• Мәдениет
  • 02 Наурыз, 2012

Сөздері мірдің оғындай

d0b3d183d0bcd0b0d180Ұлты татар болғанымен, қазақша оқып білім алған, қазақ тілінің жанашыры, жазушы, сатирик ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғұмар Ахметчин 70 жаста. Ғұмекеңнің «Алпысқа келгенімде» аталатын әзіл-шыны аралас жазылған: Алпысқа келгенімде, Ешкімге қарызым жоқ. Қырық жыл еңбек етіп, Біреуді ғайбаттаған. «Домалақ» арызым жоқ, – деп басталатын өлеңі бар. Сол өлеңнің ізімен айтсақ, Ғұмар Ахметчин он сегізден жаңа асқанда әдебиетке жанасып, қыздарға арнап балауса жырлар тудыра бастады. Өзі туып-өскен Әулиекөл аудандық «Жеңіс туы» газетінің жалауын желбіретіп, оқушыларының жүрегін жазған шығармалары­мен елжірете білді. Журналистика саласына бір­жо­лата бет бұрып, әдебиетті де аялап, сын-сы­қаққа қаламының жүйріктігін байқатты. Жұ­мыс­қа қырсыздар мен жатыпішер жалқауларды, парақорлар мен жалақорларды сын-садағына алды. Әзіл-қалжыңымен жасықты жанып, бұзақыны бұғаулауды көздеген жас жігіттің алғырлығын таныған облыстық газет тілшілікке шақырды. Мұнда ол қаламының жүйріктігін ғана танытып қойған жоқ, қызметке адалдығын, еңбекқорлығын аңғартты. Еңбек есейтіп, адалдық адымын ұзартып бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, редакторлыққа жоғарылады. Бұл жұмыстарда да абыройсыз болған жоқ, ісімен, ісмерлігімен Қостанай мен Торғай өңіріне кеңінен танылды. Сондықтан да алаулаған шырақ алдынан жағылып, бес бірдей облыс әкімінің баспасөз хатшысы болды. Бұл айтуға ғана оңай, әйтпесе, әр басшының өзіне тән мінез-құлқы бар, бәріне жағу мүмкін емес. Сол қиындықтан Ғұмекеңді алып шыққан айла-тәсілі емес, азаматтығы мен адалдығы, алғырлығы. Ғ.Ахметчинді журналистік Қостанай, То­р­­ғай өңіріне танымал етсе, сын-сықағы респу­блика көлеміне атын шығарды. Жергілікті газетте мақалалары жарияланып жатса, республикалық «Ара», «Жұлдыз», «Жалын» журналдарында, «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттерінде әдеби шығармалары жарық көріп, оның майталман сатириктігін айғақтай түсті. Көрнекті ға­лым Темірбек Қожакеевтің «Сатира негіздері» ата­латын студенттерге, журналистерге, филологтар­ға, тарихшыларға арналған оқулық кітабында Ғұмар Ахметчиннің шығармашылығына тоқталып, пікір білдіруі соның бір айғағы іспетті. Филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Қожакеев – Ғұмекеңнің журналистика факультетінде оқып жүргенде дәріс берген ұстазы. Диплом жұмысын қазақтың сықақ әңгімелерінен қорғаған Ғ.Ахметчиннің ғылыми жетекшісі де осы белгілі сатира зерттеушісі болатын. Тағы бір айта кететін жайт – Ғұмекеңнің университетті өндірістен қол үзбей, ешкімге – Үкіметке, адамға, қоғамға зиянын тигізбей жүріп бітіруі кейін әдетке айналып, газеттегі қызметімен бірге «Ара» журналының штаттан тыс тілшісі болды. 1967 жылдан облыста өткен ақындар айтысын өткізуге атсалысып, бірде – төрағасы, бірде – қазылар алқасының мүшесі болып келді. Соңғы жеті жылда әндер конкурсын, фестивалін өткізуге араласты. Қазір облыс әкімдігінде қызметте, сонымен бірге Қазақстан Жазушылар одағы Қостанай облыстық филиалының директорлығымен қоса зейнеткер, зейнеткерлігіне ақша алады, директорлығын тегін атқарады. Кейбір жазушылар шығарған кітабының санын айтып мақтанатын болыпты. Бұл жа­йында Ғұмекеңнің әріптес досы, ақын, сыншы, белгілі журналист Қуанышбай Құрманғалиев: «...Мәселе санда емес, сапада ғой. Сондықтан «боратып жазып, бұрқыратып кітап шығара алмадым» деп өкінбегенің жөн-ау деймін. Сенің жазған әңгімелерің мезгілдің мінезін, уақыттың тынысын, адамдардың қилы-қилы қылықтарын тосыннан танытқан, сүбелі сөзге қаныққан шырайлы шығармалар санатында. Сенің ел аузына ілігіп, бедел-абыройға бөленуің соның жарқын көрінісі екендігі күмәнсіз», – деп «Алпыстың асуында» деген достық сырласуында әдемі көрсетіпті. Біз де Қуағаңның сөзіне қосыла отырып, жазушы еңбегі кітабының санымен, дақпырт-дабырасымен емес, мән-мағынасымен өлшенетінін, Ғұмар Ахметчин кітаптары осындай көркем де ғибраты көп туындылар екенін айтқымыз келеді. Белгілі сатира зерттеушісі Т.Қожакеевтің оқулық кітабында Ғ.Ахметчин шығарма­шылығына тоқталуы да бекерден-бекер емес, ол жазушының қазақ сатирасына қосқан үлесінің аз еместігін аңғартады. Ол әзіл-сықақ, сатиралық өлеңдерінде де тілінің майын тамызып, шырайын шығарып жүр. «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Ей, баға!..» деген өлеңін оқып көрейік: Баға, баға дегенге, Екі нөлге ұқсаған, Көздеріңді ақшитып, Аңшының аш итіндей Тістеріңді ақситып, Шұбар жылан тәрізді Қу басыңды қақшитып Талтаң-талтаң етесің... Ақын теңеулерінің бәрі дерлік – бұрын қолданылмаған, әсіресе сатиралық өлеңге таптырмайтын, өлеңнің күш-қуатын арттыратын тың теңеулер. Оның үстіне «талтаң-талтаң», «жылпың-жылпың», «шыбжың-шыбжың» секілді қос сөздерді де әдемі ойната отырып, шығармасын шырайландыра түскен. Нәтижесінде бас-аяғы – жұмыр, ішкі динамика­лық қуаты күшті, айтары мол поэзиялық туындыны дүниеге әкелген. Бір кездері дүние-мүліктің, тамақтың бағасының мың құбылып өзгеріп, қымбаттап кеткені шындық. Соны автор образға орап, оқушысына әдемі жеткізген. Ғұмекең ауызекі сөзге де жүйрік – жүйелі, шешен, тауып сөйлейді. Сырбай Мәуленовтің 70 жылдық мерейтойында дастарқан үстінде айтылған мына бір сөзі де сәтті шығып еді: «Сыр-аға, сіздің мерейтойыңызда нөпір қуаныштан бүгін менің өкшем бір емес, бірнеше рет көтеріліп отыр, енді соның себебін айтайын. Күні бүгінге дейін біраз жердің дәм-тұзын татсам да, қасиетті Торғай топырағына еш уақытта табаным тиген емес еді. Мана сізді қарсы алуға барғанда сол киелі Торғай топырағына табаным бірінші рет тиіп, менің өкшем бірінші рет көтерілді. «Большевиктік жол» газетінің редак­торының орынбасары болдыңыз, кейін Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдандыңыз. Сізден кейін арада ондаған жылдар өтіп тың өлкесі құрылған кезде жабылып қалған осы облыстық газет «Қостанай таңы» деген атпен қайта шыға бастағаннан кейін мен де ұзақ жылдар редактордың орынбасары болдым, осы қызметте жүріп Жазушылар одағының мүшелігіне өттім. Міне, осындай сәтті сабақтастық ойыма оралып, менің өкшем екінші рет көтерілді. Сыр-аға, менің ойыма тағы бір сәтті үйлесімділік түсіп отыр. Би-ағаңның үйіндегі жеңгеміздің есімі Күнжамал екен, осы ақ дастарқанның басында отырған сіздің үйдегі жеңгеміздің есімі де Күнжамал екен. Ал бір қызығы, біздің үйдегі келіндеріңіздің есімі де – Күнжамал! Сыр-аға, енді менің өкшем үшінші рет көтерілмегенде қайтеді?! Ал өзіңіз бастаған қадірменді қонақтарға жатып жастық, иіліп төсек болып отырған ақ дастарқан иесі мынау алдыңыздағы ел ағасы Ыбыраш Естаев ініміз астаналық меймандарды еліне риза қылып аттандырса, менің өкшем амандық болса төртінші рет көтеріліп қалар...». Бұл табан астында тауып айтылған сөз Сырағаңа да, Ғафекеңе де – Ғафу Қайырбековке де қатты ұнап, оған ризашылық көңілдерін білдіріп жатты. Кейін 60 жылдық мерейтойында Ғұмекеңнің осы өз сөзін тіліме тиек етіп, былайша тілек білдіріп едім: ... Не жетсін жанын елдің емдегенге, Не жетсін халық үшін терлегенге?! Кететін көтеріліп өкшең кілең, Қуанып, дос дегенде, ел дегенде! Өмірден әркімдер-ақ етеді үміт, Жете білмей, біреулер жете біліп. Алпысқа келген күні, Ғұмар аға, Өкшеңіз қалды ма бір көтеріліп?! Не жетсін туған елге, өскен жерге, Шаттандың өнгендерге, өскендерге! Қуантсын тағдыр өзі күнде сені, Шаттықтан тимей жүрсін өкшең жерге! Иә, шаңырағыңызда шаттық көп болсын, Ғұмеке! Серікбай Оспанұлы Қостанай

4413 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы