• Тіл
  • 20 Қаңтар, 2012

«Білмеймін дейтін бір жан жоқ...»

«Білмеймін дейтін бір жан жоқ, жұрт ақылға толған күн»,– деген екен Әбубәкір Кердері. Ғұлама шайыр бұл сөзді өз заманында сөзге қонақ бермей, білген сөзді үрген сөзбен бірдей көріп, айдалаға лағып сөйлейтін боскеуде замандастарына күйініп айтқан-ды. Кейде «егер сол Әбубәкір бейбақ артында қалған елін тек білгірлер ғана басып алғанын бір-ақ күнде келіп көрсе, не дер еді» деп қалады екенсің. Әсіресе, ұлтаралық халықаралық, мемлекетаралық және жалпы саяси жоғары деңгейде зерттеу, талдау жасағыштар, содан қорытынды жасағыштар бүгінде салақ байдың күпісінің битіндей қаптағанына не дерсің! Қазір Қазақстанның тіпті ішкі де, сыртқы саясатына, алуан түрлі баға бергіштер өзімізде де, сыртта да, келушілердің де, кетушілердің де арасында жыртылып-айырылады. Ал Ресейдің Қазақстанда ашып алған, басып алған телеарналары, «Аргументы и факты», «Комсомольская правда – Казахстан» сияқты ауыл-ауылға дейін қардай бораған басылымдары ше? Нағыз білгіштер, ақылгөйлер – солар! Ал толып жатқан мемлекеттік емес ұйымдар, халықаралық ұйымдар, зерттеу орталықтары, институт деп аталатындар ше? Қысқасы, Қазақстан бүгінде тегін ақыл айтушылар мен ескерту жасаушыларға кеңірдектен келіп-ақ тұр. Бұл қалай? Бірақ есі бар қазақты «бұл қалай» деп ойландырмай қоймайтын бір жағдаят бар. Ол – мынау. Сол ақылгөй, сол ескерту жасағыш ұйымдардың, сол басылымдардың бірде-бірі «Қазақстанда осы елдің, осы жердің, осы мемлекеттің иесі – қазақ халқы» деген сөзді айтып көрді ме? Немесе солар «Қазақстанда қазақ тілін төбемізге көтерейік, ша­ңы­рақты сыйлауымыздың басты белгі­сінің бірі сол болсын» дегенін естідіңіз бе? Немесе, солардың «Қазақ­станда үйсіз-күйсіз, баспанасыз жүрген­дер, негізінен» қазақтар ғана, неге көше сыпырып, әркімнің кафе, мейрам­ха­на­сының еденін жуып, үстелін сүртіп жүргендер – қазақ қыздары, неліктен бұлай» дегенін естіген, жазғанын оқығаныңыз бар ма? Оның есесіне... Оның есесіне, олар Қазақстаннан әлдебір «амалсыз көшіп кетіп жатқан­дар» туралы кейде «аттанға ой­бай қосып», кейде әлдебір зерттеулер мен сұрақ-жауаптар арқылы астары арамзалы пікір айта жөнеледі. Ол сұрақ-жауаптар өтірік пе, рас па – оны текесеріп жатқан да ешкім жоқ. Жақында Саяси шешімдер инсти­туты деп аталатын институттың «соңғы 20 жыл ішінде Қазақстаннан эмигра­цияға кеткісі келетіндер нелік­тен көбейіп барады» деген сауал­ға жа­уап таппаққа талпынысын оқыдық. («Свобода слова», 3 қараша, 2011 жыл). Әңгіме «Қазақстаннан қазақтан басқа ұлт өкілдері, әсіресе орыс­тар кетіп жатыр» деген үйреншікті гөй-гөйден басталады. Рас болса, Қазақстан Мәскеуден азаттық алған алғашқы жылдары-ақ еліміздегі 14 миллионның о жақ, бұ жағындағы халықтың үш миллиондайы көшіп кетіпті-мыс. Сонда дейміз-ау, егер сол кезеңнің өзінде-ақ сонша халық Қазақстаннан бұлайша үдере көшкен болса, әлі де көшіп жатқаны рас болса, Қазақстан халқының бүгінгі саны қалайша 16 миллионға жетеқабыл болып тұр? Ендеше, елімізден кетіп жатқан орыстар мен көшіп келіп жатқан орыстардың қайсысы көбірек екеніне зерттеу жүргізу керек шығар! Біздің білуімізше, өздері мекендеген елінен тіл, дін, әлеуметтік-тұрмыстық жағынан қысым көріп, шетқақпай болған алуан ұлт өкілдері жанына сая, басына пана іздеп Қазақстанға ағылады. Әнебір жылдары өзбектер басына әңгіртаяқ ойнатқан месхеттік түрік атаулы Қазақстанға шұбырды. Қырғызстанда талай рет болған, болып та жатқан аласапыраннан қашқан орыс та, өзгелер де Қазақстанды бетке алады. Қапқаздың Армениядан, Грузиядан бастап ірілі-уақты рес­публикаларында, Түрікменстанда орыстар өте аз, яғни «жылқы ішінде ала жүр» дегеннің кебі дерсің. Ал аталмыш институттың Андрей Скуратов деген маманының айтуынша, ол сауал қойған адамдардың 28,5%-ы Қазақстаннан кетпек ойы бар, енді бір жыл ішінде солардың 12%-ы кетіп болады екен. Сондай-ақ мекенжайын ауыстырғысы келетіндердің 50%-ының жоғары білімі бар көрінеді. Бұдан әрі сұрақ-жауапқа қатысушылардың 44,3%-ы «жаңа отан» ретінде Ресейді қалапты. Әрине, қазақтан басқалар болса, «кетем деген кісіге есік ашық» дер еді. Ал біздің жоғарыдағылардан бастап, ұсақ-түйек шолақ белсенділер мен кейбір дүбәра саясаткерсымақтар «орыс көшіп жатыр» деген осындай қитұрқы сұрақ-жауапты естісімен Құдайдан жылап жүріп тілеп алған жаңғызын соғысқа аттандырып жатқандай зар жылайтынын қайтерсің. Бұл жағымпаздық па, әлде олардың арзан қулық-саясаты ма – ол жағы түсініксіз. Бірақ... Бірақ Қазақстанға бір кезде жалғыз шамаданмен келіп, үйден – үй, көліктен көлік алып, аузынан ақ майы ағып кетіп бара жатқандар кетерінде өздерінің бұрын ішіне жасырып келген небір пасық пиғылдарын алуан түрлі әдіспен айтып-ақ кетеді. (Қазақстаннан басқа республикалардан кететіндер үйін сатып кете алмайды, мемлекетке тегін өткізіп кетеді).Олардың көбіне-көп айтар сылтауының бірі – тіл мәселесі. «Дәм-тұзым атсын» деген қарғыс бар. Бұл – сенің дастарқаныңнан дәм татқан, кейін өзіңді ғайбаттап не балағаттап, саған қиянат жасаған адамға айтылатын қарғыс. Қазақ жерінің, қазақ елінің бүкіл ризық-несібесін шайқап ішіп отырса да, қазақша «нан», «тұз», «су» деген екі, үш дыбыстан тұратын сөзді айтуға әлде арланатын, әлде әдейі айтпайтын кейбір «братандар» «Қазақстанда орыс тіліне қысым жасалып жатыр» деп барып тұрған арамза пиғылын, өзінің қазаққа ешқандайда досниет емес екенін ашық аңғартып та қояды. Ал енді «Ұлағатты отбасы» деп аталатын ұйымның Марианна Гурина деген өкілінің мына ұлағатында қандай «достық» жатқанын қараңыз: «Часть населения ощущает постоянный прессинг, вытеснения в языковые рамки, больше того даже в этих рамках человек сомневается, что сможет занять какое-либо выгодное положение в обществе». Бұл жерде Марианна ханым «ұдайы қысым (прессинг) көретін «часть населения» деп кімді меңзеп отыр деп ойлайсыз? Ал «языковые рамки» ше? Мұның ар жағында Марианна ашып айта алмай отырған үлкен бір беймаза ой бар. Әттең, ол сол ойын ашып айтайын десе, оған ешқандай дәлелі жоқ. Жұртшылыққа жоғарыдағыдай екіұдай пікір туғызу тағы керек. Алайда тілде сүйек жоқтығын жақсы пайдаланған Марианна: «Тіпті электронды БАҚ-тарда орыс тіліндегі көрсетілімдердің орнына ұдайы қызғылықты бола бермейтін қазақша көрсетілімдерді көрсету сияқты шала ойластырылған саясат та жұрттың эмиграцияға кетуіне үлкен себеп», – деп бір-ақ кеседі. Міне, кімнің қазаққа қандай дос, қандай бауырлас екені, ел басына күн туса, кеудесін қалай оққа төсейтін «отаншылдығы» осындайдан-ақ көрінеді. Әйтпесе, Қазақстанда телеарна күндіз-түні орысша сайрап тұрғанын, көбіне түн ортасы ауа бере ғана қазақша көрсетілетінін көре тұра бұлайша өтірік мүләйімсуді қалай атар едіңіз? Осындай көлгірлікке толы пікірсымақтарды Қазақстанның «Свобода слова» сияқты өз газеті жариялап отырса, күйінішің мен ішқұсаңды жоғарыдағы қай «Құдайға» айтарсың? Жалпы, Қазақстанға таралатын орыстілді газеттердің қазақ тілінің қабірсіз, құрметсіз жай-күйіне, орыс тілін білмейтін небір маман оралмандардың жұмысқа тұра алмай жүргені, әсіресе қазақтар ғана тұратын шөл және шөлейт, құнарсыз аймақтардағы ауылдар туралы жаны күйіп мақала жазғанын көрдіңіз бе? Ал жоғарыда айтылған «Ұлағатты отбасылық» Марианна Гуринаның «Я очень люблю свою Родину, но у меня проблемы с моим отношением к стране» деген бұлдырнамасын қалай түсінер едіңіз? Әлде оның Родинасы – бір мемлекет, странасы – басқа бір мемлекет пе? Жақсы көрген орысын әжелеріміз «мынау бір мұсылман орыс екен» дейтін еді. Солар айтпақшы, «бұған қарағанда «Анкор» атты холдингтің өкі­лі Людмила Белованы иманжүзді­леу ме» деп қалдық. «Англияда тұратын адам ағылшын тілін оқиды, өйткені бұл оған экономикалық жағынан тиімді. Меніңше, Қазақстанда қазақ тілін білуді экономикалық тиімділікке айналдыру керек, сонда ғана біз толып жатқан үрей-сүрейден арыламыз. Неге десеңіз, көптеген мамандар «егер қазақ тілі мемлекеттік тілге айналып, қызметімізден айрылып қалсақ қайтеміз, отбасымыз нендей күйге ұшырайды» деп үрейленеді. Сондықтан қазақ тілін оқып-үйреніп жүрген белгілі бір жастағы адамдарды экономикалық жағынан ынталандырып отыру керек», – дейді ол. Әрине, бұлайша қазақ елінде тұратындар қазақша үйренсе, ақша төлеймін деудің өзі бөгде біреуге бүкіл дәм-тұзыңды апарып «мыналарды жесең ақша беремін» дегеннің кері ғой. Осындайда еске түседі-ау, осыдан бірер жыл бұрын бір қазақ шонжары жоғары лауазымды өзбек азаматымен «гәпләшіп» отырып: «Біз Қазақстанда қазақ тілінің мәртебесін көтеруге былтыр пәлен миллион, биыл түген миллион ақша бөлдік», – деп күмпілдей бергенде анау өзбек азаматы: «Оған ақша бөлудің не қажеті бар, заң-зәкүн бар емес пе?!» – деп қайран қалыпты. Толып жатқан жеңілдіктерін, кез-келген жеке шаруасын облыс, аудан әкімдеріне бір-ақ қоңыраумен тындыратынын айтпағанда, ай сайын 500 мыңнан астам айлық алып «ахаху-хахахулап» жүрген декор-депутаттардың жыл сайын 500-ден астам заң-зәкүн қабылдайтынын, олардың талайы желге ұшқан жапырақтың кебін киетінін, «Мемлекеттік тіл туралы» қабылданып жатқан заңдардың да солармен тағдырлас екенін ол өзбек ағайын қайдан білсін-ау?! «2006 жылы Алматы түгелдей ісқағаздарын қазақша жүргізетін болады» деп жарияланды. Сол-ақ екен қазақтар бауырлас деп атайтын орысы бар, орыс десе кеудесін оққа төсеуге даяр орыстілді «казахтар» бар, Олжасы бар қауым желдігүні тұтанған өрттей өре түрегелді. Ол кезде «Ана тілі» газеті қазақтың ұлттық мәселесіне қатысты пікірлерді ашық, батыл, батыра айтқан еді. Сол «Ана тілі» ғана Олжастың қазақ мүддесіне қарсы пиғылдарын әшкерелеп, бір-екі мақала жариялады. Сонымен, қалың қазақ жым болды. Шетінен – білгіш, шетінен – саясаткер. Амал не, Азамат ерлер қартаяр. Қайғы-қасірет уайымнан, Қайғысыз ішкен қара су, Жұғымды ет пен шайыңнан,– деп Әбубәкір айтқандай, айтып-айтып ол азаматтар да шаршады. Содан бері де талай жылдың жүзі болды. Содан бері қазақ қыз-жігіттері арасында өз тіліне қарсы небір Олжастар бұрынғыдан да көбейіп кетті. Жақында бір қазақ «разделение школ ведет разделению общества, в результате чего появятся две большие прослойки с совершен­но раз­ными культурными и социальны­ми про­слойками. Что приведет к по­тенциальному расколу» деген «тағылым» айтыпты («Свобода слова» 3.11.2011). Міне, бұл да «білмеймін дейтін бір жан жоқ»-тың кебі. Сонда бұл азамат не демекші? Бүкіл мектеп атаулы бір тілде болуы керек пе? «Мәдениеті әртүрлі қауымдар пайда боладысы» несі? Әлде бүкіл ұлт атаулы бірігіп, бір ғана мәдениет жасауы керек пе? Міне, Қазақстанда екінің бірі – ақылман, екінің бірі – саясаткер, шетінен – философ, шетінен – мәдениеттанушы. «Көрмегенге көсеу таңсық» демекші, қазір қазақтардың, әсіресе «по русскии чисто» сөйлей­тіндердің ішінде не айтқысы келіп тұрғанын былайғы жұрт түсіне бермейтін Нұрлан Ерімбетов сияқты саясаткерлер көбейіп кетті. Олар баспасөз мәсли­хатында, ғаламторда, баспасөзде немесе теледидар арқылы сөйлегенде айтпақ ой-пікірін кейде тұмандатып, кейде жұмбақтап, кейде екіұшты пікір тастап, еш нәрсені көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп ашық айтпайды. Олар сөйлеп болғасын «сол өзі не деп кетті» деп ойың онға бөлінеді. Олар талқыланып тұрған мәселенің дұрысы қайсы, бұрысы қайсы, әсіресе, қазақтың ұлттығын, тілін, салт-дәстүрін қалай сақтап, Қазақстанда соны қалай биік мәртебеге көтереміз» деген сияқты сауалдарға келгенде сөйтеді. Не бас-аяғы жоқ философияға, жалған ойшылдыққа толы, бірақ ұғымға өте ауыр, бірнәрселерді соға бастайды. Кейде «осылар осылай сөйлеп өздерін үлкен саясаткер, үлкен философ етіп көрсеткісі келе ме екен» деген де ойға кетесің. «Олар, шынымен, сондай керемет саясаткер екен» дейін десең, орысша телеарналардан сөйлеген орыс саясаткерлерінің ой-пікірі нақты да ашық, түсінікті. Әрі тілдері де өте жатық. Олар әр нәрсені өз атымен атап тұрып айтып, мәселенің оңы қайсы, терісі қайсы, расы қайсы, өтірігі қайсы, өз мемлекеттері қазір қандай саясат жүргізіп отыр, қысқасы қалың бұқараға да, оқудың түбін түсірген небір ғұлама ғалымдарға да, аула сыпырып жүрген сыпырушыға да түсінікті қып талдап айтып береді және тілдері қандай шебер де шырайлы. Әр сөзі дәлел мен дәйекке, дерекке толы. Ал біздің Нұрлан – Нұрекеңдер ше? Оның пікір сайыс клубының «АйтПарк» аталуының өзі түсініксіз сөздермен жұрттың басын қатыруды басты мақсат етіп алған сияқты көрінеді маған. Бұрын өз басым осы Нұрекеңді сөйлеген сөздеріне қарап, «саясаткер дейін десем, саясаткерлігі жоқ, журналист дейін десем, жібі түзу, іргелі бір мақаласы жоқ, әйтеуір ана жерден бір, мына жерден бір көзге көрініп қалатын біреу сияқты-ау өзі» деп күдіктенетінмін. Сол күдігі түскірдің алдамағанын Марат Мадалинов деген жігіттің Нұрекеңнің «саясаткерлігі» туралы мақаласын оқыған жанның көзі жетер еді. («Халық сөзі» №89 (130) 11.11.2011). Әсіресе, Нұрекеңнің саясаткерлігінің жезөкшелікпен ұштасқан тұсы қызық екен. Оның «егер қазақ халқы туралы ойласаң, Алматы мен Астанада толып жүрген жезөкше қазақ қыздары туралы неге мәселе көтермеске, олар – ауылдардан келген қазақ қыздары, орысша білмейді, міне, соларды тиын-тебенге сатып жатыр, біз бүгін соны барып неге айтпаймыз» дегенін әлде «ұлы ұсыныс» деді ме, әлде «сарабдал саясаткерлік» деді ме – «Свобода словадағылар» келістіріп-ақ беріпті. «Газетіміздің аты «Сөз бостандығы» ғой, сондықтан біз қандай сандалнаманы бассақ та бола береді» деген шығар? Әйтеуір Нұрлан Ерімбетов пен «Свобода слованың» қазақтың небір мұң-зарын ақырып тұрып айтқан жері осы болыпты. Бірақ Нұрекеңнің де, «Свобода слованың» да бұрын басына қандай нәубет орнап жатса да, «қазақ қыздары мен әйелдері тәнін сатып тамақ асырапты» дегенді тірі пенденің көзі көріп, құлағы естімегенін, бұл хайуандық, онымен қоса сифилис, гонорея, СПИД сияқты басқа да толып жатқан қасірет, небір жабайы жыныстық қатынас түрлері ар жағы «өркениетті» Еуропадан, бер жағы Ресейден келіп жатыр» деп ақиқатты ақтара айтқанын естіген емеспіз. Шіркін, Нұрлан Ерімбетов пен «Свобода слова» бұрын қазақта жезөкшелік деген болмағанын, оның соңғы жиырма жылда елді жайлап алғанын, жезөкшелердің орысша білмейтінін күйттемей, Қазақстанда бүкіл телеарна күндіз-түні орысша сампылдап тұрғанын, олар қазақтың ұлттығына, ұлттық педагогикасына, салт-дәстүріне, жалпы қазақи жан дүниеге орасан зор апат әкелетін дүниелер көрсетілетінін айтса, олардың қолындағы саясат таразысының ар тазалығы жағы басым түсер еді. Амал не... Сірә, «тілі екеудің – діні екеу» деген Әбубәкір Кердерінің сөзі рас шығар» деп те қаласың осындайда. Өйткені, тілі орысша шыққан, орысша оқыған, орысша жазатын небір қысық көз, қара домалақ қазекемдердің көбіне-көп өз ұлтына – қазаққа дегенде жанын шүберекке түйіп, жүрегі қан жылап тұрып, «ұлтым» деп еңірегенде етегі тола сөйлегенін көру – қиынның қиыны. Әдетте, білім-білігі, парық-пара­са­ты ортаңқолдау адам өзгелерді де өзінің деңгейімен өлшейді не өзінен гөрі өресі төмен деп ойлайды. Бір қазақ орысша сөйлеп, екіншісі оны қазақшаға аударып әлекке түсіп жатқан елде тұрғасын, амал нешік, Нұрекеңнің саясаттағы парық-парасаты мен өресінің қандай деңгейде екеніне диагноз қоюға жарап қаларлық сөздерін қазақшалап көрелік: «Мен өзім бұрын-соңды ешқашан көрмеген әлдебір сена­тордың немесе мәжілісменнің Парламент Мәжілісін қазақша өткізуді талап етуінен секем аламын (немесе үрейленемін.–М.К.). Мұндайда мен оған «осы сен ақтөбедегілер бірін-бірі ұрып-соғып, бірін-бірі өлтіріп жатқанда қайда болдың, түрмелерде толқулар болып жатқанда қайда болдың» деген қарсы сұрақ қойғым келеді»–дейді ол. Саясаттағы нағыз «қобызым не дейді, мен не деймін» – осы. Бұл жерде Нұрекеңнің «саясаткерлігі» туралы екі түрлі ойға кетуге болады. Біріншіден, бұл жерде Нұрекең ешқандай саясаткер де, білімді де емес, әшейін қарабайыр шаруаның бірі сияқты. Екіншіден, ол қазақ ұлтының өз еліндегі ең басты мәселесінің бірі болып отырған тіл тағдырын «біреулердің біреулерді ұрып-соққаны, түрмедегі қылмыскерлердің дау-дамайы сияқты күнделікті болып жатқан уақиғалар деңгейіне әдейі түсіріп отыр ма» деп қалуға болады. Әйтпесе, бүгінде әлемнің алты құрлығының қайсысында күніге қырғын төбелес, түрме толқулары болмай жатыр?! Бірде-бір орыс саясаткерінің немесе Госдума депутатының «ана елге де, мына елге де орыс тілін тыққыштай бермей, орыс тілі мәселесін былай қойып, Шешенстандағы, Грузиядағы, Дағыстан мен Ингушетиядағы, тағы басқа да өзіміз жасап жатқан қым-қиғаш уақиғаларды тоқтатайық» дегенін естігеніңіз бар ма?! Керісінше, орыстар қайда жүрсе де орыс тілін елді, ұлтты аман сақтаудың ең қуатты құралы ретінде ең алдыңғы сапқа шығарады. Айтпақшы, «АйтПарк»-тың бұл политологы «неғұрлым жұмбақтап, неғұрлым тұмандатып сөйлесем, нағыз политолог боламын» деп ойлайтын сияқты. Оның А.Вознесенскиймен, Д.Кугультиновпен,Е.Евтушенкомен, Ш.Айтматовпен М.Шахановтың достығы туралы айта келе «сондықтан да М.Шаханов, ол орыс тіліне қарсы болуы мүмкін емес» деген сияқты күлдікөмеш пікірі де «мынау не деп отыр» демеске амал қалдырмайды. Бірақ мейлің қанша жерден саясаткер бол, қанша жерден атақты жеті қудың бірі бол – мұндай «саяси шабыспен» бәрібір оныңның арты ашылмай қоймайды. Бұл Нұр-Ердің енді бірде орыс ұлтынан аудан әкімі жоқ, қазақ тілі мәселесі елде өз жағдайына разы еместердің қаруы, ішкі мигранттардың қаруы, «егер бүгінде жүз пайыз қазақша сөйлей бас­таса, онда әлеуметтік-экономикалық проблемалар ешқашан шешілмейді» деуінің өзі-ақ бүйрегі қалай қарай бұрып тұратынын, ана тіліне көзқарасы қандай екенін соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіп-ақ тұрған сияқты. Теледидардан апта сайын орыс саясаткерлерінің халықаралық тақы­рып­қа, Ресейдің ішкі, сыртқы саясатына, әлемде болып жатқан уақиғалар­ға баға беруге қатысты пікірталас­тарын көріп отырмыз. Сонда солардың қай-қайсысының да ойы ордалы, дәлелі тиянақты, салиқалы, тілі оралымды, жүйрік екенін көріп қызығамыз да қызғанамыз. Солар сол тақырыптардың қайсысын талқыласа да бүкіл арман-қиялы, мақсат-мүддесі, Ресей үкіметі мен Госдумасына қояр талап-тілегі бір арнаға – қайткенде Ресейдің, оның ішінде орыс ұлтының тілінің де, дінінің де, салт-дәстүрінің де бірінші орында тұруын көздейтін, орыс халқының мақсат-мүддесін, мұң-мұқтажын күйттейтін үлкен бір арнаға келіп тоғысып жатады. Соларды көріп отырып, осы күні теледидарға, баспасөзге шығып алып мемлекеттік тіл туралы алуан түрлі тайғанақ, табанының бүрі жоқ, көзі алақ-жұлақ етіп Ресейдің, орыстың қас-қабағына қарап қойып күмілжітіп, онысын саясаткерлік деп ойлайтын саясаткер-культуролог атанып жүрген қазекемдерді көргенде қарның ашып, іші-бауырың уылжып, тіпті соларды аяп кетесің. «Қоғам қайраткерлері, саясаткерлері сондай болғанда қитабан қара қазаққа қалай өкпелейсің, Нұрлан Ерімбетовке не айтасың? Қазақтың осы күнгі саясаткерсымақтары мен кейбір журналистері Володя шалдың баяғы бір «Саясат – лас нәрсе» дегенін қайталап отыруды да білімділік, тауып айтылған сөз деп ойлайды. Ол шал оны кейбір «саяси жезөкшелерге», сатқын саясаткерлерге ғана арнап, әңгіменің бір ұтыры келгенде айта салған. Оны саясаттың ұранына айналдыру – ұят. Саясаткерлік – ең әуелі өз ұлтыңа адал қызмет етудің басты құралы. Саясаткерлік дегеніміз – ең әуелі өз ұлтыңды, өз ауылыңды, сосын Отаныңды сүю. Ең әуелі солардың алдындағы жауапкершілігіңді сезіну. Ал лас саясатты лас адамдар жүргізеді. Олар сол ластықтың өзін білгір саясаткерлік деп біледі. Нағыз «білмей­мін дейтін бір жан жоқ»-тың кері. Қазір Қазақстан қаптаған саяси зерттеу орталықтарының, алуан-алуан саяси клубтар мен институттардың ордасы сияқты. Қысқасы, елімізді қазір небір саясисымақтар алаңы деуге болады. Олардың қайсысы қандай саясатты, қай елдің, кімдердің саясатын уағыздап жүр? Онымен ешкімнің шаруасы жоқ. Бір ғана нәрсе белгілі: ол солардың көпшілігі қазақтың мұң-мұқтажын жоқтамайтыны – айдан анық! Мырзан Кенжебай

18109 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6704

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5965

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3705

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3094

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3050

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3027

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2756

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2740

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы