• Руханият
  • 20 Желтоқсан, 2011

ҚАЙСАРЛЫҚ

Биыл Желтоқсан көтерілісіне 25 жыл толып отыр. Ұлт-азаттығының жаршысына айналған тарихи оқиғаға қатысып, бас­тарын бәйгеге тіккен ерлер жайлы, қазір жан-жақты жазылып жатқаны көпшілікке мәлім. Осы орайда 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан ұлтжанды азаматтың бірі Қайыргелді Күзембаев жайлы әңгіме өрбітуді жөн санап отырмыз. Қайыргелді Күзембаев 1959 жылы Көкшетау облысы Степняк қаласында дүниеге келген. Ол 1979-81 жылы әскерде болып, 1983 жылы Алматыға келіп, әуелі «Үй құрылысы» комбинатында, кейін №40 құрылыс-монтаж басқармасында жұмыс істейді. Әуелі «Юность» жатақханасында, сосын әпкесінің қолында, сосын отбасымен пәтер жалдап тұрған Қайыргелді оқиға мәнісін алғашында жақсы түсінбегендігін айтады. Ол 1986 жылы 17 желтоқсанда өзі шұғылданып жүрген дзюдо секциясында болып, 18-інде көтеріліске шығады. Жұмысқа келсе Азим деген бригадирі студенттердің алаңға шыққанын айтып, ондағы қазақ жігіттері ұйымдасып жатқандығын хабарлайды. Кейін Азим сот үстінде Қайыргелдіні қорғауға да атсалысқан. Ол кезде өзі Төле би мен Саин көшелері қиылысы тұсында салынып жатқан фабрика типтес үлкен бір құрылыс объектісінде жұмыс істейтін. Сол маңдағы «Өндірістік құрылыс» және басқа да мекеме жатақханаларындағы жұмысшы жастарды үгіттеп, жиналған соң 18-і күні алаңға келеді. Келе сала қыздарды қуалап, шаштарынан сүйрелеп жатқан озбырлыққа куә болады. Сосын сағат тоғыз-ондар шамасында Абай мен Байсейітова көшелері қиылысы маңындағы 2-3 қабатты сары үйлердің қоршау ағаштарымен қаруланып, әскерлерге қарсы шабуылдап, қыздарды құтқарып алады. Үсті-үстіне көбейіп келе жатқан жігіттердің тобына көшедегілер де қосылады. Одан Фурманов көшесіне келіп таяқтарын тастайды да «Менің Қазақстаным» әнін айтып, алаңға кіреді. Сол жерде ереуілшілердің талап-тілегін айту үшін жеті адам Үкімет үйі жаққа кеткен еді. Солардың оралуын күтіп тұрғанда бір-екі студент «не қарап тұрсыңдар» деп, төбелес бастап кетеді. Оның айтуынша, «студент» деп жүргендері Қауіпсіздік комитетінің адамдары екен. Қайыргелді ол күні жұмысқа қайта бармай, кешкі сағат тоғыздарда Горный Гиганттан жалдап тұрып жатқан шағын үйіне келеді. Келген соң баламен отырған әйелі оның қайда болғанын сұрайды. Ол «мен алаңда болдым, ешкімді өлтірген жоқпын», демесі бар ма?! Әйелі: «Сонда бізді қайда тастап кеттің?» – деп жан ұшыра сұраққа алады. Сол кездегі бірқалыпты өмірдің аяқ асты өзгергені жайлы Қайыргелдінің жұбайы Роза Спанова былай дейді: «Бірде Қайыргелді досымыз Сағызжанға: «алты күннен кейін Қуантай 5 айға толады. Ертең күн сенбі ғой. Гуля екеулерің келсеңдерші, суретке түсейік», – деп, уәделесіп шығып кетті. Көп кешікпей біз баланы көрпеге орап алдық та, №113 автобустың аялдамасына қарай жүрдік. Келсек, Қайыргелді әлі тұр екен. Төрт-бес минуттан кейін автобус келіп тоқтады. Ол «қош, қош» деп автобусқа жеткенше, тіпті автобус біраз ұзағанша қолын бұлғап қоймады. «Сонша қоштасқаны несі?» – деп күліп қала бердік. Сөйтсек, жүрек шіркін бір сұмдықты, яғни енді ұзақ мерзімге көрісе алмайтынын сезсе керек. Міне, сол кеткеннен Қайыргелдіні 6 айдан соң бірақ көрдім». Расында, Қайыргелдіні жұмыстан қайтып келе жатқанында бір қазақ, екі орыс жігіті қолына кісен салып алып кетеді. Үй ішімен қоштаспақ болған оны «олар бұл жайдан хабардар» деп, сүйрелей жөнеледі. Содан «Целинный» кинотеатры маңындағы Ішкі істер басқармасының қараңғы бөлмесіне қамайды. Онда екі ай жатқан соң Сейфуллин мен Мәметова көшелері қиылысындағы түрмеге апарып, тергеу ісі жарты жылға созылады. Достарымен алты күннен соң суретке түспек болған Қайыргелдіні халқы алты айдан соң газеттегі айыптау суретінен көрді. Жақындары оны сәбидің бес айлығында емес, қамаудың бес айлығында кездестірді. Қайыргелді суретке, өзі жоспарлағандай, жұбайы Роза, достары Гуля, Сағызжанмен емес, Қайрат, Түгелбай, Жамбылбектей үш азаматпен түскен екен. – Сонда сізді қандай айыппен тергеді? – «Савицкийді өлтіріпсің» деген айып тағылды, жасақшылардың айтуымен. – Ол маңда болған жоқсыз ба? – Оқиға сағат 11.30-12.00 аралығында болыпты. Мен ол кезде Ленин – Сәтбаев көшелері тұсында жүргенмін. «Біздің сағатымыз да сәйкеспейді», – деп едім, тыңдаған жоқ. Содан Қайрат, Жамбылбек, Түгелбай төртеуімізді бірге тергеді. Екі апта сотымыз жүрді. Қайратты – ату жазасына, Ж.Тайжұмаевты – 15 жылға, Т.Тәшеновты – 15 жылға, мені 14 жылға кесіп, кете бардық. Қайраттың ержүректігін де сонда байқадық. Өлім жазасынан бәрі де қорқады. Бірақ біз сыр бермеуге тырысып, өзімізді ұстадық, – дейді өзінің оқиғаға қатыстылығын қысқаша қайырып. Олардың сыр бермеуге тырысып, ұлт қайсарлығын көрсеткісі келгендігін халық газеттегі суреттерінен-ақ аңғарды. Сот үкімі жайлы берілген мәліметте: «Қ.Қ.Күзембаев 1959 жылы туған, СМУ- 40 жұмысшысы, 16.06.87 жылы Қаз КСР Жоғарғы соты үкімімен Қылмыстық кодекстің 60, 65, 15, 88 баптары, 1-бөлім «В» тармағы және 17, 173, 1, 37-баптары бойынша он төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Кейін ҚазКСР Жоғарғы соты Президиумының қаулысымен жазасын өтеу уақыты 3 жыл 4 ай 10 күнге қысқар­тыл­ды» делінген («Желтоқсан», Құжаттар.10 том). Түрменің ғана емес, тоталитарлық жүйенің де тар қапасынан ес жиып еңсесін көтерген Қайыргелді өткен өмірінің айтулы тұстарын былай деп еске алады: – Сол кезде әйеліммен бірге қалып қойған жас бала үш жарым жасқа келгенде аштық жариялап, плакат ұстап, мені түрмеден суырып алған болатын. Депутаттар да баламның ұсынысына құлақ асыпты. Содан бері, Құдайға шүкір, жылдар өтті, тәуелсіздікті де алдық. «Желтоқсаншылар» да бірігіп жатыр. – Түрмеде қай жерде болдыңыз? – Қызылжарда бір жарым жыл болып, екі жылды Алматы облысының Заречный түрмесінде өтедім. Қызылжарда көп қиыншылықты отырған адамдардан емес, әкімшілік жағынан көрдім. Тергеу кезінде ұрып-соғып аяғымды сындырды. Аяғым ісіп кетсе де емдемей қойды. «Сен осылай бірте-бірте өлесің, саған өмір сүргізбейміз, аяғыңды кесеміз» деуге дейін барды. Түрмеде осылай айты­латынын тергеуде ашуға булыққан Губченко: «Сені қайтсем де соттатамын, түрмеде шіріп өлетін боласың», – деп ескерткен болатын. Иә, бәрінің де оны өлтіруге құштар болғанына қарағанда, әзірейлінің сұсынан қорыққан кеңестік жүйе оған сыбаға әзірлеу үшін куәгерлікке соққы жеген жендеттердің қаншасын жинаса, сот соншалықты бапты бір адамның басына үйіп-төгіпті. Олар ойлағандай дию болмаса да, спортпен шұғылданған Қайыргелді бұл ауыртпалықты желкесімен де, жүйкесімен де көтерді. – Сол кезде түрме бастығының орынбасары болған Бектұров деген маған көп көмектесті, – дейді ол, сөзін сабақтап. – Оны айту керек. Орыс дәрігері емдемеген кезде сол кісіге барамын. Ол оны кабинетіне шақырып алып, айқайлап ұрысқасын барып емдеуге мәжбүр болады. Сондай біраз адамдар да болған. – Спортыңызды жалғастырдыңыз ба? – Жалғастыра алмадым. Екі аяғымды бірдей кеспек болғанда Заречный түрмесінен балдақпен шықтым ғой. Сол үшін тағы да жиырма күн жатып емделуім керектігін айтып, уақытты созбалай берді. Олар әдейі аяғымды мүлде кесіп тастамақ болған шығар. Сонда да менің әйелім мен «желтоқсанның» бірнеше жігіттері депутаттардың шешімін көрсетіп, тезірек алып шығу үшін жанталасты. Шығармаған сайын депутаттарға қайта-қайта барады. «Неге шығармайсың?» – деп генерал оған қайта-қайта телефон соғады. – Қай генерал? – Депутаттардың ішіндегі. – Қалматаев емес пе? – Сол шығар. Үкімде екі түрлі шешім жазылған. Оның бірінде – «20 күн жатуы керек» десе, екіншісінде – «тез босатылсын» делінген. Ал түрме бастығына қалғаным қолайлы болса да, көпшілік жабылып, үш күннің ішінде шығарып алды. – Неше балаңыз бар? – Екі ұлдың бірі – Армият, ол әйелімнің қайтыс болған сіңлісінен он бес жасында жетім қалып, біз оны бауырымызға бастық. Ол қазір отызда. Екіншісі – мен үшін үш жарым жасында плакат ұстап алаңға шыққан Қуаныш деген – өз ұлым. Талдықорғанда аға лейтенант болып қызмет атқаруда. Политехникалық институттан кейін, заң оқуын да бітірген. Ал қыздың бірі – Ардақ ҚазҰУ-дың тіл әдебиетінде, екіншісі – М.Мәметова атындағы №161 лицейде оқиды. Түрмеден кейін болған материалдық қиыншылықтарға қарамастан жұбайым екеуміз «Сайран» жатақханасында тұрып, балаларымызды қазақы тәрбиемен өсірдік. Иә, Қайыргелдіні баспаналы болғанға дейін осы жатақханадан мен де бір-екі рет көргенмін. Өйткені осында Желтоқсан оқиғасына қатысқан Сайраш деген қарындасым өз достарымен бірге тұрған. Мен «Желтоқсан» қуғыны кезінде осы жатақхана маңындағы жағажайдың тоғайын паналап, түндерді өткізген кездерім де болған. Төрт жылдың ішінде Қайыргелдінің көрмеген қорлығы, жемеген таяғы жоқ. Аяғын сындырды, өкпе ауруына шалдықты, тағысын тағылар. Бірақ мойымады. Әділет жолында әркімнің пешенесіне жазыла бермейтін Құдайдың сынағын өтегендей болды. Оның ерекше қасиеттерін қазіргі ұлтжандылар түгілі тергеу үстінде қарсылас куәгерлері мойындаған сияқты. Олардың айтуынша, Қайыргелді бір мезетте Асланов, Чарданов, Мальков және өзінен екі есе ұзын, дәу Зимулькиндерді бір-бір ұрып құлатады. Менің атам Кәріпжанды түрмеге қамағанда «бір өзі кеңестік төрт белсендіні умаждап ұстап жатыпты» деп кінәлапты, яғни кешегі Кәріпжандар мен бүгінгі Қайыргелділер тұрғанда «Қобыландыны көрмедім» деп өкінбесек те болады. Әйтсе де, алды бақилық болып, арты елуді шамалаған қаһармандарымызды тарихта қалдырарлық ықылас әлі де байқалмайды. Қайыргелдінің басына іс түскенде қолдан келгенше жанталаса ізденіп, оның оптимистік рухын шыңдап, шырылдаған зайыбы Роза Спанова бұл жайдан шет қалмаған сияқты. Өз жұбайы ғана емес, басқа да қаһармандарымызды қамтып, көтерілістің лайықты сипаттамасын бере білген оның «Біз білетін Желтоқсан» атты кітабы тарихымызға тартылған сүбелі жоралғы болды. Аманғазы Кәріпжанәулеті

5922 рет

көрсетілді

59

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы