• Әдебиет
  • 19 Сәуір, 2012

«Жанары жалынды жігітке қалай ғашық болмассың!..»

d0bad0b0d0bbd0bcd183d185d0b0d0bdӘлі күнге анда-санда Қалмұқан ағаны сыртынан көріп қалған сайын сүйсінеміз. Сүйсінетініміз – сырт бейнесі қаңбақтай ғана қара шал демесеңіз, тұла бойы тұнған қазына қарттың нақ өзі – сол кісі. Елден естігеніміз бар, оқығанымыз бар, талай жыл өңірлерді түгел аралап, табан тоздырып, тұщымды туындыларын дүниеге әкелген Қалмұқан аға туралы білгіміз келген ниет бізді ол кісінің қара шаңырағына қарай тартты да тұрды. Қаламгер Қалмұқан Исабаевтың үйін сұрастыра жүріп оңай таптық. Бізді кабинетінде Қалмұқан ағаның өзі қарсы алды. Зайыбы Зәбира апа да «айналайыны» аузынан түспеген ақжарқын жан екен. Суретке түсуге да­йындалып шыттай киінген ағамызға ақ түс жарасады-ақ. Құрақ ұшқан қосағы қалпағы мен тақиясын ала жүгіріп еді. Оның қолындағы бізге «жақсы таныс» қара қалпақты «мынау сыртқа шыққанда киетін» деп ысырып қойып, қолына қазақы тақияны алды. Онысы да өзіне құйып қойғандай екен. Зәбира апамызға қарап «талғампаз өзі» деп көзімізді қысып едік, «Мен осы қара шалымның үстіне қыл жұқпасын деп жүгіріп жүрсем, бұл кісі мені кеше қатырды ғой. Шашымды әдемілеп қиғызып қоятыным бар еді, мына үй тірлігінен шаштараздың алдына жете алмай жүргеніме бір жетіден асты. Содан кеше айна алдында шашымды тарап тұрсам, мына ағаларың маған қарап: «Мына шашыңыз маған ұнап тұрған жоқ» дегені. Абдырадым да қалдым. Менің мына «жігітімнің» маған әлі күнге жас күнімдегідей қарайтынын қайдан білейін?! Сөйтіп, бұл кісі кеше қатырды! Сасқанымнан шаштаразға жүгірдім. Ағаларың – осындай байқампаз адам» деп, ағынан жарылып күліп алды. «Сенің құның – бір қап тезек» Зәбира апа – Қалмұқан аға­ның Құдай қосқан қосағы. Әңгі­мешіл һәм шежірешіл апа – Қалмұқан ағаның, Ахаңша айтсақ, «көзі, құлағы һәм тілі». Қалмұқан ағаның саналы ғұмырын сарп етіп келе жатқан әдебиеттегі мұрасы, елге сіңірген еңбегі, жазушылық жан­кештілігінің арқасында жүздеген шақырымды жүріп өткен жолы жа­йында да жыр қып айтуға дайын. Дегенмен, біз алғашқы сауалымызды жазушы ағаның өзіне бағыттап, «Аға, апамызды қайдан, қалай тауып алдыңыз?» деп сұрақты төтесінен қойдық. Елп етіп, сөйлей жөнелгесі келген апамызға «тоқта» деп ишара жасаған Қалмұқан аға басын сәл қисайтып маған қарап отырды да, «мен саған бір қызық айтайын» деп, бір әңгіменің ұшын шығарды. Қаламгердің өзі «қызық» деген соң құлағыңды түрмей гөр! «Бар қазаққа таныс Баянауыл деген жерді білесің ғой. Бармасаң, барып көр. Жиырма жеті бірдей академик шыққан аймақты көрген көзде арман жоқ! Елдің «тас атсаң, академикке тиеді» дейтіні сол өңір ғой. Сол төңіректе көл жағалай қоныс тепкен елдің шет жағында көрші қонған екі үй болды. Екі үйдің иесінің аты да – Әли еді. Өзге жұрт оларды шатастырмас үшін бірін – «бала Әли», бірін «мұртты Әли» деп атайтын. Содан 1937 жылы «бала Әлидің» келіншегі тол­ғатып жатты. Ол келіншектің ана­сы Күләш шешей жерошақтан шоқ алып, жаны қалмай үйді аластап жүрген-тін. Ал бұл кезде «мұртты Әлидің» он екі жасар ұлы анадай жерде асық ойнап отырды. Бір уақытта Күләш шешей әлгі ұл баланы өзіне шақырып алып: «Қарғам, тезек теріп әкеле қойшы» деп жұмсады. Лезде қабын тезекке тол­тыра жеткен бала Күләш шешейден «Апатайымның жағдайы қалай?» деп сұрайды. Қаршадай баланың хал сұрағанына разы болған шешей: «Айналайын-ай, апатайың аман-есен аяқ-қолын бауырына алды. Дүниеге шынашақтай ғана қыз келді. Осы қызды түбінде саған беремін!» деп еді. «Ұялған тек тұрмас» деп әлгі сөзге қысылған бала қаша жөнелді... Ал енді тыңда! Сол кезде бір қап тезек теріп әкелген мұртты Әлидің он екі жасар ұлы – алдыңда отырған мына мен де, ал сол сәтте «бала Әлидің» дүние есігін шыр етіп ашқан шынашақтай қызы осы отырған апаларың еді» деп бір тоқтады. Ал керек болса?! Ертегіше елік­­ті­­ріп бастаған әңгімесі алдымызда отыр­­ған атамыз бен апамыз екенін енді бі­ліп, біз де мәзбіз. «Апаларыңның кейде мені «сенің құның – бір қап тезек» деп қағытып алатыны содан» деген оның сөзіне баршамыз қосыла күлдік. «Сіздердің өмірлеріңіз бір қазақ киносының сюжеті секілді екен. Әкелеріңіздің аттас болғаны да қызық» дегеніміз сол еді, Зәбира апай: «Ол аз десең менің де, бұл кісінің анасы – менің енемді де ел «Тәтті апа» атайтын. Сәйкестік дей­сің бе, тағдыр дейсің бе мұны? Біз көрші тұрдық. Біздің үйде екі бие бар еді. Соны сауамыз. Одан қалды ба­ла-шағаның арасында жалғыз қыз бо­лған соң, қолбала атанып, «барып кел, шауып келге» жақсы едім. Үйді-үй­­дің арасында сүт апарып дегендей. Ке­йін бұл кісі әскерге кетті ғой. Бір-ақ араға жыл салып кеп тұратын...» деп әңгімелеп бастап еді, кейін­гі кез­дері құлағы естіңкіремей жүрген Қалмұқан аға «балаларға мені жамандап жатсың ба-ей?» деп күліп қояды. Оған «иә» деген апамыз «Балам, бізде ашу дегенге орын жоқ. Тіпті, әлденеге ренжігеніміздің өзі «шәйі орамал кепкенше» ғана. Осылай қалжыңдасамыз да отырамыз» деп сөзін тәмәмдады. «Апамызға алғаш қалай көңіл біл­діріп едіңіз? Хат жаздыңыз ба, әл­де ара­­ға жеңге салдыңыз ба? Қандай тә­сіл қолдандыңыз? Көрікті болған шы­ғар өзі?» дедік қаламгерге қарап. «Несін сұрайсың, сұлу болды, елден ерек­ше әдемілердің бірі еді. Сырттай кө­ріп кетіп жүретінмін. Кейін әскер­ден оралғасын араға уақыт салып, Баян­ға бардым (Баянауылды айтқаны – Д.І). Бардым да бұл кісіге «жүр» дедім де, ілестіріп Алматыға әкелдім. Сөйтсем, бұл кісінің өзі де іштей дайындық­пен жүрген екен ғой. Болғаны осы» деп ағамыз тағы да өз сөзіне өзі риза болып күліп алды. Осы тұста «Сөзіңді бөлейін» деп іліп ала жөнелген Зәбира апа: «Қызым-ау, іштен дайын жүр­генім анық еді. Ағаларыңа ғашық бол­­маудың өзі мүмкін емес болатын. Қара­пайым қазақтай олпы-солпы киіну – бұл кісіге жат. Қанша жыл Герман жерінде жүрген көзі ашық азамат әрі офицер адам ғой. Жып-жинақы, тым жарасымды киінетін. Жанарлары да жалын шашатындай көрінетін. Жігіттің сырбазы еді ғой! Осыдан соң көзіңді алып көр одан! Сол ғашықтық қой жетектетіп жіберген. Одан бөлек ел арасында «Қымызды кім ішпейді, қызды кім айттырмайды» деген мақал бар ғой, сол секілді маған сөз салған да, көз салған да жігіттер көп еді. Мен болсам, оларға мұрнымды шүйіре «Келген жолыңмен жөнел!» деуші едім. «Жігітім бар» дейтінмін оған қоймай. Олар болса «неміс жерінде жүрген жігіт саған келер деймісің» деп өкпелеп кетіп жатты. Ағаң жазда келіп тұратын дедім ғой. Келген са­йын «ағаға амандасып шығайын» деп біздің үйге келетін. Кешкісін қарасам, тағы біздің үйде жүреді. «Апырмай, таңертең ғана келіп еді ғой» деймін іштей. Біздің үйдегі биенің сүті әжептәуір болатын. Содан қымыз дайындайтынбыз. Атам «қымыз беріңдер келген қонаққа» дейтін. «Қымыз ішуге келді ме екен» деп те ойлаймын. Біраздан соң жеңгелерім де «мына Әлағаңның баласы біздің үйге жиі жылтыңдап келе берді-ау» деп қалжыңдайтынды шығарды. Мен бол­сам «Жерді аяйсыңдар ма? Келе бе­рсін. Қымыз ішуге келген шығар» деп оларды тыйып тастаймын. Киімі жалт-жұлт еткен, қолында перчаткасы бар жас жігітті кім жек көрсін?! Ал тазалығында мін жоқ. Әлі күнге сол. Әлденені сүртіп, тазалап берсең, сенбей өзі қайта сүрткіштеп жата­ды. Үстіне бір қыл жұқпайтын. Сөйтсе-ем, сол кеп жүргенде бұл кісі бар істі «тындырып» жүр екен ғой. Менің нағашы апам Күләшпен екеуара өздері сөйлесіп, барлығын шешіп қойған екен. Кейін ол кісі маған: «Жаман жігіт емес секілді. Оның отбасын түгел танисың. Бала кезден аралас-құралас болдық» деп әңгіменің ұшын шығарды. Сөйтіп, Күләш шешеміз бір кездегі «уәдесінен» таймай, мені ағаларыңа ұзатты. Оның алдында жалғыз қайным да «осы менің ағам сіз жаққа барғыштайды. Жеңгем боласыз-ау, шамасы» дейтін, мен де қарап тұрмай «соған қарағанда магнитімнің мықты болғаны ғой» деп әзілдейтінмін» дейді. «Бір бөлмеде он үш жан жатушы едік...» «Біздің жастық, әсіресе, ауылдағы кездер керемет еді ғой. Патефон деген болды. Есіктің алдына су шашып, сыпырып, дөңгелек дәу үстелді ортаға қоямыз. Оған аппақ дастарқан жайылады. Сөйтіп үйден ала шыққан патефонды оған орналас­тырып, Роза апамыздың «Ах, Самара городок!» әнін қойып кеп жібереміз. Сол-ақ екен, ауылдың кәрі-жасы тайлы-таяғымен түгел жиналады. Біреу төркөрпеге жантая кетсе, бірі орындықта шоқиып отырып ұйып тыңдайды. Бір бұрышта самауырын сақылдап қайнап тұрады. Осылайша мал келгенше ән тыңдаймыз. Теледидар мен радио жоқ заманда да біздің өз кереметіміз болатын, қызым. Соғыстан кейін елдің әл-ауқаты енді ғана түзеліп келе жатқан уақыт еді. Халықтың көбі қолына іліккенін киді дегендей. Қыздар қай дәуірде де әдемілікке әуес қой. Менің үлкен ағайым дүкенші болды. Дүкенге әдемі маталар түссе, маған сақтап қоятын. Одан мен сәнді көйлек тігіп кидім. Одан қалды менің енем – «Тәтті апа» қолынан оймағы түспеген ісмер адам болатын. Сол кісі көйлектерімді пішіп, камзолдарымды өзі тігіп берді. Не кисек те, жеңі ұзын, жағасы жинақы болатын. Тәрбиеміз солай еді ғой» деген Зәбира апа тамсанып біраз отырды. Кім біледі, жастығы есіне түсіп, ойға шомып кетті-ау, шамасы. Ой құшағында отырып қалған апамыздан «әскери тәртіпті сүйетіні аздай қалам ұстаған жанмен бірден жарасып кету қиынға соқпады ма?» деп сұрадық. «Жоқ, керісінше, тәртіпті әрі таза­лықты сүйетін Қалекеңмен тез жарас­тық. Енді бір-бірімізді сүйіп қосылдық қой. Алғаш Алматыға кел­генінде шет жақтан 4 бөлмелі үй алыпты. Кейін оны орталықтағы бір бөлмелі үйге алмастырған өзі. Ойы – Жазушылар одағына жақын болсын дегені. Сонда бәрі «Қалекең қызық. Төрт бөлмелі үйді бір бөлмелі үйге алмастырғаны несі?» деп таңғалып жүретін. Мен сол бір бөлмелі үйге келін боп түстім. Сенесің бе, қызым, сол көлемі 18 шаршы метр болатын бір бөлмелі үйде он үш жан тұрдық. Енем, қайным, келінім, ағайын-туыстың балалары, ауыл-аймақтан «ағалап, апалап» келетін жастар да бар. Ол аздай Қалекең жаңадан үйленген, бірақ әлі үй ала қоймаған жолдастарын да ертіп әкелетін. «Менің үйім бар, Құдайға шүкір. Келіңдер де тұра беріңдер» дейтін. Ол кезде жиһаз атаулы жоқ. Іркес-тіркес жата береміз. Көңіл сыйған соң, тамағымыз да тоқ. Енем шымылдық құрып қоятын. Бүгінде қарап отырсам, сол бір бөлмелі үйде не газ, не су болмапты. Сонда да жанымыз қиналған емес» дейді. Қалмұқан ағаның қонақжай әдеті мен қолының ашықтығы күні кешегі дейін қалған емес. Кейін «төрт бөлмелі үй алдым» дейді де, бірақ көшуге асықпайды. Біраз уақыттан бері буы­нып-түйініп дайын отырған апамыз бір күні «Ау, Қалеке, көшеміз бе? Анау алдым деген үйің қайда?» демей ме. Сөйтсе, ол үйде біраздан бері ағаның досы Өтебай Қанахин тұрып жатыр екен. «Социалистік Қазақстанда» бір­ге жұмыс істеген жолдасының жұ­ба­йы Вера деген орыс қызы болыпты. Ке­йін өзара келіспеген жұбайлар өз жөн­­деріне кетсе керек. Сөйтіп, «ба­­рар жері, басар тауы» қалмаған Өтебай досын Қалекең әлі өзі кірмеген су жаңа үйіне жайғастырыпты. Ол досы ке­йін Қалекеңдердің отбасымен жы­л­­ға жу­ық уақыт бірге тұрған екен. Бұл қазақ­­тың жомарттығында шек бар ма?! «Ағаларың тамақ талғамайтын. Қызық болғанда бұл кісі Қарағанды каналы туралы жазуға сапар шеккенде кәдімгідей толысты. Жаяу жүргені жақты ма, әйтеуір, біраз толып оралды. Күні кешеге дейін бір тісі түскен емес. Кейінгі уақытта ғана ауырған соң тісі қақсағаны болмаса, «ауырдым» демейтін. Онда да тістерінің түптері сап-сау, тек үстіңгі тістері қажалған екен. Сексенге таяғанда ғана жастығында көрген барлық бейнеті ауру болып шыға бастады ғой. Қалекеңдей еңбеккор адамды көрген емеспін. Күн демейді, түн демейді, маған «балаларға ие бол!» дейтін де, жол жүріп кете баратын. Көлік те талғамайды. Сондағы қолына алатыны – бір портфель мен қара плащ. Плащын жеңіне іле салады. Ал басқа киім-кешекті мүлде алмайды. Жауабы – «жүк қылып қайтем». Кейін бір қызық оқиға болған. Сондай сапарлардың бірінде жейдесінің жағасы сәл кірлесе керек, «сосын қайттің?» десем, «костюмнің ішінен жейдемді теріс айналдырып киіп алдым» дейді», – деп апамыз селкілдеп күліп алды. Осы сәт Қалмұқан аға апамызға қарап «Мына кісі мені әлі жамандап отыр ма-ей!» деп жымиды да, «қойдым, қойдым» деп екі қолын көтеріп, «берілгенінің» белгісін жасады. «Қырық екі жаста да бала таптық...» Құдай бұл кісілерге алты перзент сыйлады. Бірақ екеуі жастай өмірден өтті. Бұл жайында сыр ағытқан апамыз «Құдай өзі беріп өзі алды. Үлкені Серік деген ұл болатын. Спорттан бас алмай шұғылданып жүріп, жүрегінің ауырғанын жастықпен сезбепті ғой, байғұс бала. «Апа, мені сұрағандарға «жоқ» деші» дейді де, бірақ спортшы жолдастары келсе, жаттығуға бірге жөнелетін. Сөйтіп, жүректегі дерт баламды алдып тынды» деп сәл мұңая отырып қалды. «Одан кейінгі ұл Қали бала-шағасымен осы Алматыда тұрады. Англиядан оқып келді. Баян деген қызым – ағылшын тілінің маманы. ҚазҰУ-де сабақ береді. Одан кейінгі қызым – Айқыз. Қазір Италиядағы біздің елшілікте қызмет етеді. Жас кезімде бір баламды емшектен шығарысымен, екіншісі бо­йыма бітетін. Содан шығар, бала­лардың аралары да ұзақ емес. Кенжем – Алманы қартайғанда, қырық екі жасымда таптым. Қазір Астана қаласында тұрады» деп кеңкілдеп кү­ліп алды. Байқап отырғанымыздай, аға­ның кей перзенттерінің есімдері өз шығармаларының атауларынан алын­ған. Ол кісінің «Баян», «Айқыз» туындыларымен оқырман қауым жақсы таныс. Күйеуі өмір бойы жолсапарда жүр­ген, үйде шиеттей бала-шағамен жал­ғыз отырған әйелдің күйбеңі бітуші ме еді? Бірақ, оған жасыған Зәбира апа жоқ. Баланы да бағып, күйеудің де бабын тауып, бәріне үлгеріп жатты. Тіпті, іссапардан оралған сайын жазып әкелген дүниесін әйелінің алдына тастай салатын. Өйткені, апамыз қаламгердің зайыбы ғана емес, жеке машинисткасы болды. «Әкелеріңнің дүниесін жазуым керек» деп, балаларды бір жерге үйіріп, бір-біріне көз қырын салуды тапсырады да, мәтін теру­ге отырады. Ондағысы – ағамыздың өзімен бірге Германия­дан ала келген, қолмен ұстап жүруге лайықталған шағын машинка. Қалам­гердің кейін қазақ әдебиетінің кесек туындыларына айналатын көп шы­ғармалары осы кішкентай машинкадан апамыздың сүйрік саусақтарымен сырт-сырт теріліп жатты... Қалмұқан Исабаевтар отбасы Қонаевтай қоғам қайраткерімен қоңсы тұрды. Қаламгердің балалары үшін бұл кең аула жақсы болатын. Зәбира апаның машинкадан қолы босай қалса, келімді-кетімді кісісі бар. Түнде отырып салат жасайтын кездері есіне түссе, бүгінде өзіне өзі таңғалады. Сәбит Мұқановтармен көр­ші тұрғаны есіне түссе, алдымен Мәриям апайды аузына алады. Аң­ғарғанымыз – сол кездер үшін қа­лам­герлер жұбайларының арасында осы Мәриям апаның бағасы биік болғандай. Қанша жазушылардың жарларымен жүздескенімізде осы Мәриям апайды ауыздарынан тастамағанын көреміз. Ол кісі Зәбира апайды көрген сайын: «Келін, қалың қалай? Жігітіңнің жағдайы қалай? «Картошкалар» (балаларды айтқаны) шауып жүр ме?» деп жылы амандасып, ақыл-кеңесін айта жүреді екен. «Қалекең – асқан балажан адам ғой. Іссапардан үйге жеткенше асығатын. Түн демей, «ұйықтап жатыр» дегеніме қарамастан, балаларын танауларынан иіскеп, оятып алатын. Бірде марқұм үлкен ұлымызды «ойнатып келейін» деп аулаға шығып кеткен. Сөйтсе, әлгі баламыз Сәбеңнің таяғын жұлып алса керек. Сонда Сәбең Қалекеңді сөзбен қағытып: «Қалмұқан, мына балаң менің таяғымды жұлып ала береді, бұзықтау ма қалай? Кімге тартқан өзі?» депті. Сонда Қалекең саспастан: «Әнеукүні үйге бір бұзық жігіт келген. Соған тартқан шығар, шамасы» деп қарап тұрыпты. Сөйтсе, Сәбең қарқылдап күліп: «Әй, осы сенен сөз артылмайды-ей!» деп мәз болыпты. Димаш ағамыздың үйінің жанын­дағы субұрқақ әлі күнге бар. Сол төңі­ректе тұратын қаламгерлер бала-ша­ғасымен сол жерге жиналып, серуен құрады екен. «Қаламгердің бабын та­бу оның жарына үлкен жауапкерші­лік артады. Үнемі азаматыңа ақжар­қын болып, бабын тауып, шайын беріп, қонағын күтіп, баласын бағып отыр­саң, одан асқан не бар?! Сосын «ауырдым, сырқадым» демеу керек. Көңіліңдегі кірбіңді оған байқатпаған дұрыс. Жалпы, жазушы қауымы – асқан сезімтал халық қой. Сондықтан, олар «жазсын» десең, тек жылы қабат таныт. Біз Қалекеңнің үстелінің тек шаңын сүртеміз, ешнәрсесіне тиіспейміз. Болмайды. Өзінің тәртібі бар. Соған біз де дағдыланғанбыз» дейді жақсының жан жары. Сөз арасында айта отыралық, Қалмұқан ағаның тағы бір қасиеті – жұбайынсыз шай ішпейді. Тіпті, жаюлы тұрған дастарқанға отырмайтын көрінеді. Балалары бабын табайық деп асты-үстіне түсіп, бәйек болса да «аналарыңмен бірге ішем» деп терезе жаққа қарағыштап отырады екен. Жалғасы бар жүздесу Абай – барша қазақтың ба­ғына біткен тұлға. Кезінде осы «Абайдың атын шетелге танытамын» дегені үшін жазушының кей қаламдастарына жақпаған кезі де болды. Дегенмен, айтқанынан қайт­пайтын, дегенінен танбайтын қай­сар Қалмұқан ақыры бастаған ісін бітірмей қоймады. Кез келгеннің қолы­нан келе бермейтін кемел іс. Гер­манияда соғыстан кейiн өзi комендант болған Ильменау қаласынан төрт ша­қырым жердегi Габелбахта немiс­тiң ұлы ақыны Гетенiң мұражайына 1979 жылы Абайдың “Қараңғы түнде тау қалғып” аудармасын табыс етедi. Гетеден Лермонтов, одан Абай аудар­­ған осы бiр екi шумақ өлеңдi гранит тас­қа қа­шап жаздырып, өзi арқалап ап­а­р­ып, мұражайдың қабырғасына iлгiзді. (Бұл гранит тастың бір нұсқасы қа­ламгер шаңырағының төрінде ілулі тұр – Д.І) Абайға арналған шағын мү­йiс аштырып, қазақтың домбырасын қойғызды. Бірақ, мұнымен тоқтаған емес. Алматыда, Астанада, Семейде және Қарағанды облысындағы Абай қаласындағы көшенің атын Гетеге бергіздірді. Ондағы ішкі есебі осы көшелерді сылтауратып, Германиядан Абайға көше бергізу еді. Ақыры ойдағысы жүзеге асып, 2000 жылы Берлинде Абайдың атына көше берiл­дi. Көшенiң ашылу салтанатына қа­тысу үшiн Қалекең Берлинге арнайы барып қайтты. Бұл – бір. Абай дегеннен ауызға оралады, Қалмұқан ағаның тағы бір қасиеті – суретшілігі. Әр бей­нені аудармай салатын қаламгердің қақ төрінде өзі салған Абайдың суреті бар. Бұдан бөлек, өз әке-шешесінің, ата-енесінің суреттерін де өз қолымен салған. Атақты Ертiс-Қарағанды каналы құрылысын көзбен көру үшін, бо­лашақ канал арнасы бойымен 500 ша­қырым жердi жаяу жүрiп өткенiн замандастары жыр қып айтады. Кірпік ілместен алғаш рет бульдозердің жерді қаза бастағанын өзі бақылапты. Сол кездегі канал құрылысын салуға келген орыстар қазақтың қалам ұстаған қара жігітінің табандылығына таң қалысыпты деседі. Кейін бұл сапардан жазған кітабы марапатқа ие болды. Жұбайының бір өкінетіні – сол Қарағанды каналының үйдегі макетінің жоғалуы. Шиыршықтап сақтап жүрген жерінен ағамыз «үй тар» деп өзі қызмет ететін Жазушылар одағына апарып қоймақшы болады. Сол жақтан ақыры жоғалыпты. Кім біледі, бүгінде сол макет көне тарихи жәдігерлердің бірі болып үйде тұрушы ма еді?! Тынымсыз еңбектің адамы Қалмұқан аға тарихи шығармалар да жазды. Оған бір өзі мемлекеттік мұрағатқа татитын дүниелерінің де көп септігі тиді. Соның бір жемісі – «Шоң би» романы. Бүгінде азаматы­ның «ісі тиянақты болса екен» деп жаны қалмайтын Зәбира апаның да араласуымен Шоң мен Шорманға еңселі ескерткіш орнатылды. Ол аз десеңіз, Триест маңында құр­бан болған 10 қазақ жауынгерінің қабірлері жатқан жерлерін тауып, кесене орнатуға көмектесуді сұраған өтініші аяқсыз қалмады. Италиядағы Қазақстан елшілігі де мұны құп көрді. Іздеу жұмыстарының нәтижесінде сол төңіректе 104 кеңес жауынгері құрбан болғандығы анықталды. Оның 36-сы қазақ болып шықты. Ақыры Италияда қыршын болған қазақтың қаһарман жігіттеріне арналып кесене тұрғызылды. Бір бұл ғана емес, айта берсек, Қалмұқан ағаның елге жасаған ең­бегі ересен. Бұл туралы кезінде талай жазылды. Қорғанбек Аманжол ағамыздың «Қалмұқан Исабаевтың бейбіт күндегі бес ерлігі» мақаласында да бұл туралы кеңірек айтылады. Жалпы, қаламгердің оқырмандар­ға жақсы таныс «Даладағы ерлік», «Арман арнасы», «Тағдырлар тоғысқан­­да», «Құмдағы шағала», «Көгілдір қазы­­на», қазақ тарихынан сыр шертетін «Шоң би», «Серт», «Айқыз», «Өрде», «Ар­на» туындыларының қайсысын алсаңыз да әрқайсы­сы – қазақ әдебиетін алтын қазына­сын байытқан сүбелі дүниелер.

Ағаның жанында отырып, «мен саған бір қызық айтайын» деп басталатын, апамыздың іліп ала жөнелетін әңгімесін ұзақ отырып тыңдар ма еді?! Әлі айтылмаған әңгіме көп-ақ. Біз бүгін тақырыбызды ғана төңіректедік. Сондықтан, Қалмұқан ағамен «бұл жүздесуімнің тағы бірде жалғасы болсыншы» деп тіледім ішімнен. Өйткені, бір мүшел әскер қатарында болған сарбаздың соғыс туралы әңгімесінің өзі бір хикая емес пе?! Қала берді, жүректегіден бөлек, анау тақиясының астындағы соғыс салған жара да біраз сырды бүгіп жатқандай. Сол жарықшақтан қалған жара кейде жан шыдатпай ауыратынын да айтқысы келмейді білем. Қайткенмен, қаны қызу қайсар қазақ қой. Қайтып бара жатқанда жұмыс үстелінде басын сәл қисайта бізге күлімсірей көз тастап отырған қаламгерге қарап жымидым да, іштей «даламның иісі бұрқырап, қарттарым, аман-сау жүрші» дедім. Ойымды оқығандай сол сәт ол да маған риза кейіпте басын шұлғыды. Динара ІЗТІЛЕУ

18166 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9270

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7351

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5095

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4477

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4440

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4400

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4137

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4129

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы