• Тіл
  • 29 Наурыз, 2012

Қазақ жазуының қалыптасуы һәм болашағы

d0bcd0b5d0bad182d0b5d0bf1(Соңы. Басы өткен санда) Қазақ әліпбиінің атасы – Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы ұлт әліпбиін негіздегенде, алдымен, оның дыбыс өлшемін, яғни қазақтың сөйлеу мақамындағы дыбыс санын анықтаған. Әлбетте, ол сол кезгі қазақ тіліндегі ұғым-танымдар өресіндегі сөз қолданылысына, яғни тұтынудағы сөз қорына байланысты болатын. Белгілі бір атауларды атап,танымдарды түсіндіре алатын сөз қолданыстарының жиынтығындағы дыбыстар түзілімі – мағына құрайды. Қажет болған жағдайда, бұл дыбыс­тарды морземен де, эсперантомен де, тіпті, сан түрінде де бейнелеуге болады. Алайда, бұлар әліпби болып шықпайды, орайға қарай шартты қолданыс түрлері ғана. Бұлар ұлттық ерекшеліктері жоқ, бұқаралық емес, шектеулі қолданыстағы жазу түрлері. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің өзіне дейінгі хат тілін де, халық әдебиетін де, сөйлеспелі сөз қолданылысын да зерделей келе, «Қазақ тілінде 24 түрлі дыбыс бар. Оның бесеуі дауысты, он жетісі дауыссыз, екеуі жарты дауысты ... Бұл дыбыстардың ішінде «қ» һәм «ғ» ылғи жуан айтылады. «К» мен «г» һәм «е» ылғи жіңішке айтылады. Өзге 19 дыбыстың һәр қайсысы бірде жуан, бірде жіңішке айтылады. Егерде бұл 19 дыбыстың жуан айтылуы үшін бір белгі, жіңішке айтылуы үшін бір белгі керек десек,.. онда 19 дыбысқа 38 белгі керек болар еді. Бұған дәйім жуан айтылатын «қ» мен «ғ»-ны қосқанда, дәйім жіңішке айтылатын «к» мен «г», «е»-лерді қосқанда, бәріне 43 белгі (харіп) керек», – деп анықтай келе, араб таңбасының қазақ дыбыстарына жеткіліксіздігіне байланысты 38 белгі қажет ететін жуанды-жіңішкелі 19 дыбысқа айырымдық дәйекші белгісін қолдана отырып, 19 таңба үнемдейді. Сөйтіп, «жіңішкелік үшін жалғыз ғана белгі алып, 43 түрлі дыбысты 25 белгімен дұрыстап жазуға болады», – деген қорытындыға келіп, осы негізде тұңғыш қазақ әліпбиін жасайды (Дерек көзі: Ахмет Байтұрсынұлы, Шығ. 3 т. 270-272 б.). Қазақ әліпбиі осы таңбада 1912 жылдан бастап 1929 жылы бопсамен латын таңбасына көшкенше қазақ тіліндегі барлық оқу орындарында, газет, жорнал, кітап шығару һәм кеңселік ресми жазуларда ұлтттық тұтастықта қолданыста болды. Бұдан кейінгі кезеңде бұл таңба қытай һәм мұсылман елдеріндегі қазақтар арасында қолданыста келеді. Алайда, латын таңбасына көшкенде де, одан 1940 жылы кирилше таңбаға көшкенде де қазақ әліпбиінің Ахаң негіздеген қағидалары өзгерген жоқ. Қазақ тіл ғылымына тән қағидалар мен қазақша тілтаным атаулары да сол Ахаң қалыптаған қалпында қалды. Бұл саясаттың Ахаңды құрметтегенінен емес, басқаша жасаудың мүмкін еместігінен-ді. Ахаң өзі саясат құрбаны болса да, ғылымы халқына қызмет етуде болды, әліде қызмет етуде, иншалла, алда да қызмет ете бермек. Ахаңның қазақ әліпбиін түзу тұсында таңба таңдау мүмкіндігі болды. Латынша да,кирилше де оған таныс-ты. Таңдаудың арабы таңбаға түсуін оның қазақ арасына ертеден етене жақындығына, әсіресе дінге де қатыстылығына байланыстырды. Әлбетте, сол тұста да қазақ азаттығын ойға алған ағартушының ұлттық әліпбидің бопсамен кеулеп бара жатқан орыс жазуынан аулақ болуын да ойламауы мүмкін емес. Ал, жазғанда бір түрлі, оқылуда басқаша дыбысталатын қосар таңбалары көп латын жазуына мүлде қарсы болғаны мәлім. Мұнда да латынды бейімдеуді қиынсыну емес, халықтың ғасырлар бойы көзі үйреніп, санасына орнығып қалған араб таңбасынан қол үздірмей, жалғасты сауаттандыру мақсаты алға қойылғаны анық. Осылайша, араб жазуындағы әріптердің сөздің басында, ортасында һәм соңында әрқилы түрленіп, әрқалай дыбысталуынан арылып, бір дыбысқа бір таңба ұстанымы бойынша тұрақты әріп белгіленіп, қандығара ұлттық әліпби іске қосылып, оны халық жеңіл игеріп әкеткен. Сөйтіп, ұлт татар жазуы ықпалынан да арылды, орыс жазуынан да дербестік алады. Ұлттық жазудағы дыбыстың даралануы, жазудағы белгілі ереже-қағида, емле негіздерінің жасалуы ұлттық жазу мәдениетін жаңа да жоғары сатыға шығарып, тіл тазалығын да қалыптастыра бастайды. Ұлттың сөйлеу дағдысына, дыбыс мақамына, төл үніне сәйкестендірілген әліпби таңбалары сөз мағынасын бұзбай жазып, бұзбай айтуды қалпына келтіріп, қалыптастырды. Обалы не, бұл дәстүр бүгінге дейін сақталуда.Бұл да болса Ахаң түзген әліпбидің саралығы. Қазақ тіл ғылымының бар тауқыметін көтеріп, әліпбиін жасап, оқулықтарын жазып, ережелеп, ғылыми атаусөздерін қалып­тастырып, мұғалімдіктен оқу министрі дәрежесіне дейінгі жолында (басқа еңбектерін айтпай-ақ) ұлтымыздың ұстыны болып саналатын қазақ тілі үшін ұлт ұстазының аянып қалған кезі жоқ. Бұл еңбегі көпке мәлім. Сол заманда Ахаң айтқан бір қатер қазақ тілінің де, қазақ ұлттығының да басынан әлі сейілмей келеді: – «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазылған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек,қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек. Қазақтың осы күнгі ісінің бетіне қарағанда һәм мұнан былай ісіміздің беті осы болса, қазақ тілі азып, жоғалуы ықтимал», – деген сөзі күні бүгін айтылғандай («Алаштың тілдік мұрасы», А. 2009. 60 б.). Қазақ тілінің қолданыс аясының тарылып, заң жүзіндегі «мемлекеттік тіл» деген өз мәртебесіне ие бола алмай отырғандығы бір болса, оның тынысын бұдан да әрі тарылтып, тұншықтырудың тағы бір амалы – латын таңбасына қайта таңу әрекеті болып отыр. Бұл – маңдайға соққан тырманың сабын ұмытып, оның басын қайыра басу есепті. Болдық қой, көрдік қой, не таптық? Ұлтымызға құт болмай, жұт болған қайыр­сыз таңба еді ғой! Латын таңбасына көшеміз деуден бұрын, әуелі оның ғылыми тұрғыда тілтанымдық (лингвистикалық), жүйкелік (психологиялық), қаржылық, яғни экономикалық сараптамалары жасалып һәм жүзеге асыру жолдары айқындалуы керек қой. Бізде мұндай ғылыми негіздеу болған жоқ. Тәуелсіздік желпіндірген үш-төрт ғылыми атақты ақсақалымыз «түркітектілер бір таңбада боламыз, бір тілде сөйлейміз» деген сезім жетегіндегі тәтті қиялға елігіп, Түркияға барып басқа да ниеттестерімен бас қосып, құзырлы орындардың келісімінсіз, жоба-жоспарсыз латын таңбасына көшуге сөз байласып келді. Әлбетте, бұл жаңалық емес-ті. Тек бұрынғы сарынның жаңғырығы болатын. Өйткені, түрік жұрттарында кезінде ортақ әліпби болған. Ахаң: «Түрік әліпбиінің түбі арабтан шыққанымен, түрік тіліне икемделіп, өзгеріс кіріп, таза күйінде тұрмағандықтан, мен оны араб әліпбиі демей, түрік әліпбиі деймін», – дей келіп, барша әліпбилердің бір-бірінен ауыса-жетілдіріле отырып жасалғанын, әрі сол әліпбилерді «латын әліпбиі», «орыс әліпбиі», «түрік әліпбиі» десіп меншіктенгендерін айтады. Алайда, «түрік жұрттарының бұтақтары өскен соң, бәріне бірдей шақ келмей» әліпби түзеу мәселесі алға тартылғанымен, бірыңғай ортақ әліпби тұтынудың мүмкін еместігіне тоқталады. «Түрік жұрттары әліпби түзейміз десе, бәрі қосылып бір әліпби түзей алмайды; өйткені тілдеріндегі дыбыстарының түрлері бірдей емес. Дыбыстары бірдей болмаса, бәріне бірдей жалпылап әліпби жасауға болмайды, өйткені олай жасалған әліпбидің не әріптері тұс келмеске тиіс, не әріптерінің дыбыстары тұс келмеске тиіс», – дейді («Алаштың тілдік мұрасы», А. 2009.78 б.). Ахаң заманында белең алған сол тілдік айырмашылық қазір ол тұстағыдан да күрделілене түскені мәлім. Бұл орайда қазіргі қазақ тілі ғылымының көрнекті маманы, ф.ғ.д. проф. Шерубай Құрманбайұлының талдауына жүгінсек: – «Түркітілдестердің ғылым саласындағы ынтымақтастығы, байланысы әлі әлсіз. Соның салдарынан түбі бір түркі тілдерінің ғылыми тілі, терминологиясы жақындаудың орнына жылдан-жылға алшақтап барады. Бұл үдеріс біртіндеп бір тілдік топқа және сол топ ішіндегі шағын топқа (подгруппа) кіретін тілдердің де айырмашылықтарының ұлғая беруіне апарады», – дейді («Терминдерді біріздендіру түркі тілдері арасында жүйелі жүргізілуі тиіс», «Ана тілі» газеті, № 47. 2011). Екі ғасыр ғалымдарының айтып отырғаны бір түйін – түркітекті жұрттардың тіл айырмашылықтарының бір-бірінен тым алшақтап баражатқандығы. Түбі бір болғанымен, сөздің қолданыс мәні мен дыбысталу сипаты, тіркесу құрылымы, жалғау, жұрнақ ерекшеліктері түрік, қазақ, өзбек, қырғыз, әзірбайжан, түркімен, татар, башқұрт, ұйғыр, қарақалпақ (гагауз, үдмұрт, қарашай, балқар, саха, мажар, тағы басқалардың бұлардан да алшақтаныңқырап кеткен тілдерді айтпағанда) тілдерінде басқа-басқа. Қазір бұл тілдердің тұтынушылары бір-бірін еркін түсіне бермейді. Өйткені, бұл тілдер көп замандардан бері аралассыз, дербес-дербес дамуда келеді. Бұлардың әрқайсысына өзара ықпалдастықтан гөрі, басқа текті тілдердің ықпалы денірек болды. Бір кезде ортақ болған сөздердің тұлғалары да, мағынасы да әр тілдің танымында өзгеріске ұшырап, тіпті сөйлеу мақамдарына дейін бөлектеніп кеткенін көреміз. Жеке адамдардың кейбір сөздерді түсініп, жартылай ымдасып-ишараттасып түсінісулеріне болғанымен де, көпшіліктің жаппай еркін сөйлесіп кетуі қиын. Бұған тәуелсіздік алғаннан кейінгі латын таңбасына көшіп, бүкіл түркі жұрттары бір таңбада жазып, бір тілде сөйлеуге ниет етісіп, сол бағдарда жасалуға тиісті ортақ әліпбиге негізге алынған 34 таңбаның іс жүзінде кәдеге жарамай қалғандығы да дәлел. Түркінің тек басты төрт-бес тілінің арасындағы мақамдық айырма 8-ден 20 дыбысқа дейін ерекшеленген. Айтар болсақ, өзбек тілі ортақ жобадағы 34 дыбыстан 20 дыбысқа бөлектенген, ал латындағы түріктің өзінде 11 әріптік айырма бар екен. Сонда түрік пен өзбек тілінің айырмасы 9 дыбысқа жеткендігін көреміз. Мұның біріне европалық, ал екіншісіне шығыс тілдерінің ықпалы денірек болғаны белгілі. Сондай-ақ, әзірбайжан мен өзбек тілінің арасы 12 дыбысқа ерекшеленеді екен. Бұл – тектес ұлттар арасында тілдік тұрғыда үлкен айырмашылықтардың бар екендігінің айғағы.Демек, бұл тілдердің аудармашысыз бір-бірімен тілдесе беру мүмкіндігі – тым шектеулі деген сөз. Түркі текті жұрттардың әрқайсысынан құрастырып ортақ тіл жасау мүмкін емес. Ортақ тілге жетудің бір-ақ жолы бар, ол – осы ұлттардың бірінің тілін негіз етіп алып, жаппай сол тілге көшу. Алайда, бұл жұрттарды бұған көндірудің мүмкін еместігі де анық.Өз ішінде өзді-өзі сыйыспай отырған ұлттардың басы қосылар ма? Ал, бір шаңырақтың астында болып, бір билікке иіліп, бір тілге көшпейінше, ортақ жазудың да болуы мүмкін емес. Бұған жетпеген жағдайда түркітектілердің жеке-жеке латын таңбасына көшуінен ортақтыққа еш пайда жоқ. Өйткені,ол тіл айырмашылықтарын біріктіре алмайды, алшақтық, аудармасыз түсінісу мүмкін еместігі со күйі жалғаса береді. Түркітанудың атасы атанған Ахаңның айтқаны рас: «Біздің түрік тілі әуелде бір тіл болса да, түрі басқаланып түрік тілінің арасына тарау-тарау жік түскен. Сондықтан, бұл күнде неше бұтақ түрік тұқымынан ел болса, сонша тарау, тілінде басқалық бар», – деген. («Алаштың тілдік мұрасы», 91 б.). Жазудың сырт пішіні бір болғанымен, ішкі мәні басқа-басқа болған соң, ол қазіргі кирилшедегі орыс жазуы мен қазақ жазуы, латындағы европалық елдер жазулары тәрізді бәрібір бірін-бірі түсінбейтін болады. Дербес-дербес ұлт, мемлекет болып кеткен елдер тілі енді кірікпейді. Парсыдан да, арабтан да, моңғолдан да, қытайдан да, татардан да, орыстан да тілін аман алып шыққан қазақ енді кімнің тіліне иілмек? Басқалар да солай, «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деп санайды. Орыс тілі мен ағылшын тілінің басқыншылығынан арыла алмай, тіл тәуелсіздігіне жете алмай отырған қазаққа тағы бір қалжуыр байлап не керек? Латын таңбасының түркілік тіл бірлігіне жеткізбейтіні өз алдына, ол қазақ жастарын ана тілінен ажыратып, жаппай ағылшын тіліне бетбұрғызады һәм қазақты орыс тілінің үстемдігінен де азаттай алмайды. «Жатшыл, еліктегіш қазіргі қазақ жастары латын таңбасына ресми көштік» дегенше, оның қазақшасына емес, ағылшыншасына ауады. Ал, қазақ тілін игермеген орыстілділер сол қалпы орыс тілі, орыс жазуында қала береді. Орыстілді балабақша, орыс мектептері, орыс тілді арнаулы орта және жоғары оқу орындары, орыстілді кәсіпорындар мен мекемелер,тұтастай кеңсе іс-қағаздары, орыс тіліндегі бұқаралық ақпараттық басымдық тұрғанда, бұл арасалмақты оңалту – екіталай іс. Мемлекеттік тіл бәрібір өз мәртебесіне ие бола алмай, орыс тілінің ығында қала бермек. Өйткені, латын таңбасында қазақша жазып, қазақша сөйлейтін тек қазақтілді қазақтар ғана болады. Латын таңбасына көшкенде орыстілділер өзінен-өзі қазақша сөйлеп кетпейді ғой. Олар тағы да жиырма жылға уақыт сұрайтын болады. Бұл жағдай қазақ тілінің қазіргі шектелуін бұдан да бетер тарылта түсетін болады. Қазақтілді қазақтар болса, латын таңбасына көшудің әуресімен өзді-өзі қыжылдасып, итырқылжыңдасып, әуреге түспек. Бұл ішкі жағдай, ал сырттағы жұртымыздың дені отырған Ресей мен Қытай елдеріндегі қазақтар да қазіргі тұтынып отырған жазуларында қала береді. Ол елдер латынға ынталы емес. Сонда, түркілік әліпби бірлігіне, мемлекеттік әліпби бірлігіне, ұлттық әліпби бірлігіне жеткізбейтін таңбаға жансалудың не жөні бар? Компьютер, интернет деген сылтаулар қазір жәй сөз болып қалды. Тапсырыс берілсе, компьютер неше таңбада болса да жасалады, бұл саланың қазіргі жетістігі таңба санына сөз айтқызбайды. Қазақ тілін білгенге интернет те қазақша хаттасуда. Латын таңбасына көшу дегеннен кейінгі қазақ жазуына жабысып тұрған тағы бір сор, ол – «әліпбиді қысқарту керек» деген пікір. Әдепкіде, «Ахаң қазақ тілінде 24 дыбыс бар деген», – деп , «18 әріпті қысқарту керек» дескен. Ол әріптер: ә, в, ё(ио), и, ө, ү, ф, х, һ, ц, ч,щ, ъ, і, ь, э, ю, я. Бұл – Ахаң еңбегін толық оқымай, жете зерттемей, үстірт айтылған сөз. Рас, Ахаң әліпбиінде 24 әріптің таңбасы бар. Олар: дауыс­ты дыбыстар – а, о, у, ы, е; дауыссыз дыбыстар – б, п, т, ж, ш, д, р, з, с, ғ, қ, к, г, ң, л, м, н; жарты дауысты дыбыстар – шолақ «у» һәм шолақ «й».( Шығ. 3 т. 270 б.). Осындағы тұрақты жуан айтылатын «қ», «ғ» және тұрақты жіңішке айтылатын «к», «г», «е» дыбыстарынан басқа 19 дыбыс бірде жуан, бірде жіңішке айтылып, тағы да 19 белгі қажет болғандықтан һәм оған араб таңбасы жеткіліксіздігінен, бұл 19-ды дәйекшіге жүктейді. Яғни, бұл 19 дыбыстың жіңішке айтылымдары әріп болып таңбаланбайды, тек оқылуында дыбысталады. Бұлар санда бар да, санатта жоқ. Естіледі, бірақ көрінбейді. Ойда, зердеде тұратын дыбыстар. Бұл – амал, жазуда әріп таңбасын үнемдеу тәсілі. Ал, сол тасада тұрған дыбыстар қандай? Бұл Ахаңда «Мысалы: арман – әрмен, тор – төр, тұр – түр, жоны – жөні» деп көрсетіледі. Мұнда ә, ө, ү, і дыбыстары анықталады. Сол сияқты, и, ч, э дыбыстары да дәлелденеді. Ал жазу үлгілерінде, яғни сөз қолданыстарында харіф, халық, хас, сарфы, һәм,һәш, ұяң, жория, отаяды, алифбалардағы, Бұхар, хүкім, Хиндустан, Йапан, Фин дегендей сөздерінен де бірқатар дыбыстар білінеді. Яғни, х, і, ф, һ, и, я, ү дыбыстары анық естіледі. Бұдан қысқартушының «көрінбей естілетін» 19 дыбысты жоққа санағандығы байқалады. Айта кеткен жөн, Ахаң әліпбиінде араб жазуына тән кейбір әріптердің қазіргі қазақ әліпбиіне сәйкессіз дыбыс ерекшеліктері де сақталған. Мысалы, «т», «с» дыбыстары жуан және жіңішкеге бөлінген. Енді бір әліпбиге шабуылдаушылар «в, е (йо), и, ф, һ, ц, ч, щ, ъ, ь, э, ю, я таңбаларын жою керек» деседі. Бұл – 13 таңба. Сонда біз орыс тілінің ықпалынан арылып, таза қазақша сөйлейтін болады екенбіз. Бәтір-ау, ф,х,һ,ч дыбыстарының біздің тілімізге енгеніне не заман? Отырардың Фараб, Әбу Нәсірдің әл Фараби атанғаны қашан? Фердауси, Физули, Сейфүл-Мәлік, Мұхаммед пайғамбар, Мұхаммед Хайдар, Хамза, Хафиздерді білгенімізге не заман болды. Фәни, халал, хадис, халифа, хор, хұсни, хұт, хас, хан, ханым, ханыша, ханзада, рух, сахара, шахмат, сахтиян, шаһар, қаһар, заһар, ғауһар, жауһар, баһадүр, айдаһар, мәшһүр, жаһан, шаһбоз дегендей сөздердің қазақтілінің айналысына қосылғанына талай ғасыр болды. Бұлар араб жазуындағы қазақ қолданысында ертеден бар харіфтер һәм халық әдебиетінде кең қолданыста болып келген сөздер. Мұндай сөздерді жүздеп, мыңдап тізуге болады. Текбір ғана «хана» деген сөздің ғана біздің тілімізде сөзтудырушы өнік жұрнаққа айналғаны сонша, олардың қазір жүзге тарта мағынасы бар. Бұған бір мысал, Мигель Анхель Астуриастың «Көрдегілердің көздері» атты романының аудармасында (Бекболат Әдетовтің аудармасы) 27 мәндегі «хана» тіркесі 165 мәрте аталады. Басқа әріптерге де мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Зерделесе, сауатты кісіге бәрі анық. Кейбір кісілер, әсіресе, орыстілділер қазақтың төл әріптері деп ә, ғ, қ, ң, ө, һ, ұ, ү, і таңбаларын, яғни орыс әліпбиіндегі 33 таңбадан тысқары 9 әріпті ғана атайды. Ал, анау 33-ті түгел орыстікі санайды. Осы әріптердің орыс тіліндегі дыбысталуы мен қазақ тіліндегі дыбыс ерекшеліктеріне қарамастан, сырт түріне қарап бір санайды. Бұл – қазақ әліпбиі әріптерінің дыбыстарын, ұлттық сөйлеу мақамын білмегендік, таңба мен дыбысты ажыратпағандық салдары. Әліпбиді қай таңбаға салсаң да, қазақы дыбысында қала бермек. Екінші ұстаз атанып, әлемге аты шыққан ғұламамыз Әбу Нәсір де «Сөз бен әріп туралы» тақырыпта трактат жазған. Әлбетте, оның араб жазуына арналғаны белгілі. Демек, бұл – қадым заманнан бері, қай тілде болсын, зерделеніп келе жатқан келелі тақырып деген сөз. Бұл қазір де ағылшын, неміс, француз, орыс тілдерінде көтеріліп жүрген мәселе. Орыс тілі әліге дейін тым жиі қолданатын бір сөзінің басқы әрпі е(йо)–ны дұрыс жазбай, оған тіпті В.Путиннің өзі араласқаны бар. Ахаң әліпбиінде «в» жоқ. Ол тұста бұл әріп қазақ тілінде жоқ дыбыс саналған. Қазақ оқығандары Европаны – Ауропа, Абыропа, Жабропа деп әртүрлі атаған. Ахаң Иауыропа деген. Орыс тілінде ғана болмаса, қазақ тілінде Ахаң ата есімін Байтұрсынов демеген, Байтұрсынұлы деп жазған. Кітаптары солай шыққан. Қазіргі әліпбиден «бірқатар әріптерді қысқартамыз» деп жүргендер қазақ тілін кеңестік дәуірден арғы тұстағы сөйлеу мақамы мен сөз қолданыстары қалыбына түсіруді көздейді. Бұл адамдар химия, физика, математика, астрономия, ботаника, жаратылыстану, тарих, тіл-әдебиет пәндері қамтитын атауларды, медицина, биология, байланыс, экономика, банк, қаржы, сауда, ғарыш салаларындағы, жалпы, өндіріс пен ғылымдағы саяси сөздер тасқынын ескермейді. Қазақ ұғым-танымын олардан тыс, тек ауызекі сөз, шектеулі тұрғыда ғана шамалайды. «Қазақта «в» деген әріп болмаған» деп, «тіл қолданысынан ол дыбыс­ты қысқарту керек» деседі. Содан ескі үрдіс бойынша Европаны – Еуропа, вагонды – бәгон деп жазып, одан әріге бара алмай қалды. Тек бір ғана «валюта» деген сөздің тіркесінде қолданыста екі жүзден астам ұғым бар екен. Ал енді валютаны уалиута , не балиута дей алмайсыз, дегізбейді. Бұл – халықаралық атаусөз. Авто, автомат сөздерінен туындайтын ұғымдар мыңдап саналады. Вирус, висмут, вольт, ватт, валидол, экватор (дәрі), вальс, ванадий дегендей, аударылмайтын атаулар мың-мың. Әліпбиге кейін қосылған басқа әріптерге де қатысты осындай еріксіз сөз қолдануға мәжбүрлік бар. Чартер: банк чартері, бэрбоут чартер, әуе чартері, жүк чартері, өзен чартері, арнаулы чартер, чартер-топтама, чартизм, чартинг, тағы басқалар. Чип, чипс-тер де аударылмайды. Цедент, цедет, ценз, цессия, цессионарий, цех; эвальвация, эвикция, эволюция, эвристика, эгалитаризм, эди желі, э-ақша, эдифакт, эйлер теоремасы, эквайринг, экзекватура, эккаутинг, экоаудит, элеватор, электр, электрон, эмбоссинг; аутстаффинг, аффидевит, аффилиация, аффирмация, дифферент, сейф, файл, факс, флешка, тағысын тағылар толып жатыр. Атай берсе, мақалалық емес, том-том сөз тізбесі шығады. Оған салалық сөздіктердің кез келген бетінен самсаған дәлел шығады.Тіпті, жер-су, мекен атауы һәм есімдердің өзінде қазіргі қазақ әліпбиінің таңбалары сақталмайынша, ісқағаздарын жүргізу мүмкін еместігіне көз жетеді. Тіл ғылымына қатысты арнаулы орындар нақты зерттеулер жасап, пән һәм ғылым, өндіріс һәм кеңсе қолданыстарындағы сөздерді зерделеп, қазіргі қазақ әліпбиіндегі дыбыстардың бүгінгі сөз қолданысына қатыстылығын анықтаулары керек. Жер-су, мекендер атаулары мен есімдер, пән сөздері қазіргі қалпынан өзгертілуі мүмкін бе? Әсіресе, тарихи қалыптасқан кісі есімдері: өз аты,әкесінің аты, ата есімі қайтіп өзгертілмек, ол қалай жүзеге асырылмақ? Бүкіл мемлекет бойынша жасалған мәдени-рухани мұралар мен мұрғаттардың, салалық іс-қағаздарының, оқулықтардың, ғылыми еңбектердің жаңа таңбаға көшірілуіне жұмсалатын, тұтастай барлық салалар бойынша қаражат шығыны шотталуы тиіс. Осындай зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша талдаулар жасалып, содан кейін қорытынды жасалуы керек. Бұл іске Білім және ғылым, Мәдениет, Байланыс және ақпарат, Қаржы, Әділет, Экономикалық даму және сауда, Сыртқы істер министрліктері мен ғылыми-зерттеу институттары, заңгерлер мен тіл мамандары қатыстырылуы керек. Істің оң-терісі сонда анықталмақ. Ал, ең дұрысы, бос әуреге түспей, жұрттың онсыз да жұқарған жүйкесін жүндемей, қазіргі қазақ әліпбиін – дүниедегі ең кемел әліпбиді осы қалпында сақтау болып табылады. Мен бұдан е (йо)-ны ғана қысқартып, халқымыздың тәуір көретін сандарының қатарындағы 41 әрібін қалдырса деймін. Щ, я, ю әріптерінің қажеттілігін мен бұрын бірнеше рет талдап жазғанмын. Оларды білгісі келгендер автордың «Мемлекеттік тіл мұраттары», (А.», Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2002) және «Тілтану белестері» (Алматы-2009) кітаптарынан танысуларына болады. Осы әліпбиде оқып, жазып, сөйлеп-ақ жалпы түркілік мәдени қарым-қатынасқа, саяси-экономикалық ынтымақтастыққа,тұтастай түркілік бірлікке қосылуға әбден болады. Ешбір түрік нәсілді ұлт қазақшаға көшпейтіні сияқты, қазақ та ешбір түрік тектінің тіліне көшпейді, көше алмайды. Ортақ тіл болмайды. Сонда не әурешілік? Одан да тіл заңын қабылдап, қазақ тілін өз мәртебесіне ие етіп, әліпбиге қатысты ырың-жырыңды доғарып, оның емле-ережелерін жаңаша жүйелеп, ұлтқа рухани серпіліс жасау керек. Қазақтың қазіргі бір тілегі – осы. Бұл – Қазақ жазуының, Қазақ тілінің, Қазақ ұлтының, Қазақ елінің тағдырына тікелей қатысты көкейтестісі! Қазақ жазуы оңайлықпен қалыптасқан жоқ. Мұнда талайдың көз майы мен көз жасы, талайдың тағдыры, талайдың құрбандығы бар. Солардың аруағын сыйлап, солардың еңбектерінің арқасында осындай кемелділікке жеткен әліпбиді жұлмаламау керек. Жазу мәдениеті жеткен биігінен кері шегінбеуі, шегіндірілмегені абзал. Бұл – орыс жазуы емес, барша жұртқа ортақ бір тектен дамып, жетілген жазудың қазақ үнді, қазақ тілді нұсқасы.

Сабыржан Шүкірұлы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, жазушы

10546 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7223

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6209

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3949

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3340

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3298

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3267

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2995

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2984

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы