- Тұлға
- 05 Сәуір, 2012
Күш атасын танымас. Қазақ жастары спорттық жарыстарға неге аз қатысады?
Қазақстан республикасының Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің назарына!
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында былай деп нақты атап көрсетті: «Әкімдерге халықтың денешынықтырумен және спортпен жаппай айналысуы үшін спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін кеңейту туралы мәселені шешуді тапсырамын. Соңғы жылдары Астанада да, облыстарда да көптеген спорттық нысандар салынды. Оларға «балалар да, үлкендер де бара алмайды» деген шағым көп. Осы спорттық ғимараттардың бәрін де қолжетімді ету керек. Адамдар спортпен айналысатын болсын». Осы тұжырымның астарына үңіліп ойлансақ, спорттың көптеген түрлерінен өтіп жатқан жарыстарда қазақ жастары мүлде көрінбейді. Оның себебін білу үшін Қазақстандағы спорт әлемін жетік білетін Қазақстан спортының құрметті қайраткері, тұңғыш спорт комментаторы Сұлтанғали Қаратайұлынан пікір тарттық. – Сұлтеке, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауындағы спортқа байланысты тұжырымын қалай деп ойлайсыз? – Елбасы спорттағы кемшілікті дөп басып, оны жою жолдарын нақты нұсқағанына риза болдым. Менің көкейімдегі ойлар да осындай. – Қазақстандағы спорт әлемінің қыр-сырын, өткені мен бүгінгі жағдайын ең көп білетін екі адам бар болса, соның бірі өзіңіз деуге де болады. «Былтыр елімізде өткізілген қысқы Азиадаға Қазақстан қатысқан жоқ, Қазақстан атынан Ресейдің екінші, үшінші сортты спортшылары қатысты...» деген ащы мысқыл айтылып жүргенін Сіз де естіген боларсыз. Бұл жөніндегі пікіріңізді ашып айтсаңыз... – Қайсыбір спорт түрінде ұлттық құраманы келімсектерден жасақтау, түбінде опа бермейтіні анық. Өзім осы Азиада жұмысына белсене араласып, спорт журналисі, аудармашы ретінде ғаламторға хабарлар жіберіп отыруға тікелей араластым. Салынған ғажайып спорт кешені, жарыстарды ұйымдастыру, спортшыларға, жанкүйерлерге жағдай жасау – бәрі-бәрі мақтарлықтай, мақтанарлықтай-ақ болды. Бұл үшін ел басқарған азаматтарға дән ризамыз. Алайда, «Жарысқа қатысқандар арасында қазақ жастарының ұшыраспауы қалай?» дегендей сауалды жиі естідік. Тек жалғыз хоккейдегі бірен-саран қыз-жігіттердің командалық ойын түрлерінде аса сүйсіндіріп жоғары орын алғаны болмаса, жекелей жарыстарда Жібек деген қызымыз ғана күміс медаль алды. Жалпы алғанда, жүзге жуық қазақстандық арасында қазақ жастарының некен-саяқ болуы намысымызға тиді, қазақ жастарының сағын сындырды, жігерін жасытты. Қала берді, шет жұртқа таба болдық. Қол соғып күпінгенімізді қайтейік, күрсініп іштей күйінген қандастарымыздың көзіне тура қарай алмай, бетіміз күйгендей болды ғой. – Осындай ахуалдан болуы керек, қазақ жұртшылығы арасында «еліміз тәуелсіздік алғаннан бері жиырма жылдан асса да Қазақстан спорты әлі бодан күйінде» дегендей пікірлер жиі естіледі. – Өз басым мұндай пікірді жоққа шығара алмаймын. Кеңес кезінде қазақ спортшылары қалай кемсітіліп, қалай шетқақпай болса, сол ескі дағды әлі де жалғасып келе жатқан сияқты. – Бұған қандай дәлел келтірер едіңіз? – Мәселен, Гүлшат Майлыбаева нысана көздеуден озық нәтижелер көрсетсе де, кезінде КСРО құрамасынан тыс қалды. Орал Қаңлыбаев конький спортынан топ жарып шықса да, Одақ құрамасына ілікпеді. Ол Моңғолияның талапкерлерін конькиге тұрғызып, осы елге барып, қызмет атқарды. Кейін Қытайға барып, сол елдің коньки спортын дамытуға елеулі үлес қосты. Баскетболшы Шолпан Дүйсенова КСРО-ның жастар құрамасынан әкесі «халық жауы» деген сылтаумен шығарылды. Ол Қазақстан құрамасында 11 жыл бойы команда капитаны болған. 1978 жылы Қарағандыға іздеп барғанымда Мәскеуден қалай жылап қайтқанын әңгімелеп, айтып берген еді. 1974 жылы Токио Олимпиадасына дайындық жиынында Әбілсейіт Айханов Медведев пен Иваницкийді жеңіп тұрса да, оны әдейі жібермей қойды. Киевте өткен КСРО чемпионатында Абрамовтан басым түссе де, Әбдісалан Нұрмахановқа әдейі жеңіс бермегені де есімізде. Атақты палуан Аманжол Бұғыбаевты да КСРО құрамасына алмай қойды. Сәуле Барлыбаева да көркем гимнастикада ел құрамасынан тыс қалды. Бұл құбылыс Қазақстан спортында бүгін де ізін суыта қойған жоқ. Оның үстіне жергілікті таланттарды тежейтін әдіс – шеттен спортшы шақыру белең алып бара жатқан тәрізді. Бірақ шақырылғандардың нәтижесі біздің қазақ спортшыларынан көшілгері болуы тиіс қой. Құрама команданы жасақтағанда біздің ұлттық сипатымыз көрінуі керек деп білем. Мұндай қағидаға қазір ешкім мән беріп жатқан жоқ. Тіпті, көптеген командада қазақтың иісі де сезілмейді. Құрамында бірде-бір қазағы жоқ командалар аз емес. Бұлардың қол жеткен нәтижелері мәз емес. «Ас ішіп, аяқ босатып» жүрген осындай кейбір келімсектерді мақтаймыз да, қазақ жастарын, әсіресе, жеңіл атлетика, су спорты, қысқы спорт, велоспорт және басқа спорт түрлеріне жергілікті ұлт өкілдерін сирек қатыстыру жөнінде ауыз ашпаймыз. – Мұның себебін бағамдай аласыз ба? – Біздің билікте де, Парламентте де қазақ тілін білмейтін, ұлттық діни наным-сенімі шектеулі шенеуніктер аз емес. Сондықтан, үкімет «көп ұлтты елміз» дегенді желеу етіп, қазақтың ұлттық командаларын жасақтауға мән бермейтін болса керек. Сөйтіп, спорт тізгінін келімсектерге беріп қойған. – Футбол командаларында қазақтар болмаған соң қазақ жастары стадионға жаппай бара бермейтінін көріп жүрміз. Жалпы, Кеңес заманында қазақ жанкүйерлері «Қайратта» Тимур Сегізбаевтың ойынын тамашалау үшін ғана стадионға қаптап баратын еді. Сол тұста қазақша футбол комментаторы болып Темірдің (Тимурдың) ойынына баса мән беріп насихаттаған едіңіз... – Иә, кейін арпа ішінде бір бидайдай болған Сейділда Байшақов, Құралбек Ордабаев есімдері де қазақ жастары үшін ұранға айналды. Стадионда жастар солардың атын атап, ойын кезінде ұрандатып отыратын. Сол кезде «Лениншіл жас» газетінің редакторы Сейдахмет Бердіқұлов футбол тақырыбына жиі қалам тартты, арнайы кітап та жазды. «Лениншіл жас» газетінде футболдан қазақтың ұлттық командасын жасақтау мәселесін өткір қозғауға да Сейдахмет Бердіқұлов ұйтқы болған еді. – Тәуелсіздік алғаннан кейін мұндай арман неге орындала қоймады? – Ол үшін, әрине, әйгілі қазақ футболшыларына тізгін ұстату керек еді. Темір (Тимур) Сегізбаев әу баста бірінші болып футбол федерациясын құрды. Кейін оны шеттетті. Сөйтіп, бірнеше жыл қол қусырып қалуға мәжбүр етті. Оны ешкім елеп-ескермеді. Араға жылдар түсті. Көкшетауда оның атында турнир ұйымдастырып, құрметті азамат атандыру шаралары жасалды. Ал Қазақстан футболының тізгінін келімсектер қазақтарға берер емес. Олар қазақ жастарын айтарлықтай мөлшерде жолата қоймайды. Футбол құрамасына Бас жаттықтырушы етіп әнеубір жылы Германиядан Шторк деген немісті әкелді. Сол кезде құрамада екі-ақ қазақ ойнап еді (2010 жыл, Түркиямен кездесу). Шторк құрама командаға «Тобыл» командасындағы атақты футболшы Жұмасқалиевті, Ақтөбедегі Смақов пен Тілешовты да жолатпады. Сөйтіп, Шторктің тұсында алаңға шығатын құрама сапында қазақ жігіттері көрінбей кетті. Бұл команда әрі үнемі жеңіліп, масқара болды. – Әлемдік тәжірибеге қарағанда, шетелдік спортшыны немесе жаттықтырушыны шақырудың, тура мағынасында айтсақ, жалдап алудың, «сатып алудың» жазылмаған заңдылығы болатын секілді. Елдің байырғы ұлтына басымдық беру барша елдің дәстүрі емес пе? Мәселен, 2000 жылға дейін Оңтүстік Кореяда футболдың ерекше дамығанын естімеген едік. Олар шет жұрттан бір жаттықтырушы жалдап әкеліп футбол командасын құрмақ болыпты. Сөйтіп, бүкіл ел бойынша жаппай жарыс ұйымдастырып, озып шыққандардан құрама жасақтады. Көп ұзамай корей футболшылары әлемдік жарыстарда көзге түсіп, алдыңғы орындарға таласа бастады емес пе? Әрине, біздегідей шетел спортшыларын бас-көз жоқ, таңдап-талғамай шақырып, келімсектерден ғана команда жасақтауға корейлердің қаржысы жетіп жатыр ғой. Жоқ, олар команданы 100 пайыз өз ұлтынан жасақтады. Бізде де осылай істеуге неге болмайды? – Өзім де осындай сауалға Кеңес заманынан бері, Сейдахмет Бердіқұловтармен бірге жауап іздейтінмін. Әлі де солай. Аты – Қазақстан, заты – шетелдіктер, еш баяны жоқ, опа бермейтін, қыруар қаржымызды жалмауыздай жұта беретін көптеген спорт түріне, әсіресе, футболдың дамуына іштей налып өлең де жаздым, ән де шығардым. Соның бірер шумағы мынандай: Ұлттық сипат болмаса құрамада, Мәңгі-бақи мәселе тұрар алда. Спорттан да есеміз кетіп жатса, Мақтанғанның бостан-бос жөні бар ма?! Қапаланып жанкүйер күрсінеді. Жүрегінің ұлғаяр дүрсілі енді. Он миллион қазақтан 10 футболшы Табылмады дегенге кім сенеді?!. Біздің ұран: Ұлттық құрам Жетпіс пайызы Жасақталсын тек қана қазақтардан, – деп, жанайқаймен үн қатам. Басқа спорт түрлеріне де бұл өлеңнің тікелей қатысы бар. Жалпы, көптеген спорт түрінде қазақ тілін жақсы білетін мамандарды шеттетудің алуан түрлі айла-тәсілдері жасалғанға ұқсайды. Бір мысал, Қазақстан футболын дамытудың жаңа ережесі жарияланды. Сол бойынша футболшыларды жаттықтырып, шеберлігін қалыптастыру 4 сатыға бөлінген. Оның бірінші – сатысы 9-10 жасқа дейінгі балаларды баулу. Ал мұнан кейінгісінің талабы қандай дейсіз ғой? Пирамидалық «2-ші, 3-ші, 4-ші саты бойынша ересектерді жаттықтыратын жаттықтырушы міндетті түрде орыс тілін білуі керек» деп жазылған. Демек, орысша білмесең, жаттықтырушы бола алмайсың. Қазақстанда мемлекеттік тілді аяқасты етудің, қазақтарды жаттықтырушылық қызметке жолатпаудың бұл да сорақы бір көрінісі сияқты. Қазақстанда футбол академиясы ашылды. Футбол клубтары да аз емес. Алайда, орысша білмесең, бұларда жаттықтырушы болуың неғайбіл. Бұл деген мемлекеттік тілді, қазақ ұлтын кемсіту, қорлау, елді басыну емес пе?! Қазақ мамандарын футболға жолатпаудың мұнан өзге де айла-шарғысы аз емес. Неге десеңіз, мұнда ақша алғы шепке шығады. Жоғарыда аталған реформа құжатында жаттықтырушының айлығы 1-1,5 мың доллардан кем болмау керек екен. Жарысқа қатысқандарға берілетін қаржы өз алдына. Оны олар жергілікті мамандармен бөліскісі келе ме? Әрине, жоқ. «Күні ертең өздерін ығыстырады» деген қауіп тууы мүмкін ғой. Өткен ғасырдың соңына таман Қазақстан футбол құрамасының тізгіні Серік Бегдалин деген жаттықтырушыға тиді. Ол кезде Қазақстан футболы қазіргідей Еуропа футбол қауымдастығында емес, Азияның футбол қауымдастығында болатын. Осы қауымдастықтың чемпионатына, Кубок жарыстарына қатысатын. Сонда ресми кездесуін өткізу үшін Оңтүстік Кореяға бара жатып, Пекинге тоқтап, ҚХР-дың ұлттық құрамасымен жолдастық кездесу өткізіп, 0:3 есебімен ұтылады. Соның «күйігі» ретінде деп, бес футболшы мейманханада оңашалап арақ ішіп жатқанын көрген бас жаттықтырушы оларды елге қайтарып жібереді. Сапарын әрі қарай жалғастырып, Кореядан 0:4 есебімен ұтылады. Кейін осы сәтсіздіктің себебін әлгі 5 футболшының елге қайтарылуынан іздеген мамандар (негізінде басқа ұлт өкілдері) бар кінәні бас жаттықтырушыдан көріп, оны қызметтен босатты. Ал әлгі ащы су ішкендердің бәрі өзге ұлт өкілдері еді. Бірақ, сол бесеудің «арақшылдығын» желеу етіп, жаттықтырушыны жазалау тым асыра сілтеу болар?! Қазақ жанкүйерлерінің стадионға бұрынғыдан тым аз баратынын командаларда жергілікті ұлт өкілдерінің өте сирек болуынан деуіңіздің жаны бар. Бұрын жанкүйерлер Темір Сегізбаев, Әбілсейіт Айханов, Әбдісалан Нұрмаханов, Октябрь Жарылғапов, Қазыбек Байболов, Әмин Тұяқов, Ғұсман Қосановтар қатысатын жарыстарға көп баратын. Тек соларды көру үшін, шеберлігін, күштілігін, ептілігін көру үшін баратын. Көрген соң жанкүйерлер олар туралы аңыз етіп айтып жүретін. Осы спортшылар қанша мықты болса да бәрі бірдей КСРО құрамасына қабылданды ма? Жоқ. Сіз қойған сұрақтың бір ұшы ойын командаларындағы жергілікті ұлт өкілдерінің өте аздығына тіреледі. Бұл жөніндегі менің ұстанымым мен ұсыныстарым мынадай: допты хоккей, велоспорт, волейбол, баскетбол, әсіресе, жергілікті жердегі футбол командаларының тізгінін шетелдердің шала білімді меймандарына бермеу керек. Неге десеңіз, осы аталған спортта, тіпті, басқа да ойын спортында жергілікті ұлт кадрлары баршылық. Волейболда келімсек жаттықтырушылардан білім өресі кем емес Байтөреев шеттетілгенде, оның астарында ұлттық мәселе барын ескермедік. Дүниежүзі қазақтарының арасында ең ұзын бойлы (208 см) Әлжан Жармұханбетов «Пәтер беріп, жағдай жасаса, туып-өскен еліме оралар едім» дегенде бұл емеурінді неге түсінбедік? Мен комментатор болып жүргенде Қазақстан спортының басшысы Қаркен Ахметов осы Әлжанды Алматының «Локомотивінде» ойнауға шақырып, ол келісіп, оған Коммунистический (қазіргі Абылай хан) мен Гоголь көшелерінің қиылысқан тұсынан үш бөлмелі үй бергізетін болып, бәрін тиянақтай бергенде, соны Мәскеудегі Орталық Армия спорт клубының басшылары біліп қойып, Әлжанды дереу әскерге алғызып, Мәскеуге шақыртып, ақырында ЦСКА-ға қабылдап, оның шеберлік рахатын сол Орталық көрді емес пе?! Көп жыл бойы Әлжан КСРО-дағы ең таңдаулы баскетболшылар құрамына енді. Әлжанды сол кездегі ұлы жаттықтырушы Гомельский өзінің туған інісіндей көріп, бұдан көз жазып қалмау үшін барлық жағдайды жасады. Баскетбол спортындағы (Ол бұрынғы Шымкент облысының Өзбекстанға өтіп кеткен Бостандық ауданынан ғой) асылымыз бен ардақтымыз «Еліме оралғым келеді...» десе, оған мән бермей, біздегі баскетбол тұтқасын ұстап отырған басқа ұлт өкілдерін ғана тыңдаған боп, Әлжанды жолатпай қойды. Бір қуаныштысы, Қазақ спорт және туризм академиясы осы Әлжанның есімін аса құрмет тұтып, «Әлжан Жармұханбетов атындағы баскетбол академиясын» ашты. Бұл үшін Қазақ спорт және туризм академиясының ректоры, математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан спортының дамуына тап қазір қомақты үлес қосып жүрген Қайрат Закарияновқа өзім сияқты ұлтжанды достарымның, спорт журналистерінің атынан мың да бір рахметімді айтамын. Семейдің футбол мамандарына да сүйсіндім. Қазіргі таңда аса шебер футболшы атанып жүрген, «Ақтөбе» футбол клубының 4 рет чемпион атанып, 2 рет суперкубокты жеңіп алуына үлес қосқан, басқаша айтқанда, ақ моншақ терін төгіп, Ақтөбе қаласында Қобыланды батыр атындағы стадионның жасыл алаңын жайқалтқан Самат Смақовтың туып-өскен жерінде, футбол әліппесін ашқан Семей қаласында Самат Смақов атындағы мамандандырылған футбол мектебін ашты. Мен мұндай үрдісті ұлттық ерлік деп мақтанам. Жарайсыңдар, киелі жердің ұлтжанды азаматтары! Ату спортында – Гүлшат Майлыбаева, ауыр атлетикада көп жыл бас жаттықтырушы болған Ислам Аужанов қайда?! Шығыс халықтарының арасында тұңғыш спорт шебері атанған шахматшы Аида Мүслімова қайда?! КСРО Жастар құрамасына шақырылып, «әкесі халық жауы екен» дегенді сылтау етіп, елге жылап қайтқан баскетболшы Шолпан Дүйсенованы кім іздейді?! Қазір бір журналист велоспорт туралы мақала жазса, Винокуровты мақтап ала жөнеледі. Бейне, Қазақстанның велоспорттағы табысы осы жігіттен ғана басталғандай. Өткен ғасырдың 70-жылдары Францияда өткен әлемдік жарыста үздік шығып, дүние жүзінің чемпионы атанған қызылордалық Марат Сатыбалдиевті, өзіміздің қандасымызды неге ұмытамыз? Су добы спортында үш бірдей жарық жұлдызымыз болған Меңдіғалиев, Аяпбергенов, Оразалиновтар қайда жүр? Су добындағы Әсел Жақаева күні кеше ғана – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тек қазақстандықтарды ғана емес, өз шеберлігімен шетел жанкүйерлерін де тамсандырып еді ғой. Осындай асылдарымыз неге жоғалып кетті. Осындай жұлдыздарымыз қайда қалды?! Өзге ұлттың мамандары келген сайын біз осындай өз атақтыларымызды ұмыта бастадық. Ұят! Хоккей спортында да бірен-саранбыз. Жүзу спортында да біздің бар-жоғымыз белгісіз... Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің Дене тәрбиесі ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 2000 жылдың басынан бері оқушылар мен студенттер арасында қысқы, жазғы Спартакиада, Универсиада өткізіп келеді. Пайда беріп жатпаса да ғылыммен шұғылданып, журнал, кітап шығарып, кандидаттық, докторлық диссертация қорғап, ғалымдар санын еселеп арттырып келеді. Осы мекеме ұйымдастыратын Спартакиада мен Универсиадаға қатысатын оқушылар мен студенттердің ұлттық құрамына (тапсырыс беру парақшасындағы тізімге) назар аударыңызшы. Тіпті, спортты жаңадан бастап, спорт мектептерінің арнаулы секцияларына қатысатындардың арасында кейбір спорт түрінде жергілікті ұлт өкілдері өте аз (қысқы спортта, жүзуде...) Осындайда Орталық өздері ұйымдастырып, мемлекеттің қыруар қаржысын төгіп жатқанда, «әр облыстан келетін құрама командалардың қатарының 70 пайызы жергілікті ұлт өкілінен болсын!» деп, Спартакиада мен Универсиада бағдарламасына неге бір ауыз сөз жазып, спорттағы кемшін жағымызды түзеуге мұрындық бола алмай отыр дейсің күйініп. Осы мекеменің 2002 жылы өткізген бірінші жазғы Спартакиадасының ережесін қарап отырып, бір ұсыныс жасағаным әлі есімде. Жарыс өткізудің Ереже-тәртібінде «Қазақстанның әнұраны орындалып, Ту көтеріледі» деген сөйлем бар екен. Соған мен «Ән ұран орындалып жатқанда жарысқа қатысушылар оң қолының алақанын жүрегінің тұсына басып тұратын болсын» деген сөз енгіздім. Бұл ұсынысты Орталықтың сол кездегі басшысы құптады. Осыған орай айтарым, Орталықтың қазіргі басшылығы жыл сайын өткізілетін жарысқа қатысатындардың құрамын талдағанда ондағы ұлттық үлесімізге де назар аударса деймін. Бұрынғы сарын, «кеңестік көп ұлтпыз» деген өлшем бізді алға жетелемейді. Осы Орталықтың Спартакиада жарысындағы балалар футболы «Былғары доп» деп аталып, турнир 4 жас ерекшелігіне қарай өткізіледі. Бір таңқаларлығы сол, футбол командаларындағы талапкерлердің бәрі дерлік жергілікті ұлт балалары болып келеді. Соның ересектеу тобында ғана немесе солтүстік облыс командаларында ғана өзге ұлт балалары бірен-саран ұшырасады. Соны көріп отырып, Қазақстанның жасөспірімдері мен жастар құрамаларында жасы өскен сайын жергілікті ұлт өкілдерінің азая беретінін аңғарасың. Орталық осының сырын ғылыми, нақты дерек негізінде зерттемей ме?! «Қазақстан спортына пайда бермейтін, Ресейде әлдеқашан айтып, жазып кеткен тақырыпты шиырлай бергенше» деп батыл айтқың келеді. Осы деректерді Қазақстанның шеберлер тобындағы есеп-қисаппен салыстырып көріңізші. Бізде футбол ойнайтын ынталы балалар көп, жасөспірімдер мен жастар да аз емес. Ал, шеберлер тобында көбіне келімсектер ойнайды. Осы жерде «қазақ балаларының біреу-міреу жолын байлап жүрген жоқ па екен?» деген ойға келесің. Осыған басшылар мен қосшылар, халық қалаулылары назар аудармайтыны қынжылтады. – «Велоспорттан Винокуров деген үнемі шетелде жарысқа қатысып 20-шы, 30-шы орын алып жүрсе де оны жарнамалап жататыны қалай?» дегендей сауалдарды жиі естіп жүрміз. Винокуровқа жылына қанша ақша жұмсалып жүргенін білесіз бе? – Менің естуімше, Винокуровқа емес, «негізінде толықтай шетелдіктерден жасақталатын, аты «Астана» деп жер жаратын велосипедшілер командасына 60 млн-дай доллар жұмсалады» деген сөз бар. Сонымен қатар, авторалли деген де жарыстың түрі бар. Қазақстанның «Астана» деген командасы КамАЗ, «Белорусь» мәшинелеріне отырып жарысады. Татарстан КамАЗ мәшинесін, белорустар «Беларусь» машинесін шығарады. «Бұған Қазақстанның қанша қатысы бар?» десеңші! Солардың мәшинесін жарнамалау үшін Қазақстанның атынан қатысқандарға да қыруар ақша жұмсалады. Дәл осы секілді бірде-бір қазақ баласы ойнамайтын теннис жарыстарына да шаш-етектен қаржы кетеді. Бұған шетелден шақырылатын спортшыларға азаматтық та беріледі. Не үшін? Өзімізде спорт базалары бар бола тұра спортшыларды шетелде даярлау да сәнге айналған. Мәселен, Солтүстік Қазақстаннан Поляков деген суға жүзуден сәл көзге түсіп еді, оны 4 жыл бойы Америкада жаттықтырушы жалдап даярлады. Әрі университетінде оқытты. Ол бұл елде не тындырғанын, бұл үшін неше миллион доллар жұмсалғанын білмеймін. Білетінім, Пекин Олимпиадасында ол пәлендей жоғары нәтиже көрсете алмады. Ал Парыгин дегенді Сидней Олимпиадасынан кейін Қазақстанның ақшасына Австралияда дайындаған еді. Кейін Афины Олимпиадасына жолдама алу дәрежесіне де жете алмай қалды. Тіпті, қазір Қазақстанның бір топ балаларын Бразилияда жаттықтырып жүргені естір құлаққа ұят. Жалпы, 30-40 медаль сарапқа түсетін қысқы спорт, жеңіл атлетика, су спортында ел намысын қорғайтын қазақ жастарын даярлап өсірмейінше, шетелден шақырылғандар Қазақстан спортын өркендетпейді. Бұдан Қазақстанның спорттық беделі көтерілмейді. Бұл – ертеңімізді ойламау, ел қаржысын шашу деген сөз. Бұлай дейтінім, шетжұрттан қыруар ақшаға жалдап, «басына үй беріп, бауырына қазан салып» дегендей, хандар мен патшаларға жасағандай жағдай жасағанда олар жарыста озып шықса бір сәрі, салпақтап соңында қалып жүргендері қаншама?! Сөйтіп, бокс пен күрестен басқа спорт түрлерінің бәрінде дерлік жемтікке үймелеген құзғындай шетжұрттықтар қаптап келіп, Қазақстанның ақшасына шалқып, шалықтап өмір сүруі үшін қазақ жастарының спорттағы шеберлігін шыңдауға кедергі келтіріп жүр. – Сонда қазақ жастарын спортқа жаппай тарту мәселесін қалай шешуге болады? Егер Үкімет шындап мән беретін болса қазақ жастары бокс пен күрес секілді спорттың барлық түрлерінде өзге ұлт өкілдерінен басым болар еді. Өйткені, қазақ жастары еліміздегі жалпы жастардың 70-80 пайызын құрап отыр. Әрі ауыл жастары төзімді, алғыр, елгезек, шымыр келетіні күрес пен бокста, қара жұмыста дәлелденген. Демек, қамқорлық болса, күрес пен бокс секілді спорттың барлық түрлеріндегі жарысқа қатысатын қазақтар да 80-90 пайыз болатыны даусыз. Сөйтсе де, қазақ жастары спортқа бармай ма, әлде оларды алмай ма? – Өзге ұлт өкілі болған жаттықтырушылардан «қазақ жастарын неге көптеп тартпайсың?» десең, «қазақтар күрес пен бокстан өзге спортқа келмейді, ата-аналары жібермейді» дегендей сылтаулар айтады. Әрине, бұл сыныққа сылтау дегендей уәж ғана деп білемін. Қамқорлық, жағдай жасаса, қазақ жастары спорттың барлық түріне қаптап барар еді. Бірақ оларды алмайды. Бұл – бір. Екінші, қазақ жастарының көбінің тұрмыс жағдайы нашар. «Ораза, намаз – тоқтықта» дегендей, киім мен тамағын әзер тауып жүргендер спортқа келуге шамасы жоқ болуы түсінікті. Өйткені, спорт секциялары, спорт залдары мен алаңдары – бәрі ақылы, қымбат, оған баруға қазақ жастарының қалтасы көтермейді. Елбасы Жолдауында осындай олқылықты дөп басып біліп, оны жоюды нұсқағанына өз басым риза болып отырмын. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының өзі де спортпен шұғылданады. Нақты айтсам шаңғы, коньки тебетіні, волейбол, теннис секілді спорттың біраз түрімен шұғылданатыны бүкіл халқымызға өнеге деуге болады. Сондықтан, спортқа қамқорлық жасауға, қаржы бөлдіруге баса мән беретіні белгілі. Елбасы нұсқауын басшылыққа алып осы секілді кедергілерді жойса, ең бастысы, қаны бар қазақ жаттықтырушыларын іріктеп, қамқорлық жасалса, талап қойылса, миллион долларлап шет жұртқа шашылып жатқан ақшаны қазақ жастарын баулуға бұрса, спорттың ұлттық сипаты болар еді. Бұл ретте, әрине, «біз көп ұлтпыз» өзге ұлт өкілдерін неге шеттетеміз деген уәж айтылатыны анық. Мен 100 пайыз қазақ болсын демеймін, қазақ жастарының саны спорттың барлық түрінде басым болуы тиіс екені айтпасақ та ұғынықты болса керек. Әңгімелескен Қуанбек Боқаев
7011 рет
көрсетілді0
пікір