• Руханият
  • 20 Желтоқсан, 2011

СПОРТТАҒЫ биіктер

d0b5d180d0bcd0b0 Қазақстан Республикасы алғашқы халықаралық жарысқа – 1992 жылы, ал ең алғашқы Олимпиадаға 1994 жылы қатысты. Әрбір төрт жылда бір рет өткізілетін Олимпиада әр ел үшін сын екені даусыз. Егер қай елдің спортшылары мол алтын жинаса, сол мемлекеттің спортқа көзқарасы, отансүйгіштік қабілеті қандай екені аңғарылады. Еліміз Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен XIX Қысқы олимпиада ойындарында 1 алтын, 2 күміс жүлдеменен командалық есепте 12-орын еншілеген еді. Көкшетау облысының тумасы Владимир Смирнов қазақстандықтардың арасында ең алғашқы Олимпиада чемпионы атанды. Бір өкініштісі, содан бері қазақстандық спортшылар Қысқы олимпиадада алтын алып көрмепті. Рас, 1998 жылғы Наганодағы 2 қола және Ванвувердегі жалғыз күміс жүлделер ғана көңілімізді аз да болса, жұбатары анық. Ал жазғы ойын түрі бойынша спортшыларымыз 1996 жылғы АҚШ-тың Атланта қаласында алғаш рет бақ сынады. ХХVII Жазғы ойындарда қазақстандықтар 3 алтын, 4 күміс және 4 қола – барлығы 11 жүлдемен командалық есепте 25-орынға жайғасты. Атланта төрінде ең алғашқы алтынды Юлий Мельниченко жеңіп алды. Ал бессайысшымыз Александр Парыгиннің жолы болды десек, қателеспейміз. Мәре сызығына 100 метр қалғанда алда келе жатқан ресейлік спортшы сүрініп кетеді. Осыны сәтті пайдаланған Парыгин күтпеген жерден бірінші орын алған болатын. Ал үшінші алтынды «Балқаш жолбарысы» деген лақап атқа ие Василий Жиров иеленді. 2000 жылы Австралияның Сидней қаласында да қазақстандықтар 3 алтын, 4 күміс жүлдені олжалады. Бұл Олимпиа­да қазақ спортшылары үшін табысты өтті. Төрт былғары қолғап шеберлеріміздің финалға шыққаны – еліміз үшін, әрине, үлкен жетістік. Марқұм Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибраимов алтыннан алқа тағынса, Болат Жұмаділов пен Мұхтархан Ділдәбековтер күміс жүлдеге ие болған-ды. Сондай-ақ желаяғымыз Ольга Шишигина да Олимпиада чемпионы атанды. 2004 жылы Грекия астанасы Афинада спортшыларымыз небәрі 1 алтын, 4 күміс және 3 қола жүлдемен жалпы есепте 40-орынды еншіледі. Жалғыз алтынды 69 келі салмақта бақ сынаған Бақтияр Артаев иеленді. 2008 жылы Қытайдың Бейжің қаласында өткен Олимпиадада 2-алтын, 4 күміс және 7 қола жүлдемен 29-орынға табан тіредік. Ауыр атлетші Илья Ильин мен боксшы Бақыт Сәрсекбаев топ жарып, Қазақстанның көк байрағын желбіретті. Қысқы Азия ойындарында да қазақ спортшыларының жетістігі қомақты. Алғаш рет 1996 жылы Қытайдың Харбин қаласында жарысқа қатысқан спортшыларымыз 14 алтын, 9 күміс және 8 қола жүлдені олжалады. 1999 жылы Кореяның Кангвон ойындарында 10 алтын, 8 күміс және 4 қола жүлдемен қазақстандықтар Қытай мен Оңтүстік Кореядан кейін үшінші орынға табан тіреді. Содан кейін Жапонияның Аомори (2003) мен Қытайдың Чангчунг қалаларында өткен Қысқы ойындарда да жарқырап көзге түсті. Ал 2011 жылы біздің спортшыларымыз Алматы мен Астана қалаларындағы VII Қысқы Азия ойындарында өте сәтті өнер көрсетті. Өз жерімізде алғаш өткізілгендіктен де болар, әйтеуір спортшыларымыз шорт-тректен басқа спорт түрлерінің барлығынан алтын жинады. Азияның жазғы ойындарында спортшыларымыз тұңғыш рет 1994 жы­лы Жапонияның Хиросима қаласын­да бақ сынап, 25 алтын, 26 күміс, 26 қола жүлдені олжалап, Қытай, Корея, Жапониядан кейін төртінші орынға жайғасты. Төрт жылда бiр қайталанатын жазғы Азия ойындарының келесi кезегi 1998 жылы Тайланд астанасы Бангкокта жалғасын тапты. 13-ші Жазғы Азия ойындарының қорытындысында қазақ спортшылары 24 алтын, 24 күміс және 30 қоланы жинады. 2002 жылы Бусанда (Оңтүстік Корея) да спортшыларымыздың алтынды аз олжалағаны жасырын емес. Алғашқы төрттіктің қатарына ілігу үшін бізге бар болғаны 20 алтын, 26 күміс және 30 қола жүлде жинаудың өзі жеткілікті болды. Әсiлi, қазақ спортшыларының Азия ойындарында қол жеткiзетiн жүлдесiнiң саны 76,77,78 болып жалғасып келдi. Мiне, 2006 жылы Дохада өткен Азия ойындарында сол қалыптасқан жүлде санына едәуiр өзгерiс ендi. Әрине, жақсы жағынан. Бұл жолы бiздiң спортшылардың қатарынан 85-i жүлдеге iлiгiп, 23 алтынға қол жеткiзген едi. Бiрақ, әттегенайы сол, боксшыларымыз бiрде-бiр алтынға қол жеткiзе алмастан елге оралды. Бақтияр Артаев пен Мұхтархан Дiлдабеков ақтық сында ұтылып, күмiс еншiлеп қайтқан едi. 2010 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласында болған дүбірлі бәсекеде жүлдеміз көп болғанымен, алтынымыз ирандық спортшылардан аз болды. Тұңғыш рет 20-дан кем алтын жүлдеге иелiк еттiк. Нәтижесінде 18 алтын, 23 күміс пен 38 қола еншілеген қазақ спортшылары Азия құрылығында Қытай, Корея, Жапония, Иран мемлекеттерінен кейін бесінші орынға ілікті. Бір сөзбен айтқанда, Егеменді ел болғалы Қазақстан спортшылары 1994 жылдан бері өткен бес қысқы Олимпиада ойындарында бір алтын, үш күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Ал жазғы Олимпиада ойындарында 9 алтын, 16 күміс, 18 қола жүлде – барлығы 43 жүлде жинап үлгердік. Ел спортшылары 20 жыл ішінде жазғы Азия ойындарына бес рет қатысып (1994, 1998, 2002, 2006, 2010 жылдары), барлығы 397 жүлдеге (110 алтын, 119 күміс, 168 қола) ие болды. Осы уақыт аралығында біздің спортшылар қысқы Азия ойындарына да бес рет қатысып (1995, 1999, 2003, 2007, 2011 жылдары), барлығы 164 жүлде (69 алтын, 51 күміс, 44 қола) иеленді. 1991 жылдан бері олимпиадалық спорт түрлері бойынша 32 спортшымыз әлем чемпионы атанып, 26 спортшы күміс және 49 спортшы қола жүлдегер атанды, яғни олимпиадалық спорт түрлерінен Әлем чемпионаттарында еншілеген жүлделеріміздің жалпы саны – 107. Жас мемлекетіміз үшін осының бәрі аз жетістік емес. Спортшыларымыздың айтулы жеңістері Қазақстанның әлемдегі беделін арттыра түсті. Қазақстанда әзірге 80-нен астам спорт түрлері бойынша республикалық федерациялар жұмыс істейді. Халық­аралық спорт қауымдастықтары мойын­даған олардың бірқатары халықаралық деңгейдегі федерациялармен бірлесе жұмыс істеуде. Олимпиадалық спорт түрлерін да­мыту мақсатында елімізде төрт жыл­да бір рет Қазақстан Республикасының жаз­ғы және қысқы Спартакиадасы, сондай-­ақ жастар ойындары жүйелі түрде өткізі­ліп келеді. 2010 жылы Сингапурда тұң­ғыш рет жасөспірімдер арасындағы жаз­ғы Олимпиада ойындары өтіп, бұл сын­да Қазақстан жеткіншектері екі алтын, екі күміс, екі қола медаль еншіледі. Шетелде еліміздің абыройын асқақ­татып, қазақ ұлтын төрткүл дүниеге паш етіп жүрген командаларымыз да аз емес. Соның бірі – 2006 жылы құрылған «Астана» велоклубы. Елбасымыздың тікелей қолдауымен құрылған клуб бүгінде дүниежүзіндегі ең үздік ко­мандаларының бірі болып есептеледі. Тіпті «Астана» коман­дасының құра­мында атақты велошабандоздар да баршылық. Осының нәтижесінде «Астана» 2008, 2009 және 2010 жылдары Тур де Франс көпкүндігіндегі команда­лық есепте ешкімге дес бермеді. Одан бөлек Вуэльта жарыстарында да топ жарды. Ал 2007 жылы «Астана» сапында өнер көрсеткен жерлесіміз Александр Винокуров көпкүндіктің жалпы қорытынды есебінде жеңімпаз атанды. Тәуелсіз Қазақстанның футбол құрамасы әуел баста Азияның (АФК) федерациясына қабылданды. «Сары құрлықта» көрсеткен нәтижеміз аса нашар бола қойған жоқ. Мәселен, 1998 жылы Бангкокте өткен Азия ойындарында футболшыларымыз қола жүлде­ні олжалады. 1999 жылы Малайзия ас­та­насы Куала-Лумпурде футзалдан үшінші орын еншілегендіктен, 2000 жылы Бразилияда өтетін әлем біріншілігіне жолдамаға қол жеткізді. Одан бөлек, Павлодардың «Ертіс» командасында өнер көрсеткен Андрей Мирошниченко 2000 жылы Азия құрылығында ең үздік гол соққан футболшы атанды. Ол Ирактың «Полис клаб» командасының қақпасына әдемі гол тоғытқан-ды. Сондай-ақ Алматының «Қайрат» сапында ойна­ған Руслан Балтиевті АФК үздік футбол­шылардың бірі ретінде тіркеді. Алайда Азия футболының деңгейі Еуропамен салыстырғанда, төмен екені белгілі. Ел футболын дамытуды жоспарлаған басшыларымыз 2001 жылы АФК-дан шығып, Еуропа футбол федерациясының кеңесіне (УЕФА) өтуге өтініш білдіреді. Нәтижесінде 2002 жылы Швеция астанасы Стокгольм қаласында Қазақстан футбол құрамасы УЕФА-ға 52-ші мемлекет болып тіркелді. Еуропа мем­ле­кеттерінің ұлттық құрамасына қарсы ойнау оңай емес. Жеңілістің ащы дә­мін татып жатқанымыз анық. Алайда сәтсіздіктің өзі сәттілікке апарады емес пе?! Болашақта қазақ футболшылары Еуропаны ғана емес, әлемді де мо­йындататыны анық. Оған дәлел – елімізде дарынды жастар қатарының көбеюі. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы негізінде 2009-2011 жылдары 26 қазақстандық жас футболшы Бра­зилияда теңбіл доп өнерінің қыр-сырына қанығуда. «Оле Бразил» футбол ака­демиясында білім алып, спорттық шеберліктерін шыңдап жатқан жас та­ланттарымыздың бірі – Рауан Са­риев. Ол Бразилияның азулы коман­да­ла­рының сапына алынды. Бір сөзбен айт­қанда, бұл жоба жемісін бере бастады. Еліміздің әйгілі болуына бокс­шыларымыздың қосқан үлесі қомақты. Әуесқойды айтпағанның өзінде, кәсіп­қой бокста спортшылар табысты өнер көрсетіп жүр. Бейбіт Шүменов, Генна­дий Головкин, Василий Жиров бірнеше рет қарсыластарын нокаутқа жіберіп WBO, WBC тұжырымдамасын­­да жеңімпаз атанып үлгергені белгілі. «Астана арландары» деп аталатын бокс командасы былтыр сәтті өнер көрсеткені де есімізде. Ауыр атлетшілеріміздің бағындыр­ған белесі – бір төбе. Атланта Олимпиадасында марқұм Анатолий Храпатый­дың еншілеген күмісі жүлдесі бұл спорттың дамуына себеп болды. Тіпті, нәзік жандылар да өзіндік үлесін қосып келеді. Майя Манезаның келесі жылы Лондон төрінде өтетін Олимпиадада жеңімпаз атануға толық негіз бар деуге болады. 2009 жылы Кореяның Коян және былтыр Түркияның Анталья қаласында жеңімпаз атанған қайсар қыздың арманы асқақ. Ал Зульфия Чиншанло биыл ерледі. Париж қаласында өткен біріншілікте Зульфия 53 келіде өнер көрсетті. Ол жұлқа көтеру әдісінде – 97, ал серпе көтеруде 130 келіні бағындырды. Қоссайыста 227 келіні еш қиналмай көтерген қайсар қыз жеңімпаз болып қана қоймай, әлем рекордын жаңартты. Елімізде олимпиада бағдарла­ма­сына кірмейтін спорт түрлері де ерекше дамыған. Мәселен, қол күресі, кір тасын көтеруде қазақ спортшыларының бағындырған белестері жетерлік. Осылайша, спортшыларымыздың арқасында өзгелер Қазақстан деген елдің бар екендігін мойындады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі кез келген елдің Әнұраны екі жағдайда шырқалатындығын тілге тиек еткен болатын. Президенттің өзге елге жасаған сапары кезінде және спортшылар жеңімпаз атанғанда жалау көкке көтеріліп, Әнұран шырқалады екен. Олай болса, қазақтың көк байрағы мықты спортшыларымыздың арқасында алдағы уақытта да елдің қажыр-қайратын, ішкі қуатының берік екендігін білдіріп, биіктен желбірей береді деп сенеміз. Нұрлан ҚҰМАР

4704 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы