• Руханият
  • 20 Желтоқсан, 2011

Желтоқсан желі

d0b6d0b5d0bbd182d0bed0ba1 Өнер Шәкіров ауылымызда бала оқытқан, мінезі біртоға, мүмкіндігінше жұртқа көмектескісі кеп тұратын, ойлы, сабырлы, сыйлы ағаларымның бірі еді. Қызмет бабымен Алматыға ауысқаннан кейін араға жыл салып, туған жеріме бір барғанымда ол кісі «асығыс едім» дегеніме көнбей, үйінде қонақ етті. Сонда орта бойлы, иықты, ұшы жұмырлау қыр мұрынды, кең маңдайлы, ширақ қимылды жас жігітті иегімен нұсқай көрсетіп: – Уызбек деген інің – осы. Желтоқсан көтерілісіне қатысып, тар қапастан жақында ғана босап келді, – дегенде тұла бойым дуылдай ысып, орнымнан атып тұрдым. – Айналайын, құшағыңды аш. Екеуміз құшақтасып қайта амандасамыз, – деп оны бауырыма басып, қатты қыстым. – Саған рақмет, біздің ауылдан да Желтоқсан батырының шыққанын мақтан етем. Кеш бойы жұмсақ диван үстінде иық тірестіре отырып, Уызбек ініммен еркін сырластым. – Қалай болды, інім? Бәрін басынан бастап, асықпай баян етші? – Мектеп бітірген соң, жоғары оқу орнына баруға қаржым болмай, колхозда әртүрлі жұмыс істедім, – деп ол ойын жинақтай, асықпай тіл қатты. – Күзде колхоз партия ұйымының хатшысы Айдос аға бізді мақта теріміне алып барды. Жаспын. Ертеңді-кеш ерінбей еңбек етіп, көзге түстім. Демалыс сағаттарында есік алдындағы тұт ағашының көлеңкесінде ылғи кітап оқып отыратынымды көріп, Айдос аға: – Сен ауылға оралған соң, бір жыл қой жаясың ба? Айтқанымды істесең, келесі жылы саған жоғары оқу орнына жолдама берем, – деді сендіре сөйлеп. – Мақұл, – деп бір жыл қой бақтым. Келесі жылы ол кісі уәдесін орындады. Жолдамамен Алматы ауылшаруашылық институтына кеп, оқуға түстім. – Жолдаманың пайдасы тиген екен ғой? – Пайдасы тиді. Бірінші курс студентімін. 16 желтоқсан күні таңертең сабаққа бара жатқанбыз. Біздің жатақхана Жұмалиев пен Әйтеке би көшелерінің қиылысында еді. №99 автобусқа мініп, институтымызға жа­қын­дау аялдамадан түстік. – Сағат нешеде? – Таңертеңгі сағат сегізде. Сабақ сегіз жарымда басталатын. Көшеде, неге екені белгісіз, күндегіден адамдар көп. Лек-лек боп күнбатысқа қарай шұбап барады. «Өз шаруаларымен жүргендер шығар» деп оларға біз мән бермедік. Бірінші сабақ тарих пәні болатын. Аялдамадан жылдам басып, Абай көшесі бойымен институтымызға қарай бұрыла бергенімізде қарсы алдымыздан бір топ жас «Менің Қазақстаным» әнін шырқап шыға келді. Қасымыздағы Жетібай: – Мыналар беталды өлең айтып, сандалып жүрген бұзақы балалар, – деді. Біз ештеңе дей қоймадық. Ол күн­гі сабақты бітіріп, жолаушы таситын көлік жақсы жұ­мыс істемегендіктен, амалдап жатақханамызға келдік. Ертеңіне 17-сі күні таңертең сабаққа бардық. Сағат он бір шамасында ауди­торияға 5-6 жігіт кіріп келіп: – Оу, жігіттер! Қазақ халқын қырып жатқанда сендер бұл жерде неге отырсыңдар?! – деді зілдене дауыс көтеріп. Оқытушымыз: – Сен не деп тұрсың?! Аудиторияны босат! – деп айқайлап еді, әлгі жігіттердің бірі қолындағы темірмен үстелді бір қойып қалды. Біз орнымыздан атып тұрдық та, есік алдына шықтық. «Қазақ халқын қырып жатыр» деген сөз қанымызды қыздырып, ыза-кегімізді қоздырып жіберді. Топ ішінен біреу: – Кешегі күннен бері алаңда көтеріліс болып жатыр. Қонаевты орнынан алып тастап, орнына Ресейден біз білмейтін орысты қойыпты, – деді. – Неге бұлай? Алаңға барып, жағдайды білейікші Мемлекеттің басшысын алып тастап, ресейлік орысты қойғаны қалай? «Әр елді өзінің азаматы басқару керек» деп Конституцияда жазылған емес пе? – деп біз – бес жігіт тіке алаңға бардық. Халық көп. Әркім ұрандап өлең айтып, сөз сөйлеп жатыр. – Қазақ халқының өзінің басшысы жоқ па? Басшы болуға қазақ халқының бір азаматы табылмады ма? Бұл – ұят! – деп мен де өзімді қоршаған жұртқа ойымды айқайлап айттым. Сағат он екіге таяған сәтте Фурманов көшесінің үстіңгі жағынан солдаттар, Сәтбаев пен Достық даңғылы жағынан курсанттар сап түзеп келе жатты. Алдымыздағы көшенің арғы бетінде милиционерлер қатар-қатар шеп құрып тұр. Біз қоршауда қалдық. Сәл өтпей, солдаттар бізге қарай лап қойды. Кескілескен қанды шайқас басталды. Біз қарусызбыз. Солдаттардың қол­да­рында – ұшы істік, сабы қысқа күрек. Кез келгенімізді бастан аямай ұрып, кескен теректей құлатып жатыр. Менің қолымда дипломатым бар еді. Сол дипломатыммен соққыны қағып жіберіп, қорғана жүріп, шеткі дүкеннің алдына жете бере бір орыс офицерімен бетпе-бет келіп қалдым. Ә дегенде, ол қолындағы резеңке таяғымен басымнан ұрмақшы боп, құлашын жаза беріп еді, мен шалт қимылдап, оны жол жиегіндегі цементтелген бөгесінге қарай қатты итеріп жібердім. Ол бөгесіннің арғы жағына ауып, шалқасынан құлады. Баспалдақпен секіре жүгіріп, Фурманов көшесімен төмен құлдиладым. Жол-жөнекей сұлап, ыңырсыған жастарды етігімен тепкілеп, қашып бара жатқан қыздарымызды қуып жетіп, шашынан ұстап, ұшы істік күрекпен бастарынан ұрып құлатқандарына мәз боп қарқылдап күлген орыс курсанттарға қаным қайнады. – Әттең, қолда қарудың жоғы-ай! Қару болғанда көрер ем ыңырсып құлап жатқандарды етікпен тепкілегеннің, қыздарды ұшы істік күрекпен ұрып құлатқанның, қарқылдап күлгеннің қандай боларын! – деп ызалана кіжіндім. Баскиім, орамал дегендер жерде шашылып жатыр. Ауыр соққыдан бастары жарылып, үсті-басы қанға бөк­кен кейбір жаралыларды орнынан тұрғызып, қол­тығынан сүйеп, жатақханамның алдына дейін алып бардым. «Бұл не жағдай, бұлар бізді неге ұрады, біздің жазығымыз не» – деген сұраққа жауап таппай, ештеңеге түсіне алмай, қайғылы күй кешіп, жатақхана алдында ойға батып тұрғанымда, Фурманов – Сәтбаев көшелері қиылысы жағынан ұл-қыздар «Менің Қазақстаным» әнін шырқап, төмен құлдилады. Оларға мен де қосылдым. Өзімдей жастармен бірге өлең айтып, Абай даңғылымен Достық даңғылы жаққа бардық. Одан төменге бағыт алып, Панфилов саябағына жеттік. Арамыздағы 4-5 азаматтың жол-жөнекей жасаған өрескел қылықтарына көңілім толмады. Олар жол жиегіндегі тоқтап тұрған автокөліктерді аударып тас­тап, өртеді. – Мүмкін олар арандатушылар шығар? – деген менің сұрағыма: – Білмедім. Шамасы, әй, солай-ау! Әйтпесе, қарап тұрған автокөлікті өртеуге, автобустардың терезелерін сындыруға бола ма? Ол ешкімнің ойында жоқ нәрсе еді, – деп Уызбек тұнжырай түсті. – Олар – арандатушылар, – дедім мен сенімді түрде. – Панфилов саябағынан өтіп, әндеткен күйі Гоголь көшесімен тіке Абылай хан даңғылына барып, бас алаңға қарай бет түзедік. Төле би көшесі бойындағы ескі Үкімет алаңында бізді солдаттар қоршап алды. Қайта төбелес басталды. Солдаттарға көмекке милиционерлер келіп үлгерді. Тағы бас жарылып, қан төгілді. Күш тең емес. Қолымызда қорғанатын ештеңе жоқ. Бөлек-бөлек болып шашырауымызға тура келді. Шегінгендер кейін шегінді, ұсталғандар сол жерде ұсталды. Ес-түссіз құлап жатқандарда есеп жоқ. Мен оңға бұрылдым да, Төле би көшесі бойымен қарсы бұрыштағы үш қабатты сары үйге жеттім. Көп қыз-жігіт ізімнен қалмай келе жатты. Бәріміз топтасып, Желтоқсан көшесіне жақындадық. Қарасақ, бұрыш-бұрыштың бәрінде милиционерлер ары-бері өткендерді ұстап, құжаттарын тексеріп тұр. Желке тұсыма бұрылып қарасам, ескі алаңда ешкім қалмапты. «Тасада не болар екен» деп біраз аңдысын аңдыдық. Мінетін автокөлік жоқ. Қайда барарымызды білмей далмыз. Мен Желтоқсан көшесімен төмен түсіп, Гоголь көшесімен жатақханама келдім. Мезгіл күндізгі сағат үш шамасы. Жалғызбын. Ішке кірейін десем, жатақхананың есігі жабық. Аулада – декан, оқытушылар қаптап жүр. Мені көрісімен: – Қайда болдың? – деп деканым қасыма жетіп келді. – Сабақта болдым. «Алаңға бардым, төбелестім, өлең айттым» дегем жоқ. – Қазір қайдан келдің? – Сабақтан келдім. – Ішке кіргізді. Декан Сейілжанов ағай «жатақханада қанша адам бар» деп бәрін санап, түгендеді. Жатақханада студенттердің жартысына жуығы жоқ болып шықты. Қайтадан санады. Деканымыз санап-санап, журналға қарап: – Пәленшеев қайда? Түгеншеев қайда? – деп сұрай бастады. – Білмейміз. Байтұрсынов пен Гоголь көшелерінің қиы­лы­сындағы Поршень заводының жатақхана­сын­да тұратын жігіттер келіп, бізге: – Неге көтеріліске шықпайсыңдар?! Кімнен қорқып отырсыңдар?! – деп үгіт жүргізді. Өкініштісі, біз сыртқа шыға алмадық. Институт басшылары жатақхананың терезелеріне темір тор қағып, ешкімді көшеге шығармай, ұстап тұрды. Ертеңіне – 18-і күні таңертең сабаққа бардық. Көшеде халық кешегідей көп емес, әр жерде топ-топ болып жүр. Сабақ оқыған жоқпыз. «Кім алаңға барды, кім бармады» деп тексеру басталды. – Сендер тұтқынға алындыңдар. Тұтқынға алынуға санкция шықты, – деді. «Алаңда болдым» деңдер, «жазаларың жеңілденеді» деп үгіттеп, ештеңе шығара алмады. Көп суретті алдыма әкеп қояды. Суреттегілердің біразын танимын. Танимын дейін десем, оларды сатқан боп шығам. «Алаңға барғанда, ешкімді көрген де жоқпын» деген сөзден таймадым. Милицияда істеген сержанттар арматураның кесіндісін әкеп көрсетіп: – Сен бізді мына темір таяқпен ұрғансың, – деп жала жапты. – Айтқандарың өтірік! – деп ат-тонымды алып қаштым. Тергеушілер «қылмысымды» мойындату үшін түрлі әдіс-айла қолданды. Ұрды да, соқты да. Ақырында Алматының «Целинный» кинотеатры жанындағы облыстық Ішкі істер департаментінің подвалына қамады. Бұрын әртүрлі қылмыс жасап, бірнеше рет сотталған баскесерлер камерама еніп, әрнені айтып, мені қорқытпақ та болды. Анық білетінім, Қайрат Рысқұлбеков өзі өлген жоқ, оны өлтіртіп жіберді. Олай дейтінім, мен отырған камераға да ондай баскесерлердің біразын жұмсады. Олар – түрлі ұлт өкілі. Меніңше, олардың істеген істеріне, сөйлеген сөздеріне көп адамның шыдай қоюы қиын. – Түрмеде қанша жыл отырдың? – Екі жарым жыл. 1989 жылдың 22 мау­сымы күні «мерзімінен бұрын босатылсын» деген бұйрық шықты. Хромтау қаласынан ауылыма кеп, 2-3 ай демалдым. Түрмеде отырғандардың жағдайы қандай болары белгілі ғой. Сонда түскен суреттерім бар. Құр шаймен, құр нанмен қоректенген менде түр де, өң де жоқ. Институтқа қайта қабылдансам деп ректорыммен сөйлестім. Ол кісі: – Менің тек қана сырттан оқытатын бөлімге орналастыруға мүмкіндігім бар. Келесі жаңа оқу жылы басталғанда кел, – деді. Күздің күні, мұнай барлау мекемесіне жұмысқа орналастым. Қызылордада құрылысшы болып үй тұрғызып жатқанбыз. Қараша айының соңында институтымнан «күндізгі бөлімге қабылдандыңыз» деген шақыру қағаз келді. Содан қайта студент атанып, институтты 1994 жылы бітіріп шықтым. Өнер көкем марқұм: – Сен осы оқуды жақсылап бітір (үмітімін ғой), дұрыстап бітірші? – деді. «Ерегіскенде институтты қызыл дипломмен бітіріп шығайыншы. Ел ертең маған күлмейтіндей болсын. «Шәкірдің баласының басына шамалы бақ қонып еді, көтере алмастан тозып кетті» демесін (жазықсыздан-жазықсыз сотталғанымда ауылымның қайсыбір адамы мені әлгіндей деп жазғырыпты)» деген намыс жетегінде бар күш-жігерімді жұмсап оқыдым. – Сендер халық үшін бастарыңды оққа тіктіңдер. Егеменді ел болуымызға қосқан үлестерің бар, – деп ұстаздарым көтермелеп, маған құрмет көрсетті. Ол кісілердің түсінгеніне рақмет. – Өзің оқыған институтта оқытушы болып қалуыңа кім себепкер болды? – Деканым Есенбек Қайрошов ағаймен көп араластым (кейін ол кісі марқұм боп кетті). Екінші курстан бесінші курсқа дейін жатақханадағы студенттер кеңесінің төрағасы болдым. Есенбек ағайдың үйіне барып тұратынмын. Сірә, мені көп білгендігінен-ау: – Бізде оқытушылық орын бар. Үздік оқыдың, көргенің аз емес. Өзгелерге қарағанда ақылың да көбірек, етің тірі. Институтымызда ұстаз боп қалсайшы. Оқытушылар сені қолдап отыр. Бәрі жақсы біледі, кім екеніңді таниды, – деп үгіттеді. 1994 жылдың 11 мамыры күні өсімдікті қорғау факультеті этимология кафедрасының ассистенті боп қабылдандым. – Кандидаттық диссертация қорғадың ба? – Құдай бұйыртса, биыл қорғаймын. – Желтоқсан көтерілісіне биыл – 25 жыл. Жылда алаңда өтетін жиынға барып тұрасың ба? – Жыл сайын барып тұрам. – Сонда қандай сезімді бастан кешесің? – Ол қанды оқиғаны еске алу әрдайым жанға батады, жүректі ауыртады, шашты ағартады. Желтоқсан көтерілісі маңызын түсінбей, түсінсе де, әдейі бұрмалап, олай деп, бұлай деп тиісті мән бермей жүргендер де бар. Халқымызға егемендік қадір-қасиетін терең түсіндірген «Желтоқсан желі» емес пе? Ол болмаса, азаттыққа деген ел сезімі оянар ма еді? Өкінішке қарай, мұны мемлекетіміз толық мойындамай отыр. Мойындаса, желтоқсандықтар рухымызға рух қосты десе, жүрегіміздегі барлық жара жазылып, дұшпан сағы сынар еді. Жоғарыда отырғандардың көпшілігі «егемендікті біз әкелдік» деп ойлайтындай. Айқассыз егемендік бола ма? Тап олардың ешқайсысының жанына Желтоқсан қасіреті батқан емес. Өзіңіз білесіз, көп жағдайда халыққа еңбек еткен ақын-жазушыларды, батырларды «ғажап, керемет еді» деп өлгеннен кейін мадақтайды. Тірі кезінде елей бермейді. Сол жағдай қазір Желтоқсан көтерілісшілерінің де басында бар. – Дұрыс. – «Желтоқсан көтерілісі» уақыт өте келе өз бағасын алары сөзсіз. Қазір оған тиісті мән берілмеу себебі жоғарыда отырған көп адамның қолы қан. Олар шындықты мойындаса, өздерінің қылмысы ашылып қалатынын жақсы біледі. Сондықтан мойындағылары келмейді. – Шындық бәрібір ашылады, – деген маған: – Қазір емес, кейін ашылады, – деді Уызбек сенімді түрде. – Желтоқсан көтерілісі комитетінің ұзақ жыл төрағасы болған Аманжол деген азаматымыз 67 жасында өмірден өтіп кетті. «Желтоқсан статусын алам» деп талай айқай-шу, дау-дамайдың ортасында жүрді. Көздеген мақсатына жете алмады. Қазір қай мерекені алыңыз, «Желтоқсан көтерілісі» аталмайды. – Ол рас. – Ауған соғысына қатысқандарды Отан соғысына қатысқандармен теңестірді де, «желтоқсандықтарды» олармен теңестірмеді. Әділін айтсақ, ауғандықтар соғысқа өз еркімен барған жоқ, оларды зорлап апарды. Басқа елде соғысып, өлгені – өліп, тірілері қан төгіп келді. Сол елінің келешегі үшін күрескендерді мойындамау деген – қиянаттың ең үлкен, ең кешірімсіз түрі. «Желтоқсан көтерілісін» мойындау, тиісті бағасын беру ешкімнен орынтақ сұрамайды. «Еңбектерің адал еді, ақталды десе, «желтоқсандықтарды» Отан, Ауған соғысына қатысқандармен теңестірсе – сол бізге жетіп жатыр. Бәрібір «Желтоқсан көтерілісі» естен шықпайды, оны ешкім тарихтан өшіре алмайды. Біз «Желтоқсан көтерілісіне» қа­тыстық деп кеуде көтермейміз. Бұйыр­ған екен, маңдайымызға жазылғанын көр­дік, еліміз алдындағы азаматтық, перзенттік борышымызды адал атқардық. – Ұлтымыздың намысы үшін қан төктіңдер ғой. – Әрине, мәселе – сонда. Мемлекет осыны заңды түрде мойындаса, ештеңе де жоқ. Амал не, мойындамай келеді. Өз бастарынан өткізбегеннен кейін оның маңызын түсінуі де қиын. Оны «Желтоқсан көтерілісіне» қатысқан, көтеріліс азабын, өмірдің ащы-тұщысын басынан өткерген адамдар ғана біледі, бағалайды. Адам жақсылық пен жа­мандықтан үйренеді. Содан кейін ненің жақсы, ненің жаман екенін ажыратады.

4038 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы