• Ақпарат
  • 24 Мамыр, 2012

Қазақшаң қалай, «Қазпошта»?

Бала күнімде анам «Балдырған», «Ақжелкен», кейін келе «Қыз құпиясы» сынды журналдарға мен үшін жазылып әлек болып жүретін. Ол қайда барып жазылады, қалай жазылатынының байыбына бара бермейтін мен мектеп қабырғасынан жырақтаған соң оқуға аттанып кете бардым. Анам ылғи телефон шалып «Қызым, сол маңдағы пошталардың біріне барып бір-екі газет-журналға жазыл. Болашақ тіл маманысың ғой. «Ана тілі» газетіне де жазылуды ұмытпа!» деген соң, өзім сүйіп оқитын басылымға жазылуға бел будым. «Ана тіліне» жазылайын деп жақын маңдағы поштаның табалдырығынан аттадым. Пошта қызметкеріне есендесіп, газетке жазылғым келетінін айтып ем, қолыма «ПС-1 н. Абонементі» деп аталатын бір парақшаны ұсынды. Бір жапырақ қағазды толтыру керектігін ұққан мен дереу қолыма қаламымды алып, жақын үстелге отыра кеттім. Қолыма тиген парақшаны толтырмақ ниетпен көзбен бір шолып өттім. Тілдей қағазда тұнып тұрған осыншама қатені тұңғыш көруім! Басылымның атауын жазар жерде – «Босылым аты» деген түсініксіз сөз жазылған. Қазақша нұсқасының өзінде теңгемізді – «тенге» деп жазса, қазақтың төл дыбыстарына төбесінен қарапты. Мәселен, «назар аударыныз», «өнді­рістіқ» деген сөздер қазақ тілінің орфографиялық жа­зы­лу заңды­лықтарын белден басып тұр емес пе? Анығында «Басылыматы»,«теңге», «назар аударыңыз», «өндірістік» болуы керек еді ғой. Ал «жабылғандығы»сөзінің – «жабығандығы», ал «бірлескен» сөзінің «бірлексен» деп жазылуы сауатсыздық емей немене?Оның үстіне абонементті толтыру тәртібі туралы мәтіндегі сөйлемдер еш ұғынықсыз. Мысалы, «ПС-1 н. Абонементі жазылушылармен әрбір басылымға жеке, анық, қатесіз, қысқартусыз толтырылады. Дұрыс толтырылмаған абонемент жарасымсыз болып табылады». Бұл сөйлемнен не ұқтыңыз? Дұрысы «ПС-1 н. Абонементі жазылушылар тарапынан әрбір басылымға жеке, анық, қатесіз, қысқартусыз толтырылады немесе «жазылушылар абонементті анық, қатесіз, қысқарған сөздерсіз толтыруы тиіс». Дұрыс тол­тырылмаған абонемент жарамсыз болып табылады» емес пе? Сонда жазылушылардан абонементті қатесіз толтыруын талап ете отырып, өздерінің осындай қате жібергендеріне «Қазпошта» ұялмай ма? Сонымен қатар «объекті», «фамилия» деген сөздер «нысан», «тегі» деп аударылып жазылып жүргелі қашан. Тілдей парақшадағы мемлекеттік тілдегі мәтіннен 15 қате (!) кеткен. Ал төмен жағындағы орыс тіліндегі аудармасы сауатты. Қолымдағы қателері түзетілген абонементті алып барып пошта қызметкерінен қатесіз жазылған басқа парақша беруін өтінгенім сол еді, бұдан басқа абонементтің жоқ екенін айтып, ол аздай «қане, қатесін тауып бер» деп өзіме дүрсе қоя бермесі бар ма? Ал мен болсам парақшадағы қателерді нұсқап әлекпін. Сол-ақ екен, орта жастағы әйел бланк парақшасына өзінің жауапты емес екенін, сондай-ақ қазақ тілін жетік білмейтіндігін айтып, артынша қолын бір сілтеп, арғы бөлмеге кіріп кеткен күйі қайта оралмады. Не газетке жазыла алмай, не абонементке жарымай қалған мен амалсыз үйге қайттым. Қолыма қатесі өрген парақшаны ұстай кеттім. Ал көкейімде «Қазпоштаның бұл қайткені?» деген сауал қалып қойды. Аида ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ, ҚазҰУ-дың студенті

4211 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы