• Ақпарат
  • 24 Мамыр, 2012

Әкімнің жарнамаға әлі келмейді

d29bd0b0d182d0b5 Кез келген сауатты да көзі қарақты жан жарнаманың қазақша мәтініне шошына қарайтын болды. Өйткені жарнама аудармасының ала-құлалығы туралы айта-айта ауыз ауырды, жаза-жаза қол талды. Бұған дейін жарнама мәтінінің сауатсыздығы, бейәдепсіздігі туралы біраз айтылды. Сын садағына ілініп, суреттері де басылды. Бірақ одан селт еткен ешкім жоқ. Одан қалды, «Жарнамаға жергілікті әкімдік неге жауап бермейді?» дестік. «Тілдерді дамыту басқармалары жарнаманың тілін түземей не тындырып отыр?» деп тағы көрдік. Расында да жарымжан жарнама айылын қашан жияды? Неге шетінен жауапқа тартып, айыппұл салмаймыз? «Неге, неге» деп басталатын сауалдар көп-ақ. Біз бүгін осыларға жауап іздеп көрелік. Жарнама – нарықтың қозғаушы күш­терінің бірі. Сондықтан жарнаманың «бар­майтын тауы, баспайтын жері» жоқ. Бұл – әлемде қалыптасқан құбылыс. Бірақ шетелден біздегідей қаптаған сауатсыз жар­наманың жұрнағын да көрмейсіз. Неге? Алдымен жарнаманың тіліне келелік. Бүгінде Қазақстанның қай қаласына барсаңыз да сауатсыз аудармадан көз ашпайсыз. Әр жарнаманың төменгі тұсында «Жарнаманың мазмұнына жарнама беруші жауапты» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Демек. оның тілдік сауатсыздығына жарнама берушілер тарапынан жауапкершіліктің жоқ­тығы себеп болып отыр делік. Жарнама агенттіктеріндегі аудармашы орыс тілінен қазақ тіліне қалай аударса, солай жазылып келген, яғни сол агенттіктердегі мемлекеттік тілді жетік меңгерген маманның жоқтығынан заң бұзушылық орын алып отыр. Хош делік, заң бұзушылық орын алды. Енді оны кім және қалай жауапқа тартпақ? Бұл заң бұзушылық тілбұзарлықтың нақ үлгісі болып табылатындық­тан жергілікті әкімдіктен осы мәселеге қатысты жауапты жандарды іздейміз. Бізге бірден Тілдерді дамыту басқармалары жауапты деген ой келеді. Атауы Тілдерді дамыту басқармасы болғандықтан жергілікті жердегі тіл төңі­ре­гіндегі түйткілдерге сол жауапты деген түсінік қалыптасқан. Шындығында солай ма? Бұған Тілдерді дамыту басқармалары не дейді екен? Олардың біразының жауабы мынаған саяды: «Қала, аудан көшелеріндегі сауатсыз жарнамалардың көптеп кездесетіні баршамызға белгілі. Тұрғындар да бізге бұл жайында жиі шағымданып жатады. Мысалы, көпшіліктің назарына сауатсыз жарнамалар мен көрнекі ақпарат ұсынатын кәсіпкерлер­дің Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» Заңын сақтауына келетін болсақ, аталған заңда жарнама иелерінің жарнамалардың қазақша мәтіндерін алдын ала басқармамен келісу мәселесі мүлде қарастырылмаған. Сонымен қатар қалалық не облыстық Тілдерді дамыту басқармаларының жарнамада жіберілген қателерді жарнама иелеріне түзеткізуді талап ететін еш құзыреті жоқ. Осыған орай, заң талабына қайшы рәсімделген жарнамалық көрнекіліктерді ретке келтіру үшін заңдарға өзгеріс енгізілуі тиіс. Дегенмен аталған кемшіліктерді тү­бегейлі жою жөніне келгенде мәселе тағы да заңға келіп тіреледі. Қолданыстағы Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңында да, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінде де көрнекі ақпарат пен жарнамалар тілін бұзғандарды жауапкершілікке тарту мә­селесінің қарастырылмауы көп нәрсеге қолбайлау болып отыр. Міне, гәп қайда жатыр? Жергілікті әкімдіктің жарнамаға әлі жетпеуінің бір сыры осында делік. Бірақ осыдан біраз бұрын ҚР Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл бір сө­зінде: «Ең алдымен, қате жарнамалардың жіберілмеуіне, ілінбеуіне әкімдіктер мен тіл басқармалары жауап беру керек» деп, соған негіз болатын «Жарнама туралы» Заңды сөз қылып: «Заңда тек грамматикалық қателер ға­на емес, рухани қателерді жібермеу мәселесі де назардан тыс қалмаған. Жарнамада жіберілген қателер үшін тиісті жауапкершілікке тар­тудың жолдары да көрсетілген. Жергілікті әкімдіктер Әділет министрлігіне немесе сот­қа жүгінсе де, жекелеген компаниялардың жіберген қателерін түзетіп, болашақта қа­тенің қайталанбауын қадағалауы керек. Біз бар заңды дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Негізінен, жарнамамен айналысатындар қа­зақша сауатсыз. Әсіресе, тарихи тұлғаларға қатысты атаулар, қазақтың байырғы сөздері өрескел қатемен жазылады» деген еді. Алайда тілге жанашыр депутат өзі атап өткен, өздері қабылдаған заңдарда әкімдіктер мен аталған басқармалардың жарнамаға жауаптылығын міндеттейтін жері жоқтығын қаперіне алмаған сыңайлы. Оған қоса заңда жіберілген қателер үшін жауапкершілікке тартылатыны айтылса да, оның жолдары нақты көрсетілмеген. Әр аймақтағы жергілікті Тілдерді дамыту басқармаларында негізінен мемлекеттік тіл жанашырлары отырғаны рас. Бәрі дерлік жергілікті ұлт өкілдері. Алайда олар әр сұхбаттарында өз тараптарынан мемлекеттік тілге қырын қарағандарды бірден жазалап, жауапқа тартып, оларға белгіленген мөлшерде айыппұл сала алмайтындарын ашына айтады. Өйткені оларда ондай құқық жоқ. Егер жоғарыдағыдай әрекет етуге құқық берілсе, әр кәсіпкер «өз нысаныма қай тілде, не жазсам да өзім білемін» деген пиғылдан арылар еді. Нәтижесінде жарнаманың тілі түзеліп, ел бюджетіне ақша түсуі керек. Өкі­нішке қарай оны бақылайтын Тіл комитеті болсын, жергілікті атқару билігіндегі Тіл­дерді дамыту басқармалары болсын, заңдағы олқылықтардан «Тіл туралы» Заңның орын­далуын толық қамтамасыз ете алмайды. Бүгінге дейін жергілікті Тілдерді дамыту басқармалары тіл туралы заң талаптарын бұзған нысандарды шамалары жеткенше тексеріп, прокуратураға шағым түсіріп қана келеді. Шамалары жеткенше дейтініміз жеке меншіктегі нысанды прокуратурадан басқа құзырлы мекеменің өз бетінше келіп тексеруге құзыреті жоқ екені тағы бар. Оған қоса бір жарнама немесе көрнекі ақпарат туралы шағым түсіріп, оны прокуратура тексеріп, оларға ескерту жасап болғанша қаланың басқа тұсында небір сорақы қателерге жол берген бірнеше жарнама қылтиып шыға келеді. Сонда қайтпек керек? Мемлекеттік тілді дамыту мақсатында құрылған жергілікті Тілдерді дамыту басқармаларының бар ша­масы шағым түсірумен шектелмек пе? Сон­да көшелердегі сорақылықтарға жергілікті прокуратураның тек ескерту беруге ғана дәрмені жете ме? Біздіңше, ең алдымен ҚР «Жарнама туралы» Заңы мен ҚР «Тіл туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырудар енгізу керек. ҚР «Тіл туралы» Заңының талаптарын сақтау мақсатында жарнама беруші өнімінің (немесе ұсынатын қызмет түрінің) жарнама мәтінін алдымен жергілікті Тілдерді дамыту басқармасындағы (өз объектісін тіркеткен аудандағы) немесе оның бөлімшесіндегі тиісті мамандарға тексертіп, «мақұлданған» деген мөр соқтырып алуы тиіс. Бұл ретте, әрине, олар тиісті мекеменің қызметі үшін қаржы төлейді. Бір жағынан бұл сауатты жарнамаға жол ашса, екіншіден, Тілдерді дамыту бас­қармаларының құзыретін арттырып, ел бюджетіне аз да болса қаржы түсірер еді. Ал әзірге жарнаманың мәтіндерімен жер-жерде­гі жарнама агенттіктеріндегі мемлекеттік тілді меңгермеген аудармашылар айналы­сып ке­леді. Оған да тосқауыл қоя алмай отырған жайымыз бар. Өйткені «Тіл туралы» Заңның 23-бабында «Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Рес­публикасының заңдарымен белгіленеді» де­лінген. Бірақ бұл құжат әлі өмірге келген жоқ. Сондықтан халықпен жұмыс жасайтын қызметкерлерге (соның ішінде жарнама агенттіктеріндегі аудармашылар да бар) қа­зақ тілін білу міндетті болмай отыр. Осы себепті жоғарыдағыдай сауатсыздықтарға жол беріп отырмыз. Әзірге бұл құжат өмірге келмейінше жарнама мәтіндеріне Тілдерді дамыту басқармалары жауап беретіндей жағдай тудыру үшін ҚР «Жарнама туралы» Заңына жоғарыдағыдай өзгеріс енгізу керек. Бұл – бір. Сонымен қатар Тілдерді дамыту бас­қар­маларының өкілдері көрнекі ақпа­рат пен жарнамалар тілін бұзғандарды жауап­кер­шілікке тарту мәселесінің қолданыс­тағы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексте де қарастырылмауы қолбайлау болып отырғанын айтты. Демек, бұл «Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы» кодекске де өзгерістер керек екенін меңзеп отыр. Ол қандай өзгеріс? ҚР «Тіл туралы» Заңы мен ҚР «Жарнама туралы» Заңының талаптарын бұзған кәсіпкерлер, жарнама берушілер жа­уапқа тартылып қана қоймай (немесе ес­керту жасалып), оларға белгілі бір мөлшер­­де айыппұл төлеу міндеттелуі тиіс. Егер аталған кодекске осындай өзгеріс енген жағдайда біз сол арқылы оларды жауапқа да, айыппұлға да тарта аламыз. Бұл бұған дейін мүмкін болмаған еді. Себебі жоғарыдағы заңдарда «Тіл туралы» заңның талаптарын бұзғандарды жауапқа тартылатыны айтылғанымен, олар­ды әкімшілік жауапкершілікке тарту мен оларға кесілетін айыппұл мөлшері көрсе­тілмеген. Сондықтан жа­рымжан жарнама­лардың иелеріне жоғары­дағы заңдардың сол­қылдақтығы май­дай жағып келеді. Ес­керту алды, бірақ еркін жүзіп келді. Еркін жүземіз деп есіріп те кетті. Есесіне оларға тосқауыл қоятын мезет те жетті. Бұл Тілдерді дамыту басқармаларына тағы бір құзырет қосып беру арқылы жүзеге асуы тиіс. Ол – Тілдерді дамыту басқармаларына сауатсыз жарнамалар иелерін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекс арқылы жауапқа тартып, белгіленген мөлшерде айыппұл салу құқығын беру. Өйткені бұған дейін Тілдерді дамыту басқармаларының сауатсыз жарнамалар туралы тек жергілікті прокуратураға шағым түсіруге ғана қауқары жеткенін айттық. Ол шағым прокуратурада қаралғаннан кейін олар да көбіне тек ескерту жасаумен шектеліп келген еді. Осы орайда Тілдерді дамыту басқармасы жанынан Тіл инспекциясын құратын уақыт жеткенін айту­ға міндеттіміз. Мұндай қызмет Францияда, Латвия, Эстония елдерінде де қолданысқа енгенін бұрын да газетімізде көтерген бо­латынбыз. Егер жоғарыдағыдай құзыреттер Тілдерді дамыту басқармасына өтетін болса, аталған басқарманың жанынан құрылатын Тіл инспекциясына жүктеліп, ол өз қызметін мүлтіксіз орындаған болар еді. Сауатсыз жарнамаларды тексеріп, айып­пұл салуды Тілдерді дамыту басқармаларына жүктегеннен не ұтамыз, соған келелік. Алдымен нақты мемлекеттік тіл саясатын жүргізуге негізделген мекеменің құзыретін арттырамыз. Екіншіден, уақыт ұтамыз. Өйтке­ні олар бұрынғыдай прокуратураға шағым түсіріп, оның тексерілуін күтіп отырмайды, дереу өз құзыреттерін пайдаланып, өздері іске кіріседі. Ал үшіншіден, айыппұл салу арқылы «өзімбілемдікке» ұрынған жарнама иелерінің айылын жиғызуға болады. Мәселен, кейінгі кездері жолережесіндегі жаңалықтарды ала­йық­шы. Әкімшілік кодекске өзгеріс еніп еді, барлық көлік жүргізушілері қауіпсіздік бел­дігін тағуға мойынсұнып шыға келді. Рөлде отырып телефонмен сөйлеспейтін болды. Заңсыздыққа жол бергендер сала мамандары тарапынан жазаланып, мемлекетке айыппұл төлеуге міндеттелді. Кімге қалтасындағы ақшасын біреудің алақанына санап салу ұнасын дейсіз. Міне, тура осы сипатта Тіл­дерді дамыту басқармалары белгілі бір уа­қыт­таарнайы рейд жүргізіп, заңды белден басқандарды жауапқа тартып, айыппұл төле­тіп отырса, қалтасындағы тиын-тебендерінен қағылғысы келмегендер мемлекеттік тілге мұрын шүйірулерін қояр еді. Жарнамасын ілмес бұрын тиісті мекемеге барып, жарнама мәтінінің сауаттылығын дереу тексертіп, қолына қажетті құжатын алып алатын еді. Одан қалды бүгінде түрлі көрнекі ақпа­рат тілі мемлекеттік тілді былай қойғанда бас­қа шет (ағылшын, т.б.) тілінде өріп жүргенін көзіміз көріп жүр. Тіпті кей көшелеріміз шет­елдің қалаларына ұқсап барады. Қысқасы, шетел атаулары мен өзге тілдегі жазулардан аяқ алып жүре алмайсыз. Алайда мұны көре тұра қала әкімдігі немесе соған қарасты Тілдерді дамыту басқармаларыда ол жерге барып арнайы талап қойып, не құқықтық жауапкершілікке тарта алмай отыр. Неге? Сол баяғы жоғарыда атап өткен заңдардың талаптарына бұл олқылықтардың қайшы келмеуі себеп. Мәселен, ҚР «Тіл туралы» Заңының 21-бабында «көрнекi ақпа­рат мемлекеттiк тiлде, ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жазылады» делінсе, ҚР «Жарнама туралы» Заңының 6-бабында да жарнаманы мемлекеттік тілмен қатар жарнама берушінің қалауына қарай өзге тілде де жазуға болатыны айтылған. Еліміздің осы екі бірдей заңы да жарнама тіліне қатысты жерінде жалпақшешейлік танытқан, яғни жарнаманың тілін жарнама берушінің ыр­қына берген. Қос заңдағы «Қажет болған жағдайда... жарнама берушінің қалауы бойынша...» деген сөздер осыны аңғартпай ма? Неге біз көрнекі ақпараттың тілін жарна­ма берушінің еркіне беруіміз тиіс? Бұдан кейін «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетпей» не қылсын? Ол жарнаманың, көрнекі ақпараттың немесе сол нысанның біздің елде шет тілінде жазылуына еш негіз де, сұраныс та жоқ деп есептейміз. Тек егер ол өзге бір елмен бірлескен кәсіпорын не нысанның атауы болса ғана, онда да мемлекеттік мүд­дені алға қоя отырып мәселені шешкен жөн. Ал басқадай ала-құлалық болмауы үшін аталған екі заңдағы жарнаманың тіліне таңдау берген жерін алып тастау қажет. Одан қалды заңды тұлғалар субъектіге немесе объектіге атау берген кезде Әділет органдарына тек атауды ғана тіркетеді. Алай­да ол жерде де атаудың түп төркініне үңіліп жатқан тірі жанды көрмейсіз. «Ұзын арқан, кең тұсау» дегеніңіз де осы.Ал дүкен, шаш­тараз және өзге де халыққа қызмет көр­се­ту нысандарының иесі салық органдарын­да өз аты-жөні, тегі бойынша тіркеледі.Ал оның дүкеніне, дүңгіршегіне қандай атау бе­ріп жатқаны еш жерде тіркелмейді. Олатаудың мән-мағынасына, ел мүддесіне сәйкестігі қадағаланбайды. Міне, елімізде қаптаған түр­лі атаулардың пайда болуы да сондықтан. Бүйте берсек, көшелерімізден көрік кетіп, мемлекеттік сипатынан, ұлттық бедер-нақы­шы­нан жұрнақ та қалмайды. Енді қайтпек керек? Бұл ретте де заңды тұлғалардың әр нысанға атау берер кезінде оның мемлекеттік тілде аталуын әрі солай ресми тіркелуін заңдастыруымыз керек. Одан кейін сол мемлекеттік тілдегі атаудың елдің ұлттық, мемлекеттік мүддесіне қай­шы келмейтінін қадағалануы да қосымша жүк­теледі. Оған қоса бұдан былай дүкен, шаштараз сынды басқа да халыққа қызмет көрсету нысандарының атаулары Әділет ор­гандарына міндетті түрде тіркелуі керек. Оның да мемлекеттік тілде тіркелуі, сондай-ақ халыққа ұсынылатын қызметі, жұмыс тәртібі туралы ақпараттардың да мемлекеттік тілде әрі сауатты жазылуы қатаң тексерілуі тиіс. Мұның бәрі жеке азаматтардың баршасына өз нысандарын Әділет органдарына тіркету кезінде міндет­телетін талаптар болуы қажет. «Тәртіпке бағынған құл болмайды». Егер жоғарыда аталған заңдар мен кодекс­терге (ҚР «Тіл туралы» Заңы, ҚР «Жар­нама туралы» Заңы, «Әкімшілік құқық бұ­зу­шылық туралы» кодекс) біз атап көрсет­кендей өзгертулер мен толтықтырулар ен­гізілсе, жарнама төңірегіндегі жағдай да тү­бегейлі өзгерер еді. Жарнама беруші кез кел­ген кәсіпкер қазақ елінің заңына еріксіз мойынсұнып, мемлекеттік тілдің мәр­тебесін де мойындар еді. Динара ІЗТІЛЕУ

3521 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы