• Тіл
  • 27 Қаңтар, 2012

Өзге ұлт өкілдерінің тілімізге ықыласы ерекше

d0b3d183d0bbd0b0d0b9d18bd0bcГ үлайым ТӨЛЕБАЕВА, Ақтөбе облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы:

– Гүлайым Тельманқызы, сіз мемлекеттік қызметтегі тәжірибелі кадрлардың бірісіз. Облыстық комсомол комитетінде, облыстық білім басқармасында, облыс әкімі аппаратында жауапты қызметтер атқардыңыз. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармаға бөлім бастығы болып келіп, көп ұзамай бастықтың орынбасарлығына бекітілдіңіз. Өткен жылдың қазан айынан бастап басқарманы басқарып келесіз. Атқарылған істерге тоқталсаңыз. – Облыс әкімінің 2004 жылғы 12 қаң­тар­дағы қаулысымен Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма болып құрылған мекемеміз содан бері қарай кемелденіп, мем­лекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда қыруар шаралар атқарды. Бастапқыда облыстық мәслихат сессиясында әр екі жылға арналып бекітілген тілдерді қолдану мен дамытудың аймақтық бағдарламасын басшылыққа алдық. Қазір 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарға сәйкес, жұмысты қолға алдық. Облыс бюджетінен жыл сайын тіл дамыту шараларына қомақты қаржы бөлінеді. Аппаратымыз кәсіби жетілдірілген мамандармен толықтырылып, материалдық-техникалық базамыз анағұрлым нығайтылды. 2007 жылдан басқарма жанында «Тілдерді оқыту орталығы» қазыналық коммуналдық кәсіпорны құрылды. Бүгінде тыңдаушыларға мемлекеттік және ағылшын тілдерінде дәріс беретін орталықтың өзге ұлт өкілдері жиі шоғырланған Алға, Хромтау, Мәртөк, Қобда аудандарында және Ақтөбе қаласында өкілдіктері жұмыс істейді. Орталықта тіл үйренуші 1394 адамның 45 пайызы – өзге ұлт өкілі. Басқарма құрылғаннан бері шығарылған 39 баспа материалы, 27 түрлі салалық, жүзеге асырылған оқыту сипатындағы радио, тележобалар мен сабақтар циклі, балалар мен жасөспірімдерге арналған танымдық тележоба, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау мен түсіндіруге арналған 12 телебағдарлама мен имидждік телеөнімдер облыста оңтайлы тілдік ахуалдың қалыптасуына ықпал жасады. Осындай жүйелі жұмыстардың арқасында облыста мемлекеттік тілді жетік білетіндердің үлесі – 48, әртүрлі деңгейде білетіндердің үлесі 81па­йызды құрап отыр. Облыс бойынша мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерінің деңгейі 21 пайызға жетті. – Ақпарат құралдарындағы жарияланымдарда, әртүрлі сипаттағы басқосуларда «мемлекеттік тілдің халі мүшкіл» деген ұғым жиі айтылады. Бұған жеке пікіріңіз қандай? – Тіл мәселесі қай қоғамда да өзекті, сондықтан оның маңайында ақиқат, алыпқашпа әңгіме, тасадан тас лақтыру болуы – заңдылық. Сөйтсе де, бәрін бүгінгідей жоққа шығарып, оң өзгерістерді көрмеуге болмайды. Қазір­гі таңда қазақ тілінің бәсекелік қабілетін қамтамасыз ету – мемлекетті нығайту факторларының бірі екеніне ешкімнің күмәні жоқ. Ең бастысы, баяу болса да, тұрғындардың мемлекеттік тілге деген көзқарасы өзгеріп, оны меңгеру қажеттілігі мойындалып келеді. Өзіңіз айтыңызшы, кешеге дейін ортамызда өзге ұлттың бір өкілі бола қалса, ойымызды орысша жеткізуге ұмтылатын едік немесе қоғамдық көлікте, халық­пен күнбе-күн байланыстағы мекемелерде қызмет орысша көрсетілетін-ді. Ал қазір ахуал өзгерді. Әсіресе, өзге ұлт өкілдерінің тілімізді меңгеруге ықыласы артып келеді. Себебі төрткүл дүниедегі өзгеріс-құбылыстарды электронды ақпарат құралдарынан көріп, интернеттен оқып білген соң Қазақстан сияқты өзара түсіністік орнаған, бақуатты елде орынсыз байбаламның қажет еместігін ұқты. Мемлекет тарапынан ұдайы қамқорлық жасалып, қаржы бөлінуі нәтижесінде тіл үйрету, оқыту материалдарының тапшылығы жойылды. Республика бойынша алғаш рет біздің облыста 2005 жылы сол кездегі облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың бастамасымен «Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге, қазақ­стандық рухани бірлікті қалыптастыруға қосқан үлесі үшін» номинациясымен бәйге белгіленіп еді. Содан бері тұрақты қалыптасқан осы дәс­түр 30-дан астам адамның сыйлық­қа жеңіл автокөлік иеленуіне немесе тегін пәтер алуына қол жеткізді. – Тіл үйрену үшін тәрбие отбасынан басталуы керектігіне дау жоқ. Жауапкершіліктің үлкен үлесі мектепке дейінгі тәрбие мекемелері мен білім мекемелеріне тиесілі. Осы тұрғыда не айтар едіңіз? – Ең алдымен, мына мәселеге назар аударайық. Облыстағы 230 балабақшаның 164-і, яғни 71 пайызы қазақ тілінде тәрбие береді, бұл төрт жыл бұрынғы көрсеткіштен 8 пайызға артық. Биылдан бастап бірыңғай орыс тілінде тәрбиелейтін мектепке дейінгі балалар мекемесі жоқ. Облыста тұратын өзге ұлттардың мыңнан астам баласы өз ықыласымен қазақ тілінде білім-тәрбие беретін мекемелерге барып жүргені тамаша емес пе?! Жоғары оқу орындарында студенттердің – 76 пайызы, арнаулы орта оқу орындары оқушыларының 93 пайызы қазақша дәріс алуда. Ендігі міндет – қазақ тілін оқыту үдерісін заманауи талаптарға сай жүргізу. Тілдерді дамыту басқармасы ортақ мүддеден сырт қалмай, өз мүмкіндіктері шеңберінде белсенділік көрсетіп келеді. Көркем безендірілген, мазмұны бай оқыту құралдары, тіл үйренуге арналған және ертегілер жи­нақ­тары шығарылып, мектептер мен балабақшаларына тегін таратылды. Басқарма тапсырысымен облыстағы телеарналарда бірнеше бағдарлама бойынша тұрақты хабар көрсетілуде. – Тіл саясатындағы маңызды сала – ономастика. Қазақстан Республика­сындағы «Тіл туралы» Заңның 19-21 және 25-1 баптарының осы мәселеге арналуы көп жайтты аңғартады. Облыста бұл тұрғыда қандай жұмыстар атқарылды? – Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде «Ақтөбе облысы­ның топо­нимика­лық жүйесіндегі атаулар­дың өзгертілуі» және «Ақтөбе облы­сы­ның ұлттық топонимиясы мен байырғы тарихи-географиялық атауларды қалпына келтіру» атты екі том қазақ және орыс тілдерінде басылып шығарылды. Өз кезегінде бұл соңғы бес жылда 68 елді мекеннің тарихи атауларын қалпына келтіруге септігін тигізді. Сондай-ақ «Ақтөбе облысының топонимикалық кеңіс­тігі» анықтамалығы, «Ақтөбе облысы­ның жер-су атауларының атласы» оқырманды көптеген деректермен қанықтырады. Тексерулер, монито­рингтік талдаулар, түсініктеме-на­сихат­тау шаралары, семинар­­лар, дөң­­­ге­лек­ үстелдер «Тіл туралы» заң­ның көр­некі ақпаратқа, жарнамаға қатыс­ты баптарын бұрмалаушылықтың азаю­­ына қол жеткізді. 2011 жылы біз­дің басқарма мамандары 736 жарнама мәтінін сараптамадан өткізіп, 160 нысанды, халыққа тікелей қызмет ететін 73 мекемені тексерді. – Президент Жарлығымен бекі­­тілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасы» толық күшіне енді. Онжылдықтың соңына қарай мемлекеттік тілді мең­гергендердің үлесін 95 па­йызға жеткізуіміз қажет. Бұл – жауап­кер­шілігі зор міндет. Бұл жайында не айтасыз? – Қазақ тілінің болашағы зор екеніне дау жоқ, алайда оның дамуына кедергілер де кезігіп отыр. Қолданыстағы заңнамалық құжаттарды басшылыққа алып, рет-ретімен жүзеге асыратын кешенді және нақты шараларды атқару, сөйтіп, сөзден іске көшу қажет. Екіншіден, Тәуелсіздіктің жиырма жылында ұлттық сана өзгерді, саяси және тілдік ахуал өзгерді. Ал қол­даныстағы тіл туралы заңнамаға сәйкес мемлекеттік емес құрылымдарда «Тіл туралы» заң талаптарының орындалуын қадағалауға мүмкіндігіміз жоқ. Заң мемлекеттік емес құрылымдарға да ортақ болуы тиіс. Тіл саясатын жүзеге асыру арнаулы құрылым немесе мамандар барда ғана тиімді болары анық. Кей ретте бірқатар қандастарымыздың бойында намыс пен табандылықты, терең түсінікті көре алмай қынжыламыз. Басқарма жанындағы Тілдерді оқыту орталығының дербес ғимаратының жоқтығы да қазіргі таңда тиімді жұмыс ұйымдастыруға қол байлау болып отыр. –Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ

4752 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7059

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6133

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3871

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3264

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3218

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3193

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2921

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2909

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы