен қара шегіртке ше? Бір жерді жайпап келесі аймаққа тұтаса ауып жатпай ма?! Айтпақшы, майнаның қасиеті – осы қара шегірткені жейді. Сол үшін оның ауыл шаруашылығына пайдасы көп деушілер бар. Майнаның ауыл шаруашылығына пайдасы көп болса, жермен күн көріп отырған Өзбекстан оны қырып тастауға шешім қабылдар ма? Бізде бақша ермектік деңгейде болса, өзбек диқанының бақшасы – күнкөріс көзі. 2003 жылы Өзбекстанда үкімет шешімімен майна құсын табиғаттан шектеу тәртібі бекітілді. Оның алдында Ташкент хокимятында жиналыс өтеді. Өзбекстандық әріптесіміз, тележурналист Әбдимумин Әбдісаматовтың айтуынша, шие жиналатын тұс екен. Жиналыста сөйлеушілер жатжерлік құстың шие бауларынан түк қалдырмағанына шағымданады. Хокимят халық сөзін үкіметке жеткізеді. Үкімет «қыру керек» деген қатал шешімге келеді. Бір аңшылық маусымда 952 мың құс атылуы керек. «Бұл – республиканы жаулап алған 1 миллион 360 мың майнаның жетпіс пайызы» деп көрсетіледі аталмыш құжатта. Ташкенттегі ғалымдар болса, «үкіметтің қолындағы дерек дәл емес, ел астанасының өзін үш миллион «афганка» мекендейді» деседі. Шие, жүзім және басқа жемістерге жаудай тигені аз болғандай, Өзбекстандағы жабайы құстар арасалмағын өз пайдасына күрт өзгерткені осы мәжілісте сөз болған. Самарқанд мемлекеттік университеті биология факультетінің доценті, биология ғылымдарының айтуынша, Сәмен Фундукчиевтің айтуынша, бұдан ондаған жыл бұрын республикада құстың 31 түрі жойылу алдында тұрса, енді ол шекке 48 құс жетіпті. «Бұған адам әрекетімен қатар майнаның қаптап кетуі себеп болды», – дейді ғалым. Осы аймақтағы халық «жұмақ құсы» санайтын көкқұсты, жазығы жоқ жапалақты құртып жіберген майна көрінеді. Кейбір деректерге қарағанда, майнаны ату үкімет шешіміне дейін-ақ басталған. Ел Президентінің Дүрмендегі резиденциясына осы құстардан келген зардаптан соң оқ­қағарлар атшаптырым жердегі резиденция ай­наласын «афганкалардан» аластауды бастаған. Бұрын аңшылар майнаны атпайтын, өйткені, өлексе жеп, қоқыстан тамақ таба­тындықтан, еті адал құс емес. Енді жағдай өзгерді. Майнаны қыру үшін Өзбекстан үкіметі Ресейден жарты миллион патрон сатып алды. Кеңес Одағы тарағалы Өзбекстанның 12-інші калибрлі патрон әкеліп отырғаны – осы. Бұл – құс ататын бытыра мылтықтың патроны. Қазақтың «екі үйге – бір көсеу» деген жұмбағы болатын, сол айтпақшы, екі құсқа – бір патрон. Екі жұп аяғын әкелсең, бір патрон аласың. Бытырамен бірден төртеуің тү­сірсең, бір патрон үнемдейсің. Майнаны қыру республиканың аңшылар мен балықшылар одағына міндеттелді. Құс ататындарға патрон берілгенімен, жалақы жоқ. Оның есесіне, майнаның бес жүз аяғын тапсырсаң, аңшылық жолдамасы жеңілдікпен беріледі. Мың құстың аяғын өткізгендер үшін аңшылық маусым – ақысыз. Ереже бойынша, майнаны қалаға – бір ша­қы­­рым, басқа елді мекендерге үш жүз метр жақ­ын жер­ден атуға болмайды. Арақ ішкен, есірткі­ге елтіген адамдардың құсты атуына тыйым салынған. – Кезінде Өзбекстанда бұл құстың балапанын Ауған жақтан арнайы тормен алып кетіп, шайханаларда ұстаған,– дейді Әбдимумин әріптесіміз. – Шайханаға біреу бас сұқса, сұрторғай «қожайын, мехман келді» деп өзбекше сайраған. Оны тыңдамаққа шайханаға келушілер көп болатын. Сөйтіп, майна бір кезде құрметке де ие бол­ған деңіз. Есімізге түсті, ақын Мұхтар Шахановтың: Тұтастырып бақ пен сордың арасын, Сиқырлайды атар таңның назды үні. Бүгін кіммен, ертең кіммен боласың, Тым күрделі бұл сұрақтың мазмұны,– деген өлең шумағы болатын. Тура майнаның өзбек жеріндегі тағдырына арнап жазылғандай екен-ау! Айтты не, айтпады не, «афганка» ырғын қырғынға ұшырады. Бірер жылдан кейін өзбектің шие, жүзімі қайта жайқалды. Жоқ жерден пәлеге ұшыраған сұрторғайдың тұқымы болса, енді Өзбекстаннан өтіп, Қырғызстан мен Қазақстанды жайлауға көшті. Бірақ Өзбек­станда мүлде таусылған жоқ. Өйткені бұл құс бір жазда... Үш рет ұя басады. Әр жолы кемі алты-жеті балапаннан. Бұл құс біздің үйдің шатырын да мекендейді. Өздері ешқашан ағашқа ұя салып әуреге түспейді. Қуысқа, інге, бөрененің басына, сосын басқа құстардан тартып алған дайын ұяларға жұмыртқа басады. Қанша жерден қиянатына ұшырасақ та, шатырдағы ұясын бұзуға дәтіміз бармаған. Шамамен қырық күнде бір рет балапандарын баулып жатқаны. Сонда ерте көктемде екеу болып келген құс қоңыр күзде жиырма болып қайтады. Жапалақ, бәбісек, көкқұс, қараторғай, көкек, қарлығашта мұндай өсім жоқтықтан, олар ығысып жатыр. Табиғатта он есе өсімталдық тарақан мен егеуқұйрыққа тән. Демек, адам неғұрлым қырса, олар соғұрлым шығынның орнын толтыруға тырысады. Қырғыздардың да алақанатқа қарсы амалы жоқ. Жалалабад облысында «афганканы» атуға ниеттенген екен, бірақ аймақтағы мылтық дауысы онсыз да сетінеп тұрған тыныштықты бұзады деп, үкімет рұқсат етпейді. Құсқа емес, атыстан қажыған халыққа жаны ашығандық шығар. Қырғыз Ұлттық ғылым академиясы Биология-топырақтану институтының ғылыми қызметкері Анатолий Онищенко Ферғана алқабынан басталған майнаның шабуылы Нарын, Шу мен Ыстықкөлді толық жаулап алумен тынғанын айтады. Бұл құс таулардың екі жарым мың метр биіктігіне дейін мекендейді. Демек, жазықтағы біз санамалаған құстармен бірге таудағы шақшақай, құрқылтай да сорлап жатқаны даусыз. Қазақта «құрқылтайдың ұясындай» деген әдемі теңеу болатын. Рас, оның ұясына мына басқыншы сыя қоймайды. Бірақ құрқылтай құрыған соң оның ұясы тозады, жоғалады. Жоғалған құспен бірге қазақтың тамаша сөз тіркесі келмеске кетеді. Не амалың бар? Мархабат көкеміздің мақаласы: «Бүгін­де бұлар бұл­бұлша сайрайды, қараторғай мен қарлығаш секілденіп құйқылжыта әндетеді, нәурізекке ұқсап «сүт-сүйт, сүт-сүйт» деп қояды. Әсіре­леп немесе әзілдеп отырған жоқпыз. Шын­ды­ғы осылай» деп аяқталған еді. Біз де «афганка» туралы ештеңені әсірелемей, ешкімге әзілдемей, көргеніміз бен естігенімізді жазып шықтық. Қайнар Олжай Қазақстан– ПәкІстан–Ауғанстан – Өзбекстан – Қырғыз Республикасы

8063 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы