• Мәдениет
  • 19 Сәуір, 2012

«...Арулар елі кешегі!»

d0b0d0b0d0b0d0b0Ақындар мен небір дарындылардың мекені болған Аягөз ауданының тарихы тереңде жатыр. Бұл өлкеде сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» уақытында Абылай хан бабамыздың жоңғарлармен бірнеше рет ірі шайқасы болған. Тіпті бері тартқанда, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев Аягөз ауданын емін-еркін аралап: «Аягөз деген – аядай бұлақ деседі, ... Ая, көз, ая, – Арулар елі кешегі!» – деп төгіле толғанған... Тәуелсіздік алған жылдардан соң бұрынғы Семей облысы тарап, аудандар біріккен уақытта Аягөздің жағдайы да біршама төмендеп, шатқаяқтап қалған болатын. Ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі көп өзгерген. Осы мәселе төңірегінде біз, аудан әкімі Әнуәрбек Мұхтарханұлы Мұхтархановпен сұхбаттастық. – Аягөзге келгелі бірнеше күн ішінде қа­ла реңінің өзгергенін, халық әл-ауқатының жақсарғанын көріп қуандым. Біршама жаңа нысандар ашылған екен. Осынау оңды өзгерістерді, енді өз аузыңыздан тыңдасам... – Аягөз – Шығыс Қазақстан облысының оңтүстік аймағындағы үлкен аудандардың бірі. Қазір ауданымызда 80 мыңға жуық ха­лық тұрса, оның тең жартысы аудан орталығы – Аягөзде. Ауданда 23 ауылдық округ бар. Облыстағы барлық жолдардың 10 пайызы біздің ауданда, яғни аудандағы жолдардың ұзындығы 1100 шақырымды құрайды. Ол жолдар республикалық, облыс­тық және аудандық бағыныстағы жолдар. Аудан орталығына ең шалғай елді мекен – Жорға ауылы, Аягөзден 350 шақырым жерде орналасқан. Бер жағында Емелтау деген ауыл бар. Онда 300 отбасы тұрады. Бұл елді мекеннің жағдайы жақсы. Былтыр «Таза су бағдарламасы» бойынша ауыз су тартылды. 30 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, ауыл көшелері жөндеуден өткізілді. Жері мал шаруашылығына, тіршілікке қолайлы. Мал қысы-жазы жайылып шығады. Елге керегі сол ғой. Ар жағында отыз-қырық шақырым жерде Балқаш көлі жатыр. – Бұрынғы Шұбартау ауданының орталығы – Баршатас ауылының жағдайы қалай? – Баршатаста 3,5 мың халық тұрады. Анау жылдары аудан тараған соң елдің абдырап, көңіл-күйлерінің нашарлағаны жасырын емес. Уақыт өте келе бәрі қалпына келді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «тарап кеткен бұрынғы аудан орталықтарына айрықша қараңдар» деген тапсырмасы бар. Ол жердегі халыққа барынша жағдай жасау керек. Сол үшін былтыр аурухана ғимаратына күрделі жөндеу басталды. Биыл бірінші қабаты жөнделеді. Баршатаста үлкен мәдениет үйі, тамаша спорт залы бар. 2011 жылы көшелеріне жарық тартылды. Таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ұялы телефон байланысы жұмыс істейді. Халықтың ынтымағы жақсы. Ол жерде қазақтың дәстүрі жақсы сақталған. Үлкеннің сөзін тыңдау, айтқанын орындау берік дағдыға айналған. Мәселен, кез-келген саяси іс-шараны өткізер алдында ақсақалдарды жинап ақылдасамыз. Мұнда ақсақалдар алқасы құрылған. Қосағаш ауылында Жанарбек Шүленбаев деген Еңбек Ері бар. Сол қария маған: «Сіз жаңадан келген әкімсіз. Біз жаққа көп алаңдамаңыз. Елбасының саясатын толық қолдаймыз» деді. Мен бұған дейін басқа аудандарда да қызмет істеген едім. Солармен салыстырам ғой. Баршатастағы ақсақалдар алқасының осынау үлгілі істері, қазақтың бұрынғы салт-дәстүрін сақтап қалғаны ұнайды. Ол өңірде таза ауыз су мәселесі шешімін тап­қан. Боғас – Қарағанды тас жолының жағ­­дайы нашар болатын. Халықтың өтіні­ші­не орай, облыс әкімінің қолдауымен сол жол жөнделді. Енді 30 шақырымдай жері қалып тұр. Бұрынғы Шұбартау ауданының көптеген ауылдарында былтырға дейін электр жарығы қиын болатын. Өткен жылы 15 ауылдық ок­руг, 1 елдімекеннің орталық көшелеріне жарық тартылды. Оған халық дән риза. Қазір ел бұрынғыдай қас-қабаққа қарамайды. «Барды бар, жоқты жоқ» деп бірақ айтады ғой. Мұны мен ел алдында есеп бергенде көрдім. Былтыр Айғыз ауылындағы Мәдениет үйіне жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Дәл осындай жөндеу жұмыстарын биыл Бидайық, Өркен ауылдары Мәдениет үйлеріне де жасамақшымыз. Барлық ауылдарда аурухана бар, электр жарығында іркіліс жоқ. Дәрігерлік амбулаторияда жеті-сегізден медицина қызметкерлері бар. Автомашиналары сайма-сай. Былтыр Семей қаласындағы медицина академиясымен келісім-шартқа тұрып, он жас дәрігер жұмысқа келді. Олардың әрқайсысына көтерме ақы ретінде төрт жүз мың теңгеден төледік, тұрғын үй мәселесін шештік. – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биыл­ғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашы­лығын дамытуға айрықша көңіл бөлу қажеттігін, өйткені, азық-түлікке деген қажеттілік әлемде жыл сайын өсе беретінін атап көрсетті. Осы тұрғыдағы жұмыстарды айта кетсеңіз. – Өткен ғасырдың отызыншы жылдары кәмпескенің алдында бұрынғы Шұбартау өңірінде ғана 300 мың қой, 29 мың жылқы, 49 мың ірі қара болған. Қазір ауданда жылқы 19,5 мың, ұсақ мал 270,6 мың ғана. Бүгінгі мақсат – Елбасының халыққа Жолдауында айтылғанындай, мал санын көбейту, асылдандыру, қолдан ұрықтандыру пункттерін ашу арқылы сапасын арттыру. Бір пункт ашу үшін шамамен 360 мың теңге қажет. Ауыл әкімдеріне осы жұмыстарды ұйымдастыру жүктелген. 2011 жылы мал өнімдерін және асыл тұқымды мал сатып алғандары үшін шаруа құрылымдарына 94,4 млн. теңге Үкіметтен субсидия бөлінді. Ау­данда 7 қой бордақылау, 8 ірі қара бордақылау, 3 жылқы бордақылау, 3 мал сою пункті, 24 мал сою алаңдары жұмыс жасауда. Асыл тұқымды мал санын көбейту мақсатында «Сыбаға», «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламаларымен 92,5 млн. теңгеге 1750 қой, 103 асыл тұқымды бұқа, 286 мүйізді ірі қара сатып алынды. 4 асыл тұқымды жылқы шаруашылығы, 2 асыл тұқымды ірі қара шаруашылығы, 9 асыл тұқымды қой шаруашылығы ашылды. Осы жылға 17 шаруа құрылымы 661 ірі қара, 10 шаруашылық 690 жылқы, 23 шаруа­шылық 10850 қой сатып алуға өтініш беріп отыр. Осыған «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша 75 млн. теңге қаражат қарастырылып отыр. Бірақ бүгінгі күнге аудан бойынша қажеттілік 322,5 млн. теңгені құрайды. Мал ауруларымен күресу мақсатында 69,4 млн. теңге қаржы игерілді. Жалпы, ауданымыздың күш-қуаты өте зор. Жылдан-жылға мал саны өсіп келеді. Қазір Үкімет ауыл шаруашылығын дамытуға жақсы көмектесіп отыр. Шағын бизнесті дамытудың 2020 бағдарламасына орай, был­тыр 62 миллион қаржы игердік. Жеке шаруалар 3 миллионнан ақша алды. 2012 жылға 75 миллион теңге бөлініп отыр. – Аягөз тоғыз жолдың торабында орналасқан қала ғой... – Алматы, Семей, Өскемен бағытындағы, үш тораптағы темір жолы бар. ХХ ғасырдың отызыншы жылдары Түрксіб темір жолы салынғаннан бері теміржолшылар әулеті қалып­тасқан. «Локомотив», «Қамқор – вагон жөндеу» деполарын қосқанда оншақты ұжым жұмыс істейді. Мұнда 5,5 мыңнан астам қала халқы еңбек етеді. Аягөзде әскери гарнизон бар. Оның да қала халқына пайдасы мол. 1,5 мыңдай қала халқы әскери бөлімшелерде келісім-шарт бойынша жұмыс істейді. Ша­ғын кәсіпкерлік дамып келеді. Бес сауда базары бар. Дүкендер тіптен көп. 8 мейрамхана жұмыс істейді. – Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жыл­дығына арналған «20 жұлдызды күн», «Тәуелсіздіктің 20 шыңы» атты акцияны жүзеге асыру мақсатында 2011 жылдың 4 желтоқсаны «Сергектік» спорт күні аталып өтіпті. Осыған байланысты аудандағы барлық білім мекемелерінде спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, атақты спортшылармен, спорт ардагерлерімен кездесу өткен екен. Қала маңындағы «Битан» тауына саяхат жасалып, шанамен, шаңғымен тау­дан түсу жарыстары өтіпті. Осы іс-шаралар туралы айтсаңыз? – Ауданда өткен жыл көлемінде өткізілген 960 спорттық, 1254 мәдени-бұқаралық, 2010 қоғамдық-саяси іс-шаралар «Мерейтойлы 20 жыл ұранымен» өткізілді. «20 жарқын іс» акциясы аясында ауданда 531 млн. 337 мың теңгенің 489 жобасы жүзеге асты. Аягөз қаласында бокс залы, балаларға арналған ойын алаңдары ашылды. 6 мың түп әртүрлі көшеттер отырғызылып, «Абай» ескерткіші, Қасабай батырдың кесенесі, теміржол вокзалы маңында ашық аспан аясындағы ескі үлгідегі паровоз орнатылды. Оның сыртында Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай республикалық «Менің Қазақстаным!» үгіт пойызының, Семей полигонының жабылғанына 20 жылдығына орай норвегиялық веложүргізушілердің Аягөзге ат басын тіреуі мерейтойлық шаралардың маңыздылығын айшықтай түсті. Облыс әкімінің «Туған жер ал­тын бесігім», «Туған жерге тағзым» акциялары халықтың кең қолдауына ие болып, жүзеге асты. – «Туған жерге тағзым» акциясының мән-мағынасы қандай? – Аягөз өңірінде туған кәсіпкерлер, басшы қызметте істейтін азаматтардың көпші­лігі Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұрады. Соларды елге шақырып, көмек жасатқызу, «туған жеріңе тағзым ет, игілігін елің көрсін» деген ниет-мақсаттан туған ой. Осы бағдарлама аясында 469 млн. теңгенің қаржысы игерілді. Үлкенді-кішілі 36 жоба демеушілер арқылы атқарылды. Соның ішінде медресе, «Аманғұл» көкөніс базары, мал сою пункті мен ет дүкені, «Алтын тас ойын-сауық орталығы ашылды. Қоғамдық шаралардан жастар да тысқары қалған жоқ. Республикалық «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» марафон эстафетасына облыстан бөлінген 2 млн. 222 мың теңгеге жастар қаланы абаттандырды. Осы істердің барлығы Тәуелсіздіктің арқасында ел игілігі үшін жүзеге асты. Ендігі міндет – қол жеткен табыстарға тоқтамай, Отанымыздың мерейін одан әрі өсіре беру. Оған Аягөз жұртшылығы береке-бірлікпен үлесін қосады деген сенімдемін. Сұхбаттасқан Толымбек Әбдірайым, Шығыс Қазақстан облысы

3311 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы