• Руханият
  • 04 Қаңтар, 2012

«Алтын ұя мектебім» білім ордасының шежіресінен сыр шертеді

d0bcd0b5d0bad182d0b5d0b1d0b8d0bc1Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова басшылық ететін Алматы қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияда «Алтын ұя мектебім» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі болып өтті. Оған аталмыш еңбектің жарық көруіне тікелей қолдау көрсеткен «Атамұра» баспа корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед, Қазақстан дипломатиясына еңбегі сіңген қайраткер, ҚР Төтенше және өкілетті елші Бекжасар Нәрібаев, ҰҒА академигі Төлеген Қожамқұлов, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті Асқарбек Құсайынов, белгілі жазушы Смағұл Елубай, әнші Сара Тыныштығұлова, кітаптың авторы, гимназияның ұстазы – Сәбит Дүйсебаев және тағы да басқа құрметті қонақтар қатысты.  Ардақты ұстаз, өнегелі басшы Аягүл Ми­­разованың басқаруымен ерен табыс­тарға жетіп отырған білім ордасының тәуел­сіздік жылдарында жүріп өткен жолы, алған асулары мен бағындырған белестері мол. «Алтын ұя мектебім» кі­та­бынан гим­назияның тыныс-тіршілігі, кешегісі мен бүгіні, оқушылары мен түлектері әрі ұстаздары туралы көптеген мағлұмат алуға болады. Кітап беттерін парақтай отырып, әрбір жетістіктің артында еселі еңбектің, ауқымды жұмыстардың тұрғанына көз жеткізесіз. Тұсаукесер салтанатының ашылуында сөз алған ардақты ұстаз Аягүл Миразова былай деп тебіренді: – Мен, ең алдымен, өз ризашылығымды Ы.Алтынсарин атындағы мектептің табал­дырығын аттаған шәкірттеріме, ата-аналарға айтқым келеді. Гимназия өз тарихында небір қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткерді. Біз бірден осындай жағдайға келе қалған жоқпыз. Ұзақ жылдар бойы балабақшалардың ғимаратында жүрдік. Отыратын орындықтарымызды, сабақ оқитын үстелдерімізді көтеріп, бір балабақшадан екінші балабақша ғимаратына көшумен күн кештік. Сол кезде бізге ренжіп, қабақ шытқан бірде-бір ата-ана болған жоқ. Барлығы да «баламыз осы гимназияда білім алса, болды» деп шынайы тілектестікпен, барлық қиыншылықтарға сабырлықпен қарай білді. Мен сол үшін оқушыларымның ата-аналарына шексіз ризашылығымды білдіріп, алдарында басымды иемін. Бүгінгі «Алтын ұя мектебім» кітабының шығуы гимназия өміріндегі ең бір қастерлі күн деп есептеймін. Себебі бұл кітапта білім ордасының жиырма жылдық өнегелі тарихы жазылған. Біз үшін ол – үлкен қуаныш. Өйткені өмір бір орында тұрмайды. Ертең бізден кейін де келетін басшылар, бізден кейін де келіп қызмет істейтін ұстаздар болады. «Солар үшін бұл тарих болып қалсын, осы кітапты шығарайық» деген ой келді. Осы ретте ерекше алғысымды кітапты өз қаражатына тегін шығарып берген «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Абрарұлына үлкен рақметімді айтамын. Менің бір ауыз сөзімді жерге тастамай, қолдау білдірді. Аягүл Миразова гимназия ұжымының атынан Рақым­ғали Абрарұлына Алғысхат табыстап, күміспен күптелген тұлпар мүсінін сыйға тартып, қазақтың дәстүріне сай иығына шапан жапты. Өз кезегінде Рақымғали Абрарұлы: «Елбасы жыл сайынғы халыққа Жолдауында ғылым мен білімге ерекше назар аударып келеді. Жақында ғана өткен Ғалымдар үйіндегі алқалы жиналыста Қазақстан ғылымының әлемдік деңгейге шығатын зор мүмкіндіктері бар екендігін айтып өткен болатын. Міне, сондықтан бүгінгі шығып отырған кітаптың да елдің білімі мен ғылымына қосар үлесі шексіз деп санаймын. «Алтын ұя мектебім» кітабы өте сапалы шыққан дүние болды. Кітаптың әр бетін байқасаңыз, жазылған мәтіндермен бірге бұлттардың көрінісін бердік. Бұл – «осы гимназияда білім алатын оқушылар тек қана биіктерден көрінсін» деген тілекпен жасалып отыр»,– дей келе, Аягүл Миразоваға және де гимназия ұжымына мол шығармашылық табыстар тіледі. Дәуіржан Төлебаев

9257 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы