• Ақпарат
  • 24 Мамыр, 2012

Есірткімен күрес қарқын алды

Нашақорлықпен күрес комитеті есірткі бизнесімен күрес саласында халықаралық әріптестікті кеңейту бойынша белсенді шаралар жұмысын жүргізіп жатыр. Осыған орай, жуырда Астана қаласында Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім-шарт ұйымына мүше мемлекеттердің Заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес бойынша құзыретті органдар басшыларының Координациялық кеңесінің он бірінші отырысы болған еді.  Бұл жиынға Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім-шарт ұйымының Бас хатшысы Николай Бордюжа, ҰҚКҰ-ға мүше мемлекеттердің құзырлы органдарының делегаттары, сондай-ақ, заңсыз айналымдағы есірткі заттарымен, психотроптық заттармен күрес бойынша Ортаазиялық аймақтық ақпараттық координациялық орталықтың дирек­торы бақылаушы ретінде қатысты. Басқосу аясын­да есірткі қаупімен күрес мәселелері жөнінде пікір алмасылды. Жиынның қатысушылары Заңсыз есірт­кі айналымына қарсы күрес бойынша құзы­ретті органдар басшыларының Координациялық кеңес шеңберінде келісілген операциялар кезіндегі ұйымдасқан ақпаратпен алмасуды, түрлі әлеуетті органдардың – соның ішінде полиция, қауіпсіздік қызметі, кедендік және шекара органдары, қаржы бақылаулары мемлекетаралық және ведомствоаралық қарым-қатынасын қосқанда, заңсыз есірткі айналымымен күресуде мол қарым-қатынас тәжірибесінің жинақталғанын айтты. Сонымен қатар, заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес бойынша құзыретті органдар басшыларының Координациялық кеңесі қызметінің даму мәселесі қаралып, Кеңестің 2012-2013 жылдарға арналған негізгі іс-шаралар жоспары бекітілді. Наурыз айында Елордада тағы бір ШЫҰ-на мүше мемлекеттердің заңсыз есірткі айналымымен кү­рес қызметі бөлініп берілген, құзырлы органдары басшылары кездесу өткізді. Міне, осы секілді на­шақорлықпен, заңсыз есірткі бизнесімен күрес шаралары елімізде жан-жақты жүргізілуде. Биылғы жыл­дың үш айында Ішкі істер органдары 1170 есірт­кі қылмысын анықтап, есірткі тасымалы бойынша 779 істің жолын кесті. Сонымен қоса, 1 т 029 кг есірткі тәркіленді, оның 46 кг героин болып шыққан. Ал өткен жылдың 12 айында Ішкі істер органдары 4066 есірткі қылмысының бетін ашқан. Сонымен қатар, есірткі өткізу бойынша 2292 фактінің жолы кесіліп, жалпы 23 т 142 кг анаша тәркіленіпті. Биылғы жылдың алғашқы үш айында құзырлы органдар үш есірткі қылмысына қатысы бар ұйымдасқан үш қылмыстық топты жойды. Алты есірткі қордасының жұмысын тоқтатты. Былтырғы жылдың 12 айында 35 нашақорлық қылмысына қатысы бар 7 ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталып, 21 есірткі қордасы жойылған екен. «Бақыланбалы жеткізілім» әдісі бойынша үш айда жеті арнайы іс-шара жүргізілген. Биылғы үш айда есірткі тұтынушылар саны едәуір азайған (49195-тен 46004-ке дейін, -6,5%). Ал өткен жылы бұл әдіс бойынша 23 арнайы іс-шара жүргізіліпті. Оның үшеуі Қырғыз Республикасының құрылымдарымен бірге өткізілді. Іс-шара бары­сында заңсыз айналымдағылардан 400 кг-нан астам есірткі заттары мен 24,4 кг-нан астам героин тәркіленді. Ал әкімшілік жауапкершілік­ке тартылған 5161 кісінің ішінде кәмелетке толмағандар саны 100 жасөспірім болса, 200-і әйелдер. Айта кетерлік бір жайт, өткен жылы есірткі тұтынушылар саны төмендеген. Ойын-сауық мекемелерінде есірткі пайдалану және сақтау бойынша 18 факті анықталып, оның екеуіне қылмыстық іс, ал 16 факті бойынша – әкімшілік материалдар қозғалыпты. Өте ірі көлемдегі есірткі партиясын ұстау бойынша 43 факті тіркелгенін айту керек. Міне, көріп отырғанымыздай, нашақорлық және есірткі бизнесімен күрес шаралары тоқтаусыз жүргізілуде және айтарлықтай нәтижелер де байқалады. Ендігі кезекте бұл маңызды шараларды жан-жақты өрістетіп, есірткі бизнесінің жолдарын түбегейлі жоюға қол жеткізілсе деген үміт те жоқ емес. Естеріңізге салсақ, биыл ҚР Үкіметі 2012-2016 жылдарға арналған ҚР Нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күрес бағдарламасының жобасын мақұлдаған болатын. Бағдарлама кешенді түрде іске асырылатын болса, нашақорлық және есірткі бизнесімен күрес жұмыстары бұрынғыдан да күшті қарқын алып, жаңа деңгейге көтерілмек. Бейбітгүл Исаева АСТАНА

3509 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы