• Тіл
  • 03 Мамыр, 2012

Өз тілін білгеннің өресі биік

Әнуар ТАРАҚ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы Елбасымыз Н.Назарбаев Жолдауларында, ресми сөздерінде қайта-қайта қазақ тілін меңгеруді, ең алдымен, қандастарымыздан, өзінен басталу қажеттілігін, кең байтақ елімізде емін-еркін тұрып, еңбек етіп жатқан басқа ұлттардың қатынас тіліне айналуын үнемі еске салуы жайдан-жай емес. Ана тілінің тағдырын біржолата шешіп, нүктесін қою қажеттілігі де – уақыт талабы. Өзге елдер ғаламдық мәселелерді шешуге бет алғанда тілді текетірес тірегі етуіміз де абырой әпермесі анық.

Тіл – ешқашан мәдениеттің майда­ны болмауы тиіс, тіл – ұлттың рухани тірегі, тілеулестік тірегі, ынтымақ пен тату­лыққа жұмылдырар жүрегі болуы тиіс. Көрнекті орыс жазушысы А.Толс­той "Тіл дегеніміз – адамзаттың жоғарғы мәдениеті" деп, тілдің рөлін биіктетеді. Расында да, әлем мәдениетіндегі небір қас­терлі құндылықтарды дүниеге әкел­ген – ұлттың тілі. Әлем фольклорының небір асыл қазыналарын ақтара қал­саңыз, бүгінге жеткен мәңгілік мұра­лар­дың қай-қайсы да халық тілінің бай­лы­ғына, көркемдігіне тұнып тұр. В.Сухо­млинский: "Төрт керемет – Отан, Адам, Кітап, Ана тілі билік еткен кезде ғана мәдениет ту көтере алады" депті. Те­рең­нен тұжырымдалған пайымдау. Өйтке­ні, Отанды, оның тірегі адамдар­ды тәр­биелейтін, ізгіліктің сәулесін сана­сына себетін кітап болса, ана тілі – ұлт­тың болмыс-бітімін, рухани қуатын таныту­дың құралы. Тілі, діні, ділінен айырылған ұлт ошақта сөніп қалған күл тәрізді. Уақыт желі ұшырып, мәңгілікке жоғалтады. Ендеше, ұлттың ең қастерлі құндылығы – тілді құрметтеу, оны өмірінің ізгі құндылығы етіп сақтаумен қатар, қоғамның әр саласында пайда­лану қашанда басты мақсат. Ұлы ғұлама Махмұд Қашқари "Әдеп басы – тіл" деп тұжырымдапты. Өйткені, тіл – адамдардың күнделікті қатынас құралы ғана емес, мәдениеттің миуалы жемісінен нәрленетін өмірлік қажеттілігі. Шын мәнінде, күнделікті амандасудан басталған тіл – қатынастың ауқымында адамдардың бір-біріне деген мейірім, махаббатының мөлдір бастауы. Егер де теледидар, радиодан қаншама өне­гелі сөздер, пайдалы пайымдау, келе­лі кеңестер естіп жатсаңыз, кітап арқы­лы ізгіліктің қаншама құндылықтарына қанығасыз. Қасиетті Құраннан, оның сәулелі сүрелерінен басталған әдеп әлемі Кітап атты даналықпен әлемді шапағатына бөлейді. Адамзаттың бір-бірімен тығыз араласуы барысында халықтар мәдениетін жақындастырып, әдеби құндылықтарымыздың жаңа қа­сиеттерін ашып, салт-дәстүрімізді білуге құлшындырады. И.Бехер: "Халық меңгерген тіл – бұл өзара түсінудің ең маңызды құралы, бұл, әсіресе, ел басына қиындық пен қайғы-қасірет түскен кезде барлығын біріктіретін элемент... Осылайша тіл – халықтардың бірлігін сақтаудың қуатты құралы. "Халық даусы" ретінде тіл ең көкейтесті арман мен тілектерді ашуы мүмкін" деген ой пайымдапты. Неміс­тің әдебиетші ғалымының бұл ғибратты пайымдауы бүгінгі заман биігінде тұрары айқын. "Экспресс-К" газетінің таяудағы бір нөмірінде Астанадан Москвиннің "Тілдік кедергі арқылы секіру" атты тартымды мақаласы жарияланды. Онда американдық Анна Геника атты ару­дың ағылшын тіліне қарағанда қазақ тілін жиі пайдаланатынын, этно­граф ретінде қазақ даласы мен Моң­ғолияны шарлағанын, үйренген қа­зақ тілін бүгіндері ауылдарда еркін пай­даланатынын білдіріпті. Осыны айта келіп автор "қазақ тілінің миссиясы – ұлтаралық келісім ретінде өз орбитасына тек Қазақстанда тұратын халықтарды ғана емес, сондай-ақ, басқа да елдердің өкілдерін тарту" деп жазады. Қазақ әнін тамылжыта шырқайтын атыраулық украин жігіті Юрий Лазурко "Алаш ай­насы" газетіне берген сұхбатында (14. 05. 2001) әкесі – украин, шешесі орыс болса да, өзінің таза қазақ екенін мақтаныш тұта келіп, ана тілін меңгеруге қатысты ойын білдіреді: «Бір кездері "Қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдеріне басымдық берілуі және еңбекақыларына сол үшін үстеме қосылуы керек" деген де әңгімелер болды. Сонда мен қазақ тілін білгенім үшін мемлекеттен артық ақша алады екенмін де, орыс тілін, ағылшын, тіпті, қытай тілін жетік меңгерген менің қазақ досымның қолы бұған жетпейді екен. Бұлай болмайды ғой! Қазақтың нанын жеп, суын ішіп отырған адам, мейлі, қай ұлттан болсын, Абайдың тілін құрметтеуге міндетті және сол үшін қандай да болсын басымдық алуға тиісті емес». Қазақ тілін құрметтеп, қадірлеу осындай-ақ болсын! Нағыз жанашырлық тілек. Тілді білгеннің бәріне билік төрін, қалаулы қызметін бере берсек, онда тіл жүректің таңдауы, ақылдың ісі, көңілдің құрметі болып қалмайды. Кеңес үкіметі кезіндегі саясатқа айналдырылған тілді саяси ағымнан шығару керек. Жеке ұлт өкілдерінің қазақ тілінде сөйлегеніне масаттанудан гөрі, бүтіндей бір ауылдағы, үлкен ұжымдағы ана тілімізге құрмет, қамқорлық шараларын насихаттау абзал. "Ана тілінің түп-тамырына балта шаппаған және тілге осы деңгейде кеңдік пен серпінділік танытқан елдер ұдайы өзіндік үні бар, емін-еркін сөйлейтін және терең ой қозғайтын ең серпінді қо­ғамға айналады, басқаша болуы мүм­кін емес" деп жазады Фетхуллаһ Гүлен "Баян" әдеби-философиялық ой толғауында. Дегенмен, кеңдік ұғымы басқа тілдердің сөздерін орынсыз кіріктіріп, тілді шұбарлау болмаса керек. Кеңдік пен серпінділік – ұлттық тілдің қолданыс аясын ұлғайтып, оны пайдаланушылар қатарын молайту. Тілдің байлығына, ке­реметтілігіне көз жеткізу арқылы оның жалпыхалықтық, мемлекеттік мән-ма­ңызын арттыруға болады. Өкініш­ке қа­рай, қазақ тілі әлі қоғамдық ортада, мем­лекеттік ресми орындарда "емін-еркін сөйлейтін және терең ой қозғайтын" тілге айналмай отыр. Жоғарғы орындағы лауазымды қызметкерлердің ұлт тілін еркін меңгеруі былай тұрсын, алдын­ала әзірлеп берген қағазға қарап, ежік­теп ойын жеткізуіне, әліппені жаңа үй­ре­ніп, сауатын ашқан жас баладай был­дырлап, бұрмалап сөйлегеніне намыс­танбайтынын қайтерсің?! Талай жерде көріп жүрміз, орыс тілінде сөйлегендердің де лексикасының жұтаңдығы байқалып тұрады. Өйткені, көбі тілді білгенмен, әдебиетті білмейді. Ал қазақ тілі өзінің бай әрі шешен, қуатты тіл екенін ауызекі қолданысында ғана емес, ежелгі әдеби мұралары мен көркем әдебиетінде де толық айқындай алады. Сондықтан, тілді меңгертумен қоса әдебиетімізге де тарта білу – парызымыз. Семилужинский (Ядринцев) "Шо­қан Уәлиханов және халықтардың өз­ара мәде­ни байланысы" еңбегінде Сібір­­­дегі казак әскерлерінің бұрыннан да­ла­ны мекендеген қазақ, қалмақ және бас­қа да бұратаналармен қақтығысып кел­генін, орыстар мен бұратаналар ара­сындағы барыс-келіс пен қатынасты қалыптастыруға тілдің өзіндік ықпалын тигізгенін, казактардың қазақ тілін қалай үйренгендігін жазады: "әскерлер­дің шетінде әрі линия бойынша казактар, тіпті, өзінің тілін де жоғалтып, үнемі қазақша сөйледі. Қазақтармен жекелеген қарым-қатынаста болумен бірге, олар бұл тілді өзінің үйішілік қолданысына да енгізді. Станицаларда казак бике­лерінің, казак шенеунігі қызының өзі­нің қызметшісіне қазақша бұйырып жат­қанын жиі көруге тура келеді, қазақ тілі мұнда француз тілін алмастыруда. Омбыда казак шенеунігіне даладан келген бір адам, ісінің мән-мазмұнын орысша баяндап бере алмайтын болған соң, тыңдаушы оны түсінбейтінін мүлде есінен шығарып, біртіндеп оны қазақша жеткізе бастағанын атап көрсеткен. Шығыстықтарға тән қазақтарша атпен жүруді ұнатып, қарапайым қазақтарды айтпағанның өзінде, казактар қазақ­тардың әр түрлі дәстүр-салтын кіріктірді: біз қазақтардың өмір салтына енген, қазақтар құсап киім киінетін, бөлмелерін жиһазбен сәндейтін казак офицерлерін де көрсете аламыз. Әйтсе де, соған қарамастан, қазақтың ықпалына бағын­ған казак дала ұлдарымен қарым-қаты­наста соншалықты тәкаппар, ол барлық құралдарымен оны өзінің пайдасына қанауға тырысады, мұның өзі баршаға бұрыннан белгілі жайт" деп жазады. Шынын айтсақ, казактардың қа­зақ тілін меңгеруі кешеден бүгінге дейін кейбір өңірде жалғасып келеді. Филология ғылымдарының докторы, жазушы, аудармашы, профессор Аслан Жақсылықов Алтай өлкесіндегі Глинов­ка елді мекенінде тұратын казактардың қазақша жақсы білетінін айта келіп, Ядринцев жазғандай, әлі күнге менмен, өркөкіректігін танытып, қазақтарды мен­сін­бейтінін жеткізеді. Демек, тілді білу, меңгеру – бір халық үшін құрмет сезімін білдірсе, екінші біреулер үшін күнделікті қарым-қатынаста бас пайдасы мақсатында, өзінің арам ой-пиғылын жеткізу ниетінде қажеттілікке айналған. Қазақ тілінің мәселесі Кеңестік үкімет орнағаннан кейін де Қазақстанды 1930 жылдан біраз уақыт басқарған Л.Мирзоян сол кездегі билік басындағыларға жергілікті ұлт тілін білу қажеттілігін бір жиында қатаң міндеттепті. Өкінішке қарай, үкімет басқаруға келген біздің кейбір басшыларымыз ұлт тілін білмей-ақ қызметке кірісіп кететінін қайтесің? Кейде қызметке тағайындалғаннан ке­йін үйренуге уәде беруді шығарды. Ол да "тілді білейін, үйренейін" деген ой емес, әйтеуір, "бір жерден ши шығып кет­песін" деген мәжбүрлік амалы. "Мұны тілді қолдау емес, тілді қорлау" деп түсінген жөн. Өзінің ұлтын басқарып отырып, ана тілінде сөйлей алмау – нағыз сорлылық. Өйткені, халықтың мұң-мұқтажын еш сезінбейді. Сезіну былай тұрсын, ар-намысын қорлайды. Бәлкім, арнайы үкіметтік қаулы шығарып, кез-келген лауазымды билік қызметіндегілерді жаппай ана тілінен сауаттылығын тексеру уақыты келген шығар. Р.Бехер тіл туралы мынадай топ­шылау жасады: "Тіл – бұл сол ха­лық­ты түсінудің ең маңызды құралы, бұл барлығын біріктіретін бірден-бір элемент" деп, тілдің адамзат қо­ға­мындағы қажеттілігін, сұрапыл да қасі­ретті жылдарда адамдар санасын үне­мі оятатын ерекшелігін, оны сақтауға бар күш-жігерді жұмсауды алға қояды. "Осындай жолмен, тіл халық бірлігін сақтаудың қуатты құралына айналады деп біледі. Ұлттық тілді сақтаудың ең қуатты көзі – әдебиет, баспасөз. Тілдің баға жеткізгісіз байлығын га­зет-журналдарда, әдебиеттің барлық жанрында пайдалана білумен оған деген қызығушылар қатарын арттыра аламыз. "Біздің тілдің сұлулығына бойлай білу – біздің Отанымыздың сұлулығын сүюді білдіреді" дей келіп, Р.Бехер: "Әрбір әдемі тілдің негізі оның әлем тілі екенін, өзінің игілікті айқындылығымен ең түбіне дейін тұнық екенін танытады" деп, тілдің ежелден қалыптасқан әдемілігін, таза­лы­ғын ерекшелейді. Шын мәнінде қазақ тілінің байлығы мен сұлулығына келсе, фольклорлық мұраларымыз бен ақын-жыраулар поэзиясы, шешендік сөздер айқын таныта алады. Ана тілінен айырылған ұлт – қана­ты қайырылған құс. Көкке көтеріле де алмайды, көкірек кернеген әдемі, әуез­ді үнін естірте де алмайды. Әлемге әде­мі, әуезді тілімізді сезіндіріп қоюымыз аз, тілді білуге деген құштарлығын оятып, талпынысын қолдауымыз қажет. Ендеше, қазақ тілі – ғасырлар бойы кең байтақ жерді мекен еткен қаһарман халықтың тілі ғана емес, Еуропа мен Азияны жалғаған ежелгі мәдениеттің тілі, адамзаттық құндылық негізі. Р.Бехер: "Тіл – айнымас әділқазы, егер оны нашар пайдаланатын болсақ, бізге оның үкімінен құтылуға болмайды. Ол біздің оған деген салғырт және ұқыпсыз қарауымызды әшкерелейді, ол өзіне деген немқұрайдылыққа аяусыз соққы береді, ол ештеңені де кешірмейді, тіпті, тыныс белгісі де одан тыс қала алмайды. Бірақ, біз егер де оның алдында бас иетін болсақ, ол жомарттықпен, ысырапшыл-жомарттықпен марапаттайды" деп өте жақсы айтқан. Тіл мамандары өз уәждерін айта жатар, соңғы уақытта қазақ тілі шұбарланып барады. Жаттанды, әбден жауырланған сауалдар қою өз алдына, өзінің айтар ойын шұбыртып, сөзінің аяғын дүдамал тиянақтайтындар да аз емес. Соның бәрі – ұлттық тілдің қадір-қасиетін білмеуден, ізденбеуден. Жазу өнерімен, сахналық өнермен айналысатын әр адам ұлттық тілмен үнемі жұмыс жасауы керек. Шын қызыққан адамға қазақ тілінің ғажайып сырлары ашылады. Мұны тіл құпиясына тереңдеп енген сайын байқап, біліп келеміз. Мұны қазақ тілін меңгерген шетелдіктер де дәлелдеп көрсетуде. "Айқын" газетіндегі (1 қазан, 2001 жылғы) Қазақ-жапон адам ресурстарын дамыту орталығының оқытушысы Ма­суд­жима Шиген Обу өз сұхбатында: "Университетте бір жарым жыл қазақ тілін үйрендім. Кейін тілді жетілдіре түсу үшін өз бетіммен қазақша әдебиеттерді оқып, тілдік қорымды байыта түсуге тырыстым. Жалпы, тілді практикалық тұрғыдан жетілдіру үшін бар жағдай жасалған ғой. Тек мемлекеттік тілді үйренуге ерінбей кірісу керек" деп, қазақ тілін Қытайдағы Шыңжан уни­верситетінде үйренгенін, сонымен бір­ге, жергілікті қазақтармен араласып, дұрыс сөйлеуге дағдыланғанын, тіл­дік қорын байытқанын жеткізген. Қа­­з­ақ тілін меңгеріп, халқымыздың асыл құндылықтарымен танысып, оған ынта-ықыласы артқандар саны да көбейе түсуде. Соның бір айғағы – Ұлыбританияның Қазақстан мен Қыр­ғызстандағы елшісі Дэвид Моранның мұнайшылардың кезекті халықаралық конференциясында қазақша, ағыл­шынша баяндама жасауы. Бұл – қазақ тілі арқылы әлемде тыныштық пен татулықты тұтастырып тұрған тарихы, дәстүрі бай халықтың өткенін сезініп түй­сіну. Өкінішке қарай, өзіміздің кей­бір билік басындағы бұлдыр ойлы, шұ­бар тілді шенеуніктеріміз осыдан сабақ алса ғой. Қай елде тұрса, сол елдің тілін білу міндеттілігі бұрыннан айтылып келеді. Ол – елге құрмет қана емес, өзіңе деген құрмет. Мұны даналар әу бастан байқаған. "Кімде-кім басқа тілді білмесе, өз тілі туралы ештеңе білмейді". Ғұлама Гете осылай пайымдайды. Бұл – ақиқат. Басқа тілді үйреніп, білу арқылы басқа мәдениетті, басқа әлемді танып, оның ерекшеліктерін, өз ерекшелігіңді таразылайсың. Қазіргі уақытта республикамызда үш тілді меңгеру үдерісі қызу жүргенмен, ана тіліміз соның ең басында тұратыны анық. "Мемле­кеттік тіл, ең алдымен, қа­ты­нас құралы, мәдениеттің жақындасуы мен өзара ықпалдасуының құралы бо­­луы керек" деп жазады Г.Бельгер. Қазақ тілінің республикада тұратын барша ұлттың қатынас құралына айна­луына мүмкіндігі жеткілікті жә­не солай болуы міндетті де. Түп­тің түбінде туған тіліміз туыстық бәй­терегінің терең жайған тамырына айналуы тиіс. Тіл – талас, тартыс құралы емес, тіл – бірлік, ынтымақ құралы. Тіл­дің өркендеуі – ұлттың өсіп, өркен­деуі. Мұ­ны бүгінгі жаһандану заманы ай­қын дәлелдеп отыр. Қа­зақ­тың талант­ты ақындарының бірі Қанипа Бұғы­бае­ва "Өз тіліңде сөй­ле, балам, өзге жұрт, өзге жерде жүр­гендігін сезінсін" – деп жүректен тол­ғанғандай, алдымен ана тілін білуді өз қандастарымызға қатаң мін­деттеу керек. Олай болса, біз де "Өз тіліңде өзің сөйле, алдымен, өнегеңді қадірлесін барлық ел" деп қуаттаймыз.

5304 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6776

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6001

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3739

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3128

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3085

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3062

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2790

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2775

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы