• Ақпарат
  • 24 Мамыр, 2012

Тестілеу қалай пайда болды?

d0bdd0bed0b2d0bed0b5-d0b8d0b7d0bed0b1d180d0b0d0b6d0b5d0bdd0b8d0b51Сұлтанбек Бөкешов, ҚР Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК-ның Ақпарат-аналитикалық бөлімінің қызметкері Қазіргі уақытта тестілеу әдісі орта мектеп түлектерінің білім деңгейін бағалау құралы ретінде қолданылып келеді. Елімізде мұғалімдер арасында бұл тәсілге қарсы болып жүргендер де бар. Сөйтсе де, оның тиімді әдіс екені әлем елдері тәжірибесінен белгілі. Тестілеу әдісі Еуропа елдерінің білім беру жүйесінде жан-жақты зерттеліп, Тестология ғылымы ретінде қалыптасып, тиімді әдіс екені дәлелденген. Қазақстанда да зерттеу жұмыстары қолға алына бастады. Соған орай осы мәселені зерттеумен шұғылданып жүрген ҚР Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК-ның Ақпарат-аналитикалық бөлімінің қызметкері Сұлтанбек Қосайұлы Бөкешовпен сұхбаттастық.– Сұлтанбек Қосайұлы, Сізді тестілеу әдісін зерттеп жүрген жас қызметкерлердің бірі деп естиміз. Бұл тәсіл қашан, қай елде пайда болған, нақты кімдер ойлап тапты екен? Әңгімемізді осы мәселеден бастағанымыз жөн болар. – Тестілеу әдісінің тарихы ерте заманнан бас­талған, антикалық Грецияда білім алушылардың білім деңгейін бағалауда ақыл-ой өрісінің дамуын және дене икемін бақылайтын әртүрлі сынақтар қолданған. Б.э.д. VІ ғасырларда Қытайда мемлекеттік қызметке алуда үміткерлердің ақыл зеректігінің деңгейін бағалайтын алғашқы тесттер пайда болса, ежелгі Вавилонда мектеп бітірушілердің арнайы хат тануын анықтайтын байқау жүйесі болған. Орта ғасырларда білім деңгейін бағалау ауызша сұрақ-жауап ретінде немесе жазбаша түрінде қолданылған. Алғаш рет 1884 жылы АҚШ-та тест материалдары қамтылған сынақ кітабы шығарылды. Оның негізгі мазмұны математика, тарих, грамматика, навигация пәндерінен жинақталды және бес көрсеткіш жауаптан тұрған. Бұл педагогика саласының білім деңгейін анықтаудағы алғашқы жетістік болатын. 1885 жылы Нью-Йоркте білім деңгейін анықтай­тын емтихан кеңесі құрылды. Тестілеу жүйесінің қалыптасуына ағылшын ға­лымы Френсис Гальтон үлкен үлес қосты. Ол өзі­нің зертханасында 1884-85 жылдары 5 жастан 80 жас аралығындағы адамдардың физиология­лық және психикалық ауытқуын тексеріп, 9337 адамды тестілеуден өткізген. Бұдан соң 1890 жылы психологиялық әдебиеттерде бірінші болып «ақыл-ой тесті», «интеллектуалды тест» терминін енгізген Джеймс Маккин Кэттел болды. Ол 50-ге жуық зертханалық тест жүйесін жасап, педагогтар мен психологтардың ортасында үлкен қолдауға ие болды. Тестілеу жүйесінің мемлекеттік деңгейде қол­дау табуы 1900 жылы АҚШ-та колледждерге өтініш білдірген талапкерлердің білім деңгейін бақылайтын комитеттің құрылуымен байланысты болды. Осыдан соң 1901 жылы 17 шілдеде The SAT Reasoning Test колледждерге түсуге арналған стандартты тестілеу жүйесі құрылды. Тест ағылшын, француз, неміс, латын, грек тілдері және тарих, математика, физика пәнаралық тапсырмалардан тұрды. ХХ ғасырда педагогикалық өлшем теория­сының дамуында өзіндік үлес қосқан ағылшын Ч.Спирмен болды. Ол 1904 жылы тестілеуде өзіндік фундаментальды теориялық ізденістер жүргізіп, мектептің бағалау жүйесін пайдалана отыра әртүрлі пәндердің арақатынастылық теориясы мен бағалау жүйесінің сәйкестілігін бақылайтын аппарат қолданған. 1905 жылы тестілеу жүйесінде «А. Бине шкаласы» аталатын жаңа жүйе құрылды. Ол тесттің 30 тапсырмасынан құралған, ерекшелігі тест тапсырмалары үдемелі қиындатылған және тесттің басым бөлігі ауызша материалдардан тұрды. Кейін А.Биненің тәжірибесін неміс ғалымы В.Штерн жалғастырды. Ол ақыл-ойды бағалаудың арнайы шамасын анықтайтын – IQ коэффициентін ұсынды. Бұл термин осы уақытқа дейін пайдаланылып келеді. Бұдан әрі А.Биненің тестілеу жүйесінің аудармасы шетелдерде қолданыла бастады. Әсіресе, әскери қауіпсіздікке ағылшындар мен американ­дық психологтар кеңінен қатысып, тестілеу жүйесі­не шектеулі уақыт берілді. АҚШ-та Стэндфорд университетінің ғалымдары Биненің тестілеудегі дағдылық икемділік қағидасын жалғастырып, 1916 жылы «Стэнфорд-Бине» өлшемін енгізді. Кеңес Одағының құрылуы тұсында «Валь­дорф мектебі», «Монтессори мектебі», «Дальтон жос­пары» және тестілеу жүйесі сияқты педагогика саласында жаңаша оқу жетістіктерін бағалайтын үлгілер бағыт алды. 1926 жылы орта мектептерге арналған тестілеу жүйесі құрылып, сынақтан өткізілді. Ал 1933 жылы Кеңес мемлекетінің тарихында бірінші рет барлық мектеп оқушыларының білім деңгейін анықтау үшін сынақтан өту туралы шешім қабылданды. Педагог-ғалымдардың тестілеу жүйесімен ай­на­­лысуына 1936 жылы қатаң тыйым салынды. М.Я.Басов, М.С.Бернштейн, П.П.Блонский, А.П.Бол­ту­нов, С.М.Василевский, Г.И.Челпанова сияқ­ты атақты ғалымдар қудалауға ұшырап, 1937 жылы 300-ге жуық педагог-ғалымдар репрессия құр­баны болды. 1947 жылы АҚШ-та тестілеу жүйесінде білімді бағалаудың теориялық және тәжірибелік дамуын жетілдіретін Еducational Testing Service (ETS) – білім саласындағы тестілеу қызметі құрылды. ETS қа­лыптастырған тест жүйесінің ішінде танымал ТОЕFL – халықаралық бағдарламасы маңызды орын алады. Бұдан да басқа АҚШ-та Latent Structure Analyses (LSA) тестілеу жүйесі бар. Ол математикалық-статистикалық өлшем үлгісінің сапасын анықтау тәжірибесіне негіздеген. 1960-70 жылдары тестолог-ғалымдар ғылы­м­ның дамуы мен оқу жетістіктерін бағалайтын тесті­­леу жүйесін жетілдіре түсті. ЭВМ-ді ойлап табуы ғы­лым­да және оқу үдерісін бағалауда үлкен жетістік бол­ды. Сөйтіп тестілеу жүйесіне жаңаша көзқарас басталды. Оның бірі осы күнге дейін тестілеу теориясының жаңаша үлгісі аталатын – Item Response Theory (IRТ) болды. ЭВМ арқылы білімді бақылау үдерісінде тест тапсырмаларын оңтайлы әзірлеуге мүмкіндік туды. 1989 жылы бірінші рет тестілеу жүйесінде мамандарды сертификаттау бағдарламасын CNE (Certified Novell Engineer), Novell компаниясы енгізді. Кейін Drake Technologies (қазірде – Thomson Prometric) компаниясы компьютерлік тестілеу жүйесін әзірледі. 1960-90 жылдары Кеңес одағында тестілеу жүйесінің дамуына авторитарлық кеңестік жүйе мүмкіндік бермеді. Дегенмен, шетелдік тестілеу жүйесіндегі жаңалықтарды негізге ала отырып, қомақты еңбектер жазған В.С.Аванесов, А.Анастази, А.Н.Майоров, Е.А.Михайлычев, М.Б.Челышкова, Н.Ф.Ефремова, И.А.Цатуров, И.Д.Рудинский сияқты педагог ғалым-тестологтар болды. – Ал бүгінгі таңда қай елдердің мектеп түлектеріне тестілеу жүйесі қолданылып келеді? – Қазіргі тестілеу жүйесін төрт топқа бөліп қарастыруға болады. Бірінші топта мектеп бітіру емтиханы мен жоғары оқу орнына түсу емтиханы біріктірілген тестілеу жүйесі арқылы Австралия, Австрия, Болгария, Венгрия, Германия, Дания, Израиль, Индонезия, Италия, Исландия, Кипр, Колумбия, Кувейт, Литва, Марокко, Норвегия, Румыния, Тунис, Франция, Финляндия, Швейцария, Эстония елдерінде білім деңгейін анықтайды. Болгария, Венгрия, Дания, Израиль, Индонезия, Италия, Норвегия, Финляндия елдерінде тестілеу жүйесі орталықтанған түрде өтеді. Ал, Австралия мен Германияда тестілеу аймақтарда (штаттарда) өтеді және тест тапсырмалары мектептерде дайындалады. Екінші топтағы елдерде екі кезеңді тәуелсіз мектеп бітіру және жоғары оқу орнына түсуге арнал­ған тестілеу өткізіледі. Греция, Латвия, Македония, Словакия, Словения, АҚШ, Чехия осы тәсілді қолдана­тын болды. Оның ішінде орталықтанған тестілеу жүйесі арқылы өтетін елдер Латвия, Словакия, Словения. Ал, орталықтанбаған өңірлердегі тестілеу жүйесі арқылы өтетін елдер Греция, Македо­ния, АҚШ, Чехия, Белоруссия. Үшінші топта екі кезеңнен тұратын тәуелсіз тестілеу жүйесі қалыптасқан. Мұны нақты айтсақ – орта мектепті бітіру және жоғары оқу орнына түсу емтихандары. Бұған Ұлыбритания, Гонконг, Иран, Канада, Малайзия, Жаңа Зеландия, Сингапур жатады. Ұлыбритания, Гонконг, Иран, Жаңа Зеландия, Сингапурда тестілеу жүйесі орталықтанған. Ал Канада мен Малайзияда жергілікті жерлерде өтеді. Бұл топтағы елдердің тестілеу жүйесінің екінші топтағы­ға қарағанда айырмашылығы орта білімді бітірген­нен кейін жоғары оқу орнына түсу үшін 2 немесе 3 жылдық арнайы дайындықтан өтуі қажет. Төртінші топта тестілеуге Бельгия мен Швеция жатады. Бұл елдерде міндеттелген емтихан жоқ. Бельгияда орта білімді бітіруі туралы сертификат береді және жоғары оқу орнына дайындық деңгей­ін мектепте анықтайды. Оқушылардың 90-95 пайызы орта білім туралы диплом алады. Оны арнайы үкімет комитеттері береді. Швецияда түсу емтихандары өткізілмейді. Оның орнына орта мектептерде және басқа білім алушылар ерікті түрде математикадан, ана тілінде (швед), шет тілінде (ағылшын) орталықтанған ұлттық тестілеуге қатыса алады. Емтихан қорытындысы мен оқу үдерісінде алған қорытынды балл жинақталып, жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік береді. – Тестілеу жүйесі Қазақстанда қалай дамып келеді? – Қазақстанда тестілеу жүйесінің енгізілуі 1992 жылдан басталды. Орта білімді бітірушілер мен олардың жоғары оқу орнына түсудегі білім деңгейін айқындау мақсатында Республикалық тестілеу орталығы құрылды. Тестілеу алғашында жаңаша ақ­парат технологиялар әдісімен жоғары оқу орны­­на түсу емтиханы ретінде пайдаланылды. 1995 жылдан бастап барлық жоғары оқу орындары студенттерінің білім сапасын ағымдағы және аралық бақылауда тестілеу жүйесін кеңінен қолда­на бастады. 1999 жылы орталықтанған кешенді тестілеудің енгізілуі талапкерлердің білім сапасын бағалаудың әділ болуына және мемлекеттік білім гранттары мен кредиттерді білімге сәйкес бөлуге жол ашты. 2004 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу енгізілді, ҰБТ – жалпы білім беру ұйымдары бітірушілерінің мемлекеттік қорытынды аттестаттауы мен орта білімнен кейінгі жоғары білім ұйымдарына қа­былдау емтихандарын біріктірді. ҰБТ жалпы білім жүйесіндегі білім сапасын сырттай бақылайтын тәуелсіз жүйе ретінде қалыптасты. Сонымен қатар талапкерлерді кешенді тестілеу жүйесі (ТКТ) – ақпараттық технологияларды пайдаланып, бірнеше оқу пәндері бойынша бір мезгілде өткізілетін емтихан қалыптасқан. ТКТ-ге мектепті бұрынғы жылдары бітіргендер қатысады. ҰБТ жалпы орта білім беру жүйесіндегі білім сапасын анықтауға және мектеп бітірушілердің мем­лекеттік білім беру стандарттарының талаптарын игеруінің нақты бағасын алуға негізделген. – Әсіресе, парақорлық пен тамыр-та­ныстықтың жолын кесуге бұл жүйе тиімді болғанын түсіну қиын болмас. – Иә, дұрыс айтасыз. ҰБТ өткізілуі қазіргі уақытта ұлттық білім сапасының жыл санап артып келе жатқанын көрсетіп отыр. Барлық қатысушылардың орташа балы 2004 жылы – 52, 2005 жылы – 60,4, 2006 жылы – 63,3, 2007 жылы – 71,1, 2008 жылы – 68, 2009 жылы – 74,9, 2010 жылы – 84,84, 2011 жылы – 86,8 болды. Төменгі өту межесі 2004 жылы – 40, 2005 жылы – 40, 2006 жылы – 50, 2007 жылы – 60, 2008 жылы – 45, 2009 жылы – 45, 2010 жылы – 50, 2011 жылы – 50 болды, ал 2012 жылы 50 балл межесінде қалдырылды. Ұлттық тестілеу жүйесінде 2004 жылдан бас­тап жоғары оқу орнынан кейінгі білім алушыларға ар­налған шет тілдерден бақылау емтиханы енгізіл­­ген болатын. Қазірде магистратура, PhD-докторантура­ға түсуге үміткерлердің бірыңғай талаптарын қамтамасыз ету және қабылдау емтихандарының нәтижесінің әділетті болуын арттыру мақсатында ағылшын, француз, неміс тілдерінде жалпы кешенді тестілеу технологиясы бойынша жүргізіліп келе­ді. Осы жылдар ішінде мұндай тестілеуге 90 мың­ға жуық үміткер қатысты. Ұлттық тестілеу жүйесінде 2005 жылы орта мектеп оқушыларының (4 және 9 сынып) білімін мемлекеттік стандартқа сай меңгеру деңгейін және жоғары оқу орнында білім алушылардың (2 курс) пәнаралық білім деңгейін анықтау мақсатында мемлекеттік аралық бақылау (МАБ) енгізілген болатын. 2004-2011 жылдарда МАБ-қа 383 мыңнан астам ЖОО-ның студенттері және 1 млн. 800 мыңнан астам мектеп оқушылары қатысты. 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді да­мыту бағдарламасының негізінде «мемлекетара­лық бақылау» (МАБ) өзгертіліп, 2012 жылы «оқу жетістіктерін сырттай бағалау» (ОЖСБ) енгізілді және орта мектептердің 9 сыныбы мен ЖОО-ның бітіруші курс білім алушылары тапсыратын болды. Ұлттық тестілеу орталығында 2006 жылы ҚАЗТЕСТ жүйесі құрылды, ҚАЗТЕСТ – мемлекеттік тілді меңгеруді бағалау мақсатында TOEFL, IELTS, DALF/DELF, СЕLI, DSH, TÖMER, ТРКИ сияқты басқа да тіл білімін бағалаудың халықаралық жүйелеріне негізделіп жасалған тестіленушінің коммуникативтік компетенцияларын бағалауға бағытталған жүйе. – Ал биылғы ҰБТ-дағы өзгерістер жөнінде баспасөзде айтылып жатыр ғой. Әсіресе, Бі­лім және ғылым министрі Бақытжан Тұрсын­ұлы Жұмағұлов Елбасымыздың Жолдауын­да нұс­қалған міндеттерді орындау барысы­мен қатар ҰБТ-дағы биылғы өзгерістерді, оның себептерін БАҚ-тарда белсене хабардар етіп жүргені, әрине, сүйінішті жайт. Сөйтсе де, ҰБТ-дағы биылғы ең басты жаңалықтар жөнін­де сөз қозғап әңгімемізді тамамдасақ дей­міз. Әсіресе, колледж түлектерінің де биыл ҰБТ-ға қатысатыны түсінбестік тудырып жүр­ге­ні байқалады. Осының себебін қалай түсінді­рер едіңіз? – Биылғы 9-шы рет өткізгелі отырған ҰБТ-де тү­бегейлі өзгеріс жоқ. Бұрынғы тәсілмен өтеді. Дегенмен, ҰБТ-ның өткізілуінде ашық және жа­рия­лы болуы үшін бірқатар өзгерістер енгізілді. Биылғы ҰБТ-ның басты ерекшелігі тестілеудің өту мерзімі ұзартылды. Бұрын 1-10 маусым ара­лығында өткізіліп келсе, биыл 1-інен 15-ші маусым аралығында өтеді. Апелляциялық шағым-арыздар қабылданатын мерзімнің тестілеу қо­рытындылары жарияланған күннің ертеңіндегі сағат 14.00-ге дейін ұзартылды. Мұнымен бірге математика пәні тестілерінің әрбір нұсқасына бір логикалық тест тапсырмалары енгізілді. Әрбір ҰБТ өткізу орындарындағы мемлекеттік комис­сия мүшелерінің саны 11-ден 5 адамға қысқартыл­ды. ҰБТ өтіп жатқан ғимаратта жарылғыш заттар­ды анық­тау міндетті түрде жүргізіліп, қорытынды хаттама толтырылатын болады. ҰБТ-ға кенеттен ауырған және отбасы жағ­дайына байланысты қатыса алмағандар үшін қо­рытынды аттестациялауды мемлекеттік бітіру ем­тиханы түрінде өтеді және оқуын бiтiретiн жылы орта бiлiмнен кейiнгi немесе жоғары бiлiм беретiн білім ордаларына кешенді тестілеу арқылы түсе алады. Бұл «Білім туралы» Заңмен және осы жылдың 27 ақпанында ҚР Үкіметінің №261 «Оқу­шыларды қорытынды аттестаттаудың кей­бір мәселелері туралы» қаулысымен қабылдан­ды. Біріншіден, денсаулық жағдайына; екіншіден, жа­қын туыстарының қайтыс болуы (ата-анасы, балалары, асырап алушылары, асырап алынғандар, бір әке, бір шешеден туылған және бір кіндіктен емес іні-қарындас, аға-әпке, ата, әже); үшін­шіден, төтенше жағдайлар, сондай-ақ, жол-көлік оқиғаларына ұшыраған жағдайда ҰБТ-ға қатысудан босатылады. Бұл жағдайлар құжатпен расталуы тиіс. Ұлттық тестілеуге орта оқу орнын колледж, тех­никалық және кәсіптік білім беру орындарын бітірушілер қатысатын болады. ЖОО-ға түсу кезін­де ТжКБ бітірушілерінің барлық бітірушілеріне бірдей кешенді тестілеу арқылы сәйкес ма­ман­дықтарға, ақылы негізде қысқартылған мер­зім бойынша міндетті түрде кешенді тестілеу нә­тижелері бойынша жүзеге асырылады. Колледж түлектері ЖОО-на түсе алмаған жағдайда кәсіби білімі бойынша жұмысқа орналасады. Демек, олар ешқандай кемсітушілікке ұшырамайды. Келер жылға дейін дайындалып ҰБТ-ға қатысады. Жоғары оқу орнына түсу үшін ҰБТ-ның тө­менгі өту межесі 50 балл, «Жалпы медицина» мамандығы бойынша кемінде 55 балл жинау қажет. Шектік өту балы мемлекеттік білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға және ақы­лы бөлімде оқуға мүмкіндік береді. Ал, еліміздегі Ұлт­­тық жоғары оқу орындарына түсу үшін 70 балл, қазақ және орыс тілі (оқыту тілі), Қазақстан тарихы, математика және таңдау пәні бойынша, оның ішінде бейімді пән бойынша кемінде 7 балл (әрбір шығармашылық емтихан бойынша кемінде 10 балл), қалған пәндер бойынша кемінде 4 балл. Шектік өту балын немесе бейімдік пәннен (7 балл) немесе қалған пәндерден (4 балл) ең төменгі балды жинай алмаған талапкерлер ЖОО-ларға мемлекеттік тапсырыс бойынша да, ақылы негіз бойынша да қабылдана алмайды. Әңгімелескен Қуанбек Боқаев

15933 рет

көрсетілді

146

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы