• Әдебиет
  • 29 Наурыз, 2012

Шайтанның азғыруы

Әкең – асқар тау, анаң – мәуелі жасыл бақ, бұл екеуі тұрғанда өмірдің қиындығын сезіне қоймайсың. Жастық шақтың уайымсыз, қайғысыз өтетіні содан ғой. Ал, ержетіп, жеке отау құрып, өмірді өзіңше бастадың-ақ, аты өшкір қиыншылықпен күнде ұшырасасың. Адамның бүкіл өмірі осы қиыншылықпен күресуге арналғандай. Имандай шыным, Алмас екеуміз үйленіп, үй болғанша қиыншылық дегеннің не екенін білмеппін. Біз бақытты едік. Жұбайлық өмірдің алғашқы алты айы еш уайымсыз, қайғысыз зымырап өте шықты. Мен оқу бітіріп, қолыма диплом алдым. Мұғалім боп мектепке жұмысқа тұрдым. Алмас болса, бұрынғыша, емханада дәрігер. Айтпақшы, Алмаспен танысуым да қызық. Университет асханасының тамағы жақпады ма, кеш түсе асқазаным бүріп ауырып, бебеуледім де қалдым. «Әне қояр, міне қоярмен» таңды көзіммен атырдым. Анам «Жедел жәрдем» шақыра қояйық десе де көнбедім. «Жедел жәрдем» қажет деп тапса ауруханаға апарады да тастап жүре беруден тайынбайды. Ал, мен ертең емтихан тапсыруым керек. Емтиханнан кеш қалғандардың қандай әуре-сарсаңға түсетінін жақсы білемін. – Одан да Сәуле Болатқызын шақырта­йық, – дедім жаным қиналып бара жатқан соң. Ол өзіміздің учаскелік терапевт, бұдан бұрын да бірнеше мәрте үйімізде болған. Сол кісіге үйреніп қалғанбыз. Анам емханаға телефон соқты да, «Дәрігер тоғыз жарымдарда келеді» деп жұмысына асығып жөнелді. Көзім ілініп кеткен екен, есік қоңы­рауы бажылдап оятып жіберді. – Бұл кім екен? – дедім зорлана дау­ыстап. – Дәрігер шақыртып па едіңіз? – Есік сыртынан мен күткен Сәуле Болатқызының емес, мен күтпеген жігіт дауысы естілді. «Дәрігер боп келіп тұрған пиғылы бөтен біреу емес пе екен?» деген ой қапелімде басымды шырмап алып, есікті ашар, ашпасымды білмедім. – Мен Сәуле Болатқызын күтіп отыр едім, сіз кімсіз? – Орнына мен келдім, ол кісі басқа шаруамен қолы тимей жатыр. Кәне, ашыңыз. Уақыт тығыз. Сізден басқа төрт үйге баруым керек. Есікті ашпасқа амалым қалмады. Ұзын бойлы, қою қара шашты сымбатты дәрігер жігіт қобдишасын қолына ұстап үйге кіріп келе жатты. Қолың жуып келіп, төсек жанындағы орындыққа тізе бүкті. – Қане қай жеріңіз ауырады? – Асқазаным... ішім... – Жақпас тамақ жеп қойған шығарсыз. Кәне, көрейін. Етегімнің астынан қолын сұғып жіберіп ішімді сипалай бастағаны. Еріксіз көзімді жұмдым, денеме жігіт қолы тиіп көрмегендіктен, бір жағынан қатты ыңғайсызданып жатырмын, бір жағынан қолы тиген сайын жаным жай тауып, ауыруым басыла бастаған сыңайлы. – Түк те емес, – деді сәлден соң, – дәрі жазып беремін, ертең-ақ ойнақтап кетесіз. Орнымнан сүйретіліп түріп, анам беріп кеткен мың теңгені ұсындым. Ол таңырқай қарай: «Ақша емес, басқа бір нәрсе берсеңіз қой демес едім» деп жымияды. – Бұрынғы дәрігерге алмаса да, ри­зашылығымызды білдіріп жүретін едік. – Сіз мені түсінбедіңіз, ыстық шай берсеңіз қатып кетер еді. Оразамды ашпап едім. Газге шәй қойып жатып «дәу де болсаң, бойдақсың-ау» деп ойладым. Жүрегім дүрсілдеп қоя берді. Жымиып күлгені қандай жарасымды. Екеуміз дастарқан басына жайғастық. Ол маған сөмкесінен алып дәрі ішкізді. «Алмаз Бекетұлымын, – деп қолын ұсынды. – Жай ғана Алмас дей беріңіз». Сол күні кешкісін үйге телефон соғып хал-жағдайымды сұрады. Өзімді жақсы сезініп, көңілденіп отыр едім, әңгімеміз салған жерден жарасып кетті. Құданың құдіреті – түнде түсіме енгені. Таңертең төсегімнен біртүрлі қуанып тұрдым. Емтиханнан бестік алдым. Алмас тағы да телефон шалып, құттықтады. Келесі сенбіде киноға шақырды. Іштей қуандым. Енді ше, өзі – сымбатты, өзі – дәрігер. Ұзын сөздің қысқасы, біз осылай табыстық. Алмас анасы екеуі екі бөлмелі пәтерде тұрады екен. Әкесі бұрынырақта қайтыс болған. Мен келін боп түскен соң енем төсек тартып жатқан кәрі әкесін күтуге ауылға аттанды. Бір үйде екеуден екеу қалдық. Бізден бақытты жан жоқ еді сол шақта. Қиыншылық дегенді ойымызға алмаймыз. Жұмысқа барғанымызға, жұмыстан асығып үйге қайтқанымызға мәзбіз. Ақыры бір күні қиыншылық біздің есіктен де сығалады. Ол бізге кедейшілік боп келді. Енді білдік, екеуміздің де жалақымыз мардымсыз екен. Қалай тартсаң да жетпейді. Оны анамның мерейтойында анық сезіндік. Тіпті, жақсылап сыйлық алуға да артық ақшамыз жоқ екен. Өмірде бұлай қорланбаспын. Анам менен сыйлық дәметпейді ғой, бірақ менің көңілім бәрбір жұбанбай қойды. Жылап қалдым. Алмастың да көңілі орта. Содан бастап «қайтсек көп ақша табамыз, қайтсек бай боламыз, тіпті бай болмай-ақ ел қатарлы қалай өмір сүреміз» деген ой жатсам-тұрсам миымды торлап, маза таптырмайтын болды. Алмастың не ойлайтынын қайдам, әзірге үнсіз, Көрші келіншектің күйеуі сыра зауытында жұмысшы, бірақ ол жалақыны әлдеқайда көп алады екен. Ішім күйеді. «Әттең-ай» деймін. Олай деп неге айтқанымды өзім де білмеймін. Алмасқа «сыра зауытына жұмысқа тұр» деп қалай айтасың, сонша жыл көз майын тауысып оқығанда қалай қара жұмысшы болмақ. Жо-жоқ, құрысын, не бәлені ойлап кеттім. Менің торығып жүргенімді Алмас та сезеді. Тіпті, бір күні «Жалақысы молдау басқа жұмыс ізде, мынау не, өмір ме, біріне тартсаң біріне жетпейді. Ертең балалы болсақ қалай тірлік қыламыз» деп ашуланып айтып тастадым. Ал менің білетінім, Алмас өз мамандығын өте жақсы көреді. Басқа жұмыс туралы айтқан кезде, қатты ашуланып, сөйлеспей қойған кездері де болды. Әне бір күндердегідей ұйқыдан қуанып емес, қорқып оянатын болып жүрміз. Енді әлгі қиыншылық қорқынышқа айналып жүрегімізге еніп алды. Мектептен айлық жалақымды алдым. Айтуға тұрмайды. Аз. Сонша еңбек етіп жүріп тапқаным осы-ақ. Оның да біразы қарызға, қалғаны күнделікті қажетті заттарға жұмсалды. Үйге ренжіп, қатты налып қайттым. Мен мен ғой, әйелмін, ал анау Алмас ер-азамат боп түкті ойламайды-ау. Бұрын астаң-кестең болған қоғамды кінәлаушы едім, енді Алмасқа шын ренжідім. «Осыдан көзіме көрінсінші, айқалап жылап, не бар қылармын, не жоқ қылармын» деп қатулымын. Оның үстіне өткен кезде бірге оқыған курстастарыммен кездесуде өзімді жайсыз сезіндім, келіншектердің барлығы алтынға малынып алған, қымбат көйлектер, әдемі тондар. Кейбіреулері бізге менсінбей қарады. Жүрегім сыздап, сол кештен Алмас екеуміз тез кетіп қалдық. Содан бері, Алмастың құлақ-етін жей бердім. Басқа жұмыс туралы айтқан кезде, Алмас естігісі келмейтін. Сол тақырыпты қозғаған кезде, тезірек кетіп қалғысы келетін. Бір күні үйге келсем Алмас отыр. – Неге жетісіп отырсың? – деп дүрсе қоя берейін. – Қой-әй, ашуланба, мен бір мықты жұмыс тауып келдім. Ақшасы екі мың доллар, енді риза шығарсың?– дейді. Құдай атып, күліп жіберіппін. – Иә, айтшы, айтшы... – Сержанды білесің ғой, курстасым. Бағана жолықтым, мықты фирмада менеджер екен, дәрі-дәрмек сататын. Мені бастығымен жолықтырып жұмысқа алғызды. Алып бара жатқан қиын жұмыс емес, емхана аралап әлгі қымбат дәрілерді насихаттаймыз. Қысқасы, өткіземіз. Дәрігерлерді де құр алақан қалдырмаймыз. Жұмыс жүрген сайын екі мың доллар емес, үш, тіпті, төрт мың доллар береміз деп отыр. – Алақай! Алақай! Қуанғаным сонша, Алмастың екі бетінен шөпілдетіп сүйе беріппін. Ертеңіне дүкен аралап, бар жиған-терген ақшаға Алмасқа костюм-шалбар алдық. Ұят қой, кісінің киіміне қарап бағалайтын заман емес пе? Алмастың жаңа жұмысы шынымен берекелі боп шықты. Тұрмысымыз демде түзеліп жүре берсін. Күйеуім де зыр жүгіріп, үйде отырмайтын боп алды. Бас­қа қалаларға іссапарға көп шығады. Сондай іссапарға кеткен бір күні өзімді жайсыз сезіне берген соң дәрігерге қаралып едім, дәрігер бойыма бала біткенін айтты. Әлдебір дәрілерді жазып берді. Дереу Алмасқа телефон шалып, қуанышты хабарды жеткізіп жатырмын. Жазып берген қымбат дәрінің атын айттым. Сол сол-ақ екен Алмас шошып кетті. – Тоқта, ол дәріні мен тексеріп көрейін, алма, балаға зиян болып жүрер, – деп жаны шығып кете жаздады. – Зиян болса неге береді? – Тұра қал, ол біз өткізіп жүрген дәрі екен ғой. Мен келгенше қоя тұршы, жаным. Мұз жұтқандай ішім қалтырап кетті. «Ақша үшін адам адамды аямауға айналғаны ма?» деген үрейлі ойдан арылар емеспін. Ертеңіне дәрігерге тағы да бардым. Кезекте егде тартқан апай отыр екен. Екі иінінен әрең дем алып, «кезегім қашан келер екен» дегендей есікке ауық-ауық қарап қояды. Дәрігерді сонша уақыт бөгеп жатқан кім екен? Егде апайды зарықтырып барып кезегі келді. Лып етіп қатып киінген бір жігіт есіктен шығып жөнелді. «Әйелдер дәрігерінде ер-азамат не қып жүр» дегендей сол арада ошарылып отырған әйелдер қарап қалыпты. Тани кеттім. Сержан! Алмастың курстасы. Әлгі зиян дәріні осы жігіт өткізіп жүрге­ніне күмән жоқ. Сонда бұлардың фирмасы арам іспен айланысып жүрген болды-ау. Жаңа жылдың кешінде фирманың бастығын көргенмін. Бөшкедей домалан­ған біреу екен. Жұп-жуан денесі тап-тапал бойына жараспайды-ақ. Өзі қап-қара. Іші толған арамдық, сірә. Тәңірі ниеті жаман адамға кесперсіз өң береді деген тәмсіл рас шығар. Ойға батып кеткен екенмін, әлгі егде апай дәрігерден шықты. Қолында дәрігер жазып берген қағаз. Ежелеп, дәрігердің түсініксіз жазуын оқи алмай тұр. Көзімді салып едім, масқара, кеше маған жазып берген дәріні бұған да ұсыныпты. Шыдай алмадым, дәрінің зиян екенін, зиян дәріні неге ұсынатынын түсіндіріп жатырмын. Ол маған сенер-сенбесін білмей дал. Алмас іссапардан оралған соң бұл жөнінде ұзақ сөйлестік. Қоғамның имансызданып, азып-тозып бара жатқанын әңгімеледік. «Бәрін бүлдіріп жүрген анау беті қалың кескінсіз бастығың» дедім Алмасқа. Ол ойланып қалды. «Иә, – деді бір кезде, – ақшаның соңына түсем деп ар-ұяттан, адамгершіліктен жұрдай бола жаздаппын. Мен дәрігермін ғой, адамға пайдалы адал іспен айналысайын, арам іспен айналысам деп ұрпағымды, кінәсіз жандардың денсаулығын құрта жаздаппын, мен Гиппократ антын бердім ғой». Ертеңіне фирмамен қош айтысып, аудандық емханаға дәрігер боп баяғы жұмысына қайтып барды. Кейіннен естідік, Алмас жұмыс істеген фирманың бастығына іс қозғапты. Бастығы сотталып кеткен екен. Мақсат Рсалин,

Ғ.Мүсірепов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты

4553 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9253

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7339

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5082

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4464

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4428

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4388

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4124

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4116

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы