• Тіл
  • 10 Мамыр, 2012

Ала-құла аударма адастырады

Осы мақаланы жазуға «Ана тілі» газетінде осы жылдың қаңтар айында жарық көрген Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Орал Шәріпбаевтың «Қаржы бұйырмаған «Қазақ тілі» қоғамы» атты мақаласы себеп болды. Ол мені біраз ойға қалдырып, толғандырды. «Тіл туралы» Заң 1989 жылдың қыркүйегінде бекітілгенін, артынан іле-шала «Қазақ тілі» қоғамы құрылғанын, 1990 жылы қазақ тілін дамыту туралы мемлекеттік бағдарлама бекітілгенін білемін. Ал енді кез келген мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін қаражат қажет емес пе? Жалаң патриоттық сезіммен мемлекеттік тілді дамыту, оның мәртебесін арттыру барысындағы жұмысты қалай жандандыруға болады? 90-жылдардың бас кезінде көптеген мекемелерде қазақ тілінің бастауыш ұйымы құрылып, біраз өзекті мәселелер көтерілгені есімде. Өкініштісі сол, көп кешікпей бәрі де су сепкендей басылды. Мен алдымен ауылшаруашылығы маманы әрі ана тілімнің жанашыр азаматы ретінде тілдің бүгінгі қолданыс аясында әлі де шешілмей жатқан біраз түйткілдерге тоқталсам деймін. Осы мақаланы жазуға «Ана тілі» газе­тінде осы жылдың қаңтар айында жарық көр­ген Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы­ның вице-президенті Орал Шәріпбаевтың «Қаржы бұйырмаған «Қазақ тілі» қоғамы» атты мақаласы себеп болды. Ол мені біраз ойға қалдырып, толғандырды. «Тіл туралы» Заң 1989 жылдың қыркүйегінде бекітілге­нін, артынан іле-шала «Қазақ тілі» қоғамы құрылғанын, 1990 жылы қазақ тілін дамыту туралы мемлекеттік бағдарлама бекітілге­нін білемін. Ал енді кез келген мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін қаражат қажет емес пе? Жалаң патриоттық сезіммен мемлекеттік тілді дамыту, оның мәртебесін арттыру барысындағы жұмысты қалай жандандыруға болады? 90-жылдардың бас кезінде көптеген ме­кемелерде қазақ тілінің бастауыш ұйымы құрылып, біраз өзекті мәселелер көтерілгені есімде. Өкініштісі сол, көп кешікпей бәрі де су сепкендей басылды. Мен алдымен ауылшаруашылығы маманы әрі ана тілімнің жанашыр азаматы ретінде тілдің бүгінгі қолданыс аясында әлі де шешілмей жатқан біраз түйткілдерге тоқталсам деймін. Мен ауылшаруашылығы ғылымының саласында, оның ішінде өсімдік қорғау мамандығы бойынша қырық жылдан астам қызмет етіп келемін. Тіліміз мемлекеттік тіл мәртебесін алған осы жиырма жылдың ішінде не өзгерді? Соны біраз ой елегінен өткіздім. «Ауылшаруашылығы ғылымы саласындағы ғалымдардың ана тілімізге деген көзқарасы қалай?» дегенге келсек, әрине, біраз оң өзгерістер бар. Ғылыми жұмыстардың нәтижелерін жария­лауға арналған, ай сайын қазақ тілінде шы­ға­тын «Жаршы» журналы бар. Ғылы­ми конференцияларда мақалалар мем­лекет­аралық тілмен қатар, ана тілімізде де жарық көріп жатады. Соңғы жылдары өсімдік пен малшаруашылығы, селекция және бас­қа салалардан ана тілімізде жазыл­ған кан­дидаттық диссертациялар­дың саны арт­ты, тіпті, бірді-екілі докторлық жұмыс­­тар қорғалды. Кездесетін қиын­шылықтар мен шешуін таппай жатқан түйткілдер де жоқ емес. Біздің институтқа қызметке көбіне­се Қазақ Аграрлық ұлттық университетін бітіргендер келеді. Өкінішке қарай, олар­дың көпшілігі не ана тілімізде, не орыс тілінде сауатты жаза алмайды, көпшілік жағдайда білімдері – таяз, тәжірибелері – жоқ. 100-120 беттік диссертация мәтінін былай қойғанда, 20-25 бетке жазылатын авторефераттардың өзінде грамматикалық және стилистикалық қателер өріп жүреді. Орыс тілінде дайындалған диссертациялар мен олардың авторефераттарында мем­лекет тілінде жазылатын түйіннің мәтінін былай қойғанда, тақырыбының өзі дұрыс аударылмайтын жағдайлар кездеседі. Осы­ның бәрі «орта мектепте оқушыларға қазақ, орыс тілдерінен және басқа пәндер­ден тиянақты білім берілмей ме?» деген ой тудырады. Халқымызға етене жақын егін және малшаруашылығы бойынша мақала не­месе кітап жазу аса қиын болмаса да, өсімдік қорғау саласына қатысты біраз түйт­кілдер бар. Мәселен, «Фитопатология» – өсімдік аурулары жайлы ғылым саласы, ол микология және микробиология деп аталатын ғылымдардан бастау алады. Қолда­нылатын терминдердің көпшілігі – ха­лықаралық терминдер, орыс тілінің өзіне аударылмайды. Өсімдік аурулары жайлы ана тілімізде шыққан бар-жоғы екі-үш кітап бар, оларда негізінен ғылыми жұмыстардың нәтижесі баяндалған. Осы сала бойынша соңғы жылдары баспадан шыққан екі оқу құралы, өкінішке қарай, орыс тілінде жазылған кітаптардың сәтсіз аудармасы. Егемендік алған жылдары бұрын орыс тілінде айтылатын біраз сөздердің сәтті аудармасы немесе баламасы қолданысқа еніп жатқаны белгілі. Мәселен, бүгін «аэропортты» – әуежай, «самолетті» – ұшақ дегенге ешкім таң қалмайды. Ана тілімізде қолданысқа еніп жатқан биология мен ауылшаруашылығы саласындағы сөздерді ескеру қажет болды. Осыған байланысты оқулықты дайындау барысында 2002 жылы «Рауан» баспасынан шыққан «ауылшаруашылығы» және «биология», 2007 жылы жарық көрген «өсімдіктер қорғау» салалары бойынша терминологиялық сөздіктерді пайдаландым. Өкініштісі – олардан көптеген сөздерді таба алмайсың немесе нақты аудармасы жоқ. Мәселен, соңғы кезде өсімдік клеткасы «жасуша» деп аударылатын болса, биологиялық сөздікте клетка «торша» деп көрсетілген, ауылшаруашылығы сөздігінде клеткадан басталатын 20-дан астам сөз тіркестерінің бәрі клетка деп берілген. «Капуста» сөзі біріншісінде қырыққабат деп аударылса, ауылшаруашылық сөздігінде сол күйінде қалған. Енді «тля» деген өсімдік зиянкесіне келсек, бір сөздікте ол «біте» деп аударылса, екіншісінде «капустная тля» – «капуста биті» делінген. «Трипс пшеничный» тіркесі ауылшаруашылығы сөздігінде «бидай бітесі» деп дұрыс көрсетілсе, био­логиялық сөздікте ол «шашақ қанат көбе­лек» боп кеткен. Тіптен, соңғысында «защи­та растении» деген сөздің өзі дұрыс аударылмаған, «өсімдік қорғаудың» орнына «өсімдік қорғанышы» деп берілген. Сондықтан, оқулықты дайындау барысында аталған сөздіктермен қатар, 1992 жылы «Қайнар» баспасы шығарған Х.Тілемісов пен Е.Рамазановтың «Ауылшаруашылығы» сөздігін қолдандым. Кейін шыққан сөздіктермен салыстырғанда оның сөздік қоры байырақ және аудармасы дәлірек деуге болады. Өкінішке қарай, қазақ тіліне қатысты көптеген сорақылықтарды дардай ғылыми атақтары бар, жоғары оқу орнында сабақ беретін немесе ғылыми зерттеу институттарында еңбек ететін ғалымдар жіберетінін қайтерсіз? Жоғарыда сөз болған «Жалпы фитопатология» пәні бойынша оқулықты бекітілген үлгі-оқу бағдарламасына сай дайындау қажет болды. Көлемі 10 беттен аспайтын оқу бағдарламасының үлгісін дайындаған, дәлірек айтқанда, орыс тіліндегі нұс­қадан аударған, Қазақ аграрлық уни­верситетінің доценті мен профессоры екен, соңғысының «академик» деген лауазымы қоса бар, рецензияны екі доцент берген көрінеді. Құжатты оқи бас­тағаннан көптеген олқылықтар орын алғаны байқалды. Мәселен, тек қана кіріспеде келтірілген келесі сөз тіз­бектері: «антропоморфологиялық ке­зең», «саңырауқұлақтардың туу себебі», «фито­патологияның кешенді ғылым ретінде құрылуы», «микробиологияның морфологиялық даму кезеңі», «фито­виру­сологияның сүзінді вирустарын ашу», «эксперименттің рөлі» сияқты сөз тіз­бек­терін (5-бет) студенттер түгіл мен түсінбедім. Саңырауқұлақтар туатын мал емес, олар төменгі сатыдағы өсімдіктер, ал ғылым құрылмайды, дамиды ғой және т.с.с. 2010 жылы Алматының «Нұр-Принт» бас­паханасынан «Ауылшаруашылық да­қылдарын зиянкестер мен аурулардан қорғау» деп аталатын жоғары оқу орындарының агрономия саласы бойынша студенттеріне арналған, көлемі 10 баспа табақ оқу құралы шыққан екен. Авторлары – Алматыдағы аграрлық университет пен Астанадағы С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университеттің доцент­тері, рецензенттері – екі ғылым докторы. Тағы да кітаптың бірінші бетінен бастап қателер өріп жүр. Авторлар оқулықты орыс тілінде құрастырып, өсімдік қорғау саласын жете білмейтін басқа біреу оны қазақ тіліне аударғаны білініп тұр. Тіптен, кітаптың мұқабасы мен бірінші бетінің өзінде ұлты қазақ авторлардың аты-жөні орыс тіліндегі қолданыспен берілген. Білікті ғалымдарды қатыстыра отырып, жекелеген немесе бір-біріне жақын ғылым салаларын қамтитын, мәселен, биология мен ауылшаруашылығы, медицина және т.б. жаңа сөздермен толықтырылған сөздіктерді неге шығармаймыз? Осыдан 4-5 жылдай бұрын Ауылшаруашылығы министрлігінің бас­тамасымен ауылшаруашылығының кей­бір салалары бойынша сөздік жасалып, бас­падан шағын таралыммен шығарылып еді. Орын алған біраз кемшіліктерге байланысты ол толықтырылып, қайта шығарылады дегенге 3-4 жыл уақыт өтті. Таяуда, жаңылмасам, радиодан қазақ тілінің 15 томнан тұратын сөздігі шығарылғанын естіп қалдым. Мұндай сөздіктер тек тіл мамандарына қажет болмаса, көпшілік қауымға керегі қанша? «Қазақ тілі» қоғамы мемлекет тарапынан қаржыландырылып, ірі мемлекеттік мекемелерде (оның ішінде ауылшаруашылығы мекемелері де бар) жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында оның жұмысы жандандырылса, біраз игі істерге мұрындық болар еді. Бұл – менің өз кәсібім төңірегінде көкейде жүрген ойларым. Ал ұлт және тіл жанашыры ретінде мені жастардың тіл үйренуі алаңдатады. Жастар тәлім-тәрбиені көбінесе көгілдір экраннан алады. Бізде ұдайы қазақ тілінде хабар тарататын бір-ақ телеарна – «Қазақстан». Ал «Еларна», «КТК», «СТВ», «Астана» сынды арналарды қоссаңыз, қазақ тілінде тек әртістердің концерттері, жастардың тапқырлығы мен білімін сынайтын жарыстар, халқымызды бейшара немесе ақымақ етіп көрсететін сықақ бағдарламалар және т.б. беріледі. Соңғы жылдары Ресейге еліктеп «Екі жұлдыз», «Жар-жар» атты бағдарламалар ұсынылатын болды. Өкінішке қарай, оларда халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы ескеріле бермейді. Тіптен, «Екі жұлдызда» бақ сынаған әртістеріміз қазақтың тамаша халық әндерінен гөрі ағылшын немесе басқа тілде айтылатын әуендерге жақын сияқты. Біраздан бері «Сонымен солай дейік» деген тың бағдарлама күнделікті көрсетіліп жүр, солай бола берсе, көтерілетін мәселелер мен тақырыптар ұсақталып кететін сияқты. Көгілдір экранның көп уақытын қазақ тіліне аударылған кәріс, түрік және орыс сериалдары алады. Ал халықаралық аламандарында жеңіс тұғырына көтерілген киноларымыздың қайда жатқанын білмейміз. Орыс тілінде түсірілген отандық көп сериялы «Жаным» фильмі бітіп еді, енді «Жаным-2» атты жаңасы басталды. «Қандастарымыз ойнайтын, шамасы, жүздеген миллиондаған қаржы жұмсалған бұл сериалдар неге мемлекеттік тілде түсірілмеген?» деген заңды сұрақ туындайды. Халықтар достығын көрсету қажет болса, қазақ тілін тамаша білетін бірді-екілі орыс пен неміс қыздарын ойнатсақ жетіп жатқан жоқ па?! Көгілдір экран арқылы жастарға қазақ тілін оқытатын, тәлім-тәрбие беретін бағдарламалар жоқтың қасы. Жас балалар ұнататын тартымды мультфильмдерді ана тілімізге аударып, тіл үйретуге болатын шығар? «АлмаTV» арнасында ағылшын тілін үйрететін мультфильмдер көрсетілетінін бәрі біледі. Жақында қазақ тіліне аударылған «Мауглиді» әдейі көріп, тамашаладым. Тәп-тәуір аударылған. Қазір балалардың бәрі ұялы телефонды, ғаламтор мүмкіндіктерін жақсы пайдалана алады, олармен уақыт өткізуге машықтанған. «Интернет арқылы қазақ тілін үйренуге болар ма екен?» деген оймен мен де біраз ғаламторды «парақтап» көрдім. «Учитесь қазахский язык» деген жарнама тұр. Кірсек, «пробный урок бесплатно» дегенімен, онысы ашыла қоймады. Ашылғанның өзінде басқа сабақтары төлемелі екені көрініп тұр. Сонда осы ғаламтор жүйесі арқылы қазақ тілін білгісі келетіндерге төлемсіз оқуды ұйымдастыруға шамамыз жетпегені ме?! Жастарға халқымыздың өткен тари­хын, әдет-ғұрпын, әдебиеті мен мәдение­тін, өнерін насихаттауда «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» бағдарламаларының атқа­ратын рөлі зор. Күнде таңертең және түс кезінде транзистор арқылы радионы тыңдаймын. Үлгі, өнеге және тәрбие алатын хабарлар көп, әсіресе халық әндері де көптеп беріледі. Бұрын радио нүктелері әр үйде, әр кабинетте болатын. 50-60 жылдары биік бағанаға ілінген қалпақ тәріздес қабылдағыштар көшеде сайрап тұрушы еді. Қазір қаланы былай қойғанда, ауылдың өзінде радиоқабылдағыштар бай­қалмайды. Қай тіл болсын, оны жас кезде үйренген дұрыс. Мәселен, менің екі жиенім Астанада оқуды орысша және ағылшынша оқытатын халықаралық колледжден бастады. Осыдан үш жыл бұрын әке-шешесі заман талабын ескере келе қазақша оқытып, тәлім-тәрбие беру үшін оларды қазақ-түрік гимназиясы­на ауыстырды. Есейіп қалған үлкендеріне қазақ тілін үйреніп, сөйлеп кету оңайға түспеді, ал кішісі – көп қиналмады. Тіл саясаты жөнінде айтылатын сөз­дер мен нақты істердің арасында үлкен ал­шақтық бар сияқты. Қазіргі нарық за­ма­нында кімнің қолында ақша болса, сол билік жүргізеді, айтқанын істетеді. Егер «Қазақ тілі» қоғамының республикалық бөлімшесінің өзі қаржыландырылмаса, об­лыс­тық және аудандық бөлімдері жайлы сөз қозғамаса да болады. Кейінгі жылдары «Нұр Отан» партиясының халық арасында беделі жақсы екені байқалады. Астанадағы орталық аппаратты былай қойғанда, оның барлық облыс орталықтарында фи­лиалдары бар. «Ана тілімізді өркендетуге «Нұр Отан» партиясы өз үлесін қосып, «Қазақ тілі» қоғамын қанатының астына алса» деген ұсынысым бар. Мемлекет, қалай болғанда да, «Қазақ тілі» қоғамы үшін қаражат бөліп, оның жұмысын жандандыруы керек. Мемлекеттік тіл­дің қолданыс деңгейі мен мәртебесін арт­тыруда аталған қоғамның атқаратын жұ­мысы зор, ал қаражатсыз оны іске асуы мүмкін емес. Академик Мехлис Сүлейменов «Как выучить пятнадцать языков» атты кіта­бында «сен қазақ болмасаң да Қазақ­станда тұрған соң қазақ тілін білуге міндеттісің» деп жазады. Тіл үйренуде жоғарғы нәтижеге жету үшін ғалым тілге деген сүйіспеншілік, талпыныс пен тұрақты ізденіс, күнделікті тынымсыз еңбек керек екенін көрсетеді. Тілді үйрену үшін алдымен сол тілде сөйлейтін халықты құрмет тұту, оның әдебиеті мен мәдениетін, өнерін, әдет-ғұрпын жақсы білу қажеттілігін айтады. Ғалымның осы сөздері біздің қандастарымыздың, әсіресе лауазымы жоғары, билік басында отыр­ғандардың, ана тілін үйренуі үшін де өте қажет сияқты. Мұрат ҚОЙШЫБАЕВ, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор

3480 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5821

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5487

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3225

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2611

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2572

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2551

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2284

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2266

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы