• Тұлға
  • 29 Наурыз, 2012

Тарих жүйелі жазылуы тиіс

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан тарихшылары Ұлттық Конгресінің кезекті мәжілісі өтті. Онда басқарма төрағасы, ЕҰУ ректоры, профессор Ерлан Сыдықов ұйымның стратегиялық тұжырымдамасымен таныстыра келіп, Л.Гумилевтің туғанына 100 жыл толуына орай Еуразия тарихшыларының І Конгресін өткізудің жай-күйіне тоқталды. Басқарманың атқарушы директоры Мейір Ескендіров аймақтарда, Астана мен Алматы қалаларында филиалдар құрылатындығын сөз етті. Сондай-ақ баспахана үйі, интернет-сайт және интернет-тарих телеарнасын ашу, «Мәдениет» телеарнасында ТҰК жобаларын көрсету мен оның ерекше құрылымдық жүйесін түзу төңірегінде әңгімеледі. Еліміздің әртүрлі облыс-аймақтарынан келген тарихшылар, ЖОО ректорлары, кафедра меңгерушілері ой бөлісіп, пікірлерін ортаға салды. Біз жиыннан кейін басқарма төрағасы Ерлан Сыдықовқа жолығып, көкейде жүрген сауалдарымызды қойған едік. – Ерлан Бәтташұлы, Қазақстан тарих­шыларының қолға алып отырған бұл қадамы құптауға әбден тұрарлық. Дей тұрғанмен, жаңадан құрылған ұйым туралы былайғы жұрт әлі де біле бермейтін секілді. Сондықтан кеңірек айтып берсеңіз. –Бұл ұйым Астана қаласында 2011 жылдың 16 қыркүйегінде өткен Қазақстан тарихшыларының І Конгресінде Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың қолдауымен құрылды. Бұл ұйымның құрылуы Қазақстан қоғамының және әлемдік даму үдерістерінің бүгінгі сұра­ныс­тарынан туған заңдылық десе де болады. Ұйымның алғашқы отырысы былтыр Алматыда желтоқсан айында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында өткен болатын. Онда ұйымдық мә­се­ле қаралып, басқарма төрағасы, оның орынбасарлары мен мүшелері және атқарушы директоры сайланған еді. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы атқарылатын жұмыс жос­пары, стратегиялық тұжырымдама түзу тапсырылды. Аталған мәжілісте сол мәселелер пысықталды. –Тарихшылардың Ұлттық Конгресінің стратегиялық тұжырымдамасы қазірдің өзін­де қуантып отыр. Құпия болмаса, атқарыла­тын жұмыстар жөнінде айтып берсеңіз. –Ешқандай құпиясы жоқ, қайта қолға алған ісіміз дер кезінде жалпақ жұртқа кеңінен жетіп жатса, ол біз үшін де, ел үшін де ортақ қуаныш емес пе? Тарихшылардың Ұлттық Конгресі дүниежүзілік тарих ғылымына интеграциялануда еліміздің ғылыми күштерінің, ғылыми және білім беретін мекемелерінің әлеуетін бір арнаға топтастыруды өзінің бас­ты мақсаттарының бірі санайды. Сонымен бірге, көпұлтты еліміздің ішкі тұрақтылы­ғын қамтамасыз етуге қызмет жасайды. Бүгіндері дүниежүзі мойындап отырған «Қазақстан жолы» ұлттық идеясының іске асуының жар­қын көрінісі десек те болады. Бұл өзі Қазақстан Республикасы мемлекет­тілігінің нығаюын қамтамасыз ететін жалпыұлттық идеяларды туындататын құрылым, сонымен бірге, ол Қазақстан Рес­публикасы кәсіби тарихшыларының ХХІ ғасырдағы озық тарихи тұжырымдары мен еңбектерінің әлемдік өркениетте өзіндік орнын иеленуіне ықпал жасайды. Сондай-ақ Қазақстан тарихы, археология, этнология және антропология саласындағы ірі ғылыми жетістіктерді дүниежүзілік аренада кеңінен насихаттауды басты қағида ретінде ұстанады. Орайы келгенде айта кетейін, 2012-2016 жылдар аралығында Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жиырма кітаптан тұратын көптомдық академиялық ғылыми жинақ шығаруды қолға алып отырмыз. Бұған кәсіби ғалымдарымыз қазірдің өзінде бел буып, білек сыбана кірісіп кетті. Өйткені, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары екінің бірі шежіре жазып, тарихшы болып кетті. Ондағы деректер шындыққа сай келе ме, келмей ме, шаруалары жоқ, кімнің қалтасы қалың, солар кітап шығаратын кезең болды. Тарихты бұрмалауға болмайды, тарих бұрмаланса – келер ұрпаққа қиянат. Сондықтан тарих жүйелі түрде, нақтылы негізге сүйеніп жазылуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, тарихты тарихшылар ғана жазуы керек. Біз сонда ғана кеткен олқылықтың орнын толтыра аламыз. – Демек, ертеңгі күні тарихшылардың Ұлттық Конгресінің шығаратын кітап­тары мектеп оқушыларына, жоғарғы оқу орындары­ның студенттері мен магистранттарға, ғылыми қызметкерлер мен ғалымдар үшін таптырмас құрал болады деген сөз ғой. – Әрине. – Әр ұйым өзінің қызметінде белгілі бір принциптер мен міндеттерді басшылыққа алады ғой. Қазақстан тарихшыларының Ұлттық Конгресінің ұстанымы қалай болмақ? –Айта берсе әңгіме көп, соның ішіндегі басты-бастыларына ғана тоқталайын. Кезек күттірмейтін әуелгі мақсат – әлем қауымдастығының даму үдерісінен туындайтын қоғамдық және әлеуметтік идеялар мен талаптарға сай, ұлттық-ғылыми негіздемені қалыптастыру. Соның негізінде дүниежүзілік тарих ғылымына интеграцияланудың теориялық-әдістемелік мәселелерін айқындап, зерттеп, оны ғаламдық деңгейге шығару істерінде нақты міндеттерді көрсететін үйлестірушілік және ұйымдастырушылық қызметтер атқару болып отыр. Отандық тарих ғылымын одан әрі дамыту мақсатында да қолға алатын шаралар жеткілікті. Мәселен, ғылыми күштердің, ғылыми және білім беретін мекемелердің әлеуетін бір арнаға топтас­тыру, тәжірибелерді, идеяларды және ағымдық ақпаратты қарқынды түрде алмасуды қамтамасыз ету, шетелдің ғылыми мектептерімен үздіксіз шығармашылық байланыстарды күшейту және ел тарихының өзекті мәселелерін шешу барысында, оны қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарымен бірлестікте кешенді түрде зерттеу мәселесі де Қазақстан тарихшыларының алдағы кезде атқаратын ісі. Сонымен қатар, тарих ғылымдарының халықаралық комитетімен, алыс-жақын шетелдердегі тарихшылар қауымдастықтарымен және отандық тарих ұйымдарымен тығыз ғылыми байланыс орнатуды көздеп отырмыз. Тарих ғылымының концептуалды және жаһандық мәселелерін қарастыратын «Пікірлер Пирамидасы» түріндегі халықаралық алаң құру және тарихшылар кодексін қалыптастырып, кең ғылыми негіздегі қоғамдық-тарихи сананы қалыптастырмақпыз. Халықаралық деңгейде ірі көлемдегі шараларды іске асырып, тарихи-мәдени мұраларды сақтау мен ақпараттық ресурстарға қолжетімділік жасау керек. Ғылыми деңгейі жоғары жобаларға, ғылыми басылымдарға, бағдарламаларға және зерттеу жұмыстарына қолдау көрсетіп, халықаралық және отандық гранттар мен стипендияларды алу үшін ғалымдарды, ғылыми-зерттеу ұйымдарын, мекемелерді қолдап отырсақ дейміз. Сондай-ақ, Отан тарихына байланысты көрнекті Қазақстан және шетел ғалымдарының ғылыми зерттеулерін кең түрде әйгілеу үшін тоқ­сандық импакт-факторлық ғылыми журнал шығару ойда бар. Қазақстанның тарих ғылымына сіңірген еңбектері үшін ғалым­дарды, ғылыми-зерттеу ұйымдарын және мекемелерді марапаттауға ұсынып, маман­дардың кәсіби біліктіліктерін жетілдірсек дейміз. Қазақстан тарихшыларын мү­шелікке қабылдап, бұл шараны ерекше рәсім арқылы атқарсақ па деген де ой бар. – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Базарбек ТҮКІБАЙ

2535 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6140

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5676

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3417

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2798

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2762

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2739

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2469

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2455

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы