• Тұлға
  • 27 Қаңтар, 2012

Қазақтың Дана Қадыры

d0bad0b0d0b4d18bd180-d0b5d181d0bad0b5-d0b0d0bbd183

Осы аптаның басында осындай атпен Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Қадыр Мырза Әліні еске алуға арналған әдеби-сазды кеш өтті. Білімдарлығымен баршаны бас идірген, ақындығымен тәнті еткен, түйінді сөздері – афоризмдерімен тамсандырған Қадыр ағаның да фәниден бақиға сапар шек­кеніне бір жыл болыпты. Міне, сол атаулы күнге орай ақынның аруағын, оның ұрпақтары мен оқырманда­рын разы қылу мақсатында ҚР Мәдениет және ақ­парат министрлігі, Алматы қала­сы әкімдігінің қолдауымен «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қоры айтулы шара ұйымдастырды. Алматыны ғана емес, жер-әлемнің апшысын қуырған бірнеше күннен бергі сары­шұнақ аяздың дәл осы күні пәті қайтты. Бірден тамылжи жөнелмесе де, бүр­сең қақтырар қуатының басылғаны анық еді. Халық арасында «адам­ның мінезі мен күн райының құбылуын­да өзара байланыс бар» деп жатады. Сол рас па деп те қаласың кейде. Дара ақын­ның мінезі қатал болмағанға ұқ­сайды. Неге десеңіз, осы бір игі шараны ұйымдастырып жүргенде дірдек қақтырған аяздың шара өтер күні беті қайтқаны соны аңғартса керек. Қадыр Мырза Әліні еске алуға арналған әдеби-сазды кеш сахнасының пердесін «Бала Қадырдан – дана Қадыр­ға дейін» атты әдеби-сазды көрі­ніс ашты. Балалықтан даналыққа дейін­гі жүріп өткен өмір жолында бала да, дана да бола білген Қадыр туындыларының ерекше­лігі – оның шығармаларының да сол баладан бастап, даналарға дейін оқылуға, адам өмірінің әр кезеңін сүріп жатқан қай буынына да арналып жазылуында десек, артық айтқандық болмайды. Біздің бұл сөзімізді кеш барысында жұрт назарына ұсынылған көріністер мен шырқалған ән-жыр шашулары дәлелдеп берді. Еске алу кешінің барысында кімнің нені орындағанын тізіп шығу мақсатымыз емес. Десек те, Алматы қаласындағы №17 қазақ орта мектеп-интернаты бүлдіршіндерінің таңдайлары тақылдап айтып берген тақпақтары Қадыр ағамыздың балалар поэзиясына сүңгітсе, С.Бәйтерековтің «Кездер-ай», Ш.Қалдыаяқовтың «Тамды аруы», Г.Дәукенованың «Құштар көңіл» және басқалардың сол сияқты әндерінде тыңдарман махаббат поэ­зиясына елтиді. Ал Н.Тілендиевтің «Өз елім», Е.Хасанғалиевтің «Атамекен», Д.Сыздықовтың «Қайтейін», Ә.Ноғайбаевтың «Қазақтарды шетел­дік қонақтарға таныстыру» сияқты әндерінде ұлттық патриотизммен жігерленіп, отаншылдық рухпен дүр сілкінеді, өмір пәлсапасына үңіледі. Мұның сыртында ақынның өлеңдері­нен «Ақсарай» мюзикл театрының артистері әзірлеген поэтикалық композиция жиналған қауымға оның жан тебіреністерінен сыр шертті. Сондай-ақ сахнаға орнатылған үлкен мониторлардан қаламгер туралы деректі фильм беріліп, фотоэтюдтер көрсетілді. Кеш жүргізушілері жоғарыда аталған сахналық көріністен кейін Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалинге сөз берді. Ол: «Қадыр – қазақтың өлең дүниесіне, поэзия әлеміне құбылыс болып кірген ақын. Қадыр ақын – ХХ ғасырдың бүкіл аласапыран оқиғаларын көрген, қиындықтарын бастан өткізген, ұлтын тәрбиелеген халықтың біртуар перзенті, ұлы ақыны. Қадыр ақынның рухы, жаны қазақтың ұлан-байтақ аспанында мәңгі жасайды. Соның ең алғашқы белгісі осы қазақтың Абай атындағы мемлекеттік Опера және балет театрында өтіп жатқан кеш деп бағалауымыз керек», – деді. Сөз кезегін Қадыр Мырза Әлінің әрі жерлес, әрі қаламгер қарындасы, «Ақжайықтың аққуы» атанған ақын Ақұштап Бақтыгереева алды. Бұнан соң жазушы, «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қоры қайырымдылық кеңесінің төрағасы Мереке Құлкенов пен «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының директоры Донеділ Қажымовтар өз тілектерін айтып, қордың құрылғаннан бергі атқарған істері жөнінде жұртты құлағдар етті. Қор басшылығының айтуынша, олар аз уақыттың ішінде ақынды ұлықтауға арналған бірқатар іс-шараға ұйытқы болған. Ақындық ғұмырында 200-ден астам әнге мәтін жазған ақынның әнін орындаушылардың жеке үнтаспалары шығарылып, Алматы қаласы мен Батыс Қазақстан облысында арнайы көрмелер ұйымдастырылған. Кеш барысында қазақтың қос ақыны – Қадыр мен Тұманбай арасындағы жарасымды сыйластық жөнінде де айтылып өтті. Қазақ әдебиетіндегі екі бірдей ірі тұлғаның бірінен кейін бірі өмірден өтуі – үлкен өкініш, әрине. Бейбіт ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

5158 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6072

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5641

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3380

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2763

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2726

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2701

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2433

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2419

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы