• Тұлға
  • 05 Сәуір, 2012

« Ғылым – бағалы құндылық»

Тынысбек Шәріпұлы Кәлменов – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты Математика және механика институтының Бас директоры, ҰҒА-ның академигі, профессор, физика-математика ғылымдарының докторы, ҚР ғылымы мен техникасына еңбегі сіңген қайраткер, бір сөзбен айтқанда, ол – ғылымда өз орны бар, халқы таныған, мемлекет тарапынан еңбегі лайықты бағасын алған көрнекті ғұлама-ғалым. Сол ғұламалығының бір айғағы, оның 2006 жылы Алматыда жарық көрген «Научные труды, воспоминания и размышления в начале века» атты кітабы дер едік. Қазақшасы – «Ғасыр басындағы ғылыми еңбектер, естеліктер мен толғаныстар».Осы жерде бір айта кететін нәрсе, ол – өзі және өзгелер жасаған ғылымды насихаттаушы. Біздің өзге көп ғалымдарымыз осы жағына келгенде немесе ғылымды насихаттау­да шорқақтық танытады, тіпті, насихаттауға жоқ десе де болады. Ал Тынысбек Шәріпұлы сонысымен де құнды еңбекті жұрт назарына ұсынып, аса қажетті де келелі іс тындырып отыр. Кітап екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде академик Т.Кәлменовтің оқушы­лармен бірге жариялаған ғылыми еңбек­терінің біразы берілсе, екінші бөлімінде ғылымдағы тұлғалар жайлы соңғы кездерде жариялаған ой-пікірлері топтастырылған. Енді осы кітап төңірегіндегі ой-пікірімізді білдіру үшін еңбектің екінші бөліміне үңілейік. Екінші бөлім «Мухтарбай Отелбаев – взлет самоучки к вершинам науки» деген тақырыппен ашылады. Тақырыптың өзі-ақ ай­тып тұрғандай, әңгіме заманымыздың үз­дік математиктерінің бірі – Мұхтарбай қажы, оның өмірі, ғылымға қалай келгені туралы екендігі түсінікті болса керек. Бұл тақырыптық әңгіме көлемі үлкен болғандықтан, әрі көп салалығына байланысты біз оны шартты түрде повесть немесе қазақшалап хикаят деп атағалы тұрмыз. Сонымен, хикаят «От тракториста до доктора наук» деген тақырыпшамен бас­талады. Қазақшасы – «Тракторшыдан ғылым докторына дейін» (Ш.Б.). Бар-жоғы бір бетте кейіпкеріміздің өмір жолы толық қамтылған, әрі өте тартымды баяндаудың ерекше тәсілімен оқиғаларды, материалды жүйелеп келтіру арқылы кейіпкердің адами, кісілік кейпі жан-жақты ашылады. Осыдан-ақ автордың кейіпкеріне, оның ғылымға адалдығына деген сүйіспеншілігі мен шынайы махаббатын байқауға болады. Хикаяттың екінші тақырыпшасы «От семи классов до кандидата наук» деп аталады. Қазақшасы – «Жеті кластық білімнен ғылым кандидатына дейін» (Ш.Б). Бұл тақырыпшада кейіпкеріміздің белгілі бір уақыт аралығын­да­ғы өмір жолы біршама толығырақ баяндал­ған. Соғыстан кейінгі ауыртпалықтың салдарынан Мұхаң он жаста мектеп есігін ашады. 7-класқа дейін ғана оқып, отбасы жағдайына байланысты одан әрі жалғастыруға мүмкіндік болмай, мектепті тастап кетуге мәжбүр болады. Колхозда тракторшы, темірші болып жұмыс істейді, бірақ қолынан кітабы түспеген. Соның арқасында сырттай емтихан тапсырып, аттестат алады. Сөйтіп, ҚырМУ-дың студенті болып қабылданады. Бірақ арада екі ай өтпей әскерге шақырылады. Әскерлік борышын өтеп жүріп те, өз бетінше білімін жетілдіре береді. Әскерден келісімен университет басшылығымен келісіп, 3 курстың емтиханын түгелдей тапсырып шығады. Басшылықтың ұсынысы бойынша, ол сырттай оқудың 4-курсына қабылданады. Одан сәті түсіп, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің төртінші курсы-­на ауыстырылды. Осылай, еш жерде «жар­ы­тып» оқымаған Мұқаң (Мұхтарбай Өтел­баев) айды аспанға бір-ақ шығарады. «Вот так в судьбе великих людей все­выш­ний всегда во время открывает им нужную дверь» деп түйіндейді автор. Қазақшасы – «Осылайша ұлы адамдар тағдырында Алла тағала әрқашанда оларға қажет есікті уақытылы ашып тұрады» (Ш.Б.). Енді Тынысбек мырзаның кейіпкері (өзі) оқуға құлшына кіріседі. Бір семестрден кейін-ақ қатарға қосылып, емтихандарды түгелдей дерлік «өте жақсыға» тапсырады. Бірақ мерзімді уақытын жіберіп алғандықтан, Мұқаңа дип­лом жұмысына жетекші табу қиынға соғады. Дегенмен, Лениндік сыйлықтың иегері, ірі ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Борис Моисеевич Левитан жетекшілікке келісімін береді. Мұхаң жетекшісі жүргізетін семинарға үзбей қаты­сып, оның белсенді мүшелерінің біріне айналады. Университетті аяқтап, аспирантураға қалдырылады. Диссертациясын 1972 жылы ойдағыдай қорғайды. Осы диссертациялық жұмысына негіз етіп алған әйгілі q* (х) функциясын түзу жұмыстарын аяқтайды. Бүгінде бұл функция әлемдік әдебиетте «Өтебаевтың орталандырылған әлеуеті» деп аталады. Мұхаң өзін ғалым ретінде мойындат­қан­нан кейін Қазақстан математика ғы­лымын өркендетуге бел буа кіріседі. Оны ұйымдас­ты­ру жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатады. Ол ғылыми кадрлар дайындаудың қалыптас­қан жүйесін бұзып, жаңа «микрошефтер» жүйесін енгізеді. Өзінің оқушыларына қа­б­і­­­летті аспиранттар мен ізденушілерді, жас ғы­лым кандидаттарын бекітіп береді. Тақырып­ты өзі таңдап, диссертациялық жұмыс бары­сын тексеруді «микрошефтерге» жүктейді. Бұл жүйе «микрошефтердің» әлеуетін аша түсуге көмектесер еді және біреуді оқыту арқылы өзің де оқисың» деп түйіндейді автор. Енді семинарлардың саны артты. Басты семинар М.Өтелбаев пен Т.Кәлменов жетекшілігімен өткізілді. Аспиранттардың білім деңгейін арттыру үшін дифференциалдық теңдеулер, математикалық талдау, функциялар мен функциялық анализ теорияларының негізгі мәселелері бойынша «ликбез» (сауат ашу) ұйымдастырылады. Аспиранттарға, студенттерге, ізденушілерге және тағы басқа барлық тілек білдірушілерге арнап мына бағыттар бойынша арнайы курстар оқытатын болды: 1. Функциялық анализ (талдау); 2. Математикалық талдаудың қосымша тараулары; 3. Комплексті айнымалы функциялар теориясы; 4. Іштестіру теоремалары; 5. Жалпыланған функциялар теориясы; 6. Дифференциал оператордың спектрлік теориясы; 7. Ажыратылым теориясы (дифференциал операторлардың коэрцитивтік шешімділігі); 8. Математикалық физика теңеулері; 9. Сызықты операторлардың кеңею теориясы. Арнайы курстарды М.Өтелбаевтың өзі немесе материалды жақсы меңгерген оқушылардың бірі жүргізді. Мұхаңның өзі жүргізуші оқушыларынан емтихан алса, олар басқаларынан емтихан алатын. Автор кейіпкерін (Мұхаңды) оқытушы емес, өзі де қосыла ойнайтын бапкерге теңестіреді. Ол оқушыларының әрқайсысымен жеке жұмыс істейтін. Білмегеніңді айыптамайтын, ал жалқауларды жаны сүймейтін. Осылайша, Тынысбек кейіпкерлерінің ерекше қасиеттерін, оның ұлылық белгілерін бірінен соң бірін кезегімен ашып береді. Оның бәрін бірдей тізе беру шарт емес. Сондықтан, біз олардың қайсыбірін таңдаумен ғана шектелмейміз. Тынысбек аталған еңбегінде Мұхаңмен ғана шектеліп қоймайды, оның «тәуір шәкірттерінің» де атын атап, түсін түстеп оты­рады: «Міне, алғашқы «күшті микрошеф» шәкірттер пайда болды. Олар, кейіннен доктор болған Қ.Мыңбаев, Р.Ойнаров, М.Мұратбеков, Л.Хұсаинова, Қ.Оспанов және басқалар еді. Олардың арасынан ерекше талантты математик Р.Ойнаровты атап өту орынды, себебі, ол 32 жасында ғылымға араласып, бар-жоғы бір жыл ішінде «СССР FA баяндамаларында» екі бірдей мақала жариялап үлгерді» деп өзгелердің ісіне қуана отырып, «Математика ғылымында талант қуаты білім тәжірибесіне қарағанда үлкен рөл атқарады» деп түйіндейді Тынысбек. Тағы да мынадай құнды пікір айтылады: «Ғылымда міндетті түрде өз нәтижелеріңмен бөлісу керек, басқа жағдайда оқушылар өспейді. Ғылымға неғұрлым көп тер төксең, соғұрлым көп ұтасың, ал заттай байлықта, керісінше». Сонымен, 1984 жылы 24 желтоқсанда М.Өтелбаев Жамбыл педагогигалық институтына ректор болып тағайындалады. Ол ректорлық стандартқа (қалыбына) сыймайтын еді. Оның мінез-құлқында демократиялық мәнер басым жатты. Сөйтіп, ол көп ұзамай-ақ сүйікті ғылымына қайта оралды, жаны жай тапты. «...Ғылым – киелі құндылық. Ол адамдарды біріктіреді, байлық сияқты бөлмейді. Ғылымда ұрлық жүрмейді және кез-келген заңсыз иемденген дәреже-атақ қайтарып алынуға тиіс. Жетекші ғалымдарымыздың адалдығы арқасында математика кейбір ғылым салалары сияқты машық болмады, сондықтан да кез-келген кәсіпкер, шенеунік өзінің ішкі сезімі арқылы математикадан әлсіз екенін сезінеді... Ұлы адамдар – ұлттық байлық. Егер халық оларды өлгеннен кейін рухын құрметтемей­тін, жадында сақтамайтын және тіршілігінде сыйламайтын болса, онда Алла тағала оларды бұл халыққа бермеуі мүмкін...» Осылайша, ұлыны ұлықтау арқылы Тынысбек өзінің де қаражаяу еместігін, жеке басының сол ауылдан екендігін, сол тұғырдан табылатындығын көрсете білді. Ал енді естеліктерге, әзіл-оспақ, афоризмге келер болсақ, олар авторды тағы да бір өзге қырларынан танытады. Таланттың сегіз қырлы, бір сырлылығының құпиясы да осында. Кітаптың бірінші бөлімінде автордың таза математикалық мақалалары берілген. Оларды көпшілікке түсінікті тілде баяндау қиын, әрине. Дегенмен, «құлағдар бола берсін, ғылымдардың падишасы саналатын «Математика» ілімінің жүрек қылын шертерлік рухани жылуын аз да болса сезінсін» деген ниетпен олардың атын атап, түсін түстеп бергенді жөн көрдік. М.А.Бименов және М.А.Жаманқа­рае­ва­­мен бірігіп жазған бірінші мақала: «Спектраль­­ные вопросы квазирегулярной задачи Дирихле и её сопряжённой для уравнения Лаврентье­ва – Бизадзе» деп аталады. Қазақшасы – «Квазирегулярлы Дирихле есебінің және оның Лаврентьев – Бизадзе теңдеуіне арналған түйіндемесі­нің спектрлік мәселелері». Бұл жұмыста Дирихле есебімен қайта анықталған фредгольмдік түйіндес есептің ішінара ішкі шеттік шартты есеп екендігі дәлелденген, сонымен қатар, бастапқы және түйіндес есептің меншікті функцияларының елеулі айырмашылықтары көрсетілген. Тағы бір еңбегі: «Критерий полноты корневых подпространств линейных вполне непрерывных операторов». Қазақшасы – «Сызықты толықтай үзіліссіз операторлардың түбірлі іш кеңістіктері толықтығының критериі». Кітаптың бұл бөлімін осымен доғарайық. Сонымен, бүгінгі таңда математика араласпайтын, математика қолданылмайтын ғылым саласы жоқ. Сондықтан да, математикаға, математиктерге деген сұраныс қоғамда әрқашан жоғары және одан да жоғары бола бермек. Олай болса, математика ғылымының өркендеуі жолында тынымсыз еңбектеніп, тер төгіп жүрген Тынысбектей, Мұхтардай азаматтарымызды ардақтау – парыз. Шерәлі БІЛӘЛ, филология ғылымдарының докторы, физика-математика ғылымдарының кандидаты

4039 рет

көрсетілді

39

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7234

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6216

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3957

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3347

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3305

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3274

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3002

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2991

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы