• Ақпарат
  • 02 Наурыз, 2012

Жаңа заманға жаңа маман қажет

Бүгінде әлемдік экономика білікті кадрлардың жаңа толқынын талап ететін болғандықтан, елімізде еңбек нарығының тиімділігін арттыру қажет екені даусыз. Жаңа заманға жаңа маман қажет. Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке Қазақстан халқын жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясын қалыптастыруды жүктеген болатын. Елбасы Жолдауда: «Үкіметке облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп, 2011 жылдың 1 мамырына дейін халықты еңбекпен қамту жөнінен қағидатты түрде жаңа бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. Үкімет бизнес-қауымдастықпен бірлесіп, индустриялық нысандарда жұмыс істегісі келетіндер үшін тегін кәсіптік оқу ұсынуы керек. Әрбір қазақстандықтың елді ауқымды индустрияландыруға қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет», – деп атап өткен еді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ел Үкіметі «Жұмыс­пен қамту-2020» бағдарламасын жасап бе­кіткен болатын. Бағдарламаның негізгі мін­деттерін атап өтсек, біріншіден, оқыту мен жұмысқа орналасуға септесудің тиімді жүйесін жасау. Екіншіден, ауылдық жер­дегі кәсіпкерлікті дамытуға септесу. Үшін­шіден, еңбек ресурстарының жина­қы­лығы, Қазақстанның экономикалық тұрғы­дан белсенді орталықтарында жұмысқа орналас­тыруға басымдық беру. Өткен 2011 жылы аталған бағдарлама қанатқақты режимде 60 мыңға жуық адамның қатысуымен сынақтан өтті. Осыған орай Президент биылғы «Әлеу­меттік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған өз Жолдауында: «Үкіметке және әкімдерге биылғы жылдан бастап бағдарламаны кең ауқымда жүзеге асыруды бастау­ды тапсырамын. Әңгіме сондай-ақ ауылда жұмыс істейтіндерді шағын несиелермен қамтамасыз ету жөнінде болып отыр. Қалада жұмыс істегісі келетіндерді мемлекет есебінен оқытып, жұмысқа орналастыру қажет. Бағдарламаның соңына қарай, 2020 жылға қарасты біз, осылайша, 1,5 миллион адамды сапалы жұмыстарға орналастыруымыз қажет», – деп атап көрсетті. Қазіргі уақытта «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша халықты еңбекпен қамтудың жаңа стратегиясы айқындалып отыр. Аталған бағдар­ламаның басты мақсаты – жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыру болып табылады 2011 жылы бағдарламаның бірінші кезеңі пилоттық негізде іске аса бастаған болса, биылдан бастап 2015 жылға дейін екінші кезеңі жүзеге асатын болады. Ал үшінші кезең 2016-2020 жылдарды қамтиды. Қазіргі таңда бағдарламаны іске асыру үшін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жөніндегі шаралар қабылданып отыр. Сондай-ақ жекелеген мамандықтар бойынша ағымдағы бос жұмыс орындары және болжамды жұмыс орындарының жалпыұлттық дерекқоры қалыптастырылған. Бағдарламаның орын­даулын ұйымдастырудың маңызды құралдарының бірі – жергілікті жұмыспен қамту органдары мен тікелей бағдарламаға қатысушылар арасында жасалатын әлеуметтік келісімшарттар болып табылады. Бағдарламаны іске асырудың үш негізгі бағыттары бар. Бірінші бағыт: өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу Бұл бағытқа өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар және табысы аз адамдар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдерден келген қандастарымыз қатыса алады. Бағдарламаға қатысудың басым мүмкіндіктері ауылдық жердегі жастар мен әйелдерге беріледі. Осы бағыт шеңберінде бағдарламаға қатысушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай түрлері көрсетіледі: оқу және жұмысқа орналасу мәселелері бойынша консультациялар; шәкіртақының төленуімен, тегін біліктілікті арттыру, кәсіптік даярлау және қайта даярлау курстарына жолдау; оқитын адамдарға (оқу орнына дейін және кері жол жүруіне және жатақханада тұруына немесе тұрғын үйді жалға алуына байланысты шығындарды өтеуге) субсидия беру; лайықты бос жұмыс орындарын іздеу және жұмысқа, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына орналасуға жәрдемдесу; жалақыны ішінара субсидиялау; психологиялық бейімдеу. Екінші бағыт: ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу Бағдарламаның кезекті бағытына ауыл кәсіпкерлері және өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар мен табысы аз адамдар қатарындағы жеке ісін ұйымдастыруды қалайтын және оған мүмкіндігі бар адамдар қатыса алады. Жеке ісін ауылда ұйымдастыруды қалайтын әйелдерге қатысудың басым құқығы беріледі. Осы бағыт шеңберінде мемлекеттік қолдаудың мынадай түрлері көрсетілетін болады: микрокредит беру; инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту; консультативтік қызмет көрсету; кәсіпкерлік негіздерін оқыту. Байқауды ұйымдастыру және өткізу тәртібі, микроқаржы ұйымдарын іріктеу және кредит ресурстарын беру, сондай-ақ олардың осы бағыт шеңберінде бөлінген кредит ресурстарын мақсатты пайдалануына мониторинг жүргізу шарттары микроқаржы ұйымдарына конкурстық негізде кредит беру қағидасында көзделетін болады. Микрокредит беру шарттарының кейбіріне тоқтала кетсек, бюджеттік кредиттің нысаналы мақсаты – жеке ісін ұйымдастыру немесе кеңейту, айналым капиталын толықтыру; кредит беру мерзімі 5 жылдан аспайды; кредиттің ең жоғары сомасы 3 млн. теңгеден аспайды. Үшінші бағыт: еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру Аталған бағыт Қазақстан Республикасы азамат­та­рының экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден экономикалық даму орталықтарына өз еркімен көшуіне жәрдемдесу арқылы еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шараларын көздейді. Бағдарламаны іске асырудың үшінші бағытына қатысудың басым құқығын ауыл жас­тары иеленетін болады. Экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерді айқындау критерийлерін ауыл шаруашылығы, экономикалық даму және сауда мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган­­дар әзірлейді. Әзірленген критерийлерге сәйкес жергілікті атқарушы органдар ауыл шаруа­шылығы, экономикалық даму және сауда мәсе­лелері жөніндегі орталық уәкілетті органдамен келісе отырып, экономикалық әлеуеті төмен елді мекендердің тізбесін айқындайды және оны бағ­­дар­лама операторына жібереді. Бағдар­лама­ның осы бағытына қатысу және мемлекеттік қолдау көр­сету шарттарын Қазақстан Республика­сының Үкіметі бекітетін болады.

Түйін: Өткен жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 40,2 млрд.теңге бөлінген. Ал 2012-2015 жылдары қаржыландыру көлемі жыл сайын кемінде 100 миллиард теңгені құрамақ. Егер «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы өз деңгейінде іске асатын болса, онда 2016 жылға қарай елімізде 1,5 миллионға дейін адам, оның ішінде 800 мың ауыл тұрғыны жұмыспен қамтамасыз етіледі. Жұмыспен қамтудың белсенді саясатын жүргізу Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметінің негізгі әлеуметтік басымдықтарының бірі екенін ескерсек, елімізде аталған бағдарлама халықты әлеуметтік қорғаудың негізі, адам ресурстары әлеуетін дамыту және іске асырудың маңызды шарты, қоғамдық байлықтың артуы мен өмір сүру сапасын жақсартудың басты құралына айналмақ. Бұл Елбасының Жолдауда жүктеген міндеттерін орындаудың нақты көрсеткіші болатыны сөзсіз. Сұлтан Қадырбек

3305 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы