• Тұлға
  • 22 Желтоқсан, 2011

Қаржы дағдарысы медиа саласына өзгерістер әкелді

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ, «Жетінші арна» бақылау кеңесінің төрайымы:– Әлемді шарпып өткен қаржы дағдарысы БАҚ саласына қалай әсер етті деп ойлайсыз? Сөз басында осыған тоқталсаңыз... – Қаржы дағдарысы өзге елдердегі сияқты, Қазақстанға да өз тәртібін орнатып, тиісті өзгертулерді енгізгені белгілі. Дағдарыс, әрине, медиабизнеске де өз әсерін тигізді. Мәселен, дағдарыс кезінде іскерлік белсенділіктің төмендеуінен жарнама берушілер өз бюджеттерін шұғыл түрде қысқартқан болатын. Дегенмен қаншалықты дағдарысқа қарама-қайшы болғанымен, қаржы дағдарысы медиа саласына жағымды әсер еткенін де мойындағанымыз жөн. – «Дағдарыстың жағымды жағы» деген сенімсіздеу естіледі екен. Қалайша медиасалаға дағдарыс жақсы әсер етуі мүмкін? – Қалай айтсақ та, өзгеріс байқалуда. Қаржы дағдарысының кері әсерін жан-жақтан тасқа таңба басқандай айыптағанмен, осы дағдарыс қазақстан­дық телевизияға өз бейнесін өзгертудегі бірден-бір жол болмақ. Телевизия саласын тек ойын-сауық бағдарламаларымен шектемей, танымдық бағытта да дамыту қажет. Алайда телевизия алпауыттары қазір рейтингтерді бақылап отыратын компаниялар зерттеулеріне сәйкес бағдарлама кестелерін жиі ауыс­тыратын болды. Мәселен, жаңа форматтың айналымына орта есеппен үш ай уақыт жіберіледі. Егер шоу одан күтілген нәтижелер мен жұмсалған қаржыны ақтамаса, жабылады. Қысқасы, ақпарат тарату кестемізді өзіміз қалыптастырамыз, бірақ, өкінішке қарай, кестеміз тек қана ойын-сауық бағдарламаларынан тұрады. Әдеттегідей, көрермен ғылыми-көпшілік жобалардан гөрі, мән-мағынасыз болса да, ойын-сауық бағдарламаларын таңдайды. Көпшілік арасында қалыптасқан «ғылым – жалықтырғыш дүние» деген стереотип өз әсерін тигізуде. Өйткені экономикалық жағдай жарнама берушілерді жарнама бюджетінің бөлінісін тиянақты түрде талдауға мәжбүрледі. Қазіргі уақытта Қазақстанның жарнама нарқында екі үрдісті аңғарудамыз, біріншіден, жарнамалық бюджетте телевизия үлесінің артуы, дәлірек айтқанда, экономикалық дағдарыс кезеңінде телеарна ірі жарнама берушілер үшін едәуір тиімді бұқаралық ақпарат құралы болып табылады. Екіншіден, ғаламтордың даму қарқыны байқалуда. Ал сыртқы жарнама, баспасөз және радио иелері, өкінішке қарай, дағдарыс әсерін қатты сезінуде. – Ал ақпараттық бағдарламаларға сұраныс қалай болып жатыр? – Дағдарысқа қарамастан жаңалықтар сұранысы­ның көрсеткіші артқан жоқ. Әрине, баршаның төтенше жағдайлар жайындағы ақпараттық жаңалықтарға сұранысын қоспағанда, жаңалықтарға сұраныс төмен. Жаңалықтар эфирі өз алдына көрермен үшін басты болып саналмайды. Ғаламтордың қарқынды дамуымен телеарна жаңалықтарды көрермендерге жеткізу жыл­дамдығы жағынан дара иелігінен айырылғаны анық. – Сонда телеарналарымыздың жоғары рейтинг жолында жаңалықтардан бас тартқаны жөн бе? – Жаңалықтар, әрине, эфирде болуы керек, бірақ кең көлемде телекөрермен назарын өзіне тарта алмайды. Бүгінгі көрермен үшін телевизия – ең алдымен ойын-сауық арнасы. Осыған байланысты сериалдар мен ойын-сауық бағдарламаларға сұраныс артуда. Сондықтан елеулі оқиғалардан тыс кезеңдерде эфирді толтыру және көрермендерді тарту мәселелері үнемі туын­дап отыратын құбылыс. – Қазіргі таңда медиабизнес саласындағы басты мәселелер қандай? – Медиа салада соңғы уақытта айтарлықтай мәселелер туындағаны белгілі. Мәселен, жарнама бюджеттерінің шұғыл қысқартылуы, басылымдардың жабылуы, штаттың қысқартылуы өз алдына болса. Бұдан бөлек дағдарысқа қарсы стратегиялық жоспарлау саласында басқару кадрлары мен мамандардың жетіспеушілігі қазір байқалып отыр. – Ал еліміздегі телевизия саласындағы бәсекелестік қай деңгейде? – Қазіргі кезде қазақстандық телевизия нарығындағы бәсекелестік арта түсуде. Ең алдымен, жаңа медиа саласының пайда болуы, ғаламтордың, спутниктік және кабельдік телевидениенің дамуы есебінен бәсекелестік тек үдей түспек. Жоғарыда аталған жағдайлардың әсерінен аудиторияның фрагменттелуі басталып, әр БАҚ-қа жұмсалатын пайдаланушы уақытының үлесі төмендейді. Мұндай жағдайда, аудитория көзқарасы жағынан, басты медианарық ойыншыларының үлесі кеміп, ал екінші және үшінші деңгейдегі компаниялардың үлесінің артуы сөзсіз. Мәселен, соңғы екі жылда көптеген телеарналар өз бағыттарын өзгертуі жайында хабарлады. Сондай-ақ телеөндіріс саласында жаңа ойыншылар да пайда болуда. Соның бірі – екі жыл бұрын құрылған «Жетінші арна» қазақстандық нарыққа әкелген «Endemol» және «Вайтмедиа» халықаралық мейджорлары. «Endemol» компаниясының стратегиялық серіктесі «Вайтмедиа» компаниясы бізге нарықта өз үлесімізді алуға қажетті жобалар портфелін қалыптастыруға жәрдемдесті. Бір жыл ішінде аудиториямыз үш есеге артты. «Вайтмедиа» және «Endemol» компанияларының жиынтығы «Жетінші арна» эфирлік контентінің 25 пайызын құрайтыны жайындағы келісімшарттың негізгі шарты болып қала бермек. Сонымен қатар биыл «Видео Интернешнл» (ВИ) компаниясымен келісімшарт жасастық. Келісімшартқа сәйкес телеарнаның жарна­малық уақыты әдеттегідей минут бойынша емес, GRP (теле жарнаманы сату барысындағы шартты бірлік жарнама ролигін тамашалаған көрермендер санын білдіреді – РБК daily) жүйесі арқылы сатылатын болады. Бұл – телеарна үшін өте маңызды қадам. – Ал ғаламтор мен көгілдір экран тартысын қалай бағалайсыз? – Ғаламтор мен телевизия арасындағы тартыс айқын байқалады және бұл үрдіс алдағы уақытта тек үдей түспек. Өз алдына телевизиялық компаниялар да digital сегментінде белсенді жұмыс істеуде. Сондықтан телевизиялық және өзге де контентпен жұмыс істей оты­рып жарнамадан табыс табушы видеосервистер саны арта түседі. Бұл өзгерістер ТВ мен digital-сегменттер (сараланымдар) арасында кадрлар үшін күресті үдетуге алып келеді. Егер 2009 жыл мен 2010 жылдың басы кәсіпқойлар үшін ең жайлы кезең болса, 2011 жыл «өтпелі» жыл болды. Соңғы бір жарым жылда жүзеге асырылмаған сұраныстың өсуі нәтижесінде жарыққа шығып, ашылмаған тұстары ашылуы керек. Оған қоса, соңғы екі-үш жылда жетер шыңын бағындырған медиаменеджерлердің жаңа буыны өсті. Бұл жерде айтқым келгені – компания мен индустрияға әсер ететін шешім қабылдай алатын шынайы топ-менеджерлер дәрежесіне өте алатын, кәсіби деңгейдегі адамдар жайында. Қазіргі уақытта топ-позицияларда бұрын-соңды бізге бейтаныс адамдардың пайда болып, үміткерлер тізімінің қалай жаңартылып отырғанын көріп отырмыз. – Жалпы, БАҚ саласының қызметкерлеріне байла­ныс­ты қандай өзгерістер бар? Жақын болашақта не күтуге болады деп ойлайсыз? – БАҚ беттерінде жиі көрініс табатын сарап­шылардың көбі медианарықта белең алған бүгінгі жағдайларды нарықты тазартуға септігін тигізетін жол деп, оған оң баға беруге бейім. Расында, кадр­лар мәселесі алдыңғы орынға шығуда. Әртүрлі сарап­шылардың бағалауы бойынша, медиаиндустрияда қызметкерлерді қысқарту кадрлар құрамының кем дегенде – 20 пайызын, ең көп дегенде 50 пайызын қамтиды. Бұл болжамдар еңбекақысына да қатысты. Редакция қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі де өзгертіліп жатқаны белгілі. Медиакомпаниялар штаттарын қысқартумен қатар кейбір жаңа жобаларды қаржыландыруды тоқтататындығы, тақырыптық және аймақтық қосымшалардан бас тартқандығы белгілі. Сарапшылардың абсолютті басым бөлігінің ойынша, дағдарыс – кез келген салаға, оның ішінде медиасаласы үшін де тазарту мүмкіндігінің құралы деп санайды. Дағдарыс компанияның қарқынсыз маркетингтік ұстанымын ашуда. Бұл мәселе жұмысы тек жарнама есебінен ілгерілеп отырған, сонымен қатар қызметінің қаржылық жоспарлау бөлігінде қателіктер жіберген, жыл бойы қажетті деңгейде белсенді жұмыс атқармаған медианарық өкілдерінде туындады. Нарықта өз тетігін таба алмаған, өзін-өзі ақтай алмаған және аудитория­­­сын өзіне тарта алмаған, дотация арқасында өз қызме­тін жалғастырып келген ойыншыларды сұрыптады. – Осы мәселеге кеңінен тоқталсаңыз... – Дағдарыстың өзге де оң тұсы ретінде сарапшылар журналисттердің кәсіби деңгейіне талаптың күшейюін атап көрсетуде. Сөзсіз, дарынды кәсіби маман­дарға үстемеақы төлеу уақытының жеткен тұсы да, осы кез. Соңғы жылдары қай салада болсын, еңбекақы нарқы­ның асыра бағалануы ешкімге құпия емес, медиаиндус­трия да олардан ерекшеленген жоқ. Медиа­жұлдыздар­дың еңбекақысы медиаэкономика­ның барлық шеңбері­нен асып кеткені анық. Мамандардың айтуынша, дәл қазір ойланып, ақылға салынған менеджмент пен сапалы контенттің, креативті идеялардың уақыты келді. Нарық көшбасшылары дағдарыс кезеңінде көрсеткіштерін жақсартуы мүмкін, кем дегенде өз ұстанымын сақтап қалады. Сарапшылардың өзге де ойлары баспасөздерде жарық көруде. Елде кең таралып отырған ғаламтор, онлайн-газеттер мен журналдар, оның ішінде блогтар басылымдарды нарықтан ығыстырып, оқырмандарды өзіне қарай тартқан болатын. Оnline-баспаларды ақпараттың сапасы емес, оның тұтынушыға жеткізу жылдамдығы толғандырады. Оnline-баспалар ақпаратты түскен мезетінен неғұрлым шұғыл түрде тұтынушыға жеткізіп отырады. Қызметкерлерінің редакциядан тыс еңбегін пайдалану, сонымен қатар бас­пахана мен желінің сатылым шығындарының жоқтығы есебінен оnline-баспа редакцияларының шығында­ры өзге бәсекелестеріне қарағанда, анағұрлым төмен. Бүгінгі күні Қазақстанда дәл осы медиасегментке енді тиісті баға беріле бастады. Сондықтан 2012 жылы көптеген компаниялар ғаламторда жарнама салымдарын арттыратына сенімдімін. – Әңгімеңізге рақмет. Әңгімелескен Сұлтан Қадырбек

1841 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6264

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5737

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3477

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2859

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2821

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2800

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2530

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2515

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы