• Ақпарат
  • 18 Мамыр, 2012

Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет

Елімізде мемлекеттік қызметті дамыту мен одан әрі жетілдіру бойынша ауқымды шаралар қолға алынуда. Өткен жылы Елбасының Жарлығымен мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасы бекітілген болатын. Жақында Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік қызмет лауазымына жарияланған байқауды ашық жүргізуді қолға алып, тың бастама көтерді. Бұл мемлекеттік қызметке қатысуға ниет білдірген үміткерлердің байқауға ашық түрде қатысып, өз талаптарын сынап көруге жасалып отырған жақсы мүмкіндік. Байқауға қатысуға 106 адам өздерінің өтініштерін жасаған. 7-8 мамыр күндері үміткерлер заңнаманы білу деңгейін анықтайтын тестілеуден өтіп, 81 адам сынақтан сүрінбей өтті. Одан ары қарай конкурстық комиссия мүшелерінің алдында әрбір қатысушы жеке әңгімелесуден өтеді. Сайыс барысы көрсетіп отырғандай, министрліктің қоғамдық-саяси жұмыстар департаменті сарапшысының 1 лауазым орнына 66 адам қатысуға ниет білдіріпті. Ал жалпы тізімдегі ұсынылып отырған мемлекеттік қызметтер қатарында Стратегиялық жоспарлау және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры, Қаржы департаментінің директоры, мем¬лекеттік сатып алу және бухгалтерлік есеп директорының орынбасары, мемле¬кеттік сатып алу және бухгалтерлік есеп басқармасының бастығы, әкімшілік-құқықтық департаментінің сарапшысы қызметтері бар. Аталған бос орындар министрліктің қайта құрылымдауынан кейін пайда болған. Байқау комиссиясының төрайымы, Мә¬дениет және ақпарат министрлігінің жау¬апты хатшысы Жанна Құрманғалиеваның айтуынша, министрлік қызметінің саласы – отандық мәдениетті дамыту, масс-медиа, тілдер, азаматтық қоғам институттарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясымен өзара іс-қимыл мәселелері болғандықтан қоғамның үлкен қызығушылығын тудырып отырған көрінеді. – Бұл – мемлекетіміздің, халқымыздың рухы мен құндылықтарын айқын көрсете¬тін сала. Сондықтан бұл сала қоғамдық шы¬ғар¬ма¬шылықты, зиялы қауымның жал¬пы ұмтылысын аса үлкен дәрежеде талап ете¬тін сала деуге болады. Осыны ескеріп, жақында Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбайдың бастамасымен үш кон¬сультативтік-кеңес органы – Мәдениет, тіл¬дер және масс-медианы дамыту мәселелері жөніндегі кеңестер құрылды. Олардың құ¬рамына депутаттар, ғалымдар, танымал мәдениет және өнер қайраткерлері, БАҚ, шығармашылық одақтардың басшылары, сарапшылар енгізілді. Кеңестің бар күш-жігері саланы дамыту бойынша ұсынымдар әзірлеуге бағытталатын болады, – деді Ж.Құрманғалиева. Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

4084 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы