• Тұлға
  • 22 Желтоқсан, 2011

Есіл көктемі

Мір Шайыр Әр өлеңдi оқыған сайын бойжеткендер көңiлi әр алуан күйлерге ендi. Лирикалық кейiпкерлер үшiн қапаланды, жаны ашыды. Соңғы туынды екеуiн мамыр шуағындай әсерлерге бөледi. – Бiздiң Шығыс Қазақстанда, Өскемен бетiнде мұндай стильде өлең жазатын ақынды есiме түсiре алмай отырмын, – дедi Ғұсни. – Расында да, бұған дейiн өлең жаз­баған болар. Байқадың ба, бес өлең бес түрлi туған. Белгiлi бiр сәттердегi көңiл әуен­дерiне сәйкес. Құрылымы күрделi, әр шу­мағы, әр жолы бейнелi. Ең бастысы, мөл­дiреген шынайылық бар. Мұндай ақын бұған дейiн-ақ көрiнер едi. Дарыны ендi ашыл­ғандай. Бәлкiм, бiр сәттiк бұрқаныс па... – Бәлкiм... Бәлкiм... – Сәбина, ең маңыздысы – сен құса болған бiр жанның қайтадан өмiрге көзiн ашқандайсың. Сенi көрiп, тiрiлiп кеткендей. Өз қайғысымен өзi дүниеден баз кешкен ол сенiң әсерiңмен жаңа туғандай. Тiптi ақын боп кеткен! Сәбина қысыла, ыңғайсыздана жауап бердi: – Есiмiм сәйкес келгесiн шығар. Әйтпесе... Сәбина көркем едi. Сұлудың сұлуы едi. Бойында кез келген адам сөзбен жеткiзе алмайтын, әркiм әуенге, сұлу сөздерге қо­сып бейнелеуге талпынатын әсемдiк бар едi. Оның қазiргi сәтте кiрпiктерiн қағып-қағып, алабұрта: «Есiмiм сәйкес келгесiн шығар», – деп ұялғанының өзi Ғұсниға ән тәрiздi естiлдi. Сәбина табиғатында алғашқы көктем гүлiнiң, жо-жоқ, өлеңде айтылған еңлiкгүлдiң ұяңдығынан да бетер аяулылық бар-ды. Сәл қызғылт нышандылау, биязы қой көздерi адамды ынтықтырып, баурамайтын, керiсiнше, оған әлгiндей ұяң, аяулы сезiмдер дарытатын да, онымен дидарласқан адамдар өздерi ене кеткен сол бiр әсемдiк дүниесiнiң iшiнде бiразға дейiн қалып қоятын. Осынау жағымды халден ешкiм де шыққысы келмейтiн. Бұны күнә тәрiздi сезiнетiн. Содан да жiгiт атаулы Сәбинамен ретсiз тiлдесе бермейтiн. Себебi өздерi ие бола кеткен әлгi бiр қымбат қадiр-қасиеттен айы­рылып қалардай сақтанатын. Адамдарға игi ықпал ету атасы Ғазiрет әулетiне ортақ сипат-ты. Сондай-ақ Сәбина үнiндегi анасы Раузаға тән көмейден әлсiздеу тарайтын дiрiл де оның әр сөзiн қастерлi реңкке бөлейтiн. Осының бәрi қыз бойындағы, оның ашық өңiндегi сирек жан сұлулығын, тұнықтықты көрсететiн. Ол тұнықтықты ешкiм де бұзуға бата алмайтын. Сәбина мұны бiлетiн әрi сол даралығына әрдайым сай жүретiн. Осының бәрi оның сәбидей пәктiгiн де мойындататын. – Иә, есiмiм сәйкес болғасын ғой, – дедi Сәбина ыңғайсыздана қайталап. – Ол екiншi кезектегi фактор. – Ғұсни пiкiрлерiн жинақтай түстi: – Байқадың ба, ол саған өткен жылы келген кезiңнен көңiл қойған. Демек, Астанаға сәл бұрынырақ қоныстанған. – Иә, қыста да көрiп жүргендей. Күнде көретiн секiлдi. – Кiм болуы ықтимал? Өзiң ешкiмдi байқаған жоқсың ба? – Жоқ, байқамадым. Бәрi кәдiмгi адамдар. Жастар. Ашық жандар. Мен өз-өзiмнен қуыстанып жүрмiн. Бiреу сыртымнан көз салып, өлең шығарып тұрғандай. – Бiр нәрсе айқын, – дедi Ғұсни. – Жiгiттiң сүйген қызы Өскемендегi жастар көтерiлiсiне қатысып, қаза болған. Жiгiт содан берi қасiрет шегулi. Көңiлi тоқырап қалған. Психологиядан бiлетiнiм, мұндай жағдайда адам көппен бiрге еңбек етедi, тiптi алдыңғы қатарда жүруi мүмкiн. Алайда пәс күн кешедi. Сан құбылған тiршiлiктiң басқа әуендерiнен, қызықтарынан қағажу қала бередi. Сөйтiп, одан әрi ешкiмге назар салмауы, ғашық болмауы, үйленбеуi де ықтимал. Осылай ғұмыры өтедi. Ал, мына құбылыс... Он бiр жылдан асқанда... Жiгiттiң iшкi әлемiнде астаң-кестең төңкерiс болғаны ап-айқын. – Иә, солай секiлдi. – Оның ұнамды себепкерi өзiңсiң. Әлгiндей халде жүрген пенденiң кенеттен өлеңдер шығара қоюы оңай ма? Бұдан кейiн ол тiршiлiкке қызығып көз сала бас­тайтын шығар. Уақыт түн ортасы болған. Екi қыз өлеңдер әсерiнде, ондағы кейiпкерлер туралы үнсiз ойлана жүрiп, әр алуан иiс майлармен қолдарын, беттерiн сылады. Жұпар хошы бөлме ауасында қалықтап, тынысқа ләззат бередi. Шамды сөндiрiп, төсектерiне жатты. Ашық терезеден төменде көшемен өткен автомобильдердiң белгi бергенi, әлде­кiмдердiң көтерiңкi дауыстары естiледi. – Сәбина, – дедi Ғұсни бәсең үнмен. – Жаңағы жiгiт өз қызын өлiп-өшiп сүйген-ау! Қандай аяулы махаббат! – Иә. Басқа бiр қиял-ғажайып дәуiр­лердегiдей. – Қозы мен Баян, Қыз Жiбек пен Төлеген секiлдiлер қазiр де болғаны ғой. – Әрине. Бiз бiлмейтiн тағдырлар көп шығар-ау! Қазiр өмiрдiң жылдамдығына көз iлеспейтiндей. Уақыт та безек қағуда. Егер орта ғасырлар болса, мынадай тұрақты махаббат хикаялары... Ән боп тарайды ғой. – Ал, мәселен, сен оған кездеспедiң дейiк. Сонда ол бұрынғыдай томаға-тұйық жүре берер ме едi? Қайтер едi? – Көңiл қалай да бiр түлеуi мүмкiн ғой. Көктемнiң келмей қоймайтыны секiлдi. – Менiңше, ол сенiң әсерiңмен ендi дүниеге басқаша қарай бастайды. Қалай десек те, бұрынғы ғашығы – өткен өмiр. Оған қайтып оралу жоқ. Ендi ол... – Әрине. Өткен тарих қадiрлi болғанмен, бүгiнгi тiрлiк, болашақ адамға керегiрек. Онсыз өмiр болмақ емес. Дегенмен сертiне берiк екен. Қадiрлеуге лайық. – Иә.. Сөз жоқ... Бөлме iшiнде түн тыныштығы орнады. Әлден уақытта Ғұсни: – Аяз екеуiңiздiң жоспарларыңыз қалай? – деп сұрады. – Биыл күзде оның жағынан құда түсiп қалар. Сосын келесi жазда... Оған дейiн тұрмысымызға қатысты бiраз шаруаны реттеп үлгерiп дегендей... Екеуi бiразға дейiн үнсiз жатты. Әлден уақытта Сәбина: – Кенеттен жүйке құлазуына тап болған. Ұзақ тоқырауға түскен. Бәлкiм, кездесiп жатсақ, пiкiр қосып дегендей, құрдымнан шығуына ықпал етермiз. Қалай ойлайсың? — деп сұрады. – Оған сөз бар ма? – дедi Ғұсни. – Ол бүгiн кездескен Қорған мен мына өлеңдер иесiнiң тағдырларын ойша салыстырып жатыр едi. Екеуiнен бiр-бiрiне ұқсастықтар тапқандай. Сәбина өлеңдердегi өзiне арналған теңеулердi жаймен жадынан өткiзiп жатыр. Табиғаттың кереметтiгiн қанша мадақтаса да, оның сол қалпында қала беретiнiндей, Сәбина да өз болмысын даралаған туындыларды тым елiкпей, бiрқалыпты қабылдаған едi. Дегенмен ұнамды... «Кенет тоқырауға түсiп кеткен. Ендi мынадай шығармалар жазуы...» – деп Сәбина қайран қалулы. Ол кереуетiнде әсем қозғалып, ұйқыға ыңғайлана, бүкiл денесiн, мамық көпшiкке сiңе дамылдаған басын еркiне тастай жатты. Селдiр перделi ашық терезеден түскен түнгi қала көшелерiнiң жарығы оның жұқа ақжайма жамылған мүсiнiн Ғұсниға айқын көрсетiп тұр едi. Қырынан қарағандағы түзу мұрнының, уыз ерiндерiнiң, тыныстаған сайын баяу көтерiлiп-басылған жұмсақ төсiнiң, томпая бiлiнген тiзесi мен аяқтарының бедерлерi байқалады. Әзiр ұйықтай қоймаған. Ғұснидың да ұйқысы келер емес. Ол Астанаға келгелi өзiнiң шығармашылық ынтасының арта түскенiн, бiрiнен соң бiрi тың жоспарлар туындай бергенiн, очерктерi мен әңгiмелерiн жаңаша мәнерде жазып, оларда тосын әдеби шешiмдердi жиi қолдана бастағанын, әдетте қарапайым көрiнетiн деректерден мүлде күтпеген қорытындылар, философиялық түйiндер жасауға бейiмделе түскенiн есiне алды. Астана оны жаңа идеялар қайнарларынан сусындатып жатқандай. Осы сәт Ғұсни: «Жаңағы автор дарынының Астанада ашылуының Сәбинадан да басқа себебi болуы ықтимал емес пе екен?» – деп таңданып қалды. Бұл ой санасына тосыннан қона кеткен маңызды болжамдай көрiндi. Сондықтан Сәбинаның осы сәттерде ұйқы құшағына ене бастағанын ерiксiз ескерместен: – Сәбина-а, қалай ойлайсың, менiңше, солтүстiктегi жаңа ордамыз адамдарды ескi уайым-қайғыларынан арылтып, салтанатты серпiлiстерге қуат бергендей, – дедi. – Шүбәм жоқ, – дедi Сәбина. – Бүгiнде әркiмнiң тереңiнде бiр-бiр өзгерiс бар.

2708 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6186

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5702

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3442

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2823

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2787

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2764

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2495

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2480

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы