• Руханият
  • 19 Сәуір, 2012

Ақтың жолы тар болмас...

Жаңа кірген жылдың қаңтар айының бірінші жұмасы еді. Таң намазынан кейін жуынып-шайынып, жұма намазын мешітте жамағатпен бірге оқуға мешітке келіп, намаздың басталуын тосып отырғанмын. Мешіттің төр жағындағы есігінен кірген Бас имамның қасында ұзын бойлы, дөңгелентіп сақал-мұрт қойған Еуропа халықтары тектес азамат және орта бойлы, орта жастан асқан қандасымыз кіріп, жамағатқа қарап қатар-қатар тұрды. Күнделікті намазға жиналған жамағатқа қарағанда түр-түсі өзгешелеу көрінген азаматты Астанаға кейінгі кезде жиі келетін, Еуропа елдерін мекендейтін, Ислам дінін ұстанатын қонақтардың бірі шығар деп ойладым. Артынша мешіттің найб имамы Мәмлүк мырза алға шығып, әлгі азаматты жиналған жамағатқа таныстырды.«Еуропадан келген азамат» деп отырғаным, өзіміздің еліміздің азаматы екен. Сергей Львович Голубев 1952 жылы Ресейдің Свердловск қаласында дүниеге келген жоғары білімді дәрігер, оның ішінде хирург, онколог және гинеколог мамандықтары бар азамат болып шықты. Мәмлүк мырза Сергей Львович мырзаның өз еркімен Ислам дінін қабылдауға тілек білдіргендігін намазға жиналған жамағатқа жеткізді. Мәмлүк мырза «Әшхаду әл лә илаһа иллал-лаһу уа әшһәду әннә Мұхаммадан аабдуһу уа расуулуһ» деп Кәлима Шәһәдәтты айтқан кезде, ол да соңынан қайталады. Кәлиманы қайталағанда тілі жатық, дұрыс қайталаған соң, бұл азамат Исламды қабылдамас бұрын көп ойланып, Ислам дінінің Алланың ақ діні екеніне анық көзі жетіп келген болуы керек. «Исламға келуіне қандай себеп болды?» деген сұрақ мені қызықтырып, аталған азаматты жұмыс орнына іздеп бардым. Мен келген шаруамды тіке айта алмай алыстан орағытып, сөзге тартып, келген себебімді астарлап жеткіздім. Сергей, Исламды қабылдағаннан кейін, «Абдулла» деген есім алған екен. Абдулла мен ойлағандай емес, өте ақжарқын, ашық адам болып шықты. Менің «Исламға келуге сізге не себеп болды?» деген сұрағыма: «Мен отыз үш жасымда шоқындыру рәсімінен өтіп, хрис­тиан дінін қабылдадым. Інжіл, Таурат, Забур кітаптарын оқыдым. Бірақ кейінгі он жылдың сегіз жылын Шаманизмге арнадым. Шаман дінін қуаттап, бүкіл Еуропаны шарладым. Осыдан екі жыл бұрын жолым түсіп Қазақстанға келдім. Мұнда тұрған халық маған өзінің кең пейілімен, қонақжайлылығымен ұнаған соң, осы елде қалуды көңілім қалап, осында тұрақтадым. Бірде Мәскеуге баратын болып, сапар кезінде оқуға Османовтың аудармасындағы Құран Кәрім кітабын ала шықтым. Құран Кәрімді үш қайтара оқыдым. Осыдан кейін ең асыл, әзіз дін Ислам деген шешімге келіп, суфизмді оқыдым. Осы ойда жүріп Бішкек қаласында бір азаматқа жолығып оған ойларымды айтқанымда, ол Түркістанда Мақсұм баба атты адам бар деп, сол кісімен ақылдасуыма кеңес берді. Кейін білгенімде, Мақсұм баба о дүниелік болған екен, маған жолығуды жазбапты. Осындай ойда жүріп, Астанада Марат қажыға жолығып, Исламды қабылдағым келетінін айтып, Исламды қабылдау үшін не керектігі жөнінде кеңес беруін өтіндім. Мені тыңдап, Марат қажы маған «сіз мұсылмансыз» деді. Бұл қалай дегенімде ол: «Алланың бірлігін, Мұхаммедтің (с.ғ.у) Алла елшісі және құлы екендігін мойындаған әрбір пенде мұсылман» деді. «Содан қасиетті Жұма күні мешітке келіп, мұсылмандықты қабылдау рәсімін өздеріңізбен бірге өткіздік, ол өзіңізге белгілі», – деді Абдулла. Абдулланың айтқандарынан кейін менің ойыма жақында мерзімді баспасөз беттерінен оқыған ғылыми жаңалықтар ойыма оралып, Алланың құдіретіне бас идім. Адам миының жұмысын тексеру саласын­да атақты дәрігер, орыс елінің невро­лог­ия, психиатрия және психология мекте­­бінің негізін қалаушы Владимир Михайлович Бехтеревтің немересі Наталья Петровна Бехтеревадан асқан білікті дәрігер Ресейде болған жоқ деуге болады. Міне, осы кісі көп жылдық ғылыми зерттеу жұмы­сының қорытындысында, өзінің жеке түйсік-түсініміне сүйене отырып, екі түрлі қорытындыға келген. Оның бірі: «Адам ба­ла­сының миы өзінің шабыттану шағында жа­қ­сы қабылдағыш ретінде жұмыс атқа­­рып, әлемнен ақпарат қабылдайды. Яки болмаса, ми өзіне-өзі қолайлы жағдай жасап, ұлағатты ойлар тудырады. Қалай болғанда да мидың шабыттану кезеңінің өзі теңдесі жоқ тарту» десе, қазіргі нейрохирургияның негізін қалаушы, миға 10 мыңнан артық ота жасаған Уайлдер Пенфилд, дәрігер Экклзом бірігіп жазған «Адамның құпиясы» еңбегінде «Адамзатты әлдебір нәрсенің басқаратыны ешқандай күмән тудырмайды» деген қорытындыға келген. Міне, осы ойларды топшылай отырып, Алланың кәләмі Құран Кәрімнің Мүдәссір сүресінің 31 аятында: «Алла қалағанын адастырып және кімді қаласа, тура жолға салады» делінген. Расында Абдулланың Ислам дініне бет бұруы, Алланың жа­рылқауы деп білемін. Бұл жерде Исламның ақ жолына келуге Абдулла мырзаның үлкен ізденіспен еңбек жасағандығын да ұмытпаған жөн. Алла өзінің қалағанына бір себеп жіберетінін ескерсек, Абдулла мырзаның ізденімпаздығын Алланың бұл пендесін дұрыс жолға салу себебі деп түсінген дұрыс болар?! Сондықтан, құрметті жамағат, Алланың ақ жолында дұрыс жүру үшін әр уақытта өздеріңізді жетілдіруден жалықпаңыздар. Әрбір білген жақсы білімдеріңіз Алланы дұрыс танып, ғибадаттарыңызды олқылықсыз толық орындап, Алла дәргейіне жақындауға көмектеседі. *** Таяуда «Сәләфия шырғалаңы» атты мақаланы оқып, үлкен ойға қалдым. Осы орайда аталған мақалада көтерілген мәселелермен ой бөлісуді жөн көріп отырмын. Ұлығ Имам Әбу Ханифа хи­жра жыл санауының сексенінші жылы дү­ние есігін ашып, ақыл тоқтатқан шағында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) саха­ба­ла­ры­ның көзін көріп, айтқандарын өз құлағымен естіп, жа­саған ғибадаттарынан тәлім-тәрбие алып өскен, данышпандық «ФикҺ» мектебінің негізін қалап, маңайы­на заманының асқақ білімді ғұламаларын топтастыра білген. Сол ғұламалардың ортақ ой-пікірлерінің негізінде шешім шығарып, кейінгі ұрпаққа баға жетпес еңбек қалдырған. Мұсылмандардың әділ халифасы танылған төрт ха­лифаның бірі имам Әбу Ханифа Пайғамбарымыздың (с.ғ.у.) білімінің ұшан-теңіздігін бағалап: «Білім дариясы және ғылым қақпасының есігі» атаған хазіреті Әли ибн Әбу Тәлиб, Әбу Ханифаның туа біткен талантын Алланың құдіретімен танып, Алладан оған және оның ұрпақтарына жақсылық жасауын тілеп, дұға жасаған. Әбу Ханифа Әнас ибн Мәлік, Абдуллах ибн Әби Ауф, Сахль ибн Сагд сияқты сахабаларды білген тәбиғин. Міне, осындай ғұламалардың салған ақ жолына он ғасыр өткеннен соң тексеріс жасап, одан терістік іздеу еш ақылға сыймайтын амал. Өкінішке қарай, кейінгі пайда болған ағымдар, «тонды айналдыра киіп, бейкүнә қой кейпіне» кіріп, әлдебіреулердің сұрқия сая­сатын жақтап, бірлігі жарасқан мұсылман қауымының, оның ішінде қазақ халқының арасына жік салудың жолын іздестіріп, көпшілігі саясаттың түпкілікті мақсатын түсінбейтін, діни білімі таяз, иманы әлсіз жастарды өз қатарына тартуы, қоғам үшін де, сол қоғамда өмір сүрген халық үшін де өте қатерлі. Мұндай ағымдар, өз қатарындағыларды дұрыс жолдан жаңылыстырып, ел арасында теріс пікір қалыптастырып, кейде қақтығыстарға да апаруы әбден мүмкін. Міне, осындай келеңсіздіктердің алдын алуда «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің Бас имамы Бақтыбай Қыдырбайұлының діндәр қауымның сүйіп оқитын «Ислам және Өркениет» газетінде жарияланған «Сәләфи шырғалаңы» мақаласы дер шағында көтеріліп, халыққа ұсынылған құнды діни танымдық туынды. Қадірлі мұсылман бауырлар! Қазіргі ақпарат жүйесінің кеңдігін, жан жақ­тылық сипатын пайдаланып, діни ағым­дар­дың қашан, қандай кезеңде, қандай мақсатпен пайда болғандығын терең тал­дап түсініп, жүректеріңіздің қалауы ар­қылы қабылдаңыздар. Шүбәсіз ақ жүрек­ті азаматтың Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бен оның сахабаларының, тәбиғин­дар­дың жүрген жолын қабылдауы даусыз. Пай­ғам­барымызды (с.ғ.с) көрген, оның әрбір сөзін қалт жібермей жаттаған, басқан ізінен, салған жолынан бір табан да ауытқымаған сахабалардың жолымен жүрген тәбиғиндердің жолынан тікен іздеп тексеру, жаңа жол іздеу жақсылыққа апармай, бидғатқа апаратындығын ұмытпайық, ағайын! Ауданбай АХМЕТЖАНҰЛЫ Астана

3193 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы